4.Кәдімгі түйежантақ Жантақ (Alhagі) — бұршақ тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Бұтақталып өседі. Қазақстанның шөл далалық аудандарында сұр, құмайт және сортаң топырақты жерлерде, өзен аңғарларында, тау бөктерлерінде өседі. Арамшөп ретінде суармалы егістікте де кездеседі. 4 түрі бар, ең жиі кездесетіні — кәдімгі жантақ (A. pseudalhagі) және қырғыз жантағы (A. kіrghіsorum). Олардың биіктігі 30 — 100 сантиметр. Тамыры ұзын (10 метрге жетеді), тамыр сабақтары 20 — 30 сантиметр тереңдікте болады, көбіне осы тамырлары арқылы көбейеді. Сабағы бұтақтанып біткен, тікенді, сырты жылтыр, бүртікті. Жапырағы жұмыртқа пішінді, домалақ, бүтін жиекті. Гүлі — қызыл. Мамыр — маусым айларында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі — бұршақ. Дәні бүйрек пішіндес не төрт бұрышты. Жантақ— дәрілік өсімдік, оның қабығында қант, илік заттар, эфир майы, ал тамырында алкалоидтар, глюкозидтер, шайыр, бояғыш заттар болады. жантақтан алынған дәріні қуыққа тас байланғанда, өт, несеп жолдары қабынғанда ішеді. Оның тұнбасынан геморройға қарсы ванна жасайды. Гүлінен ара бал жинайды. Жантақты түйе сүйсініп жейді. Жүгері, қамыспен бірге жақсы сүрленеді.