Жемістер анықтамасы, пайда болуы мен түрлері.
Қосарынан ұрықтану жүріп, гинецейдегі өзгерістерден кейін жатынның қабырғасынан жеміс, ал тұқым бүрінен тұқым жетіледі. Жеміс тұқымды (тұқымдарды) сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан сақтайтын, өсімдіктердің көбею және таралу мүшесі болып табылады.
Жеміс жеміс серіктерінен және тұқымнан тұрады. Тұқым барлық өсімдіктерде пісіп жетілгенге дейін жеміс серіктерінің іш жағында (онымен жабылып) сақталады, ал пісіп жетілген соң өсімдіктердің біраз бөлігінде жеміс серігі қақырап, тұқым сыртқа шашылады. Осыған байланысты жемістер қақырайтын және қақырамайтын деп бөлінеді.
Жеміс серігі үш қабаттан тұрады: экзокарпий, мезокарпий және эндокарпий.
Экзокарпий — жеміс серігінің ең сыртқы қабаты. Ол жатын қабырғасының сыртқы эпидермасынан пайда болады. Бұл өсімдіктердің түрлеріне байланысты түрлі түсті, жылтыр, түкті болып келеді. Жатынның ішкі эпидермасы, жеміс серігінің ішкі қабаты—эндокарпийдің бастамасын береді. Сүйекті жемістерде (қара өрік, шабдалы және т.б.) эндокарпий сүректенген жасушалар қабаты — склереидадан тұрады, оны тұрмыста сүйек деп атайды.
Жеміс серігінің экзо- және эндокарпиінің арасындағы қабаты оның орталық бөлігін түзеді, оны мезокарпий деп атайды.
Мезокарпиі қалыңдап өсіп, етті және шырынды болуы нәтижесінде шырынды жеміс пайда болады. Жеміс серігінің үш қабаты перикарпиді түзеді. Өсімдіктердің бірінде жемістің пісуі мерзіміне қарай перикарпий құрғақ, кейбіреулерінде шырыңды болады. Осыған байланысты құрғақ және шырынды жемістер деп бөледі.
Жемістің пайда болуына гүл гинецейінен басқа мына гүл бөліктері: аталықтарының күлте жапырақшаларының және тостағанша жапырақшаларының негіздері қатысады. Мұндай жеміс жалған жеміс деп аталады. Мысалы, алма мен алмұрттың жеуге жарайтын сыртындағы «жеміс серігі» (еті) — гүл кіндігінен, ал оның ішкі тұқымды қоршап жатқан бөлігі — гүл түйінінің керегесінен өсіп шығады.
Erep жеміс гүлдің тек қана түйінінен өсіп шықса, онда оны нағыз жеміс деп атайды. Мұнда гүл түйінінің қабырғасы қалыңдап, етженді жеміс серігінің қабаттарын (экзо, мезо, эндо) түзеді немесе перикарпий пайда болады.
Өсімдіктің тегіне, пайда болу жолына, негізгі құрылысына карай жеміс түрліше болады. Мысалы: нағыз жеміс, жалған жеміс, жай жеміс, күрделі жеміс, дара жеміс, шоқ жеміс т. б.
Егер жеміс бір аналықтан пайда болса, онда оны жай жеміс дейді. Кейде мұндай жеміс ұяларға бөлшектеніп (бөлшекті) немесе кесе көлденең қалтарыстар арқылы бір тұқымды бунақтарға (бунақты) бөлініп кетеді. Жемістің өніп-өсуіне бір гүлдің бірнеше аналығы қатысса, онда оны күрделі жеміс дейді. Күрделі жемістер бір гүлдің құрамындағы болатын бірнеше аналықтардан (апокарпты гинецейден) пайда болады. Мұндай жемістерге таңқурайдың, сарғалдақгың, қара бүлдіргеннің тағы осы сияқты өсімдіктердің жемістері жатады. Күрделі жемістердің құрамыңдағы әрбір жеке жемісі апокарпты гинецей құрамыңдағы жеке аналықтан (жеміс жапырақшасынан) өсіп шығады. Бұлардың арасында әрбір жеке жемісшелер өсімдік түріне қарай шырынды болып та (таңқурай, қара бүлдірген) және құрғақ болып та (сарғалдақтар) кездесуі мүмкін.
Ш о қ ж е м і с. Шоқ жеміс бір гүлден емес, тұтас гүл шоғырынан немесе оның бөліктерінен пайда болады. Бұған гүл шоғырының өсі де қатынасады.
Шоқ жеміс ақ тұт ағашында кіріккен аналық гүл шоғырларынан пайда болады, оның жеуге жарайтын бөлігі қалындау, ет-женді гүл серіктерінен тұрады. Інжірдің салқым жемісінің жеуге жарайтын бөлігі — гүл шоғырларының өсіне және жартылай ет-женденген гүл серігінен қалыптасқан. Ананастың шоқ жемісі кіріккен тұқымсыз жeмicтep, бұл — гүл шоғырының ет-жеңді өсі қалыңдап өсіп, ет-женденген жабын жапырақтардың түр өзгерісі. Қызылшаның салқым жемісі саны 2-ден 8-ге дейін жететін жемістердің кірігуінен өсіп шығады. Олардың сыртын гүл серігінің сүректенген қатты жабыны жауып тұрады.
Жалған жемістің негізгі еті аналықпен бірге гүл кіндігінен өсіп жетіледі. Барлық өсімдіктердегі жалған жемістің құрылысы бірдей емес: өсімдік түріне қарай олардың анатомиялық түзілісі әрқилы болып келеді. Мысалы, алма мен алмұрттың жеуге жарайтын сыртындағы «жеміс серігі» (еті) — гүл кіндігі болады да, одан ішкері тұқымды қоршап жатқан бөлімдері — гүл түйінінің керегесінен пайда болған; бұл соңғысы әрі шымыр, әрі мөлдір болып келеді де, механикалық ұлпалардан құралған болады. Қауын мен қарбыздың жеуге жарайтын жұмсақ бөлімі — жеміс серігі, оның сыртындағы қабық бөлімі — гүл кіндігі, итмұрынның жемістеріндегі ет-женді бөлімі—түл кіндігі.
Көптеген өсімдіктер өзінің онтогенезінде бір рет ғана жеміс және тұкым беріп, бұдан кейін өледі. Мұндай өсімдіктерді монокарптар деп атайды. Монокарптарға барлық бір жылдық, сол сияқты тіршілігінің екінші жылында жеміс және тұқым беретін екі жылдық өсімдіктер жатады. Кейбір тропикалық көп жылдық сүректі өсімдіктер де монокарптар. Мысалы, Америка агавасы 100 жыл өмір сүреді, гүлдеп жеміс бергеннен кейін тіршілігін аяқтайды. Онтогенезінде бірнеше рет жеміс және тұқым беретін өсімдіктер поликарптар деп аталады. Барлық жеміс беретін және ормандағы сүректі өсімдіктер поликарптар болып табылады. Бұл топқа көп жылдық шөптесін өсімдіктердің көпшілігі жатады.
Жемістер жүйесі.
Гүлді өсімдіктер жемістерінің морфологиясы алуан түрлі. Жабық тұқымдылардың жалпы эволюциясына баиланысты жемістердің табиғи және филогенетикалық жүйесін жасау өте күрделі.
Қазіргі кездегі қолға алынып жасалып жатқан морфологиялық жүйе гинецейдің типтеріне (апокарпты, синкарпты, паракарпты және лизикарпты) негізделген. Морфогенетикалық жүйе сонымен қатар жатынның орналасу ерекшеліктерін (жоғарғы, ортаңғы, төменгі) және басқа белгілерді қамтиды. Жемістердің іс жүзінде өсімдіктерді анықтауға кең түрде қолданылатын табиғи, сол сияқты филогенетикалық жүйесі болмағандықтан, көпшілік жағдайда жасанды морфолого-экологиялық жүйеге сүйенуге тура келеді. Оның негізіне жемістердің мынадай белгілері жатады: 1) жеміс серігі — перикарпийдің консистенциясы (құрғақтығы немесе шырындылығы); 2) тұқымның саны (біреу немесе көп); 3) қақырамайтын немесе қақырайтын жеміс (қақырау тәсілі); 4) жемісті түзетін жеміс жапырақшаларының саны.
Жоғарыда аталған белгілер бойынша жемістер құрғақ және шырынды жеміске, ал құрғақ жеміс қақырайтын көп тұқымды және қақырамайтын бір тұқымды жеміске бөлінеді.
1. Қақырайтын құрғақ жемістер (129-сурет). Бұлар көп тұқымды құрғақ жемістер, жеміс пісіп жетілген кезде, перикарпий кақырап, тұқымдары еркін шашылады.
Т о п т а м а ж е м і с — бір жеміс жапырақшасынан пайда болған бір ұялы жеміс. Алдыңғы (бауыр) жағындағы жігімен қақырайды (тегеурінгүл). Шөмішгүл, қалтагүл және т.б. өсімдіктердің күрделі гинецейінен күрделі топтама жемісі жетіледі. Бұршақбас (боб) — бір жеміс жапырақшасынан пайда болған бір ұялы, тұқымдары бір қатарлы орналасқан жеміс. Піскен кезде бауыр және арқа жағындағы жіктері бірдей қақырайды. Бұршақбас бұршақтар тұқымдасына тән өсімдіктердің жемісі (асбұршақ, үрме бұршақ, егістік сиыр жоңышқа және т.б.). Бұлардың кейбір түрлері бұршақбастың ішінде орналасқан және тұқымдарының екі арасы кесе көлденеңінен бөлініп жатады. Мұндай жемісті бунақты немесе бөлшекті бұршақбас деп атайды. Бұршақ бастар ұзынынан екі жақтаулы болып қана қақырамай, кейде көлденең бөліктерге де бөлінеді (мия). Сонымен қатар серіппе (спираль тәрізді ширатылған (кәдімгі жоңышқа), қақырамайтын бір тұқымды бұршақбаста (эспарцет) кездеседі.
Б ұ р ш а қ қ ы н — екі жеміс жапырақшаларынан пайда болған, екі ұялы көп тұқымды жеміс. Арқа және бауыр жағындағы жіктері арқылы екі жақты, төменнен жоғары қарай қақырайды. Бұршаққынның тұқымдары ұзына бойы тартыла біткен қалтарысқа орналасады. Жемістің ұзындығы көлденеңінен бірнеше есе артық. Бұршаққынды капуста және т.б. крестгүлділер өкілдерінен көруге болады.
Б ұ р ш а қ қ ы н ш а — құрылысы бұршаққын тәрізді, айырмашылығы жемісінің көлемінде ұзындығының көлденеңіне қатысы 2-3 еседен аспайды.
Қ а у а ш а қ (қорапша)— екі немесе бірнеше жеміс жапырақшасынан тұратын, жеміс жапырақшаларының санына байланысты екі және көп ұялы болатын жеміс. Кейде көкнәрдағы (7-11 жеміс жапырақшасы) және қалампырдағы (5 жеміс жапырақшасы) сияқты жеміс жапырақшаларының санына байланыссыз кауашақ бір ұялы. Қауашақтың қақырау тәсілі әр түрлі. Көкнәрдің қауашағы тесіктері арқылы, меңдуананікі — қақпақшасы, қалампырдікі — тісшелері, сасық меңдуананікі — жақтаулары арқылы қақырайды.
4 - сурет. Қақырайтын құрғақ жемістер.
А - топтама жеміс (листовка); Б - күрделі топтама жеміс (шөмішгүл), В - бұршақбас (асбұршақ); Г - бұршаққын (орамжапырақ), Д - бунақты бұршаққын (шомыр); Е - бұршаққынша (ярутка), Ж, З, И – қауашақ (қорапша), Ж - көкнәр, З – меңдуана, И – сасық меңдуана.
2. Қақырамайтын (жаңғақ тәрізді) құрғақ жемістер .
Мұндай жемістер пісіп жетілген кезде қақырамайды, бір тұқымды.
Ж a ң ғ a қ немесе ж а ң ғ а қ ш а — жеміс серігі сүректенген, сүйекке ұқсайды. Жемісі көпшілігінде бір, кейде 2-3 жеміс жапырақшаларынан тұрады, бір тұқымды, тұқымы перикарпий ішінде бос жүреді. Құрылысы жағынан емен жаңғағын осы топқа жатқызуға болады. Жаңғақтан айырмашылығы, ол үш жеміс жапырақшаларынан тұрады және жабын жапырақтарының ұлғайып өсіп сүректенуінен жемісі еніп тұратын тостағанша тәрізді қосымшасы (плюска) жетіледі. Шамшат пен талшынның жаңғақшаларының әрқайсысы тікенекті қосымшаларда орналасады және де олардың 3-4 жаңғақшасының сыртын тағы да ортақ косымша қоршап тұрады.
Т ұ қ ы м ш а — екі жеміс жапырақшасынан пайда болады. Бір тұқымды тұқымы жеміс серіктерімен кірікпей, бос орналасады. Кейбір өсімдіктер тұқымшасының бір шетіңде айдаршасы бар. Тұқымша күрделігүлділер және валерианалар тұқымдасының өкілдерінде кең таралған. Орман бүлдіргені мен сарғалдақтарының кейбір түрлерінде күрделі гинецейден күрделі тұқымша болады.
5 - сурет. Қақырамайтын құрғақ жемістер:
А - жаңғақ (орманжаңғақ), Б - жаңғақша; (қарамық); В – дән (бидай), Г - емен жаңғағы (емен), Д - қанатты (қарағаш), Е – бөлшекті қанатты (үйеңкі), Ж - тұқымша (күнбағыс), И, 3 – күрделі жаңғақша (3 - сарғалдақ; И – бүлдірген).
Қ а н а т т ы ж е м і с — жеміс серігінің тері немесе жарғақ тәрізді қанатты өскіншесі бар тұқымшасы (қарағаштар).
Д ә н — бір тұқымды, екі жеміс жапырақшасынан пайда болған құрғақ жеміс. Мұның жеміс серігі тұқым қабығымен кірігіп, кебекке немесе қауызға айналған. Бұған астық тұқымдастардың (бидай, арпа, сұлы, жүгері және т.б. жемістері) дәндері жатады.
3. Шырынды жемістер. Бұлар бір немесе бірнеше жеміс жапырақшаларынан пайда болады, жемістерінің ішкі бөліктері шырынды, көпшілігі көп тұқымды болып келеді (6-сурет).
Ж и д е к — бір немесе бірнеше жеміс жапырақшаларынан түзілген, көп тұқымды, жеміс серігі — шырынды. Жидек жемістердің (жүзім, қарлыған, қарақат, қызанақ, баклажан, алқа, құрма және т.б.) құрылысы алуан түрлі. Кейбір өсімдіктерде, мысалы, қарлығанда және қарақатта жидектің шырыңды бөлігі жеміс серігінен емес, тұқымның шырынды жабындарынан бөлінеді, ал жемісті жеміс серігі жауып тұрады. Анар жемісінің де өзінің ерекшеліктері бар, онда жеміс серігі жемістің тері тәрізді жабыны мен үлпек қабыршақты қалтарыстарын түзеді, ал шырынды бөлігі интегументтерден жетілген тұқым қабықшасы.
А с қ а б а қ ж е м і с - төменгі жатыннан қалыптасатын, үш жеміс жапырақшасынан тұратын көп тұқымды шырынды жеміс. Экзокарпийі қатты, сүректі эндокарпиі шырынды болып келеді. Асқабақтар тұқымдасына (асқабақ, қияр, қауын, қарбыз және т.б.) тән.
6 -сурет. Шырынды жемістер:
А, Б - жидектер (А - жүзім, Б - картоп), Е – алмалы (алма),
Г - померанец (апельсин), Д - асқабақты (қияр).
А л м а ж е м і с — бес ұялы жеміс. Бес жеміс жапырақшаларына мәңгі жатын ғана емес, гүлдің тостағанша жапырақшаларының, күлте жапырақшаларының, аталықтарының негіздері қатынасады. Алма жемісінің эндокарпийі салыстырмалы түрде қатты және тері тәрізді, ол ұяларды екі-екіден бос орналасқан тұқымдарымен қоршап тұрады (алма жеміс алмұрт, алма және т.б.).
П о м е р а н е ц (тері қабықты жұмсақ жеміс) — экзо-мезокарпийі (жемістің қабығы) терілі борпылдақ, көп ұялы, көп тұқымды шырынды жеміс. Жеміс серігінің шырынды бөлігі эңдокарпийі жатынның шырынды қалташаларға айналған ішкі эпидермасының қалындаған түктерінен пайда болған. Бұл жеміс цитрустарға (лимон, апельсин, мандарин) тән.
С ү й е к т і ж е м і с — көбіне бір тұқымды болып келеді, бір жеміс жапырақшасынан өнеді. Жеміс серігі үш бөлікке жіктелген: экзокарпийі — жұқа және жұмсақ қабықша, мезокарпийі — жұмсақ, шырынды, ал эндокарпийі — көп қабатты және сүректеніп кеткен (сүйек). Сүйекті жемістерге: раушангүлдер тұқымдасының шие, шабдалы, долана және т.б. өкілдері жатады. Таңқурайдың күрделі гинецейінен күрделі сүйекті жеміс дамиды. Сирек жағдайда құрғақ сүйекті жеміс кездеседі, мысалы бадамның түрлері.
Гетерокарпия және гетероспермия. Өсімдіктің бір данасында (особь) әр түрлі жемістер мен тұқымдардың жетілуі. Бұл ерекшелік орта жағдайларына кең түрде бейімделуге мүмкіңдік береді. Гетероспермия кейде бір өсімдікте емес, бір жеміс көлемінде байқалады. Мысалы, іргешөп туысының кейбір түрлерінің бір қорапшасында қанатты және қанатсыз тұкымдар жетіледі. Ал алаботада тұқымының 3 типі бар: ірі ашық қоңыр, орташа қара және ең майдасы жылтыр қара түсті. Гетерокарпия мен гетероспермияның әр түрлі нұсқалары әсіресе алаботалар, айқышгүлділер, шатыргүлділер, астықтар тұқымдасына тән. Гетероспермияның ерекше түріне тұқымдардың физиологиялық әр тектілігі жатады. Мысалы, бұршақтар тұқымдасының көптеген өкілдерінде бір өсімдіктің өзінде жеңіл ісінетін тез өсетін, және ісінбейтін тұқымдар жетіледі. Соңғысы өзінің тіршілік қабілетін ондаған жылға дейін сақтай алады.
Гүлді өсімдіктердің өсімталдығы. Жер жүзіндегі жабық тұқымды өсімдіктер сан жағынан тірі организмдер арасынан екінші орын алады. Бұлар әр алуан экологиялық ортада — суда, жер бетіңдегі таулы, тасты, құмды жерлерде, құлазыған қуаң далада, ауа айналып жерге түсетін сахарада, қақылдаған аязы басым болып келетін солтүстікте — барлық жерлерде өседі. Әрине, өсімдіктердің кең таралуыңда олардың жеміс пен тұқымды мол беруінің де маңызы бар. Жабық тұқымды өсімдіктердің арасынан ең аз дегеңдері ондап, жүздеп, көп түрлері он мыңдап, жүз мыңдап та жеміс және тұқым береді. Мысалы, арпаның, бидайдың, сұлының, қара бидайдың бір дәннен өнген түбі, жақсы өскен жылдары 1000 жеміс (тұқым) береді. Кейбір тұқымды аз беретін арам шөптердің бір данасы 15 мың тұқым берсе, ал олардың жеміс пен тұқымды мол беретіндерінің біреуі ғана 100 мыңнан да артық тұқым және жеміс береді. Бір жазда бір меңдуана 100—450 мың, бір қызылқұйрық 500 мың, бір терек 27—28 миллионға дейін тұқым (жеміс) береді.
Әрине, бұл тұқымның барлығы бірдей өніп-өсіп, ересек өсімдікке айналатын болса, біраз жылдың өзінде бір гектар жерге өскен терек тұқымынан таралып өскен ағаштардан ғана аяқ алып жүретін жер қалмаған болар еді. Бір меңдуананың тұқымының бәрі бірдей өніп-өсетін болса, 2—5 жылдың ішінде басқа өсімдіктердің өсуіне керекті жер қалмаған да болар еді. Іс жүзінде олай болмайды, өйткені ол тұқымның барлығы бірдей өзіне қолайлы келетін жағдайға түсе алмайды, түскендері — өнеді де жетіліп ересек өсімдікке айналады, қалғандары жойылып кетеді.
Тұқым мен жемістің таралу жолдары.
Өсімдіктердің піскен жемістері, өскен жеріне ғана түспей, жел (анемохория), су (гидрохория), жануарлар (зоохория) және адам (антропохория) арқылы алысқа таралады. Сол сияқты кейбір жемістер тұқымдарын әр түрлі қашықтыққа өздері де шаша алады («құтырған қияр», шытырлақ).
Жеміс пен тұқымды алыс қашықтыкқа таратушының бірі — жел. Өсімдіктердің біраз топтарының (орхидеялар, сұңғылалар) тұқымдары өте ұсақ, жеңіл, миллиграммның мыңнан бір бөлігіндей ғана. Мұндай тұқымдар баяу ауа толқындарының ағысымен де тарала алады. Едәуір ірі салмақты анемохорлы тұқымдар түкті келеді. Мысалы, талдарда (тал, көк терек, терек) және күреңоттарда (иваншай). Астық тұқымдастарда, мысалы, қау тұқымының өзінен ұзындығы бірнеше есе ұзын қауырсын тәрізді қылқаны оның ұшуын жеңілдетеді. Сол сияқты көптеген күрделі гүлділердің тұқымдарының айдаршалары, оларды алып ұшатын парашют қызметін атқарады (мысалы, бақбақ). Мұндай тұқымдар жел арқылы едәуір қашықтықка ұшып барады. Қарағаш, шаған, үйеңкі, қайың және тағы да басқа сүректі өсімдіктердің қанатты жемістері жел арқылы таралады.
Су арқылы гигрофильді және гидрофильді өсімдіктер тұқымы таралады. Бұлардың жемістерінде түрліше өскіншелер бар. Мысалы, қияқөлендердің ішінде жемісі бар үрленген қалташалары болады. Сонымен қатар, сумен таралатын кейбір өсімдік тұқымдары мен жемістерінің сыртында су жұқпайтын түктері немесе ішіне су кіргізбейтін тоз қабаты болады. Мұндай жемістер мен тұқымдар суда қанша жүзсе де батпайды және шірімейді, өнімділігін де сақтайды.
Жануарлар арқылы таралатын жемістер сыртқы көрінісі құрылысы жағынан өте алуан түрлі, олар құрғақ күйінде, кейде шырынды күйінде болады. Құрғақ зоохорлы жемістердің сырты әр қилы ілмекті қылшықты, қармақшалары түкті келеді.
Осылар арқылы жануарлардың жүніне жабысады да, бір жерден екінші жерге кейде өте алысқа тарайды. Мұндай жолмен ошаған, кәріқыз, шоңайна, қаратамыр, жабайы сәбіз, итошаған және тағы басқалар. Барлық шырынды жемістер — зоохориялы. Бұларды жануарлар немесе құстар (орнитохория) жеген жағдайда олардың ас қорыту мүшелерінде, әсіресе сүректі жемістердің тұқымдары, өзгеріске ұшырамай түсіп қалады.
Көптеген өсімдіктердің, негізінен орман өсімдіктерінің тұқымы құмырсқалар (мирмекохория) арқылы таралады. Мұндай өсімдіктердің жеуге жарайтын өскіншелері болады. Мирмекохорлы өсімдіктерге шегіргүл, айдаршөп, сүйелшөп, жалтыршөп, қазжуа және т.б. жатады.
Қаңбақ — дала мен шөлейтті аймақты өсімдіктеріне (бұршақтар, қорғасын шөптер, сораңдар) тән. Бұл өсімдіктердің бұтақтануы жиі, пішіндері шар тәрізді домалақ. Бұлар жер асты бөліктерінен үзіліп, жел айдайды да, қашықтыққа домалап барады. Жолжөнекей тұқымдары шашылып, орта жағдайы қолайлы болса, өніп-өсіп таралады
Достарыңызбен бөлісу: |