6.СӨЖ
СӨЖ тапсырмасы: Инклюзивті білім беру үшін педагогикалық мамандықтарды дайындау спецификасы.
Қазіргі уақытта дамуында ақауы бар балалар саны артып отыр. Оларды оқыту кеңейіп, түзетіп қолдау технологиялары жетілдіруде. Инклюзивті білім беру ерекше балаға білім беру саясатының негізгі құралы. Инклюзивті білім беру – сау балалармен бірге жалпы білім беру мектептерде немесе арнайы құрастырған топтарда, сыныптарда дамуда мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту .Инклюзивтің басты мақсаты-мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортаға кіріктіру ғана емес, ол «барлығы үшін бір мектеп» мақсатын көздейді.Инклюзивті оқыту мүмкіндігі шектеулі баланың жалпы білім беретін ортада әлеуметтенуі мен оның дамуына және оқыту процесінде баланың жетістіктерге жетуіне мүмкіндік туғызады.Бүгінгі таңда іс-тәжірибе көрсетіп отырғандай, елімізге мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің ұлттық бағдарламасын жасау қажет.
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы мекемелерде оқытылатындықтан, олар өзге балалардан бөлектенген.Бұл мекемелерде көбінесе медициналық әдістемелер қолданылады. Қазақстанда қазір оларда бір жағынан кемістік болғанымен, екінші жағынан олардың да дені сау екендігін түсіндіріп, оларды дені сау балалармен қатар, жалпы ортаға бейімдеу керек. Тек олардың сырқаты мен өзгешеліктерін ескере отырып, жай мектептің оқу бағдарламасына кіріктірген жөн.Ол үшін мемлекеттік деңгейде стратегиялық реформа жүргізу керек. Мемлекеттік деңгейде мектептерге және мектепке дейінгі ұйымдарға жаңа стандарттар енгізіліп, жүйе өзгертілгеннен соң ғана құрал-жабдықтар, ғимараттар бейімделеді.
2015 жылға дейін инклюзивтік білім беру мен мүмкіндігі шектеулі балалардың 25 пайызын қамту көзделсе, инклюзивті білімге жағдай жасаған мектеп үлесін 30-ға жеткізу керек.Білім берудің бұл түрінде мүмкіндігі шектеулі баланың өз-өзіне сенімі артады, ол маңайындағылар тарапынан өзіне қолдау бар екенін сезінеді,бұл баланың өзін –өзі бағалай білуіне, қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен қарауына,өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезуіне жол ашады.Оқытудың бұл түрі арқылы мүмкіндігі шектеулі бала өз қабілетіне сай , ата- анасынан алшақтамай,яғни арнайы мектеп – интернаттарда тұрып оқуға мәжбүр болмай, тұрғылықты жерде білім алып, қоғаммен біте қайнасып, әлеуметтік жағынан бейімделеді. Ата –анасы да баласының дамуы мен тәрбиесіне белсене қатысып,жеткіншек алдында жауапкершіліктері артады.
Инклюзивті білім беру саласында әлеуметтік педагогтың,психологтың,дефектолог маманның ролі ерекше.Бұл саладағы оқушылар ерекше назарда болады.Даму мүмкінділігі шектеулі балалардың кейбіреулерінде өзіндік қабілет,ерекшелік бар.Мысалы:кейбіреулері би билеуге,спортқа,сурет салуға қызығады,осындай қызығушылығы мол балаларды әрі қарай дамыту әлеуметтік педагог пен әрбір мұғалімнің міндеті.
Инклюзивті білім беру - барлық балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге,жынысына,шығу тегіне,дініне,жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға,ата –аналарын белсенділікке шақыруға,баланың түзету – педагогикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау,қоршаған ортаның балаларды жас ерекшеліктеріне және білімдік қажеттіліктеріне бейімделуіне жағдай қалыптастыру,яғни,жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.
Сонымен, инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс жүргізетін мектептерде білім мазмұнын үш түрлі бағдарлама бойынша реттеген абзал. Атап айтқанда:
- жалпы мектептерге арналған типтік оқу бағдарламалары;
- мүмкіндігі шектеулі балалардың ақаулық типтеріне сәйкес арнаулы білім беру бағытындағы оқу бағдарламалары;
- мүмкіндігі шектеулі балалардың психофизикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып әзірленетін оқытудың жеке бағдарламасы.
Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Тәжірбие көрсеткеніндей қатаң білім беру жүйесінен балалардың бір бөлігі шығып қалады, өйткені қалыптасқан жүйе мұндай балалардың даралық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады.Инклюзивті оқыту - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді.
Инклюзивті оқыту-оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға мүмкіндік береді.Инклюзивті оқыту- адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту балалардың оқу үрдісіндегі қажеттіліктерін қанағаттандырып, оқыту мен сабақ берудің жаңа бағытын өңдеуге талпынады. Егер инклюзивті оқытудың оқыту мен сабақ беруге енгізілген өзгерістері тиімді болса, онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жағдайлары да өзгереді. Инклюзивті оқытуды ашқан мектептерде оқыған балалар адам құқығы туралы білім алуға мүмкіншілік алады, өйткені олар бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, танып білуге, қабылдауға үйренеді.
Даму мүмкінділігі шектеулі балаларға жалпы білім беретін ұйымдарда инклюзивті білім беру үшін алдымен төмендегі жағдайларды шешіп алған дұрыс:
- мүмкіндігі шектеулі балалардың өзгелермен бірдей білім алуын толық қамтамасыз ету үшін арнайы педагог (психолог,әлеуметтік педагог,сурдопедагог,тифлопедагог,логопед) мамандар қажет;
- облыстық, қалалық, аудандық білім беру бөлімдері облыс орталығында Түзеу педагогикасының ұлттық-ғылыми практикалық орталығының және республикалық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының мамандарын шақыртып,келісім-шарт негізінде,тәрбиешілерді,бастауыш сыныптың мұғалімдерін,әртүрлі пән мұғалімдерін арнайы курстардан өткізуді ұйымдастыру керек;
-сабақтан тыс уақытта мүмкіндігі шектеулі балалармен жеке-дара жұмыс жүргізетін бос оқу бөлмелері болса;
- даму мүмкінділігі шектеулі балалармен сабақ барысында тренингтер,ойындар,жеке,топтық жұмыстар, сергіту сәттері жиі ұйымдастырылса;
- бұл топтағы балаларды шығармашылыққа,яғни,сурет салуға,қолөнер бұйымдарын жасауға,ән айтып,би билеуге,ақындық өнерге баулуға және түрлі сайыстар мен байқауларға қатыстыруға мамандар тарапынан қолдау көрсету қажет;
- дені сау балалар тарапынан ауру балаларға дөрекі қарым-қатынас,немқұрайлылық болмауын мұғалімдер қатаң бақылауға алуы тиіс;
- жай және арнайы мектептерде оқуға мүмкіндігі жоқ балаларды қашықтықтан оқытуға жағдай жасау керек;
- мектепті арнайы қажетті әдебиеттермен,көрнекілік-әдістемелік құралдармен,ақпараттық технологиялық құралдармен қамтамасыз ету қажет;
- облыстық,қалалық пікір алмасу,тәжірибе бөлісу семинарларын,шеберлік сыныптарын жиі өткізіп тұру керек.
Жалпы білім беретін мектептердің жанынан инклюзивті сыныптарды ашудың артықшылығы - онда даму мүмкінділігі шектеулі балалар өздерін басқалардан кемсінбей, өзге дені сау балалармен тең құқылы екенін сезінеді, үлкендермен, достарымен, ұстаздармен, жалпы айналамен қарым-қатынасы жақсарады, оқу материалын меңгерудегі қиындықтарды уақытында жеңіп,сапалы білімге қол жеткізеді.