Шығындардың түрлері. Фирманың шығындарын барынша
азайту мәселесі
Өндіріс шығындары – бұл фирманың өндіріс факторларын тартумен және оларды пайдаланумен байланысты әртүрлі жұмсалым дардың ақшалай көрінісі.
Фирманың шығындарына деген бухгалтерлік және экономикалық көзқарастар қалыптасқан. Фирма қызметіндегі капитал айналымы өткен уақытпен бағалануы мүмкін. Мұндай жағдайда шығындарды анықтаудың бухгалтерлік бағыты орын алады. Бухгалтерлік шығындар фирма қызметінің нәтижесін шығарумен, айқын қалыптасқан шығындарды анықтаумен байланысты болып табылады. Сонымен қатар, капитал айналымы фирманың болашағы тұрғысынан да қарастырылуы мүмкін. Бұл кезде экономикалық шығындар пайда болады. Экономикалық шығындар фирма қызметінде қолданылатын өндіріс факторларын алдағы уақытта балама жолдармен қаншалықты тиімді пайдалануға болатындығын көрсетеді. Бухгалтерлік шығындарға амортизация, материалдық шығындар,еңбекақыға кеткен шығындар, әлеуметтік сақтандыру шығындары жатады және олар фирманың есеп берулерінде көрсетіліп айқын шығындар сипатына ие болады. Ал экономикалық шығындардың бухгалтерлік шығындардан басты айырмашылығы болып фирманың қарамағындағы құралдардың әртүрлі нұсқаларда қолданылуы табылады. Экономикалық шығындарға қатысты қарайтын болсақ, фирмада әрқашанда таңдау болады, яғни қолда бар қаржысын өндіріске салып қосымша пайда көре алады немесе сол қаржысын банкке салып одан пайыз түрінде де пайда таба алады. Бірақ бұл жерде капиталдың бірдей жұмсалуының нәтижелері әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтанда экономикалық есептеулер жүйесінде баламалы шығындар орын алады. Баламалы шығындар немесе таңдау шығындары – бұл ресурстарды пайдаланудың ең жақсы мүмкіндіктерін жіберіп алумен байланысты шығындар. Мысал ретінде түсіндіретін болсақ, фирма ресурстарды сырттан еркін түрде сатып алуы мүмкін, ал ресурстардың басқа бір бөлігі фирманың меншігі ретінде өз ішінен шығуы мүмкін («айқын емес» шығындар).Сонда баламалы шығындар «айқын» (ақшалай) және «айқын емес» шығындардың сомасына тең болады.
Фирма өнідіріс көлемі мен ұсынысты анықтау үшін ең алдымен осы баламалы шығындарға назар аударады, себебі, оларды алдағы уақытта нарықта тауарлар ұсынысын шектейтін фактор ретінде қарастырады. Әрбір фирма баламалы шығындарын әрдайым төмендетуге тырысады, өйткені олардың өсуі пайдасын төмендетуге алып келеді. Сонымен қатар, экономикалық шығындардың құрамына қалыпты пайда да кіреді. Қалыпты пайда кәсіпкерлік қабілет факторынан түсетін және іскерлік белсенділікті жүзеге асырудан келетін минималды қамтамасыз етілген таза табыстың түрін білдіреді. Олай болса, бухгалтерлік шығындар экономикалық шығындардан айқын емес шығындар мен қалыпты пайда шамасына кіші болып келеді.
Өндіріс шығындарын анықтаудағы экономикалық көзқарас шығындардың құрамын белгілеуге және шығын элементтерінің шығарылым көлемін арттыруға әртүрлі қатысатындығын анықтауға мүмкіндік береді.
Қысқа мерзімді өндіріс үдерісінде өндіріс шығындары үшке бөлінеді:
1. Тұрақты шығындар – өнім көлеміне әсер етпейтін тәуелсіз шығындар. Бұл шығындар өнім өндірудің алдында және өнім өндірісі тоқтағанда орын алады. Тұрақты шығындардың құрамына ғимараттарды, құрылыстарды және құрал-жабдықтарды пайдалану шығындары, әкімшіліктік-басқарушылық шығындар, арендалық төлемдер, несиелік төлемдер жатады.
2. Өзгермелі шығындар – өнім көлемінің өзгеруіне байланысты өзгеріп отыратын тәуелді шығындар. Фирма өнім өндірмегенде немесе оны тоқтатқанда мұндай шығындар орын алмайды. Өзгермелі шығындарға шикізаттарға, отын-материалдарға және жалдамалы жұмысшыларға еңбекақы төлеуге кеткен шығындар жатқызылады.
3. Жалпы шығындар – өндірістің тұрақты және өзгермелі шығындарының қосындысы. Фирма үшін бұл шығындар өнімнің белгілі бір көлемін өндірудің ең минималды ақшалай шығындары болып табылады. Өндірілетін өнімнің саны артқан сайын жиынтық жалпы шығындар өседі.
Аталған шығындардың анықталуы мен графиктері төменде
көрсетілген.
ТС = FC + VC, Мұнда, ТС (total costs) – жалпы шығындар;
FC (fixed costs) – тұрақты шығындар;
VC (veriable costs) – өзгермелі шығындар;
Q (quant) – өнім көлемі. тұрақты шығындар абсцисса осіне параллель болып келеді, себебі олар өнім көлеміне байланысты болмайды. Ал өзгермелі шығындардың ауытқымасы жалпы шығындардың сипатын қайталап отырады, өйткені бұлар өнім көлемі артқанда немесе төмендегенде әртүрлі бағытта өзгеріп отырады.
Фирманың өндіріс шығындары сапында орташа шығындар мен шекті шығындардың да орын алуы аса маңызды болып табылады. Фирма шешім қабылдау кезінде бұларды міндетті түрде ескереді.
Орташа шығындар – бұл өнімнің бір бірлігін өндіруге жұмсалған жалпы шығындар. Орташа шығындар жалпы шығындардың өнім көлеміне қатынасы ретінде анықталады: Орташа шығындар үшке бөлінеді:
1. Орташа тұрақты шығындар – өнімнің бір бірлігін өндіруге жұмсалған жалпы тұрақты шығындар және ол жалпы тұрақты шығындарды өнім көлеміне бөлу арқылы анықталады:
АFС = FС / Q.
2. Орташа өзгермелі шығындар – өнімнің бір бірлігін өндіруге жұмсалған жалпы өзгермелі шығындар және ол жалпы өзгермелі шығындарды өнім көлеміне бөлу арқылы анықталады:
АVС = VС / Q.
3. Орташа жалпы шығындар – орташа тұрақты және орташа өзгермелі шығындардың қосындысы:
ATC = AFC + ATC.
Шекті шығындар – бұл өнімнің келесі бір бірлігін өндірумен байланысты өндіріске тартылған қосымша шығындар. Бұл шығындар жалпы және өзгермелі шығындардың өзгерісін туындатады және осы шығындар өзгерісінің өнім көлемінің өзгерісіне қатынасы ретінде анықталады: МС (marginal costs) = ∆TC / ∆Q, немесе МС = ∆VC / ∆Q.
Шекті шығындардың өнім өндіру көлеміне тікелей қатысы болғандықтан, олар тұрақты шығындарға әсер етпейді. Сол себепті,қосымша тұрақты шығындар әрқашанда нөлге тең болады: МFC = 0.
Достарыңызбен бөлісу: |