Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы М. Мұхамеджановтың «Облыстың мекемелері мен ұйымдарында мемлекеттік тілді енгізу мен дамытудың жағдайы мен шаралары туралы» облыстық мәслихаттың XXIV сессиясындағы баяндамасы
22 қазан 2010 жыл
Құрметті Бердібек Мәшбекұлы!
Құрметті депутаттар!
Ең алдымен құрметті мәслихат депутаттары, сіздерге мемлекеттілігіміздің іргетасы болып табылатын мемлекеттік тіл – қазақ тілінің облыстағы даму жағдайына қамқорлық білдіріп, оның мән-жайын зерделеуді облыстың ең үлкен жиыны – облыстық мәслихаттың сессиясының қарауына ұсынғандарыңыз үшін ілтипат білдіргіміз келеді.
Мемлекеттік тіл мәселесінің бүгінгі күні қоғамда өткір қойылып отырғандығы тегін емес. Өйткені тіл – кез-келген ұлттың болмыс-бітімін айқындайтын құбылыс. АҚШ Конгресінің кітапханасы халықаралық ISO – 639 стандарты бойынша қазір дүние жүзінде 7048 тіл барын анықтаған. Тіл құбылысын зерттеуші ғалымдардың пікірінше, алдағы жүз жылдың ішінде қазіргі тілдердің 3000 –нан астамы жойылады екен.
Өмір бір орнында тұрмайды. Қазір бізді қоршаған әлемдегі жағдай да өзгерді. Жаһандану ықпалы артып келеді. Жаңа ғасырдың екінші онжылдығында елдің алдында инновациялық-өндірістік дамуға өту жөнінде жаңа әлеуметтік-экономикалық міндеттер тұр. Осының барлығы бізден жаңа типтегі ұйысуды талап етеді. Елбасымыз үнемі қайталап айтып жүргеніндей, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», ал «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы».
Облыста мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы жұмыстар ең алдымен өңір халқын мемлекеттік тілдің төңірегінде топтастыру, сөйтіп еліміздің конституциялық принциптерінің бірі қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа қол жеткізу арқылы халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға ықпал ету, қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталып отыр.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда өңірде мақсатты жұмыстар атқарылуда.
Тіл туралы заңнамалар мен мемлекеттік бағдарламаның орындалуы облыстық әкімдіктің тұрақты назарында. Мәселен, 2008-2010 жылдары облыс әкімдігінің отырыстарында 4 аудан мен қала әкімдерінің, басқарма басшыларының тіл саясатын жүзеге асырудағы қызметі туралы есептері тыңдалды. 2009 – 2010 жылдары ғана 152 мемлекеттік органдағы тіл заңдылықтарының орындалу жайы тексерілді.
Мемлекеттік және басқа да тілдерді одан әрі дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру, меншік нысанына қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың тіл заңнамаларын орындау жөніндегі қызметін үйлестіру мақсатында 2007 жылдан 2009 жылға дейін мемлекеттік тілді дамыту мәселесін көздеген жұмыс тобы, ал 2009 жылдан Мемлекеттік және басқа да тілдерді одан әрі дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылып, жұмыс істеуде, оған облыс әкімі Б.М.Сапарбаев төрағалық етеді. Биылғы жылы үйлестіру кеңесінің 3 мәжілісі өткізіліп, 8 мәселе қаралды.
Мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуына баса назар аударылып келеді. Облыстағы түрлі жиындар мен кеңестер, әкімдік мәжілісі мен мәслихат сессиялары ресми тілге синхронды аударма жасай отырып, басым түрде мемлекеттік тілде өткізіледі. Аударманы қажет ететін барлық аудандар мен қалалар әкімдіктерінде, 8 басқармада синхронды аударма қондырғылары орнатылды. Мемлекеттік органдар мен мекемелердегі аудармашылардың біліктіліктерін арттыру мақсатында биылғы жылы ғана 3 рет арнайы курс ұйымдастырылып, 55 аудармашы шеберліктерін шыңдады.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту ең алдымен мемлекеттік органдардағы іс қағаздарын толығымен мемлекеттік тілде жүргізуге байланысты. Ел Президентінің осы орайдағы Жарлығын орындау мақсатында басқарма тарапынан ай сайын мемлекеттік органдар мен мекемелердің құжат айналымына мониторинг жасалып, талданып отырылады. Аудан, қала басшыларының жауапкершіліктерін арттыру мақсатында құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесінің көрсеткіші әкімдердің қызметін бағалау рейтингісіне енгізілді.
2001 жылы мемлекеттік тілдегі құжаттардың үлесі облыста небәрі 7 пайыз ғана болса, 2005 жылы 17 пайыз, ал осы жылдың 9 айында 82,5 пайызды құрап отыр. Бұл республиканың орта көрсеткішінен 12 пайыз жоғары екендігін атап өткен жөн.
Әрине, бұл көрсеткіш әлі де аз, ол толығымен мемлекеттік тілде болуға тиіс. Дегенмен, оған әсер етіп отырған кейбір объективті себептер де жоқ емес. Мысалы, облыстағы 19 қала мен ауданның 7-уінде (36,8 пайызында) қазақ ұлтының үлесі небәрі 10 – 33 пайыз ғана, демек, мемлекеттік тілде құжат дайындайтын кадрлардың аз.
Екінші бір мәселе, орталық атқарушы органдардан құжаттардың дені орыс тілінде түседі. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында облыс әкімі аппаратына Үкіметтен түскен құжаттардың 49 пайызы, министрліктерден келген құжаттардың 43,7 пайызы ғана мемлекеттік тілде болды. Ал Ауылшаруашылығы министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясына келген құжаттардың 29,1, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Ертіс экология департаментінде 22,4 пайыз, ал Қаржы министрлігінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінен «Ертіс» өңіраралық департаментіне түскен құжаттардың 9,7 пайызы ғана мемлекеттік тілде болды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 және 93 - баптарына сәйкес облыс азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жағдай жасау мақсатында өңірде мемлекеттік тілді тегін оқыту курстарының бірыңғай жүйесі жасалды. Қазір облыста әкімдіктердің 1 облыстық, 7 қалалық және аудандық тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Олардың барлығы мультимедиалық кабинет жабдықтарымен, электрондық және инновациялық оқыту бағдарламаларымен, озық оқыту технологияларымен, маман оқытушылармен қамтамасыз етілген. Қазір бұларда мемлекеттік органдар мен мекемелердің 3513 тыңдаушысы мемлекеттік тілді үйренуде. Оған қосымша 22 жекеменшік тіл үйрету орталықтары жұмыс істейді.
Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында берген тапсырмасына сәйкес мемлекеттік тілді оқыту үйірмелерінің шеңберін кеңейту мақсатында жалпы білім беретін 329 мектептің негізінде 651 үйірме ашылды, оларда 7980 тыңдаушы дәріс алуда. Қазіргі кезде облыста 30 мыңнан астам ересектер мемлекеттік тілді оқыту үйірмелерінің тұрақты тыңдаушылары болып табылады. Жалпы 2008 жылмен салыстырғанда мемлекеттік тілді оқуға тілек білдіргендердің саны 20 пайызға артты.
Бүгінгі күні облыстағы 8286 мемлекеттік қызметшінің 5320 –ы, немесе 64 пайызы қазақ тілінде іс жүргізе алады, 36 пайызы, немесе 2966 қызметші іс жүргізе алмайды. Олардың 70 пайызы оқыту үйірмелеріне тартылып отыр. Нәтиже де жоқ емес. Егер 2008 жылы мемлекеттік тілде құжат дайындай алатын мемлекеттік қызметшілердің үлесі 59 пайыз болса, 2010 жылдың басында 64 пайыз болды. Биыл ол көрсеткішті 69 пайызға жеткізу міндетін қойып отырмыз. Қазіргі уақытта облыста мемлекеттік тілді меңгерген ересектердің үлесі 65 пайыз, орыс тілін меңгергендер 85 пайыз, ағылшын тілін меңгергендер 1,1 пайыз. 2015 жылға қарай қазақ тілін меңгергендер 80,4, орыс тілін меңгергендер 90, ағылшын тілін меңгергендер 6 пайыз болады деп жоспарлануда. Бұл міндетке қалай қол жеткіземіз? Оған әр екі жыл сайын жасалатын мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың өңірлік іс-шаралар жоспарында белгіленген шаралар кешенін жүзеге асыру ықпал ететін болады және ол негізгі тетік болып табылады. Мысалы, өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес 2009 – 2010 жылдары облыстық деңгейде ғана 51 шара ұйымдастырылды, оның ішінде 21 облыстық конкурс пен байқаулар, олимпиадалар, 10 семинар-кеңес, тіл саясатының өзекті мәселелері бойынша 9 «дөңгелек үстел», 3 форум, 1 ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Бұл жұмыс жалғастырылатын болады.
Мемлекеттік тілдің мемлекеттік органдарға жедел енуіне ықпал ететін қадамдардың бірі ретінде облыста мемлекеттік тілде құжат дайындай алатын өзге ұлт өкілдері мемлекеттік қызметшілерін ынталандыру практикаға енгізілді. Жыл басынан бері 27 мемлекеттік қызметшіге лауазымдық жалақысынан бөлек үстеме ақы төленді.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілді енгізу мен дамытудағы басшы кадрлардың жауапкершіліктері арттырыла бастады. Мәселен 24 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке шақырылды.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытындағы шаралардың ішінде оны өзге ұлт өкілдеріне насихаттау, олардың жастары арасында түрлі байқаулар, конкурстар өткізу ісіне баса назар аударылуда. Жыл сайын мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының форумын өткізу дәстүрге енгізілді. Онда тіл мәселесіндегі проблемаларды талқылаумен қатар, қазақ тілін жетік меңгеріп, оны өзгелерге шын ниетімен насихаттап жүрген жастарды әйгілеу, марапаттау жүзеге асырылады. Бұл тәжірибеміз Мәдениет министрлігі тарапынан қолдау тауып, өткен жылы қазан айында Риддер қаласында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарының республикалық форумы өткізілді. 700 – ге жуық өзге ұлт жастары қатысқан бұл шара тек қала үшін ғана емес, бүкіл облыс үшін күшті насихат шарасы болды. Қыркүйек айында осы іспеттес облыстық форум Зырян қаласында өтті, оған өзге ұлттардың мыңға жуық жастары қатысты.
Облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың бастамасымен өткен жылдан бастап облыстың педагогикалық және медициналық жоғары оқу орындарының қазақ бөлімдерінде оқуға тілек білдірген өзге ұлт жастары үшін жыл сайын 20 грант бөлініп келеді. Конкурстық іріктеуден өткен 8 жас қазір жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында оқитын мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарына қосымша стипендия тағайындау, оқу төлемақысына жеңілдіктер жасау мәселесін жүйеледік. Қазір 15 студент осындай жеңілдіктерді пайдалануда.
Бір сөзбен айтқанда, олардың қызығушылығын ояттық. Бүгінгі күні қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін балабақшаларда 405, мектептерде 396 басқа ұлт өкілдерінің балалары мемлекеттік тілде оқып, тәрбиеленуде. Басқа ұлттың өкілдері басым тұратын Шемонаиха, Глубокое аудандарында қазақ тіліндегі балабақшаларға кезекте тұрғандардың басым көпшілігі орыс ұлтының балалары. Осыдан төрт-бес жыл бұрын мұндай мысал жоққа тән еді.
Бүгінгі күні ересек өзге ұлт өкілдерінің 12,3 пайызы мемлекеттік тілді меңгергендер. Оның ішінде татарлардың 68,7, немістердің 16,1, орыс ұлты өкілдерінің 11, украиндардың 9,9, белорустардың 8,1 пайызы мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде біледі. Бұл өте аз. Бірақ бүгінгі күні облыстағы этномәдени орталықтар өкінішке орай өз әріптестеріне мемлекеттік тілді насихаттау, оқытуды ұйымдастыру бағытында пәрменді жұмыс атқара алмай келеді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында Н.Назарбаев: «Енді Қазақстан халқы Ассамблеясы ел халқының мемлекеттік тілді меңгеруінің жалпыұлттық үдерісіне басшылық жасау керек» - деп міндет қойғанын жақсы білесіздер.
Облыс аумағында мемлекеттік тілмен бірге өзге ұлт өкілдерінің ана тілдерін оқып, үйренуіне толық жағдай жасалуда. Қазір өңірде 74 этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептер мен үйірмелердегі 103 топта 15 ұлт өкілдерінің 1408 тыңдаушысы ана тілдерін оқуда. Тек өткен жылы ғана өзге ұлт өкілдерінің тілдерін үйрететін 23 жексенбілік үйірме ашылды. Оқу жылының қорытындысы бойынша ана тілдерін оқып-үйренуде үздік жетістіктерге жеткен жас тыңдаушыларды жазғы демалыс кезінде ұйымдастырылатын «Тіл лагеріне» тегін жолдамамен марапаттау дәстүрге енгізілді. Онда түрлі ұлттардың балалары демалумен қатар мемлекеттік тілді үйренеді. Биыл 20 бала осындай марапатқа ие болды.
Мемлекеттік тілді дамытудың қайнар көзі – мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер жүйесі. Өкінішке орай, бұл аса маңызды мәселеге облыста ұзақ жылдар бойы назар аударылған жоқ. Тек соңғы 2-3 жылдың бедерінде ғана жұмыс тұрақты қарқынға ие болды. Бүгінгі күні облыстағы 750 мектептің 379-ы (50,5%) қазақ тілінде, 191-і (25,4%) орыс тілінде оқытады, 180-і аралас тілді мектептер. Қазақ мектептерінің үлесі 2006 жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға ғана өсті. Сондай-ақ қазіргі кезде облыста бар 115 мектепке дейінгі балалар мекемелерінің 39-ы (33,9%) қазақ тілінде, 32-сі (27,8%) орыс тілінде тәрбие беруде. 2005 жылдан бері қазақ тіліндегі мектепке дейінгі мекемелер саны 10 пайыздан астам көбейді. Тек соңғы екі жылда облыста мемлекеттік тілде оқытатын 8 мектеп, 6 балабақша ашылды.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесін нығайту жұмыстарын ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі болып табылатын ономастикалық жұмыстарсыз көзге елестету мүмкін емес. Отаршылдық пен тоталитарлық режимдердің идеологтары ономастиканы қоғамның тарихи-саяси санасына әсер етудің құралына айналдырды. Нәтижесінде қазақ ономастикасының өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігіне орасан зиян келтірілді. Осы жұмыстарды жүйелеу мақсатында 2005 жылы 21 қаңтарда Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасы қабылданды. Облыстағы бұл орайдағы жұмыстар негізінен осы құжатқа сүйене мынадай 3 бағытта жүргізілуде:
Әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ретке келтіру;
Ұлты қазақ азаматтарының тегін, әкесінің атын, жалқы есімдерін реттеу;
Көрнекі ақпараттар мен жарнама ресімдеуді біріздендіру.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде: «Тәуелсіз мемлекеттің бір белгісі оның ұлттық нышандары десек, сол ұлттық нышандар елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың аттарынан көрініп тұруға тиіс. Сонымен бірге отаршылдық саясаттың көзіндей сақталып қалған атаулардан бірте-бірте арылу шарт» деген еді. Соңғы екі жылда облыста 10 елді мекенге, 4 ауылдық округке өздерінің тарихи атаулары қайтарылды. Облыс орталығында 9, қалалар мен аудандарда 120 көшенің атаулары қазақстандық мемлекеттілікке сәйкестендірілді. «Шығыс Қазақстан облысы жер-су атауларының атласы», «Шығыс Қазақстан топонимикасы» атты арнайы жинақтар әзірленді.
Ұлты қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақ тілінде жазу мәселесіне тұрақты мониторинг жасалып келеді. Егер 2005 жылы жаңа туған нәрестелердің 28 пайызының ғана аты-жөні қазақша ресімделсе, бүгінгі күні ол 59 пайызға жетті. Бұған жыл сайын өткізілетін «Тілге қолдау – ататектен басталады» акциясы, басқа да шаралар ықпал етуде. Мысалы биыл өткен акция барысында облыс бойынша 76 семинар-кеңес, «дөңгелек үстелдерге» 3419 адам қатысты. Нәтижесінде 2699 азамат тегін, әкесінің атын өзгертуге тілек білдірсе, 501 азаматқа салтанатты түрде қазақша куәлік табыс етілді.
Облыстың елді мекендеріндегі деректемелер мен көрнекі ақпаратты, жарнамаларды тіл заңының талаптарына сай етіп орындау - өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оған жұртшылықтың назарын аудару, қоғамдық серпін беру мақсатында жыл сайын «Тілге құрмет-елге құрмет» атты айлық, «Тілбұзарға –тосқауыл» акциясын өткізу дәстүрге айналды. Биыл облыс көлемінде көрнекі ақпарат пен жарнамаларды тәртіпке келтіру мақсатында 179 рейд ұйымдастырылып, 2390 нысан тексерілді. Рейд нәтижесі бойынша 1149 (47,9%) бұзушылықтар анықталып, оның 886 - ы (77,3%) бірден түзетілсе, 263-ін түзету үшін уақыт беріліп, бақылауға алынды, қазір оның 80 пайызы тәртіпке келтірілді. Бұл бағытта прокуратура және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен жұмыс тәжірибеге енгізілді. Мысалы 2009 жылы облыстық прокуратура тарапынан осындай бұзушылықтарға жол берген субъектілерге 18 ұсыныс енгізіліп, 17 түсініктеме берілді.
Дегенмен, құрметті депутаттар, көрнекі ақпарат пен жарнамалар тілін бұзғандарды жауапкершілікке тарту мәселесінің қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте қарастырылмауы көп нәрсеге қолбайлау болып отыр.
Мемлекеттік тілді насихаттау, бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік даму мәселесі де облыс әкімдігінің ұдайы назарында болып келеді. 2010 жылдың 9 айында мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелері бойынша облыстың баспа бұқаралық ақпарат құралдарында 346 материал жарияланса, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында 41 бейнесюжет, 18 хабар, 2 радиорепортаж жүргізілді.
2008 жылы облыстағы 171 мерзімдік басылымның 17-і немесе, 9,9 пайызы ғана қазақ тілінде болса, қазір олардың саны 28 болды, сөйтіп 7,3 пайызға артты, 79 – ы қазақ және орыс тілдерінде шығады. Өткен жылдан облыстың басқа ұлт өкілдері басым тұратын Глубокое, Бородулиха, Шемонаиха, Зырян аудандары мен Өскемен, Риддер және Курчатов қалаларында мемлекеттік тілде аудандық және қалалық газеттер шығарыла бастады.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінетін қаражаттың мөлшері жыл сайын артып келеді. Егер, 2001 жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,3 млн. теңге ғана бөлінсе, биылғы жылға 30 млн. теңге қаражат қарастырылды, оның 19,7 млн, немесе 65,8 пайызы мемлекеттік тілді оқытуға жұмсалып отыр. Алдағы уақытта бөлінетін қаражат мөлшерін жыл сайын арттырып отыру көзделуде.
