Жаңа педагогикалық технологиялар - бұл білімнің басында мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің, оқу–тәрбие үрдісін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамасымен байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері, мұнда іс-әрекет оқушының дамуына жағымды жағдайлар жиынтығын құрайды. Химияны оқыту әдістемесінің зерттейтін объектісі – сол пәнді оқыту әрекеті. Химияны оқыту әдістемесі ғылыми оқыту әрекетін әдістемелік деңгейде зерттейді. Барлық жеке пәндерді оқыту, солардың ішінде химияны оқыту әдістемесі дидактиканың ашқан жаңалықтарына сүйенеді, оларды өзінің әдіснамалық негізі ретінде пайдаланады. Химияны оқыту әдістері, ғылыми зерттеу әдістерімен ұштасып жатады, білім алушылардың химия объектілерін танып-білу әрекетінің ерекшеліктерімен де сипатталады.
Химиялық жоғары білім беру бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын үш орындалатын міндеттен тұрады. Ол оқытудың білімдік, тәрбиелік және дамытушылық мақсаттары деп аталады. Химия пәнінің білімдік, тәрбиелік және дамытушылық мүмкіндіктері, химиялық жоғары білім берудің негізгі міндеті аға ұрпақтардың жинақтаған тәжірибесі негізіндегі білімді логикалық және дидактикалық өңдеуден өткізіп, түсінікті етіп беру.
Қазіргі кездегі оқытудың мақсаты жеке адамды жан-жақты және кешенді оқыту, тәрбиелеу және дамыту. Қазіргі кезеңде ЖОО-да білім берудің жаңа тұжырымды идеялары мен даму жолдарына сай оқытуды саралау, бағдарлы оқыту, білім мазмұнын кірістіру, ЖОО өмірін ізгілендіру идеяларын іске асыру мәселелері қарқынды жүргізілуде. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірі-Республикамызда төл оқулықтардың, сонымен қатар электронды оқулықтардың жазыла бастауы. Өйткені қоғамның білім беру саласындағы әлеуметтік тапсырысына оқулық негізгі компоненті болып саналатын оқу-әдістемелік кешен жасап, оны оқу процесіне енгізбей тұрып орындау мүмкін емес. ЖОО білім алушы оқулық мазмұнынан тек ақпарат пен дайын білімді алумен ғана шектелмеуі тиіс, ол білім алушының қабілеттерін жан-жақты дамытатындай, өз қызығушылықтарын іске асыруға, шығармашылық ойлауын және өмірлік құзіреттіліктерін қалыптастыруға көмектесетіндей болғаны жөн. Сонымен қатар қазіргі оқулық педагогикалық тәжірибенің жинақталған ақпараттық моделі ретінде білім мазмұнын іске асыра отырып, оқушылырдың жалпы ақпарат көздерінен алған мәліметтерін бір жүйеге келтіріп, кірістіруге мүмкіндік жасауы қажет.
Оқытушылардың бүгінгі күні оқыту үрдісінде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден дер кезінде хабардар болып отыруы - сапалы білім берудің кепілі.
Пән апталықтарының өткізілуі білім алушының пәнге деген ықыласы артып, қызығушылықтары анықтала бастаса, онда пәнді меңгеруге деген құштарлық тереңдей түседі. Мұндай жұмыстар студенттер білімін дамытып қана қоймайды, оларды жан-жақты тәрбиелеудің де міндеттерін шешеді. Оқушы бойындағы бейімділік пен икемдікті дамыту мақсатында түрлі сайыстар, интеллектуалды ойындар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда оқыту үрдісін жоспарлау, қолдану және бағалаудың тиімді әдістерін ұсынушы жаңа педагогикалық технология түрлері өте көп, негізгі мақсаты – өз бетінше дами алатын жеке тұлғаны қалыптастыру.
Химияны оқытуда оқушылардың шығармашылығын дамыту жолын ақпараттық және коммуникативтік мәдениетін қалыптастыруға бағыт беретін білім технологияларын қолдану арқылы дамыту керек деп білеміз.
Оқушылар әр түрлі ақпарат көздерімен сусындап өз түйінін айта білуі керек. Топқа бөлінген студенттер өз сұрақтарына тынымсыз жауап іздейді. Әр оқушы өз идеясымен бөліседі. Бұл оларға сол проблема бойынша өз көзқарастарының қалыптасуына, пікірлерін қарсыластарының көзқарастарымен салыстыруға, өз пікірін қорғауға үйретеді, сол проблеманы өздігінен терең зерттеуге итермелейді. Пікір – сайыс жастардың білімдерін жан –жақты жетілдіріп, мәдени деңгейлерін көтереді, басқа адамдардың пікірімен санасуға және түсіністікпен қарауға үйретеді, шешендік өнерге баулиды. Болашақ маман кәсіби шығармашылық деңгейін өзінің жаңашылдыққа ұмтылуымен, креативтілігімен, өз ісіне жауапты қарауы мен өзін-өзі жетілдіруі, кәсіби шыңдауы арқылы қол жеткізеді. Сондықтан да болашақ маманның кәсіби құзырлығын жетілдіру мәселесі маңызды болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |