Жошы - (Джучи, Иочи, Джочи) Шыңғысханның үлкен ұлы, монғолдың ұлы қағанының бірінші әйелі Бөртеден туған төрт ұлдың бірі . Шыңғысханның өзге әйелдерінен туылған көптеген ұлдары болған. Алайда сүйікті әйелі Бөртеден туған балалары оның өміріндегі серіктері болып, қалған әйелдері мен олардан туылған балалары қосымша рөл (қызмет) атқарды. Жошының інілерінің аттары: Шағатай, Үгедей, Төле. Шыңғысханның Бөртеден туған Алақа бегім, Шешеке бегім, Елалтын бегім атты үш үлкен қыздары болған.
Шыңғысхан көзі тірі кезінде ұлдарына жерлер бөліп берген. Бұл жерлер "йурт", яғни "жұрт", сонымен қатар "үлестер" немесе "ұлыстар" деп аталған. Кіші ұлы Төле мұрагер ретінде Монғолия жерін иемденді . Қазақстан жері қалған үш ұлыстың құрамына енді: үлкен бөлігі - еліміздің солтүстіктегі далалық бөлегі мен Ертістің жағалауынан Алакөлге, одан әрі батысқа қарай Іле мен Сырдария бойы Жошы ұлысына қарады. Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан - Шағатай ұлысына, Солтүстік-Шығыс бөлігі Үгедей ұлысына енді .
Жошы ұлысының негізгі бөлігін қазақтың Сары Арқасы мен Дешті Қыпшақ далалары алып жатты. Қазіргі кезде бұл жерлер Қазақстанның солтүстік, солтүстік шығыс және орталық аудандары.
Жошы өз ұлысының жетекшісі, ханы ғана емес, ықпалды әскери қолбасшысы да болды. Алайда, Жошы мен оның жақындары өз ұлысында монғолдық ортада емес, қазақ халқын құраған тайпалар арасында өмір сүрді. Осындай жағдайда ақ сүйек - "төре" тұқымы монғол ханы жергілікті халықтың кең пейілдігі мен күш қайратын дұрыс бағалап, осы жер мен оның халқын ұнатты (жақсы көрді). Оның сүйіспеншілігінің тереңдігін өзінің қарамағындағы ұлысты монғол империясының орталық ставкасына тәуелсіз жеке мемлекет - болашақ қазақ хандығын құруға ұмтылысынан көреміз.
Жошы, Шағатай, Үгедей монғолдың ұлы ханының, яғни өздерінің әкесі Шыңғысханның (наместниктері) жергілікті жердегі басқарушылары бола отырып, өз ұлыстарында өз беттерінше жеке саясат жүргізді. Бастапқы кезде ұлыстар монғол империясының кіріс көздері болу керек еді . Алайда уақыт өте бұл жағдай өзгеріске ұшырады. Империяның жер көлемінің үлкендігі, ұлыстардың орталықтан алыстығы, орталық биліктің әлсіреуіне әсер етіп, ұлы ханның ұлдарының өз бетінше билік етуіне әкеліп соқты. Өйткені, олардыңқолдарында жақсы дайындықтан өткен, соғысқа дайындалған әскері бар еді.
Жошының өз ұлысында тәуелсіз билік етуге ашық түрде ұмтылуы әкесі Шыңғысқан тарапынан наразылық туғызып, екеуінің арасында қақтығысқа әкеле жаздады. Араб тарихшысы Жуздани өзінің 1260 жылы жазылған "Тобикот-и Насири" тарихи шығармаларында: "Жошының Дешті қыпшақты жақсы көргені соншалық, ол осы елді тонаудан арылтуға шешім қабылдады. Өзінің жақындарына: "Менің әкем есінен ауысқан, ол көп жерлерді құртып, сол жердің халқын сергелдеңге салуда," - деп айтқан екен. Сол себепті, кезекті бір аң аулауға шыққан кезде Жошы әкесі Шыңғысханға қастандық жасамақ болған. Алайда ағасының бұл зұлымдық ниетін естіген Шағатай бұл жайды әкесіне жеткізген. Ал, Шыңғысхан өз кезегінде құпия түрде Жошыны өлтіру туралы жарлық берген.
XIV ғасырда жазылған парсы тарихшысы Рашид ад-диннің "Жылнамалар жинағы" шығармасында Жошының өлімі жайлы басқа бір жәйтті келтіреді: "Шыңғысхан Жошыға солтүстік жерлердегі : Келар, Башгирд, Урус, Черкес, Дешті қыпшақ және басқа аймақтарды бағындыруды тапсырған еді". Баласы әкесінің бұл тапсырмасын орындамады. Шыңғысхан қатты ашуланып, Жошыны өзінің ордасына, яғниставкасына шақырады. Ал, Жошы өзінің ауырғанына байланысты Монғолияға бара алмайтынын айтып жауап қайырды. Осы аралықта батыс бөліктен келген Монғолдың манғыт тайпасының өкілі Жошыны "бір таудың баурайында" аң аулап жүргенін көргендігі жайлы айтып келеді. Мұны естіген Шыңғысхан қатты ашуланып, әкесін тыңдамағандығына жауап ретінде оған қарсы Шағатай мен Үгедей бастаған әскер жібереді. Өзі де олардың артынан жорыққа аттанатын болып шешім қабылдайды. Осы кезде Шыңғысханға баласының өлімі жөнінде суыт хабар жетеді.
Ресми дерек мәліметтерінде Жошы аң (құлан) аулап жүріп мерт болады. Қазақ ауыз әдебиетінде "Ақсақ құлан жайлы" аңыз бар. Бұл аңызда, Жошы аң аулап жүргенде құланның айғыры қарсы шауып, содан жазым болады.
Шыңғысханның маңайындағылар ханның үлкен ұлы қайтыс болғандығы жайлы айтуға батылдары жетпейді. Өйткені ханға жамандық хабар жеткізген адам өлім жазасына кесілетін еді. Осындай қиын жағдайда осы өңірге белгілі күйші, қайыңнан домбыра ойып, оған малдың ішегінен шек тартып, Шыңғысханның ордасына келіп, тізерлей отырып, қайғылы күйді шерткен екен. Күйдің сарынында Шыңғысханның ұлы Жошының аңға шыққанда, құланның үйіріне кезіккендігі айтылады. Құланның үйірін денесіірі, өзі әккі, әрі күшті, құландар арасындағы бір айқаста аяғын зақымдап халық арасында "ақсақ құлан" атанған құланның айғыры болғандығы айтылады. Құланның айғыры осы уақытқа дейін өз үйірін осындай қуғыннан аман-есен сақтап жүрген еді. Бірақ осы жолы Жошы мен оның жауынгерлері үйірдегі биелер мен қодықтарға жақын келіп үлгерген еді. Енді сәл болғанда құландар садақ жебесінен қырыла бастайтын еді. Осы сәтті құланның айғыры өзінің өмірін аямастан кері бұрылып, Жошы ханға тарпа бас салып, оны жерге құлатқан еді. Жошы қатты соққыдан мерт болады.
Күйші күйді аяқтағанда Шыңғысхан мен оның маңайындағылар домбыра әуенінен шыққан құланның дүрсілін, құландардың жас, әрі әлсіз қодықтарына мазасыздануын, өзінің үйірін сақтауға талпынған Ақсақ Құланның күші мен ақылын естіген еді. Әсіресе Ақсақ Құланның ханзадаға шапқандағы дауысы қайғылы шыққан еді.
Шыңғысхан үнсіз ұзақ отырады. Ал маңайындағылардың батылы жетіп үн шығара алмайды. Ұзақ үнсіздіктен кейін Шыңғысхан: "Сен маған менің ұлымның қайтыс болғандығы жайлы қайғылы хабар әкеліп отырсың. Мен мұны сенің домбыраңды тыңдау арқылы түсіндім. Әкелген қайғылы хабарың үшін, сен өлуге тиіс едің, алайда хабарды жеткізе отырып, сен "ләм"деп аузыңды ашпадың, олай болса сенің домбыраң жазалансын. Домбыраның көмейіне еріткен қорғасын құйыңдар", - деп бұйырған екен.
Аңыз бойынша осылай атақты күйшінің арқасында, ешқандай адам қатал әдет-ғұрыптың кәріне ұшырамай, монғолдар империясының қатал әміршісі - Шыңғысханға Жошының өлімі жәйлі хабар берілген екен. Есесіне мерт болған ханзаданың өлімі жәйлі хабарды жеткізгені үшін домбыраның көмейіне ерітілген қорғасын құйылған екен. Домбыраның көмейіндегі тесік осылай пайда болған екен .
Жошы (1227 ж. өлген) Ұлытау бөктерінде жерленген. Оның қабірі бүгінгі күнге дейін қазақтардың тағзым ететін жерлерінің бірі болып табылады .
Жошының көптеген әйелдері мен күңдері болған. Жалпы саны 40-қа жуық ұлдары мен олардан тараған көптеген немерелері болған. Дешті-Қыпшақты билеген Жошының ұлдары: Орда Ежен, Бату, Берке, Беркечар, Шибан, Танғұт, Бувал, Чилаукун, Шынғықұр, Шымпай, Мұхаммед, Ұрдур, Туқай-Темір және Шынғықұм.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін Жошының үлкен екі ұлы Орда Ежен мен Бату, ұлысты басқару жөнінде ұзақ дауласып, әрқайсысы биліктібір-біріне кезек-кезек ұсынды. Өзара дауды шешу үшін екеуімен бірге Жошының басқа әйелдерінен туылған 17 ханзада аталары Шыңғысханның ордасына аттанады. Аталары ханзадаларға арнап үш киіз үй: Батуға арнап алтын босағалы Ақ Орда, Орда Еженге арнап күміс босағалы Көк Орда, Беркеге арнап болат босағалы Боз Орда тіккізген еді. Ал басқа ханзадаларға арнап жеке киіз үйлер тұрғызылған жоқ. Ағайындылар Батудың билігін мойындап, басқа халық оған бағыныштылығын білдірді.
Осы тіккізілген алтын, күміс, болат босағалы киіз үйлерден болашақ Алтын Орда, Ақ Орда және Көк Ордалар пайда болды. Ал олардың билеушілері Шыңғысханның ұрпақтары еді. Таңғут патшалығымен болған екінші соғыс барысында Шыңғыс хан қайтыс болып, орнына үшінші ұлы - Үгедей билікке келді . Бұл хан сайлау - 1228 жылы болған еді.
1235 жылы өткен бүкіл монғолдық құрылтайда (халық жиналысы) "соңғы теңізге" - Атлант мұхитына дейінгі жерлерге жету үшін батыс елдерін жаулау туралы шешім қабылданған еді. Бату біріккен әскердің бас қолбасшысы болып тағайындалды .
1236 - 1242 жылдардағы әскери жорықтардың барысында Еділ бойындағы Болғар патшалығы, орыс княздықтары, Польша, Венгрия, Чехия, Италияның жеке бөліктері жаулап алынып, монғолдар Адриатика теңізі жағалауына шықты. Сөйтіп олар "соңғы теңізге жеттік" деп ойлайды. Ал бұл теңізге бұдан мың жыл бұрын ғұндардың көсемі Еділ (Аттила) жеткен еді .
Осы жорықтан қайтып келген соң Бату Еділ өзені жағалауында ұзақ жылдар билік құрған, тағдыры талқыға түскен жаңа монғол мемлекетінің негізін қалады. Бұл мемлекетті орта ғасырлық авторлар түрлі атаулар мен сөз тіркестері арқылы өз еңбектерінде атап өтті. Олар: Жошы ұлысы, Дешті-Қыпшақ (қыпшақтар монғол әскерлерінің үлкен бөлігін құрады), Берке елі, Берке үйі, Солтүстік патшалық, Тоқмақ, Тоқмақ ұлысы, Өзбек ұлысы, Өзбек мемлекеті және т.б. Осы атаулардың барлығы - Алтын Орда атауына бірігеді . Алтын Орданың орталығы - төменгі Еділ өзені бойында орналасқан Сарай Бату қаласы болды.
Көк Орда мен Ақ Орда Алтын Орданың құрамдас бөліктері болды. Кейіннен бұл мемлекеттердің орнында Қазақ хандығы құрылған еді.
Достарыңызбен бөлісу: |