қала мәдениетін қалыптастырып, дала өркениетін өсіре түсті. Сәні мен салтанаты келіскен Сарай-Берке, Сарай-
Бату сынды астаналардың қалануы, Ұлытауда Жошы ханның кесенесінің салынуы, шығыстық шайырлардың
қалдырған әдеби мұралары – бәрі де Алтын Орда дәуіріне тән құбылыс. Сауда-саттық байланыстармен мәдени
өркендеу қатар жүргені белгілі. Бұл турасында Жошы ұлысында қалыптасқан жыр-дастандардың тарихымыздың
танымын кеңейтудегі орнына тоқталып өтпеске болмайды. Мысалы, 1357 жылы Махмұт Әлиұлы Кердері Алтын
Орданың астанасы Сарай қаласында өзінің прозалық көркем әдеби шығармасы «Наһжи ұл фарадис» кітабын
жазды. Сол заман деректеріне сүйенер болсақ, әдебиетте Хорезмидің «Мұхаббатнамесі», Құтба ақынның
«Хұсрау мен Шырын» поэмасы, Сайф Сарайидің «Гүлстан бит түркиі» («Түркіше Гүлстан»), Рабғузидің «Қисса
сул әнбиясы» («Пайғамбарлар туралы қысқа әңгімелер»), көне қыпшақ тілінде «Кодекс Куманикус» («Құман
тілінің сөздігі») сынды шығармалар Алтын Орда дәуірінде дүниеге келген [1]. Алтын Орда дәуірінің әдеби
жәдігерлерінің қайталанбас туындыларының бірі «Хұсрау мен Шырын» поэмасында шынайы махаббаттан бөлек,
арамдық пен зұлымдықты, қастандық пен сатқындықты, өсек пен өтірікті әділдік пен адалдық жеңіп шығатыны
жазылған. Демек, адамгершілікті дәріптеу мен адалдыққа сүйіспеншілікті жырлау арқылы адамды ізгілікке
жетелегендігін аңғарамыз.
Ал, Жошы ұлысында дүниеге келген батырлар жырының тарихымыздағы орны бөлек. Батырлар жырының Ер
Едіге, Ер Тарғын, Ер Сайын секілді кейіпкерлері отанды қорғаудың асқан рухын паш етіп, халықтың мұңын
жоқтаған көсемдер ретінде әспеттелді.
Достарыңызбен бөлісу: