Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет8/21
Дата29.01.2023
өлшемі0,92 Mb.
#166695
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21
Байланысты:
қазақ әдебиеті тарихы

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
1. ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-тарихи жағдай
2. Балалар әдебиетінің тууына ерекше ықпал еткен жағдайлар.
3.Оқу-ағарту ісінің жолға қойылуы, оқу құралдарын жазу, оқытуды ана тілінде жүргізу проблемалары.
4. Ахмет Байтұрсынов жазған мектеп оқулықтары
5. Халел Досмұхамедовтің оқу-ағарту ісіне қосқан үлесі
6. Міржақып Дулатовтың ағарту саласындағы еңбегі
7. С.Сәдуақасұлының оқу-ағарту мәселесіне арнаған еңбектері
8. Сейфуллинің оқу ағарту ісіне, баспасөздің жандануына қосқан үлесі
9. Б.Майлин, Ә.Мәметова, І.Жансүгіров ағарту саласындағы еңбектері
10. М. Жұмабаевтың оқу-ағарту ісіне қосқан үлесі
11. Телжан Шонановтың еңбектері
12. Өтебай Тұрманжановтың ағарту саласындағы қызметі
13. Мұхтар Әуезов жазған оқулықтар
14. Жүсіпбек Аймауытовтың оқу-ағарту саласындағы енбектері
1.2. Балалар баспасөзінің дамуы және балалар әдебиетіне қатысты алғашқы мақалалар
Заман талабына орай оқулық жазу ісімен қатар баспасөз ісі де қанат қаға өркендеді. Бүкіл халық жаппай оқу-білімге бас қойған осы тұста кеңес адамдарының жасампаз ерлік істері мен ерен еңбегі туралы мақалалар жариялау үшін, тап намысын қорғай білетін азаматтарды тәрбиелеп шығару үшін жастар әдебиетін, балалар баспасөзін жандандыру өте қажет болды. Осындай мығым мақсат ұстанған басылымдар оқырмандармен өте қызу, белсенді жұмыс жүргізді. Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарындағы сол басылымдарды парақтай отырып, сол кездегі газет-журналдардың балалар мен жасөспірімдерді кеңестік патриотизм рухында тәрбиелеуді ерекше күш жұмсағанын көреміз. Балалар әдебиетінің осы кездегі басты міндеті Қазан төңкерісінің ұлы жеңісін жырлау еді. Дамуын, өсіп-өркендеуін Коммунистік партия белгілеп беріп отырған бұл жылдардағы балалар әдебиеті қоғам жұмысының қай саласына да үн қосып отырды. Осыған орай 1922 жылы май айында пионер ұйымы құрылды. Ресейде 1921 жылы РСФСР Халық ағарту комиссариаты жанынан балалар әдебиетінің талаптары мен міндеттерін, балалардың психологиялық ерекшеліктерінің теориялық проблемаларын зерттейтін «Балалардың оқу институты» ашылды. Горькийдің ұйымдастыруымен балаларға арналған «Северное сияние» (1919-20ж), Тулада «Детский пролеткульт» (1919-21ж), Краснодарда С.Маршактың балалар үшін пьесалар жинағы (1922ж), Пионер», «Знание сила» (1926ж), «Барабан» (1923-26ж), «Южный натуралист» (1928- ж), «Дружные ребята» (1927-41ж), «Костер», «Пионерская правда» (1925ж) т.б. көптеген газет-журналдар шығарылды. Бұл ұйымдардың қай-қайсысының болсын балалар әдебиетінің жандана түсуіне үлкен көмегі болды. 1925 жылдың қаңтарынан бастап С.Мұқановтың ұйымдастыруымен Кеңестік Қазақстанның Орынбор қаласында жарық көрген «Пионер» журналы «Аймақтық Қазақстан пионерлері бюросы мен Халық ағарту коммисариатының тілі» [1,161 б.] еді. Журнал редакторы Ерғали Алдоңғаров «Тарихтың жаңа бетін аштық» деген бас мақаласында: «...Неше жүз жылдар ұдайы ел-жұрт атанып, өмір сүрген қазақ елінің тарихында жаңа ізін түсірген, тағы алға басқан бір қадамымыз – осы балалар әдебиетін жарыққа шығарып отырғанымыз. «Пионер» журналының мақсаты – мектеп, балалар үйлеріндегі, коммуналардағы қыршындарымызға, олардың арасында іс қылып жүргендерге қолданба боларлық, коммунизм тәрбиесін бере аларлық, тап намысын ұғындырарлық мағлұматтар беру» [36], - деп жазды Журналға алғысөзді М.Әуезов жазады: «Журналдың оқушылары мен жас жазушылары арасынан сегіз қырлы, гүл-гүл жанған жас өнерпаздар көп шыққан. Кейін солар атақты азамат боп пісіп толған шақтарында өздерінің естелігін жолдағанда: Менің пәлендей ғылым адамы болуыма қозғау салып, ой талабымды оятқанның бірі «Пионер» журналы болып еді – дейтін болсын»[36]. Десек те балалар баспасөзінің көшбасшысы деп 1916 жылы М.Жұмабаевтың қатысуымен шыққан 1916 жылы «Балапан» қолжазба журналын айтуымыз керек. Мағжан Омбы семинариясында оқып жүргенде «Бірлік» жастар ұйымының жұмысына белсене араласып, «Балапан» журналының шығуына өз үлесін қосты, балалар басылымының іргетасын қаласты. Журналға қарасөзбен жазылған «Балапан қанат қақты» деген өлеңіне үңіліп қарар болсақ, журналдың көрген жолы тым ауыр болғанын байқаймыз. «Балапан қанат қақты... Жас еді. Қанаты да қатайып жеткен жоқ еді, амалсыз қақты» деп қаражаттың жоқтығын, түрлі кедергілерді меңзейді. «...Кәусарына қанатын, ауыз әдебиетінен бастау алған қазақ баспасөзінің керектігі ақынды қатты толғандырады» дейді ғалым Б.Қанарбаева. Өкінішке қарай, журналдың 4-5 нөмірі ғана жарық көріп, жабылып қалады. 1924 жылы Ташкентте «Жас қайрат» журналы жарық көрді. Журнал «Орта Азия бюросының һәм Түркістан аймақтық ортақшыл жастар комитетінің тілі» [1.161б.] болды. Балалар әдебиетінің қалыптасуына өз ықпалын тигізген бұл журналға балалар әдебиетіне қатысты мәселелер жиі жарияланып тұратын еді. «Жас қайрат» журналы өзінің төңірегіне жас талант жазушыларды, тілшілерді ұйымдастырды. Бұл газет арқылы балаларға, пионерлерге арналған шығармалар барлық өлкемізге тарап отырды» [1,168 б.]. 1925 жылы тамыз айында Республикадағы педагогикалық баспа орны, Қазақстан Халық ағарту коммисариатының органы – «Жаңа мектеп» журналы жарық көрді. Осы журналдың әдебиет бетінде С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтің, Ш.Иманбаеваның т.б. ақын-жазушылардың балаларға арналған тәрбиелік маңызы бар шығармалары жиі басылып тұрды. Ал 1926 жылы Қызылордада «Лениншіл жас» журналы шыға бастады. Екі аптада бір рет шығатын бұл журнал «Комсомолдардың өлкелік комитеті мен Сырдария комсомолдар губернелік комитетінің тілі» [1,161 б.] болды. Қазақ даласында жаппай білім алуға жұмылу науқаны кезінде «Пионер» (1925) журналы да өз жұмысын осы арнаға бағыттады. Сол жылдарда журналда Шолпан Иманбаева, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов тілшілік қызмет атқарған. Жақсы бастамамен жарық көрген «Пионер» журналы көп уақыт өтпей жабылып қалады. Өйткені журнал кадр жағынан да, қаражат жағынан да көп қиыншылық көрген еді. Журналды шығарған редактор Ерғали Алдоңғаров журналдың бар жұмысын жалғыз өзі атқарды. Оның хатшысы да, көшірушісі де, түзетушісі де өзі болды. БКП (б) Орталық Комитетінің 1932 жылы 23 сәуірде «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысы қабылданды. Бұл қаулы бойынша пролетариат жазушыларының ассоциациялары (КазАПП) таратылып, оның орнына Кеңес жазушыларының одағы құрылды. Жаңа идеологияны дамыту мақсатын көздеген бұндай қаулы-қарарлардан балалар әдебиеті де шет қалған жоқ. Балаларға арналған жақсы кітаптарды көптеп бастыру және мектеп пен пионер ұйымдары жұмыстарын жақсарту туралы қабылдаған қаулы негізінде баспасөз ісі де қайта жанданады. 1930 жылы 5 қарашада «Пионер» газеті жарыққа шыға бастады. 1937 жылғы наурыз айынан бастап бұл газет «Октябрь балалары» болып шығатын болды. Бұрынғы жабылып қалған «Пионер» журналы 1931 жылы «Екпінді жас» деген атпен қайта жарық көрді. Бұл журнал айына бір рет шығып тұрды. Ал 1937 жылы осы журнал «Вожатыйға көмекші» деген атпен шығып тұратын болды. Жоғарыда аталған газет-журналдардың бәрінде де жас ұрпақты тәрбиелеуге байланысты, оқу жұмысына қатысты түрлі деректер басылып тұрды. Жаңа орнаған Кеңес үкіметінің күнделікті жаңалықтармен жасөспірімдерді құлағдар етіп отырады. Сондай-ақ жас ұландарға, балалар мен балдырғандарға арналған көркем шығармалар да үздіксіз жарияланып тұрды. Бұл басылымдардың, оқулықтар мен кітаптардың қазақ кеңес балалар әдебиетінің дамуына, қалыптасуына тигізген ықпалы өте зор болды. Қазақ балалар әдебиетінің арнайы сала ретінде зерттелуі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алады. Балалар әдебиетін зерттеу, жинау, баспасөз арқылы хатқа түсіру ісіне айрықша еңбек сіңірген зиялы қауымның алдыңғы сапында – А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов және тағы басқалар тұр. Кеңес дәуіріндегі балалар әдебиетінің қалыптасу кезеңі Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен басталады. Кеңес дәуірінде идеологияға баса көңіл бөлінгендіктен қазақ балалар әдебиетінің де дамуына ықпал күшейе түсті. Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ш.Иманбаева, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев т.б. ауыз әдебиетінің үлгілерін пайдалана отырып, балаларға арналған мазмұны ұлттық жаңа шығармалар жаза бастады. Ол шығармалар сол күндердегі қазақтың ұлттық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жатты. («Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Қызыл Қазақстан», «Бостандық туы» т.б.). Сондай-ақ, осы тұста балалар әдебиеті сыншылар мен зерттеушілердің, ғалымдар мен ақын-жазушылардың, ағартушы педагог-мұғалімдердің назарын өзіне аудара бастады. Жалпы, 20-30 жылдардағы балалар әдебиетінің тууы, зерттелуі мәселелеріне келгенде сол жылдары мерзімді басылымдарда көрінген балалар әдебиетінің мәні, оның ерекшеліктері туралы көңіл аударуға тұрарлық пікірлерге алдымен тоқталмақпыз. Бұл жөнінде ең алдымен Ілияс Жансүгіровтің, Мұхтар Әуезовтің, Саттар Ерубаевтың еңбектерін атап өтуге тиіспіз. Сондай-ақ балалар әдебиетінің жай-күйі, міндеттері туралы С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, М.Жұмабаев, Ж.Сыздықов т.б. жазушылар да арнаулы мақалалар жариялап, балалар әдебиетін қалыптастыру және дамыту жайындағы мәселелерге атсалыса бастады. 1925 жылы Қазақстан Оқу комиссариатының жанындағы қазақ бөлімі комиссиясының атына Ілияс Жансүгіров балалар әдебиеті мәселесін көтерген хат жолдайды. Хатта қазақ әдебиетінің келелі бір саласы балалар әдебиеті екені, оның әлі күнге дамып-жетілмей жадағай жатқандығы, балалар жанына жағымды жаңа кітаптар жоқтың қасы екендігі айтылады. Бұл хатпен бірге автор «Өтірік өлең» атты 94 беттік кітапшасының қолжазбасын ұсынады. Бұл кітаптың алғашқы беттерінде автордың кіріспе сөзі берілген. Онда: «...жинаусыз жатқан ен қазына ретінде балалар әдебиетіне киім-кешек болуға жарар деген мақсатпен Жетісу облысының әр жерінен жинаған өтірік өлең үлгісін ұсынып отырмын... ...Бұл жинақ әдейі соңына түсіп, ел аралап жинаған нәрсе емес. 1920 жылдан бастап ыңғайлы адамдардан сұрастырып жазып ала бергендерім... ...