Бұл жөнiнде берген Әдiловтың жауабы ойдан шығарылған, олар Валидовтың ешқандай да хат алмаған. Оларға (Байтұрсынов пен Бөкейхановқа – Т. Ж.) Валидовтың бағасы (платформасы) белгiлi болатын, бiрақ та оған бұлардың ешқандай қатысы жоқ.
Сонымен қатар, Байтұрсынов Әдiловпен бетпе-бет кездесiп, куәласқанда, ол (Байтұрсынов) соңғы адамға (Әдiловке): «Алаш» партиясы құрылған күннен бастап, оның (Әділовтың) ағасымен пікір араздығы бар екендігі, сондықтан да бұған (Әдiловке) еш нәрсенi сенiп тапсырмайтындығын айтты. Өз кезегінде Әдiлов өзiнiң ағасының Байтұрсыновпен қырғи қабақ, дұшпандық қарым – қатынаста болғандығын мойындады.
Дулатов та, Омаров та, Есполов та, Болғанбаев та, Бiрiмжанов та, Жәленов те және басқалар да контреволюциялық ұйым құрғандығы жөнiндегi Әдiлов сөзiнiң жалған екендiгiн дәлелдедi. Содан кейiн аталған адамдардың барлығы да тұтқындалып, олардың бiрнешеуiн ерiксiз түрде «мойындаттырған жауап» алынды.
...Соның iшiнде, бiрiншi рет қатарынан жүргiзiлген тергеуден соң, Болғанбаев мынадай жауап бердi: Валидовтан келген хатты Сәрсеновтiң бөлмесiнде оқыған Бөкейханов, ал Байтұрсынов онда мүлдем жоқ болатын. Жасырын ұйым ашу туралы әңгiме қозғалмады. Валидовқа мұны (Байтұрсыновты) жiберудi ұйғарды, ал Әдiлов болса – мұнымен бiрге баруға өз бетiнше тiлек бiлдiрдi, өйткенi ол (Әдiлов) Валидовтың көмегi арқылы шет елге өтiп кетудi көздедi. Оған да мандат берiлдi, бiрақ ешқандай да мөр басылған жоқ. Валидовқа қандай да бiр уәде беру туралы ұсыныс жасады.
Сонымен, тергеудегi жауаптан көрiнiп отырғандай бiр ғана оқиға туралы Әдiлов пен Болғанбаевтiң жауаптарына үлкен қайшылық бар, бұл Әдiловтың берген барлық жауаптарының дұрыстығына күмән тудырады, сондықтан да бұлар қылмысты негiз бола алмайды».
Iстiң бет алысы ОГПУ тергеушiлерiне (әрине, Голощекинге де) ұнамады. «Қылмысты iске» «жаңа куәгерлер» тартып, оларға бөлек iс қағазын толтырды. «Қосымша қосылған» бұл адамдар кiм едi және Байтұрсыновтың соңынан шырақ алып түсiп, қалай айыпкер, экстремист, контреволюционер етiп көрсетуге тырысулары қалай? Осы он төрттiң басын бiрiктiретiндей ортақ мүдделерi болды ма? Соны айғақтайтындай дәлелдi себеп (алиби) бар ма?
Бар.
Ол - «Алашордаға» қатысты «он төрттiң» ортақ өмiрбаяны едi. ОГПУ-дiң де, Голощекиннiң де көздеген түпкi нысанасы және барынша әшекерелеуге тырысқан қылмысы сол тұс болатын. Өйткенi «ұлтшыл», «пантюркист», «контреволюционер» деген ұғымды саяси – идеологиялық сахнада «ойнату» үшiн әуелi оны «тiрiлту» қажет-тiн.
Шындап келгенде, тергеу орындары 1921 жылы конреволюциялық астыртын ұйымның құрылған - құрылмағанына ықылас қойып, бас ауыртып жатпады. Тек тағылатын айыптың неғұрлым көп болуына тырысты. Ал, шынтуайтына көшкенде, алашордашылардың өкiмет тарапынан алған, кешiрiмiн бұлар «кешiргiсi» келмедi, жазықсыз құтылғандарын әдiлетсiз шешiм деп бағалап, қалайда сот арқылы үкiм шығаруға ұмтылды. Әрине, олар жазаның ең ауыр түрiне кесiлуге тиiстi сияқты көрiндi.
Ал, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылу тарихын, мақсат-мүддесін білмей, «он төрттің ісін» де түсіну мүмкін емес.