Құрметті депутаттар! Дегенмен, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, бәсекеге қабілеттілігін арттыруды өңірде пәрменді жүргізу мәселесінде қолбайлау болып отырған жайлар да бар.
Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру жауапкершілігін арттыратын тетік - мемлекеттік тілді білуге тиіс лауазымдар тізбесінің күні бүгінге дейін жоқтығы. Мемлекеттік қызметшілерді бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік тілге тегін оқытамыз, алайда нәтиже шамалы. Өйткені іс-тәжірибеде қолданылмаса, оқумен тіл үйренбейтіні дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Екіншіден, қолданыстағы тіл заңнамаларының әлсіздігі, әсіресе көрнекі ақпарат пен деректемелерді ресімдеуде заң бұзушылықтарға жол берген субъектілерге шара қолдануға құқықтық тетіктің жоқтығы.
Тағы бір айтар жайт, облысқа министрліктердің, агенттіктіктердің орталық аппараттарынан құжаттардың басым бөлігі ресми тілде түседі, сөйтіп мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге кері ықпал етуде. Орталық атқарушы органдардың облыстағы 33 аумақтық бөлімшесінің 17 - інде қызметшілерге мемлекеттік тілді оқыту үшін арнайы қаражат қарастырылмайды.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларына дендеп енуін қамтамасыз ету үшін қандай шараларды жүзеге асыруымыз керек, енді соған тоқталып өтейік.
Жоғарыда айтқанымыздай, аудан, қала әкімдіктерінің қызметі ең
алдымен мемлекеттік тілде оқытатын, тәрбиелейтін мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер санын жоспарлы түрде арттыруға бағытталуы қажет. Онсыз мәселені түбегейлі шеше алмайтынымызды өмір өзі көрсетіп отыр. Біздің ойымызша бұл ең алдымен облыс орталығы Өскемен қаласына қатысты. Олай дейтініміз, соңғы 10 жылда Өскемендегі қазақ ұлтының саны 14 пайызға өсіп, 33 пайызды құрап отыр. Биылғы жылдың 8 айында дүниеге келген 3991 нәрестенің 2055-і, немесе 51,5 пайызы қазақ балалары. Яғни енді алты жылдан кейін мектепке келетін балалардың тең жартысы мемлекеттік тілдегі мектептерге барады деген сөз. Ал қаладағы мектептердің 17,7 пайызы, мектепке дейінгі мекемелердің 11,1 пайызы ғана мемлекеттік тілде. Облыста бүгінгі күні мектептерде қазақ балаларының 26,7 пайызы, балабақшаларда 21,5 пайызы орыс тілінде білім алып, тәрбиеленуде.
Қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, сапасын жақсарту мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Алайда білім сапасы орыс тілінде білім беретін мектептерде нашар. Біздің тарапымыздан Өскемен қаласында жүргізілген зерттеулер бойынша өткен оқу жылында мектеп бітіргендердің 25 пайызы қазақ дыбыстарын айыра алмады, 65 пайызының грамматикадан хабары жоқ,15 пайызы сөйлем құрай алмайды. Мұғалімнің орны бір бөлек, ең бастысы, біздің ойымызша аудан, қала әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарлары, білім бөлімдерінің бастықтары, мектеп директорлары тарапынан мемлекеттік тілді білуге деген талап жоқтың қасы, немқұрайлылық басым. Ал «Білім туралы» Заңның 9-бабына сәйкес меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін қамтамасыз етуге тиіс.Алайда жергілікті жерлердегі білім бөлімдері бұл іспен нақты айналыспай отыр. Тіпті кейбір мектеп директорлары Заңда ондай талап бар екенін де білмейді.
Облыста аралас мектептер проблемасы өзінің толық шешімін тапқан жоқ. Бұл әсіресе қалалық жерлерде мемлекеттік тілдің өрісінің кеңеюіне бірталай кедергі болып отыр. Өйткені оларда оқу процесінен басқа мектепішілік шаралардың дені орыс тілінде өтеді. Мектеп директорларының дені мемлекеттік тілді білмейді. Сондықтан да олар қазақ тілін оқыту сапасын қадағалай алмай, мәселеден тысқары қалып отыр. Сондықтан біздің ойымызша біртіндеп қалалардағы аралас мектептерді қазақ және орыс тілдерінде білім беретін жеке мектептерге бөлу процесін жүргізе беру керек. Мұндай мектеп басшыларының екі тілді бірдей білуі шарт және мектепішілік шараларды басым түрде мемлекеттік тілде жүргізген дұрыс болады.
Мемлекеттік_тілді_дамытудың_маңызды_шарасының_бірі_–_мемлекеттік_тілді_оқытуды_ұйымдастыру_.'>Мемлекеттік тілді дамытудың маңызды шарасының бірі – мемлекеттік тілді оқытуды ұйымдастыру. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл орайда мақсатты жұмыстар атқарылып жатқанымен, өнеркәсіп кәсіпорындарында бұл іс ақсап жатыр. Мысалы «Казцинк» ЖСС, «ТМК» АК, «Аэропорт» сияқты кәсіпорында жұмыс біршама жақсы жолға қойылса, «Азия Авто», «ҮМЗ», «Машзавод», «Өскемен жылу жүйелері», «ВК РЭК» сияқты тағы басқа көптеген кәсіпорындарда мемлекеттік тіл –қазақ тілі керек еместей көрініп тұрады. Әрине, біз жауапкершіліктен жалтарудан аулақпыз, дегенмен бұл орайда құрметті депутаттар, кәсіпорын басшыларының жауапкершілігін арттыруға сіздердің қамқорлықтарыңыз бен қолдауларыңыз қажет.
Шешімін күткен мәселенің бірі – жұмысшы кадрларын мемлекеттік тілде даярлау мәселесі. Бүгінгі күні кәсіптік мектептердегі оқушылардың 24 пайызы ғана мемлекеттік тілде даярланады. Оның өзі де токарь, слесарь, сантехник, электрик, фрезеровщик сияқты қат мамандықтар емес. Сондықтан да біздің ұсынысымыз 2015 жылға қарай мемлекеттік тілде даярланатын жұмысшы мамандықтарының үлесін 50 пайызға жеткізген дұрыс болар еді. Қолдауларыңызды сұраймыз.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру халыққа қызмет көрсету саласына көп байланысты. Бұл орайда «Қазақтелеком АҚ» қызметі назар аударуға тұрарлық. Дегенмен, сауда, тұрмыстық қызмет, денсаулық сақтау, көлік, байланыс, банк салаларындағы мемлекеттік тілдің нашар қолданылуы халықтың заңды реніштерін туғызып жатады. Өздеріңіз білесіздер, қазір ішкі миграциялық процесстер арқылы, сондай-ақ отанына оралып жатқан қандастарымыздың басым бөлігі орыс тілін білмейді. Сондықтан да халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін оператор, тіркеуші, менеджер т.с.с. қызметкерлер үшін мемлекеттік тілді білу міндетті деген талапты сессия шешімімен бекітсе дұрыс болар еді.
Құрметті депутаттар! Мемлекеттік тіл мәселесінің жай-жапсарын бүгінгі сессияда талқылау оның алдағы дамуына үлкен серпіліс береді деген ойдамыз. Кешегі тұрақты комиссиялардың мәжілістерінде депутаттар тарапынан бірқатар сын-ескертпелер, ұсыныс-пікірлер айтылды. Біз оны алдағы қызметіміздің бағдары деп қабылдаймыз. Сессия барысында аталып өткен кемшіліктерді жоюға толық мүмкіндіктеріміз бар және тіл саясатының заңнамалық актілерінің өңірде толыққанды іске асуына барлық күш-жігерімізді жұмылдыратын боламыз.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |