Шындалиева М.Б.
ф. ғ. к., доцент
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
Портреттік очерк
Портреттік очеркте әдеби портрет түпнұсқасының көшірмесін жасамайды немесе сыртқы көрінісін, белгілерін көрсетумен шектелмейді. Сондай-ақ қаһарманның жеткен жетістіктерін санамалап шығумен де шұғылданбайды. Онда адам бейнесін сомдай отырып, оның характерін ашады. Портреттік очерк жазар алдында автор қаһарман таңдау, оның ішкі әлеміне терең бойлау, ол өмір сүретін, еңбек ететін ортасын нақты жағдайды анықтап, зерттеуі қажет. Хэмунгуэй: «Көркем шығарма шындығы өмір шындығынан күшті болуы тиіс, сонда ғана жазушы адамдарға әсер ете алады»,- дейді (Г.Боровик жазбасы бойынша). Бұл айтылған пікір көркем әдебиет жанрларындағы образ жасауға да тиесілі. Қаһарманмен сұхбат, оның өз қызметін толық орындауы жөнінде анықтама, не шынайы толтырылған сауалнама әлі де қаһарманның толық портретін бере алмайды және қаһарман портретін жасауда даралық пен типтілік туралы мәселе туады.
Суреткер жасаған портрет, тіпті портрет-естелік түрінде болса да, қаһарман бейнесіндегі типтік белгіні көрсетеді. Жалпы, портретші оқырманға очерк кейіпкерінің характері туралы өзінің болжамын айтады. Очеркші өз замандасының реальды портретін жасау үшін төмендегі жайлар кері әсерін тигізбейді. Біріншіден, портреттік очерктің деректілігі қаһарманның нақты аты сақталуынан не бір екі әрпі өзгеруіне немесе қаһарманның бүркеншек атпен аталуына байланысты емес. Екіншіден, көп жағдайда өмірлік материал, авторға ерлік адамының шынайы бейнесін көрсетіп береді. Кейіпкердің мінезіндегі қасиеттерін, кемшіліктерін көрсете бастауы да кері әсерін тигізбейді. Үшіншіден, автор портрет очерктерінде өз қаһарманының характерін ойлап табуға құқылы. Қаһарман тірі ме, әлде өлі ме, осыған қарамастан ол очеркте шынайы, әрі көп қырлы болып бейнеленуі тиіс. Очеркте пайда болған әдеби қаһарман «типті» және «дара» мінез-құлқы бар болуы тиіс. Портретке оқырман қызығушылығының төмендеуі қаһармандағы типтік белгілердің тым көбеюі немесе оның даралық бейнесінің бұлдырауынан екені сөзсіз.
Жазушы портрет жасауда әртүрлі адамдарда байқалатын кейбір мінездерін, кейде бір нақты адамның мінезіндегі ерекшелігін көрсетуі мүмкін. Нақтылай айтқанда портретті очерктің міндеті жалпы бейне немесе нақты адамдар (Ыбырай Жақаев, Злиха Тамшыбаева, Талғат Бегилдинов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова т.б.) арқылы мінез ерекшеліктерін дұрыс таныту. Портрет термині алғашқыда сырт бейнеңді суреттеу болып табылса, қазіргі күнде очерктің бірден-бір бейнелеу құралы және жанр түрлерінің бастысы. Портретті очерк жасайтын автор алдына мынадай мақсат қояды: қазіргі заман адамын, оның іс-тәжірбиесін, өмірдегі табысын көрсету, рухани әлемін ашу. Очеркші мінез ерекшеліктері байқалалтын кейіпкер өмірінің жеке сәттерін бөліп қарастырады. Адамның мінезі күнделікті тіршілікте айқындалатыны да заңды құбылыс.
Портреттік очерк туралы Т.Ыдырысов былай дейді: «… адам портретін – кейіпкердің бет-әлпетін, кескін-келбетін, киген киімін, сөйлеу мәнерін, мінез құбылысын суреттеу үстінде де шеберлік талап етіледі. Портрет арқылы автор кейіпкерінің көңіл-күйін аңғарта алады»[1,65].
М.Әуезовтің 1935 жылы жазылған «Баймұқаметұлы жолдас» атты
очеркі Алтайдағы «Ақжал» алтын қазу кеніндегі партия өкілі Жанай Баймұқаметұлының ұйымдастыру, адами қызметін көрсетуге арналады. Жазушы бұл мақсатын сәтті орындай отырып, очерк кейіпкерінің бейнесін толық ашқан. «Жанай өз өмірі, өз басы туралы өте сараң сөйлейді. Ол, өз еңбегі, өз табысы дегеннің барлығы, көптің табысы, көптің еңбегінің жемісі дейді. Өзім сөйттім деудің орнына ылғи өзі өсірген адамның пәлендей іс еткенін көңілдене, шаттана айтады»[2,46],- деген суреттеуден очерк кейіпкерінің іскерлігі, жұмысшылар арасындағы асқан сыйлылығы, ерекше беделі танылады. «Баймұқаметұлы жолдас» жанрлық жағынан портреттік очеркке жататындықтан шығарманың композициялық құрылысына, сюжеттік желісіне үңілген кезде байқалатыны әрбір эпизод, деталь, шртрихтар басты кейіпкердің образын ашуға жұмсалған. Мысалы, Жанайды жұмысшылардың үлкені де кішісі де «Жәке» немесе «Бәке» деп атауының өзі сыйлағандықтың белгісі болып табылады. Кейіпкердің басшылығы арқасында кен орнының қол жеткен табыстары, материалдық жағынан табысқа жеткен жұмысшылардың жай-күйі, Жанайдың өзі тәрбиелеген жұмысшыларының шерткен сыры, басшыны толғандырып жүрген ірі проблемалардың кейіпкер аузынан шығуы және Жанайдың мәдени сауаттылығы очерк арқауы болғандықтан кейіпкер қызметінің сан алуан қырлары ашылады. Очеркші суреттеуінде кейіпкер тек өз ісінің үздігі ғана емес, жұмысшыларды бір мақсатқа жұмылдыра білетін үлкен ұйымдастырушы іскер басшы, қазақ өнері мен әдебиетін білетін мәдениетті азамат екенін суреткер образ сомдау шеберлігі арқылы айқындайды.
Портретті очерк композициясы ең алдымен кейіпкердің идеялық және психологиялық мінездеме талаптарымен анықталады. Адамды көрсету мақсатында автор ол жайындағы пікірін, өзгелердің де көзқарасын көрсетеді, оған дәлелдемелер келтіреді. Әрбір диалог, сырт келбетінің әрбір бөлшегі бейнеленген адамды жақсы жақтарынан көрсету үшін, не болмаса алдында байқалған мінездер жайындағы түсінікті тереңдету үшін қолданылады. Бұл очерктегі суреттеуде өзіндік обьектісімен байланысқанымен, беллетристикаға тән қасиеттерге де ие. «Портрет - өзіне биография элементтерін қосқанымен, биография емес. Портретті очерк адамды жалпылай көрсетуді мойнына алады. Портрет жасаудағы қиындықтың бірі - очеркші өз білгенінен артық адам туралы айтуы қажет. Осы арқылы дұрыс бағыттағы дамуы анықталады»[76],- дейді В.Перцов. Сонымен портрет қияли түпнұсқа негізінде жасалмайды. Портретті очеркте шеберлер қажетті ғана эпизодтарды таңдайды және адам биографиясындағы күрт өзгерістерді айқындауға көп септігін тигізеді. Сондықтан да бұл сәттерді таба және қолдана білудің өзі шеберлік. Автор типтік қасиеттерді дұрыс қолдана білетін сәттері болады, мысалы: «қарапайым», «батыл көзқарасты», «еркін адам» т.б. Алайда бұл жерде портрет спецификалық, жеке мінездерден айрылып, көңілге қонымды қабылданбайды. Портретті очеркте бір топ адамдарға тән мінездерді бөліп, күшейте түседі, жалпыны қалдырып, кездейсоқтықты алып тастайды. Бірақ бұл жалпы мінез нақты мінез арқылы беріліп, портрет типтікке айналады. Кейіпкер тип қана болмауы керек, жазушы үшін де, оқырман үшін де ең алдымен ол тірі адам, нақты бейне болуы тиіс. Кез-келген портретті очерк сюжетті бола бермейді. Сондықтан да портретті очеркте басты фигура нақты бір адам болып табылады. Кейіпкердің шын атын атау міндетті емес, кейіпкер белгілі бір себептерге байланысты аты аталмауы мүмкін, бұдан суреттеліп отырған портрет жапа шекпейді. Алайда нақты бір адамды очеркке енгізу бүгінгі күні өте маңызды және қажетті. Кейде портретті очерк атқарған қызметі мен жақсы жақтарымен ауыстырылады. Қазақ әдебиетінде де портретті очерктің үздік үлгілері өмірге дер кезінде келіп, өз замандастарының рухани жан-дүниесіне терең бойлаған. Оларға Ә.Әлімжановтың «Дихан туралы аңыз», Қ.Ысқақовтың «Айша апай», Ж.Жұмақановтың «Нәйлә» т.б очерктерді атауға болады.
М.Горький очерк жазудың басты шартының бірі «материалды артық ешнәрсесіз, әрбір ұсақ-түйектің өзі орнықты тұрып, оқырманның ой елегіне жеткізе білу» деген. Очеркші белгілі бір рамасыз, сызбасыз туындыны құрастыру мүмкін еместігі бесенеден белгілі. М.Кольцовтың очерк жазу барысында уақыттың тоқсан бес пайызы іріктеу мен деректерді тиісті жеріне орналастыруға жұмсайтыны жайлы айтқаны әдебиет тарихынан белгілі.
Очеркте «құрастыру» және «ұйымдастыру» сөздері үлкен мағынаға ие. Әңгіме тек қана өмір деректерін іріктеу емес, сонымен қатар, оны жоспарлау, орналастыру, монтаждау және де тек қана материалдық элементі мен түйіскен жерінің сапалығын «қалыптастыру» емес, санының арақатынасы, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесі мен сыртқы танымы, басты және болмашы, жеке және ортақ тепе-теңдігінің қажеттігі, қосалқы бағыну принципі және әртүрлі ішкі ырғақтар жиынтығы, үндестігі және т.б. болып табылады.
Журналистің позициясы – ол түпкі ойдың, идеяның, тақырыптың айқындығы мазмұн мен пішінге қатысты. Композиция очерктегі тақырыпты мазмұнды жеткізудің құралы болғандықтан екеуіне де қатысты болады. Ең мәнді деген бірқатар деректердің өзінен толық жарамды очерк шыға алмайды, яғни, оған идеялық негіз қажет. Ал тақырыпты, идеяны өндіру шығарманың түпкі ойы мен фактурасын іздестіруіне шығарма композициясының қабылдау құралы, болашақ материалдың құрылысы жалпы контурымен сәйкес келеді. Автордың суреттеуінсіз шарықтау шегін білдіретін очерктің анық-қанығын көрсететін сызба бола бермеуі де мүмкін
Үздік комбайнер жайындағы очерк төмендегідей. Кейіпкер таңертең тұрып терезеден алғашқы қарды көреді. Ол киініп, ас үйге шығады. Жұбайы табаға нан пісіріп жатады. Немересі үстел басында отырады. Кейіпкер қолына күрек алып бірінші қарды тазалауға тысқа шығады. Сол әрекеттің арасында кейіпкер балалық шағын, соғыс, соғыстан соңғы үйлену тойын есіне алады. Бұл очерк жайлы кейіпкердің өмірінің бір сәтін қамтыған жедел суреттеме жайлы ой қалыптасады. Өмірбаян деректерін баяндау (дәл фотографиялық болса дағы) идеялық тараптарды айқындаусыз жеке өмірлік эпизодтар, шығармашылық-публицистикалық зерттемелер оқырманды ешқандай да қорытындыға келтіре алмайды, одан ой мен эмоция туғызбайды. Сонымен қатар, тура нұсқаға бағынбаған деректер дұрыс түсінілмеуі мүмкін. Тек қана деректердің сан-алуандығы, түпкі ойдың жүрекке жетіп, ойды алатындығы ғана құнды материалды өмірге әкеледі. Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Сланов, О. Бөкеев, Ш.Мұртаза, А.Сейдімбек, Ж.Аупбаев және т.б. очерк шеберлерінің туындыларынан очерк жанрының негізінен ұйымдастырушы күш екенін байқаймыз, егер деректер іріктелген болса, ұйымдастырушыға түпкі ойдың өзегі белгілі деген сөз. Ал енді очеркшінің алдында М.Кольцовтың айтуындай «көз тоярлықтай» материалды публицистикалық леп беретіндей етіп орналастыру керек. Егер де нақты дерек, терең ой мен жазылған очеркті оқыған соң оқырманның көкейінде қанағаттандырылмаған сауалдар болса, онда жазушы композицияның ең басты шарттарының бірін орындай алмағаны. Ұйымдастырушылық қасиет күш ең алдымен газет-журналдар очеркіне қажет, онда әрқилы деректер мен жағдайларды бір-біріне жақын мазмұндағыларды қатар орналастырады және бұл шарттарға өзгелер де қатысады; материалдың түйіндерін қатар қою, материал бөлімдерінің сандық ара-қатынасын, әртүрлі дәрежелі және жоспарды көрсетуді дұрыс қадағалау немесе өзге болмыстың сараптамасын да шоғырландыру қажет. Бөлімдердің сәйкессіздігі, шығармашылыққа сәтсіздік әкелетін бірқатар мысалдар келтіруге болады, мысалы, газет беттерінде жарияланған кейбір очерктер мен суреттемелерде құрылыстың дәл осы түйіндері бұзылған.
Озаттар жайлы әңгімеде басты орында-өмірбаянын айту болса, екінші орында-нақтылық. Кейіпкер өмірінің бастысы – оның еңбегі, ал шеберлігі ашылмаған күйде қалады, очерк құрылысының басты шарттарының бірі ол-материалды уақыт пен кеңістікке сәйкес орналастыру. Очерк, әсіресе портретті очерк кейіпкер өмірінің әр кезеңдерімен байланысты уақытша параметрлерді сыйғызады. Мысалы, БАМ-ның құрылысшысы инженер Илья Яковлевич Борземов жайындағы әңгімені алсақ, кейіпкердің бүгінгі өмірі мен құрылыстағы жұмысы жайлы эпизодтан басталады. Үздік құрылысшылар, қонақтар, тілшілер алғашқы поезбен БАМ-ның бөлімшелерінің біріне аттанады. «Илья Яковлевич поезға соңынан кірді. Жаңғырған әуен айғайлаған дауыстардан паравоздың дауысы да естілмеді». Осыдан кейін оқырман бірден 1930-шы жылдарға түсіп, жеті жасар Илья Борземов інісімен әке-шешесінен айырылып «аштықтан» қайтқан Донбасс бойымен қаңғырып кеткені есіне түседі. Илья заводта сүргілеуші болып 41-ші жылы он алты жасар Борземов өз еркімен батальонға жазылады. Очерк соғыс өміріне, құрылыста жұмыс істеген соғыстан қайтқан лейтенант жайындағы эпизодтар кезектесіп отырады. Портретті очерктің композициясы тек сандық балансты ғана емес, барлық материалдардың сапалық үйлесімділігін қамтиды. Нақты композициялық шешімде сапа баланысы әдебиеттің басқа жанрлық түріне қарағанда өзінің анықтығымен, нақтылығымен ерекшеленеді, яғни, очеркте нақтылы өмірде болып жатқан оқиға өз дәрежесіне қарай дәлме-дәл суреттеледі. Мәселен, әңгімеде өмірдегі фактілерді зерттеу арқылы ондағы басты рөлді атқарады. Яғни текстегі әртүрлі көркем-суреттеу әдістерінің үйлесуі тиіс. Текстегі монологиялық және тура сөйлеудің, әртүрлі интонациялардың, әңгімені жоспарлаудың (эпикалық, лирикалық, аңыз тектес, романдық, мақалалық, іскерлік) әңгімелеуші кейіпкерден әрекеттегі кейіпкерге табиғи ауысудың дұрыс қарым-қатынасы маңызды болып табылады. Осылардан кейін ғана композиция әңгіме динамикасын анықтайды. Очерк жанрының тәжірбиесінде композиция функциясының көп түрлілігін, шығарманың идеясы мен мазмұнын ең ұтымды тәсілмен, ең айқын образдармен жеткізуге болатынын көрсетеді.
Портреттік очерктің ішкі құрылымының берік болуының бірінші талабы тақырып өзектілігі, өмір көрінісінің кей тұстарының анық суреттелуі, мәселені бір немесе бірнеше эпизодтар арқылы, адамның өткен өмірі арқылы т.б. оқиғаны ашып беретін құрылымдық формалардың едәуір тұрақты және кең тарағандығы кездейсоқтық емес. Портретті очерктің құрылысында эпизод басты рөл атқарады. Эпизод – қойылым. Ол өз бойына көптеген фактілерді жинап, идеяның пайда болу процесін тездетеді.
Очерктің эпизодтан басталған бірінші абзацы ықшамды баяндаудың қарқынды қалпын көрсетеді. Асықпай дамыған экспозиция повесте не романда ондаған беттерді алса, ал очеркте санаулы жолдардан кейін оқырманның бірден тақырыпқа еніп кетуіне, мәселе мәнін, адам тағдырын нақты түсінуіне мүмкіндік береді. Мұндай бастау ауызша әдеби-көркем әдістердің интонациясын талап етеді. Бұл әдістің ең көп тараған түрі репортаждық бастау. Қойылым, эпизод шағын суреттік көрініс оқырманды бірден суреттеліп отырған оқиға проблемасының ортасына алып барады. Сонымен ықшамдық өзінің құрылымдық формаларын ұйғартады. Очеркист оқырманның көз алдына ойша оқиғаны елестетуіне мүмкіндік береді. Очерктің өте бай тәжірбиесі әртүрлі компоненттерді пайдалануға мүмкіндік жасап береді. Мысалы, ойды ықшам жеткізудің жолдары төл сөз, диалог, пейзаж, шолу, кейіпкердің естелігі, авторлық пайымдаулар, арнау сөз арқылы жүзеге асады.
Очерктің публицистикалық идеясы мен кейіпкер мінез-құлқын көрсетудің кең таралған тәсілі болып, кейіпкер өмір сүріп, еңбек етіп отырған ортасының жағдайы мен тұрмысы болып табылады. Автордың алдында көргенінің бәрін жазу міндеті тұрған жоқ, дегенмен ол кейіпкердің психологиясы мен мінез-құлқын, шығарманың идеясын ашу үшін өзіне керек жерлерін ғана таңдап алуы керек. Ғ.Мүсірепов Мұхтар Әуезовке арнаған очеркінде оның балалық шағын суреттеу арқылы жазушының энциклопедиялық білімінің бастауын Абай аулымен қысы-жазы көршілес отырғанда алғандығын баяндай келе былай дейді: “Мұхтардың балалық шағы қазақ даласында кездесіп көрмеген, батыс елдерінде де сирек кездесетін өлең мен әнге, ертегі мен жырға, жұмбақ пен жаңылтпашқа, шежіре мен шешендердің лұғатты сөздеріне күні-түні шомылатын шығармашылық ерекше жағдайда өтеді. Ол Абай ауылы, Абай айналасы – Абайдың ақын балалары, Абай аулына үсті-үстіне ағылып келіп жататын ақындар, әншілер, домбырашы, қобызшы-күйшілер, бишілер, шешендер... Қазақ халқының қалыптасқан әдептілігі, инабаттылығы, мінезділігі, адамгершілігі – бәрі осы ауылда. Абай елегінен өтіп өңделгені де бар. Абай айналасында өрескел мінез, ерсі сөздерге тиым салынған. Бұл ауылда кітап бар, кітап оқу бар. Науаи, Низами, Омар Һайям, Фирдоусилер аудармасыз өз тілінде оқылады. Абай айналасында осындай жайлар болғанын Мұхтар өзі ұзақ жыр етіп айтатын еді. Сол төңіректің барлық ішкі-сыртқы бейнесі зерек баланың балғын ойына өшпестей болып орнап қалғанын сезінетін едік” [3,188], - деген жолдардан очеркші шығарманың идеясын кейіпкердің өскен ортасы мен өсу жолын көрсету арқылы жеткізеді. Мұхтар Абайды босағадан сығалап көрмей, оның балаларымен, немерелерімен қатар жүріп көргендігіне нақты дәлелдер келтіре отырып бейнелейді. Бұл очеркте Мұхтар бейнесін ашуда автор сол ортаның жағдайын шеберлікпен кестелейді. Сөз шеберінде оның кейіпкерінің тұрған ортасының жағдайы оның мінезіне тікелей әсер етіп, психологиясын ашуда, өмірлік жолын таңдауда өте маңызды рөл атқарғандығын нақты дәйектейді.
Кейіпкер портреті оның мінез-құлқы және іс-әрекетімен тығыз байланысты. Осыдан барып толық картина туындай бастайды, кейіпкердің психологиясы мен көзқарасы ашыла түседі. Бірақ, жазушы жеке адамдардың портретін бейнелеумен ғана шектеліп қалмайды, ол кейіпкерлерін түрлі қақтығыстарда, драмалық конфликтерде де көрсетеді. Басқа сөзбен айтқанда оқырман санасына керекті идеяны кейіпкерлердің мінез-құлқын бейнелеу арқылы жеткізуге тырысады.
Әр адамның бойындағы ерекшеліктер оның ісі арқылы көрінеді. Мысалы, ғарышкердің мінез-құлқы ғарышқа ұшқан кезде көрінеді. Бұдан шығатыны – очеркист адамдардың мінез-құлқын бақылай отырып, оның қоғамдық мәнін ашу, одан кейіпкер де, тақырып та, шығарманың сюжеті де өсіп шығатын “дән” алуы керек. Публицист, жазушы міндеті - өзінің көрген нәрсесін зерттеп, жалпылап, өткірлеп оқырманға жеткізе білу. Мұнда көркем ой мен тарихи шындықты қоса отырып, очеркист күнделікті өмір шындығынан үлкен әдеби шығарма туындатады.
Очеркте тарихи немесе документальды романдағы сияқты өмірде бар немесе мүлдем жоқ адамдардың да бейнелері берілуі мүмкін. Жазушы тұрақты адамның мінез-құлқын ашып, оның белгілі бір мәселені қалай шешетіндігін көрсетеді. Кейіпкердің мінезін қақтығыстарда ашуға жол береді. Очерк шын өмірді суреттеуі шарт. Ал очерші суретші сияқты, ол өз кейіпкеріне мінез ойлап табамын десе көп қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Әртүрлі авторларды адам іс-әрекетінің әр қыры қызықтырады. Біреуді қоғамдық қатынастар мен қақтығыстардың әсер етуі қызықтырса, екіншісін – қимыл пен сезімнің байланысы, үшіншісін – психологиялық іс-әрекет, оның түрлері мен заңдары, көңіл-күйінің диалектикасы көп қызықтырады. Бірақ очеркші адамның ойы мен сезімін, оның ішкі жан-дүниесін ашуға құқығы бар ма деген заңды сауал туады. Оған әрине, бар деп жауап берер едік.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. – Алматы. Мектеп, 1984.
Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 7 том. – Алматы. Жазушы, 1980.
Мүсірепов Ғ. Таңдамалы. Үш томдық. ІІ том. - Алматы: Жазушы, 1980.
Достарыңызбен бөлісу: |