Ел өмірінің өткендегі, келесідегі айнасы – әдебиет. Ол ел өмірінің барлық тармағын ашып, алдыңа жаяды. Бұл күнде жинауға мұқтаж. Сол оймен кішкентай болса да осы жинақтағы өтіріктен өзгеше көрінетін, қоғам құрылысының салт-санасының жарықшағын жұқалап зерттеуге, әдебиетке ел өміріне белгілі бағыты бар табанды көзқарас туғызуға дерек іздестірушілерге «Ел қазынасы» деп еңбек қылдым. ...Мектептердегі тіл сабақтарында, аймақ танытуда, баланы баулуда бас білер мұғалімдерге де бұл жинақ бірқатар дерек береді» [ 37.], - деп өз пікірін білдіре отырып біршама мәнді ойлар айтады. Бұл жинақ 1927 жылы Мәскеу қаласының Күншығыс баспасынан араб әрпімен басылып шығады. Осы жылғы тамыз айының 8-інде «Еңбекші қазақ» газетінде бұл кітаптың жарыққа шыққандығы туралы хабарлама жарияланды. «Кітаптың аты өтірік екен деп шоши көрмеңіздер. Бұл шынға бергісіз өтірік. Өтірік өлең, өтірік айтыс, өтірік мақтан тағы осы сияқтылар ел әдебиетінің белгілі бір түрі саналады. Әдебиеттің бұл түрі біздің баспасөздерімізден бұл уақытқа шейін орынды аз алып келді... Әдебиет ішінде шендестіру, дамыту, пернелеу, бейімдеу, ұқсату, кейіптеу дегендер болады. Әдебиет мақсаты бір жағынан, шынды көз алдыңа суреттеу болған. Екінші жағынан, шеберлікке, тапқырлыққа үйрету ғой...» [37. ]. Күн санап балалар әдебиетіне деген зәрулік күшейе түсті. Әр жерден Оқу комиссариатына, жазушылардың атына балаларға, балалар әдебиетіне қажетті материалдар сұраған мұғалімдер хаттары келіп түсе бастады. С.Сәдуақасовтың «Балалар әдебиеті» атты мақаласында: «Балалар әдебиеті туралы сөйлеп өтейін. Мұғалімдердің маған жазып сұрағандарына қарағанда орындарда балалар әдебиетіне ділгірлік күшті көрінеді. Бірақ шынына келсек, балалар әдебиеті түгіл бізде керекті оқу құралдары да жеткіліксіз ғой. Әйтсе де балалар әдебиетін ұмытып отырғанымыз жоқ, ондай-мұндай әзірлеп жатқанымыз бар. Биыл балалар туралы жазылған сөздерді жинап, «Жаңа мектеп» журналына қосымша қылып бастырып мұғалімдерге жібергеміз. Бұдан былай балалар әдебиетін өркендеткенде бір жағынан пионерлер жұмысына, екінші жағынан Денсаулық комиссариаты арқылы ананың, баланың саулығын сақтау жұмысымен байланыстыра жүргізу керек. Балалар ертегісі, денсаулық, тазалық жағынан жазылған әңгімелер өте керекті-ақ» делінген [ 33.221 б. ]. Мағжан Жұмабаевтың тікелей атсалысуымен 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналына тегін қосымша ретінде «Балаларға тарту» жинағы шыққандығы туралы «Еңбекші қазақ» газетінің 6 санына хабарлама жарияланды. Бұл кітапшаның алғы сөзінде: «Қазақ мектебі оқу кітаптарына мұқтаж, байтақ бұқарасы оқитын баспасөзге мұқтаж... ...Мәдениетті елдерде балалар әдебиеті бай болады. Олардың балалары туғаннан бастап дегендей сүгірет, ойыншық, кітап сияқтылармен таныса бастапты. Бұл – баланың танымын толықтырады, баланы үлкейгендегі жұмысына да дариялайды. Қазақ баласы 11-12 жасқа жетіп жолы болып мектепке түскенде жазу-сызу түгіл «қағаз» деген нәрсені жыға тани алмайды. Сөзге олақ болады. Мәдениетті ел балаларының көп ойыны болады. Бұл ойындар балалар әдебиетінде жазылып елден-елге тарап тұрады. Қазақ балаларының да ойыны болатын, бірақ ол ойындар қағазға жазылмаған соң, бұл күнде азып-тозып кетулі. Осыларды ескеріп, біз «Жаңа мектепке» қосымша етіп мына кішкене кітапшаны балаларға таратып отырмыз. Кітапша үш бөлім: бірінші бөлімі – балалардың мектепке кірмес бұрын малданатын материалдар, үшінші бөлімде – күлдіргі, жұмбақ, тақпақ сияқты материалдар... ...Бірақ кітапша үш бөлім емес, кітапшаның бағасын арттыра түсетін тағы төртінші бөлімі бар. Ол «Ауырмаудың амалы» деп балаларға арнап доқтыр жазған өнегелі мақала. Бұл кітапша - буыны бекіп жаңа-жаңа бұғанасы қатып келе жатқан қазақ әдебиетіне үлкен олжа. «Жаңа мектеп» жол салды, енді бұдан былай біз де балалар әдебиеті ілгерілер деп сенеміз. ...Бұл кітапшаны қызығып оқып шықпайтын иә аузынан сілекейі ағып тыңдамайтын бала болмаса керек. «Балаларға тарту» журналға тегін қосымша ретінде беріледі дегенмен, журнал алушылардан басқалар үшін де бірнеше мың болып басылған. Керек қылушылар кешікпей мемлекет баспасының әр қаладағы білім дүкендерінен тапса керек» деп көрсетілген [38]. Бұл жинақта халық поэзиясының балаларға арналған үлгілері тұңғыш рет толығырақ топтастырылды. Сонымен бірге М.Жұмабаевтың да кейбір өлеңдері кірді. «Сал-сал Білек», «Ана», «Жұбату», «Бөбектің тілегі». Тарихтан мәлім, кеңес үкіметі идеологияға баса назар аударады. Сондықтан балалар әдебиеті – тәрбиенің маңызды құралы ретінде күн тәртібіне қойыла бастады. Соған сәйкес Қазақстан Оқу комиссариатының «Жас балалар кітаптарына қойылатын шарттар» (1927) деген нұсқау хаты жарық көрді. Хатта «...Балалар әдебиетіне жылма-жыл сұрау күшейіп келеді. Балалар әдебиетінің керектігі – тұрмыс тілеп отырғандығы бұл күнде анық сезіледі. Сондықтан биылдан бастап оқу комиссариаты балалар әдебиетін жасауға кірісіп отыр. Биыл бұларға арнап 20 табақтай кітап басылмақшы. Бұл істі орындау үшін жазушыларымыз атсалысулары керек, көптеп жегілсек, ауыр жұмысты орнынан қозғамақшымыз» [39] делінген. Балалар әдебиетінің туу кезінде айрықша рөл атқарған бұл хаттың «Жалпы шарт» деген бөлімінде: «Мазмұн жағынан балаларға арналған кітапшалар жазу үшін ел әдебиетінен пайдалануға болады. Бірақ, олардың ішінен тәуірін, керегін іріктеп алу керек. Балаға арналған кітапта құдіретке сендірту, жоққа нандырту, дінге мойын ұсындырту, ұлт алакөздігін тудырту, әлсізді әлді езу керек деген ой туғызған нәрселер болмасын. Бала кітабында ынжықтыққа, «тағдыр ісі солай – мен көндімдікке үйрету,...тісті-тырнақтылыны сыйлап бас идіретін нәрселер болмасын» [39] делінген. Бұдан біз енді ғана қаз тұрып, қалыптасып келе жатқан қазақ кеңес балалар әдебиетінің талап-міндеттерінің негізгі мақсаттары сол кездің өзінде-ақ айқын көріне бастағанын байқаймыз. «Көркемдік жағынан бала кітабына жалпы сырлы әдебиетке қойылған шарт қойылады. Бала кітабы жай бір қара тілмен жазылмасын. Кітап балаға қызғылықты, ойын оятатын, тілін байытып көркейтетін болсын, бірігіп жұмыс қылуға тартатын болсын. Бала кітабындағы кейіпкерлер айқын болсын. Кітапты бала бал жалағандай сүйетін болсын. Кітап адам тұрмысын, жаратылыс құбылыс түсіндірерлік, араларындағы байланыстары көзге елестерлік болсын. Балаға кітап жазам деген кісі ел әдебиетін, ел ертегісін зерттесін. Солардың сыртқы сұлулығы балаға жағымды келеді. Сол сұлулықпен пайдалансын. Солардың алған тақыптары балаға жеңіл, анық келеді. Қаһармандары, сөздері балаларға түсінікті, сүйкімді келеді. Ел әдебиетінің осы қасиетімен пайдалануы керек» [39] делінген. Бұл құжаттың тағы бір құнды жағы - балалар әдебиетінің өзіндік ерекшелігі олардың жас мөлшерімен санасуға байланысты болатынын атап өткен. «3-4 жастағы баланы нәрсенің сырт жағы қызықтырады, көрініс еліктіреді. Бала осы сыртқы көрініс арқылы білімін арттырады. Сондықтан 3-4 жасар балаға арналған кітап кіл сурет қана болу керек. Мұндай кітапта жазу болса өте қысқа, бір-екі сөзден артық болмауы керек», - десе ал 5-7 жастағы балдырғандар үшін жазылатын әдебиетке мынандай талаптар қойылған: «Бұл жастағы бала да нәрсенің сыртқы пішініне көп әуесірек болады. Сондықтан суреттің әсері мықты болады. Кітап суретті болуы керек. Суретпен бірге сөз болса, қысқа және дауыстап оқылатын болсын. Бұл жаста баланың тілі байитын кезі. Тіл байлығының қоры осы жаста жиналады. Екі-үш адам болып сөйлейтін әңгімелер болғаны артығырақ» [39], - дейді. Сондай-ақ, оқу комиссариатының бұл нұсқау хатында 8-12 жас және 13-16 жас арасындағы ересек балаларға жазылатын әдебиеттерге қойылатын талап-тілектерге дейін тайға таңба басқандай анық көрсетілген. «Бұл жастағы балалар үшін әр таптың тұрмысын, кәсібін көрсететін кітап беруге де болады. Мәселен «Бай мен жарлы баласы» сияқты. Бірақ кітап мазмұны қысқа, анық, балаға кітапқа дос боларлық болсын» деп айтылған. Балалар әдебиеті жайында сөз көтерген бұл құжат сол уақыттың өзінде ерекше қызмет атқарды. Бұл нұсқаудың «Ересек бала кітабына қойылатын шарттар» деген бөлімінде былай делінеді: «Бұл кездегі балалар нәрсеге тереңдеп қарауға, өз ісін біліп реттеуге де ұмтылады. Бұларды адамның жаратылыспен тартысы да қызықтырады. Сондықтан ересектерге техника жайынан, ілім табысынан, олардың болшағына сырлы роман түрінде жазылған әңгімелер беруге болады, сондықтан ересектерге жаратылыс сырын білдіретін кітаптар қолайлы болмақшы. Жаратылыс жайындағы кітаптар, бір жағынан, баланың ой өрісін кеңейтетін, дүниеге көз қарасын дұрыстайтын, ілгері сүйрейтін болсын. Екінші жағынан, баланы жаратылысты бақылауға, зерттеуге кәдеге асыруға дағдыланыратын болсын... баланың білімі мен жасына қарайтын болсын. Көп қолынан келмейтін жұмыс жоқ, көптесек жасөспірім гүлдерімізді дұрыс тәрбиелеп, дұрыс жетелейтін әдебиет жасай аламыз деп сендік. Бұған жазушыларымыз, оқытушыларымыз атсалысар деп үміттендік. «Көз қорқақ, қол батыр» көптеп іске кірісерлік [39], - деп сол дәуір үшін ғана емес, күні бүгінге дейін мәнін, маңызын жоймаған құнды ойлар айтады. 1928 жылы Семей қаласында «Ауылдағы жастар, жас ұландар үшін ойын, өлең, мысал» деген 58 беттік кітапша басылып шықты. Кітапшаға «Пионер» журналының 18 санында кітап сыны берілді: «Кітапшаның мазмұны атынан-ақ мәлім болса керек. Кітапшада ауылдағы жастар мен жас ұландарға арналған өлеңдер, ойындар, мысалдар бар. Барлығы 11 өлең, 26 мысал, 10 шақты ойын бар. «Ауыл, қыстақтағы жастардың болсын, жас ұландардың болсын көп тілектерінің бірі – ойнап, өлең айтып, көңіл көтеру, түрлі нәрселерден мысалдар алып, ой-пікірін ашу, білімін арттыру. Жастардың бұл тілектері әсіресе соңғы жылдары өте күшейіп отыр... ...Жастардың тілегін орындау, жастар арасындағы жайсыз мінездерді жою жөнінде мына кітапша бірінші деуге болады» [40] делінген. Жастардың мұң-тілегін қанағаттандырады мұндай кітаптың маңызы зор екенін айта келіп, кітапшаның бірсыпыра кемшіліктерін де атап көрсетеді. «Кәзір салт-сана, мәдениет майданына белсеніп кірісіп отырған кезде мұндай кітапшаның шығуы өте орынды. Мұнымен ғана қанағаттануға болмайды. Комсомолдың комиттетері ауыл, қыстақ комсомолдарына арнап төңкеріс өлеңдерін, төңкеріс ұрандарын көбірек бастыру керек. Жастар тілегі орындалсын» [40].
Балалар әдебиеті мәселесіне жаппай көңіл бөлініп, бөбектер үшін көркем суретті кітапшалар шығару жұмысы қолға алына бастаған сол 1928-1929 жылдардың өзінде ғана балалар әдебиеті секторынан І.Жансүгіровтің «Малта», «Одақ», «Шәркей», «Жорық», «Мектеп» атты суретті кітапшалары Ташкентте, Алматыда басылып шықты. Сондықтан да «І.Жансүгіровті қазақ балалар әдебиетінде бөбектерге арналатын суретті кітапшалардың туын тігіп, жол салған барлаушысы деуге болады» [41,85]. Сондай-ақ осы жылдары Аймауытовтың «Жаман тымақ», «Көк өгіз», «Нұр күйі», «Жаңа ауыл», Б.Майлиннің «Байшұбар», «Өтірікке бәйге», «Қос жетім» атты суретті кітапшалары да жарық көрді.
Іле-шала осы жылы «Жаңа мектеп» журналының 9-санында І.Жансүгіровтің «Балаларға базарлық» атты тағы да бір суретті өлең кітапшасы жарық көргендігін хабарлады: «Жақын арада Ілиястың «Балаларға базарлық» деген өлең кітапшасы басылып шықты. Кітаптың мазмұны ауылдағы төрт түлік мал мен жайлау-қыстауда көрінетін кейбір аң-құстарды суреттеп, солардың әрқайсысының суретін көрсеткен бірінші мектеп балаларына Ілиястың бұл кітабы – өте қолайлы құрал. Балаларды көбіне кітапқа қызықтыратын әдемі суреттер ғұж (көп.ред)» [42]. «Жаңа мектеп» журналының осы санындағы тағы бір мақала елең еткізді. Мақала «Жаңа әліппен басылған кітап» деп аталады. «Жаңа мектеп» басқармасы соңғы жылдары жаңа әліппен бірсыпыра кітаптың басылып шыққандығын, «олардың қайсысын алып қарасақ та техника тәртібіне түсіп, көз тартарлық сүйкімді болып шыққандығын» қуана хабарлайды.
«Жақын арада шыққан Молдағали мен Телжанның «Жаңа арна» деген кітабын алсақ, бұл кітаптың жақсы басылғаннан басқа, мазмұны да дұрыс құралған. «Жаңа арнаның» мақсұты бірінші басқыш мектепке арналып балаларды табиғатпен, қоғам тұрмысына үйретуге лайықталған.
Мұнда төрт түрлі бөлім бар: Бірінші бөлім мектеп өмірі, мұнда дүниеге жаңа кірген баланы мектеппен алғаш таныстыру. Ол туралы жырлаған өлең мен үлгілі сөздердің жиындысы бар.
Екінші табиғат көрінісі – қыс күні. Бұл бөлімде баланы қысты күнгі табиғат құбылысымен таныстырады. Қыспен байланысқан қоғам тұрмысы, шаруа тіршілігі, ел күйі суреттеледі...
...Бұлардың кітаптың үшінші бөлімі Ленин өмірі мен мал шаруасына арналған. Мұнда да мектеп баласын мал күйімен таныстырып, олар жайында айтылған әңгіме, өлең, ертегілерді ұсынады...
Лениннің бала күндегі өмірі қандай қызықты болғанын оларға көрсетіп, сонымен балалардың ой-жүйесін қоздырады...
...Кітаптың ең ақырғы бөлімі жазғы тұрғы құбылысына арналған. Мұнда сурет жазғы тұрғы қардың кетуі, наурыз айының тарихы, өзендердің тасуы, құстардың келуі, балалаған мал, олардың жаңа ерген төлі, егін жабдығы, бұлармен байланысқан ден саулық сақтау жағдайы, балалардың еңбегі, жазғы тұрғы серуен міне осы сияқты толып жатқан көп материал.
Сондықтан, бұл кітап осы күнгі балалар кітабының ішіндегі бір тәуір кітап. Жалғыз-ақ әңгімені құруда әдіс жағынан аз-мұз кемшіліктері де бар.
...Бұл оқу кітап (хрестоматия) болғандықтан әрбір бөлім ерекше, өзінше айқын болу керек еді. Бірақ, бұл сонша күрделі кемшілік емес. Кітаптың жалпы құрылысы дұрыс. Балаларға бұл табылмайтын материал және өзі арзан.
Сондықтан бұл кітап барлық бірінші басқыш мектептерде өтімді кітап болуына даусыз» [42]. 1929 жылы балаларға арналған оқулық-хрестоматия сипатында жазылған тағы бір ерекше кітап – Ж.Аймауытұлының «Жаңа ауыл» деп аталатын бастауыш мектеп балаларына арналған оқулығы. Кітап жас буын ұрпақты адамдыққа, имандылыққа тәрбиелейтін, халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, хайуанаттар әлемін, жыл мезгілдерін, этнографиялық көріністерді т.б. этностық ерекшеліктерді танытатын кітаптың бірі. Бастауыш мектепке арналған, яғни білім кеңесі бастауыш мектеп үшін ұнатқан» [43.3] бұл кітап «Сөз бастары», «Жаз», «Күз», «Қыс» және «Жазғытұры» деген бөлімдерге бөлінген. Оқулыққа автордың «Ж.А.» деген бүркеншік есімімен «Оқу, білім», «Біздің тәртіп», «Пішен», «Жапырақтар» «Қалам мен ауыл айырбасы», «Еріншек», «Бірін-бірі жем қылу», «Тінікейдің не ойландырады», «Жас әскер», «Еңбекшілер ұраны» (аударма), «Отан шабушы», «Ұмытшақ Ұлбосын», «Бит», «Қосшыларда», «Жас көсемдер маршы» тағы да басқа өлең, әңгімелері енген. Ал басқа ақын-жазушылардың, мәселен, Сәкеннің «Кедейдің қысқы баспанасы», Сәбиттің «Егін», «Қызыл бұрыш», Ілиястың «Жазғы шілде», «Баласынан анасына хат», «Қыс», «Саптыаяқ», «Сабын», «Ұршық», Қалмақанның «Жалшы жастар міндеті», «Өтебайдың «Орақшы», Әбділданың «Құм басында», Әлімбайдың «Қойшы бала», Байысбайұлының «Алды Әлімбай еншісін», Битілеудің «Тырна», «Октябрьдің ұлдары», Төлегеннің «Шұбар тайым табылды», Нұрғалидың «Өз шаруам, өз малым», Сатыпалғанның «Оқуға қалай түстім», т.б. өлең, әңгімелері берілген. Кітаптың баса назар аударар бір ерекшелігі – бұндағы өлең-әңгіме, аударма, жұмбақтар, мазмұн, маңызына қарай түрлі сурет, алуан өрнек-үлгілермен әсем де бедерлі безендірілгені. Мәселен, «Пионердің заңдары» деген тақырыпқа пионер киім үлгісіндегі керней (горн) тартып тұрған жас ұлан бейнеленген. Ал «Пішен» әңгімесінде арбаға қос ат жеккен адам бейнеленсе, «Егін» өлеңінде диқаншы бейнесі берілген. «Жаратылыс календары» деген тақырыпта қазан айының кестесі (күн аттары, ауа райы құбылысы) келтірілген. Онда әрбір дөңгелек белгіге түсініктеме беріліп, ауа райындағы өзгерістер (жаңбыр, жел, қар, т.т.) көрсетіледі. Сондай-ақ онда «Шежіре кестесі», «Кілем тоқу», «Суға кеткен адамды тірілтуге бола ма?», «Көлікте не жүйрік?» тағы басқа тақырыптардағы ел өмірінің, кәсіп-тірліктерінің де бейне-белгілері әсерлі ойымен ғана емес, әсем безендірілуімен де өзіне тартады. Ең бастысы, мұнда оқушылардың жас ерекшеліктері, таным-түсінігі т.т. кең көлемде ескерілген. Бұл кітапта жас буынның ой-танымын байытып, ұлттық тәлім-тәрбие беруде орны бөлек еңбек деуге болады. Балалар әдебиеті мәселесін дұрыс жолға қою үшін не істеу керек, кеңес балалар әдебиетін қалай жасауға болады деген мәселе кеңестік ақын-жазушыларының барлығын да ойлантып, дағдартып, тығырыққа тіргені рас. Бұл қиын мәселеден шығар жолды М.Горький дұрыс таба білді. Ол Кеңес Одағаның түкпір-түкпіріндегі балаларға «Пионер» газеті арқылы хат жазып, олардан қандай кітап оқып жүргендерін, болашаққа қандай кітап оқығысы келетінін, қандай әңгіме, өлең білетінін, нені сүйетіні туралы сұрайды. Жазушыға балалардан екі мыңға жуық хат келеді. Революция жайында, соғыс туралы, саяхаттар және дүниежүзіндегі түрлі елдер жайлы, хайуанаттар әлемі, аспан денелері туралы қызықты нәрселер көбірек жазылса екен деген балалар тілегін білгеннен кейін: «Енді балалар баспасы не істеу керек екенін біледі. Көп кешікпей қызықты кітаптар қолдарыңа тиіп қалар» деп хат жазады ол пионерлерге. Балалардың сүйікті жазушысы, жанашыр досы М.Горький 20-30 жылдар аралығында балалар әдебиеті мәселесіне арнап, бірнеше мақала жазды. Олар: «Сауаттылықтың пайдасы туралы», «Балалар әдебиеті туралы», «Балаларға әдебиет», «Тақырыптар туралы», «Балалар кітаптары мен ойындары туралы» т.б. Бұл мақалаларының бәрінде жазушы балаларға не жайлы жазу керек, қалай жазу керек, балалар жазушылары қандай болу керек деген мәселелерді көтеріп, болашақ балалар жазушыларын көркемдік ізденістерге бет бұруға шақырды. Мәселен, «Балаларға - әдебиет» мақаласында:«...Жас балаларды білімге қызықтыратын, мектепте білім алуды жеңілдететін, оларды өз әкелері қиратқан ескі тұрмыспен, өз әкелері балалары үшін орнатып жатқан жаңа тұрмыспен таныстыратын кітаптың бізде әлі жазылмағандығы, тіпті жоқ екендігін» көрсетеді. Әңгіме балаларға арналған советтік, социалистік, ғылыми-көпшілік және көркемдігі жоғары жаңа кітап шығару туралы; «...дүние жүзі әдебиеті мен совет әдебиеті ішінен үлкендер үшін де, балалар үшін де арналған аса бағалы кітаптарды құнттап, шебер іріктеп алу арқылы және де көптеген жазушыларды, ғалымдар мен суретшілерді жинап, қатыстыру арқылы жүзеге асыруға болады.
1. Мұндай міндеттерді орындау балалар әдебиетіне арналған дербес баспа орны – Детиздаттың ғана қолынан ғана келеді.
2. Бұл баспаны істің жайын білетін, сенімді адамдармен, жеткілікті материал қорымен қамтамасыз ету керек.
3.Баспаға балалардың көркем кітаптарын шығару үшін жарамды қағаз, картон жасайтын бір фабриканы арнап қою керек. Сонымен қатар баспаның жанынан жақсы жабдықталған баспахана және көрнекі құралдар жасайтын шеберхана ашу керек» [44, 351], - деп жазады.
«Тақырыптар туралы» мақаласында: «Балаларға арнап көркем әдебиет пен оқу-білім әдебиетін жасау ісінде табысқа жету үшін бізге өз шығармаларын ұғымды, қызықты, мазмұнды етіп жаза білетін талантты жазушы кадрлары керек, саяси және әдеби даярлығы жеткілікті мәдениетті редакторлар кадрлары керек, ...бұл міндеттерді шешуге дереу кірісу керек, қолға алынуға тиісті мынадай бірнеше тақырыптарды белгілесек, мұнымыз балалар үшін жаңа кітап жазу ісіне біраз көмек болар деймін» [44, 357 б.], деп бірнеше тақырыптарды ұсынады. «Біз балалардың қиялын шарықтату үшін ғылымды шақыруға тиіспіз, балаларға болашақ туралы ойлауды үйретуге тиіспіз. ...Балалар әдебиетіне араласатын автор әр алуан жастағы оқушылардың барлық өзгешеліктерін ескеруге тиіс. Бұлай етпеген күнде оның кітабы балаға да, үлкенге де керексіз, иесі жоқ кітап болып шығады» [44, 363 б.] деген ой айтады. Сондай-ақ А.Бартоның «Почему вы пишите для детей?» («Октябрь», 1934 №2), «Давайте спорить» («Литературная газета», 1934, 23 август), Н.К.Крупскаяның «К вопросу о детской книге» (На путях кновой школе) («Литературная газета» 1926, №11), «Какая книга нужна нашим детям» («Литературная газета» 1934, 23 август), «Нашим ребятам нужна книжка, которая воспитывала бы из них подлинных интернационалистов» («Литературная газета» 1933, 17 октябрь) [45] т.б. мақалалары жазылды.
20-30 жылдар туғызған мұндай мақалалардың қазақ жазушыларына әсері болмай қойған жоқ. Балалар әдебиетін қалай көтереміз, қалай дамытамыз, қайтсек бұл мәселені дұрыс жолға қоямыз, қалай жазуымыз керек, нені жазуымыз керек деген мәселелерге қазақ жазушылары бір кісідей атсалысты. Бұл мәселе туралы өз ойларын ортаға салған, ұсыныстарын айтқан, балалар тақырыбына қатысты жазылған көркем шығармалардың кемшілігін сынап, жетістіктерін бағалаған мақалалары жарияланды. Атап айтар болсақ, «Жастар әдебиеті туралы» («Қызыл Қазақстан» 1924, 1 маусым); Ж.Сыздықұлының «Балалар әдебиеті туралы», («Еңбекші қазақ», 1930, №9, 12 қаңтар); З.Серікқалиевтің «Алматыда балалар әдебиеті болу керек», («Пионер», 1930, №5, 29 желтоқсан), Е.Исмайловтың «Жазып үйреніңдер» (Балалар әдебиеті туралы), («Пионер» журналы, 1931 жыл, №58, 28 желтоқсан), «Балалардың көркем әдебиеті – коммунистік тәрбие құралы», («Пионер», 1931 жыл, №7, 10 наурыз); М.Ғабдуллин «Балалар әдебиеті туралы» (Пікір алысу ретінде),( «Социалистік Қазақстан», 1933, №94, 23 сәуір); «Кішкене оқушылар үшін үлкен әдебиет жасайық» (Кеңес жазушыларының съезі, балалар әдебиеті туралы С.Маршак жолдастың баяндамасы) («Қазақ әдебиеті» 1934 жыл, №22, 1 қыркүйек); С.Ерубаевтың «Балалар әдебиетін жасайық», 1934; Ә.Мәметкелінінің «Мектеп балаларын әдебиетпен таныстыру», («Ауыл мұғалімі», 1934, 4); «Балалар көркем әдебиетіне бәйге» «Қазақ әдебиеті», 1934 , №19, 10 тамыз); Жөнербайұлының «Балалар әдебиетін жасайық»,( «Социалистік Қазақстан», 1934 жыл, №34, 11 маусым); Б.Кенжебаевтың «Балалар журналы шығатын болсын», («Қазақ әдебиеті», 1935 жыл,№67, 23 сәуір); «Балаларға әдебиет керек» (Бас мақала), («Қазақ әдебиеті» 1935 жыл, 7); «Мектеп жасына дейінгі балалар әдебиеті» (Ред.мақала), («Қазақ әдебиеті» 1935 жыл, №3, 8 ақпан); М.Горькийдің «Ертегілер туралы» », («Лениншіл жас», 1935, №47, 12 мамыр); Ж.Бектұрұлының «Балаларға көркем тілді саясатта ұстамды өлеңдер берейік», («Лениншіл жас», 1935, №74, 16 мамыр); «Біздің жастар» (Алматы комсомолдарының 15 жылдығына) («Лениншіл жас», 1935, 18 сәуір); Қалмақанның «Бақытты тұрмысқа лайық балалар әдебиетін жасайық», («Қазақ әдебиеті», 1935, №23, 12 шілде); Ж.Сыздықұлының «Балалар әдебиетін жасайық», («Қазақ әдебиеті», 1936, 23 ақпан); Ә.Тәжібаевтың «Балалар әдебиетіне белсене қатысайық», (Қазақ әдебиеті»,1938,16 қаңтар); А.Тоқмағамбетовтің «Көңілді елге көңілді жыр керек», («Қазақ әдебиеті», 1936, №7, 20 ақпан), «Абай және балалар», («Октябрь балалары», 1939, 23 маусым) [46] т.б.
1934 жылы жазылған «Балалар әдебиетін жасайық» атты мақаласында С.Ерубаев атақты жазушы М.Горькийдің бастамасын аяқсыз қалдырмай, қазақ жазушыларын да осы игілікті іске шақырды. Қазақстандағы баспалар, оқу комиссариаты бұл мәселеге әлі де дұрыс көңіл бөлмей отырғанына қынжылады. «Кеңес баласын қоршаған орта, қоғам, адам баласының өмірінде бұрын болып көрмеген ынтымақшылдық, социалды жарыс, екпінділік – барлығы баланы сөзсіз белсенді етіп, сергектендіріп, талапты қылады. Баланың жаңа тілектерін, талаптарын туғызады, қоғамдық мүддеге жұмылдырып, газет-кітап оқуға еріксіз тартады [47, 391б.]. Жазушының көздеген мақсаты – балаларды болашаққа, келешекке деген сеніммен тәрбиелеу. Болашақтың бүгіннен басталарына, оның жақсы болашағына әрқайсысы да мүлдделі екендіктерін жеткізу. С.Ерубаев осы мақаласы арқылы өз арманындағы қоғамды орнатар ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді. Бала тәрбиесіне аса мән беру қоғамның бірден-бір қозғаушы күші бола алатынын естен шығармауы керегін ескертеді.
Жазушылардың бірінші съезінің алдында жазылған бұл мақаласында ол жазушылардан осы съезде балалар әдебиеті туралы мәселе көтерулерін сұрайды. «Болайын деп отырған жазушылар съезінде мәселе көтеріңдер. Өздерінің тілегендерінен қызғылықты, түсінікті кітап, әңгіме, өлеңдер жазып беріңдер, балалар өміріне жақын келіңдер. Балалар өмірінің өзгешелігімен танысыңыздар, балалардың өз тілімен өз өмірлерінен де жазып беріңдер. Балалар тілегі осы, сенімі де осы, бұл тілекті, сенімді ақтау – Қазақстан жазушыларының, комсомол жұртшылығының бүгінгі таңдағы зор міндеті» [47, 392 б.].
1932 жылғы сәуірдегі «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» қаулыға орай «Мәскеуде М.Горькийдің басшылығымен жазушылар одағын сайлайтын съезд өткізуді ұйымдастыратын Комитет құрылды. Қазақстанда бұндай Комитетті І.Жансүгіров басқарады». Қазақстан Жазушыларының бірінші съезі 1934 жылы маусым айында өтті. Съезді С.Сейфуллин ашып жүргізді, сөз сөйледі. Ұйымдастыру Комитетінің төрағасы І.Жансүгіров кеңес әдебиетінің бүгінгі жай күйі, алдағы міндеттері туралы мәселеде баяндама жасады. Осы съезд тұсында «Қазақ әдебиеті» газеті жарыққа шықты. Ал осы жылдың тамыз айында КСРО Жазушыларының бірінші съезі шақырылды. Съезге дайындық күндерінде Кеңес әдебиетінің идеялық бағытын белгілейтін біршама жұмыстар атқарылды. Әдебиет біржолата партияның ықпалына енді. Бұл съезге көптеген ұлт өкілдерінің, шетелдің бірнеше елдерінен делегациялар қатысты. Съезді М.Горький басқарып жүргізді. Қазақстан жазушыларынан І.Жансүгіров пен С.Сейфуллин сөз сөйледі. Бұл съезде балалар әдебиеті туралы да мәселе арнайы көтеріліп, балалар жазушысы Самуил Маршак баяндама жасады. «Балалар үшін үлкен әдебиет» атты баяндамасын: «Біздің бұл съезд - ұлы елдің шеберлері бас қосқанда балалар әдебиетін дұрыс әңгіме етудің өзі таптырмайтын нәрсе» [48], - деп бастайды. С.Маршактың баяндамасы бірнеше бөлімнен тұрады. «Жаңа ертектер туралы», «Кішкентайлардың кітабы туралы» т.б. «Кішкентайлардың кітабы туралы» бөлімінде: «...Кішкентай балалар кітабына бұрын ешуақытта қойылмаған жоғары талап қоямыз. Мектепке дейінгі тәрбие үшін мұндай кітаптардың маңызы да үлкен. Бұл кітаптар жас баланың тілін жөндейді, сондықтан оның тілі таза, тәртіпті болуы жөн. Мектепке дейінгі кітап баланың ойнымен байланысты. Ойын – бала үшін үлкен жұмыс. Сондықтан мұндай кітаптар баланың ойыны секілді әсерлі болуы қажет.
...Біздер мектепке дейінгі қазіргі нашар әрі аз балалар кітабын түрлі өлеңдермен, сырлы ертектермен көбейтуіміз керек» [48].
1934 жылғы тамыздың 10-ындағы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Балалар көркем әдебиетіне бәйге» жарияланды. Жазушылар комитеті, халық ағарту комиссариаты Көркем әдебиет баспасымен бірігіп жарияланған бұл бәйгенінің мақсаты – «оқу жасындағы жас пионер, оқушылардың қолына осы күнге шейін қазақ әдебиетінде көрінбеген әдемі көркем әңгіме, пәемелер (поэмалар) беру» [49]. Бұл бәйгеге жазушы азаматтарға мынандай шарттар қояды:

  1. Жазылған әңгімелер үш баспа табақ, пәемелер мың жолдан кем

болмай, өздерінің әдемілік, көркемдігі үстіне тілдері жатық, балалардың миына қонымды, балалар тілімен жазылуы шарт.

  1. Жазылған әңгіме, пәемелер өздері қандай көркем болса, маңызы да сондай шындықты көрсетіп, балаларды әдебиетке тартатын, тәрбие, білім беретін болуы шарт. Тақырыбы өндіріс, совхоз, колхоз, мектеп тұрмысынан алынсын.

Бірінші бәйге – бір, 2000 сом.
Екінші бәйге – екі, 1000 сом.
Үшінші бәйге – үш, 500 сом.
Төртінші бәйге – төрт, 250 сомнан.
Бәйгенің мерзімі – 1934 жылдың 1 ноябрі. [49].

ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақын-жазушыларымыз бен ағартушы-педагогтарымыздың жас ұрпаққа тәрбие беруде көзін ашып, көңіл көкжиегін көтеру үшін еткен еңбегі телегей-теңіз. Ата тарихын, ана тілін, ұлттық мәдениетін, халқының ауыз әдебиетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, туған өлке табиғаты мен жағрапиясын таныту үшін, оны жүйелі оқыту үшін сіңірген еңбектерінің маңызы зор. Қазақ халқы үшін қызмет етуді өмірлік мұрат тұтқан аяулы азаматтарымыз қазақ балаларының болашағы үшін, елінің ертеңі үшін жас ұрпаққа саналы тәрбие беруді күн тәртібіне қойды. Заман талабынан туындаған бұл игілікті істің балалар әдебиетінің тууына тигізген әсері ерекше. Ахметтің, Міржақыптың, Жүсіпбектің, Мағжанның, Халелдің, Бейімбеттің, Ілияс пен Сәкеннің қазақ балалары үшін жазған оқулықтары және оқыту мен оқу мәселесіне, ұлттық тәрбиеге қатысты құнды пікірлері, балаларға арнап жазған шығармаларға қойылатын талаптар туралы мақалалары, жас ұрпаққа арналған әдебиетті дамыту үшін жазған сын, зерттеу еңбектері балалар әдебиетінің туып қалыптасуына үлкен көмегін тигізді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет