Дайындаған 8-ші сынып оқушысы:Салимова Саним
Новоукраинка селосы
2015 жыл
Дайындаған 8 сынып оқушысы: Салимова Саним
Тексерген математика пәнінің мұғалімі:
Баймагамбетова С.С.
Бұл кітапшада тарихи ғұлама қайраткерлерге құрмет. Қазақстан мемлекетінің әлемдік дәрежеде танылуына математиктердің қосқан үлесі. Тарих толқынында есімі елге танымал болған математиктердің өмірі және шығармашылығы туралы айтылған. Бұл кітапша 7-11сынып оқушыларына арналған.
Жалпы мәлімет
Қазақстантану- бұл қазақты тану. Әуелі алдымен өзімізді тану.
Әрине Қазақ елін әлемге таныту, абыройын асқақтату Елбасымыздың жүргізген саясаты тарихта қас қағым сәт болып саналатын тәуелсіздіктің жиырма жыл ішінде өз нәтижесін жоғары деңгейде көрсетіп, әлемнің алпауыттарын мойындатып иық теңестіруге мүмкіндік берді. Осындай салиқалы саясаттың арқасында Қазақстан ғылымы да, ғалымдары да айға ауыз білеген әлем ғалымдарын мойындатып, қазақ ғылымы әлемдік деңгейде ойып тұрып өз орынын алды. Өскелен ұрпақтың ғылымға деген қызығушылықтың арқасында әлемді мойындатар Қазақстан ғалымдарының қатары көбеймесіне кім кепіл? Қазіргі жаһандану заманында жарнамалықтың орны өзгеден өзгеше болып тұр. Бұл жерде Қазақстан ғылымын да, ғалымдарын да тақташаға іліп,жарнамалауды айтып отырғаным жоқ. Өскелең ұрпақтың санасын оятып, қазақ ғылымының қаймағы болар, әлем ғалымдарын тізе бүктіре мойындатар, біртуар қыз- ұлдары болу үшін осы ерлікті жасаған аға буындарын және де өткен тарихымыздың алып тұлғаларын саналарына сіңіруіміз абзал.
Қазақстандағы математика ғалымдарының жетістігі
Нобель саңлақтарының тісі батпаған есепті шешкен қазақ ғалымы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып отыр
АСТАНА. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда Қазақстанның математика ғылымы саласындағы жетістіктері туралы көптеп айтылуда. Еліміздің жас математиктері көптеген халықаралық білім сайыстарында жоғары жетістіктермен көзге түссе, көш бастаған профессор-ғалымдарымыз тың ғылыми жаңалықтарымен барша әлемдік қауымдастықты таңғалдырып, қазақ халқын қуантып жүр. Солардың бірі - Американың математикалық қоғамының жоғарыдәрежелі «Мур» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері,Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Алгебра және геометрия кафедрасының меңгерушісі, профессор Уалбай Үтмаханбетұлы Өмірбаев.
1972 жылы жапонның атақты ғалымы Нагата құрастырған есепке Уалбай Өмірбаев 80-жылдардың соңында білек сыбана кірісіп, он жылдың ішінде аталған математикалық проблеманың түйінін тарқатты. Бас кезінде ғалым қатты қуанды. Бірақ оның қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі оның тапқан жауабы қарама-қайшылыққа толы болды. Есептің шешімін қайта-қайта тексергеннен кейін, жауаптың дұрыс емес екендігіне көзі жетті. Алайда бетінен қайтпады. У.Өмірбаев бойындағы сабырлығы пен еңбекқорлығы арқасында айналасы екі жылдың ішінде-ақ Нагата есебінің толық шешімін табады. Ал үш жылдан соң, яғни 2004 жылы белгілі математик-ғалым Кон проблемасын шешудің жолын жазып шықты. Осы мәселелерге арналған еңбектері үшін қазақстандық ғалым 2007 жылы Американың математикалық қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығына ие болды.
«Нагата есебі шешілді!» дегенді естіген кезде шетелдік ғалымдардың көбісі сенбеді. Ал «Нагата есебін шешкен қазақтың жас ғалымы!» деген сөзге мүлдем құлақ асқан жоқ. Осыдан кейін Уалбай Өмірбаев өзінің ұстазы Шестаков екеуі саналуан халықаралық конференциялар мен ғылыми мәжілістерде өз жұмыстарын қорғауға кірісті. Гонконгте өткен ғылыми форумда Уалбай Өмірбаев бірнеше сағат бойы аяғынан тік тұрып, өз шешімін дәлелдесе де, шетелдік әріптестері міз бақпады. Бір жыл өткеннен кейін ғана қазақ ғалымы Уалбай Өмірбаев тапқан Нагата жұмбағының шешімін барша әлем мойындады. Оның осы саладағы зерттеу еңбегіне арналған ғалымдардың пікірі 50 бетке дейін барып, математика саласындағы беделді халықаралық басылымдардың бірі - Американың математикалық қоғамының арнайы жұрналында жарық көрді.
Ұлтымыздың маңдайына біткен бағы болар, қазақ халқынан шыққан даналар мен дарындар көп. Сондай ғұлама ғалымның бірі – Мұхтарбай Өтелбаев. Алты алашқа ғана емес, алыс-жақын шет елге де танымал Асқар Жұмаділдаев деген математиктің бағалауы бойынша «қазақтың нөмірі бірінші математигі» – Мұхтарбай Өтелбаев ағамыз.
Мұхтарбай Өтелбаев. 1969 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін тәмамдаған. 1972 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, ал 1978 жылы физика-математика ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін жазған диссертациясын Мәскеудің жоғары мәртебелі кеңесінде қорғаған. 1989 жылдан ҚазССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. 2004 жылдан Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі. 2007 жылы ҚР Ғылым мен техникалар саласына тағайындалатын мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл тізімді жалғастыра берсек, мақаламыздың жартысын толтырып, оқырманды жалықтырып алатынымыз белгілі. Сондықтан осы арадан бір қайырып қоялық. Бір сөзбен айтқанда, Өтелбаевсыз Қазақстан математикасын көзге елестетудің өзі қиын.
Мұхаң – әйгілі Штурм-Лиувилл операторының әмбебап формуласының шешімін тауып, әлемге аты жайылған адам. Мамандардың айтуынша, математикалық көптеген теңдеулерді осы Штурм-Лиувилл формуласымен шешетін болса, әрі қарай есеп шығару оңай көрінеді. Ал бұл теңдеуді әлемнің талай ғалымдары бастарын қатырып шеше алмай жүргенде, оның түйінін өзіміздің Мұхтарбай ағамыз тарқатып, дүние жүзі ғалымдарын тәнті етеді. Сонымен қатар ағамыз аталмыш теңдеуге “q*- Өтел¬баев функциясы” деген функция енгізеді. Мұны қазір әлем ғалымдары осылай ағамыздың атымен атайды. Бұл жайында әзірбайжандық ғалым Алиевтің: «Мұхтарбай осы есептерді шешті де, спекторлық теорияны мұсылмандардың теориясы болғызды», – дегені бар.
Математика дейтұғын күрделі ғылымның жілігін шағып, майын ішкен Мұқаң 1942 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген. Соғыстан кейінгі сұрапыл жылдардың салқынынан болар, ағамыз 10 жасында мектеп табалдырығын аттайды. Оның өзінде 7-сыныпқа дейін ғана оқушы атанып жүруге мүмкіндік алады. Одан кейін тіршіліктің тынымсыз ағысымен бірге жүзіп, колхозда тракторшы болады. Оқуға деген ерекше ынтасының арқасында трактор құлағында жүрсе де, бір қолынан кітабы түспеген болашақ ғалым сырттай емтихан тапсырып, аттестатқа да қол жеткізеді. Одан әрі қарай жоғары білім алсам деген балаң жігіттің арманы Алматыға келгенімен орындала қоймайды. ҚазМУ-ге оқуға түсе алмаған талапкердің ізденісі мұнымен шектелген жоқ. Ол ақырында Бішкекке барып жоғары оқу орнының шәкірті атанады. Бірақ бір қызығы студент болғанына екі ай толғанда әскер қатарына шақырылып, Отан қорғауға аттанады. Бұл қызық па, бұдан да өткен адам таңғалатын жағдай, ол әскердің қатаң режимінде жүрсе де, оқуын өз бетінше жалғастыра беріпті. Армиядан келген бетте қатарынан үш курстың емтиханын тапсырып, жақсы нәтиже көрсетеді де, сырттай бөлімнің 4-курсына ауысады. «Талапты ерге нұр жауар» дегендей мұнымен шектелетін Мұхаң ба? Ол одан әрі ізденіп, М.Ломоносов атындағы ММУ-дің 4-курсынан бір-ақ шығады. Осылайша сөзіміздің басында айтқанымыздай дала даналарының бүгінгі жұрнағы, асылдың сынығындай алтын басты ағамыз Мәскеуде жүріп, қазақ деген халықтың талантын өзгелерге мойындатады.
Өтелбаевтың өмірі – өнегемен өрілген, өзгелерге үлгі болатындай өмір. Қазақстандағы математиктердің 80 пайыздайы осы кісінің тәлім-тәрбиесін көрген. Математика ғылымдарының докторы Оспанов Қордан: «Мен де осыдан 40 жыл бұрын ол кісіге адамды жатырқамай тілдесетін, ерекше ілтипатты мінезін сыйлап шәкірт болсам деп келгенмін. Қателеспеген екенмін. Ол кісі өнерлі жастарды өте жақсы бағалайды. Маған бір тақырып белгілеп, ғылыми бағыт-бағдар беретіндігін айтты да, көпке дейін қолы тимей жүрді. Содан бір мерекеде барлық шәкірттері бар, 30-40 адам бас қосып қалдық. Әлгі жиында мен домбырамен бір ән айтып едім, Мұхтарбай аға: «Қазақтың осындай азаматтарына көмектесу керек», – деп орнынан ұшып тұрды. Содан бір жігіт тұрып: «Сіз бұл жігітке есеп бермей жүрсіз ғой», – деді. Сонда ағамыз «А, солай ма, ертең кел, мен саған есеп берейін» деді. Сөйтіп теңесіп кеттік», – дейді қазір алпысқа аяқ басқан, азулы математик.
Академик шамамен 210-ға тақау ғылыми мақала жариялаған. Олардың 70-тен астамы шетелдік жоғарғы рейтингке ие журналдарда әр түрлі тілдерге аударылып басылған. Шәкірттерінің 70-тен астамы кандидаттық диссертация қорғаған. Олардың 12-сі ғылым докторы атанды. Екі монографиясы Мәскеудің «Ғылым» баспасынан жарық көрген. Ғылыми жетістіктері Б.Левитан мен И.Саргсян және А.Костюченко сияқты ғалымдардың монографияларына жеке тарау ретінде енгізілген. Мамандар жалпы ғылым саласында екі адамды бір-бірімен салыстырып, бағалау қиын дейді. Себебі әр түрлі саланың өзіндік ерекшелігі мен жетістігі, жеке мәселесі бар. Ал қазіргі таңда қандай ғалымды мықты ғалым дейміз дегенде, дүние жүзіне белгілі журналдарда мақалалары жиі жарияланған адамдар білікті саналады. Сондай-ақ әлемдік ғалымдардың осы кісінің еңбегіне сүйеніп сілтеме жасауы жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Бұл критерии бойынша ағамыз алдыңғы шепте көрінеді. Шет елдің ең атақты ғылыми журналдарында «Өтелбаев функциясын» зерттеп жазған ғылыми материалдар да біршама бар екен. 2007 жылы ағамыз мемлекеттік сыйлық аларда математика саласының шетелдік бірнеше ғалымы ол кісінің ғылыми потенциалын өте жоғары бағалап рецензия берді.
Ал тума талантымен талайды мойындатқан, тек ғылым үшін деп күн кешкен осындай «алтын басты» біздің қоғам қалай бағалайды? Ол кісі жайлы неге қоғамда жиі сөз болмайды? Қолда бар алтынның қадірін толық сезініп отырмыз ба? Шәкірттерінің сөз ләмінен түйгеніміз, ағамыз жарқ-жұрқ еткен жарнамаға жақын емес. Бұл өмірге тек қана ғылым үшін келген адам, бар ынтасымен сол салаға бет бұрған. Еткен еңбегінің бодауын сұрап, жоғары-төменге жүгіру ол кісі үшін жат қылық көрінеді. Ал академик Асқар Жұмаділдаев болса: «Қазақта ол кісіден көп шәкірт тәрбиелеген адам жоқ. Ал біз ол кісінің бағасын толық беріп отырмыз ба, жоқ па? Ол жағын нақты білмеймін. Мәселен, кеше Олипиадада штанг көтерген спортшыларымызды сонша мадақтап, сый-сыяпат жасадық. Оған қуануға негіз бар. Ал сонымен қатар әлемді ауызына қаратып, ғылымда жаңалық ашу деген де оңай емес қой. Оңай болса, екінің бірі неге жаңалық аша бермейді. Ал Мұхаңның еңбегі де сол чемпиондар еңбегінен бірде-бір кем емес. Сондықтан ғылымды, парасатты мойындайтын жұрт болсақ, оны да ескеруіміз қажет» – деп ағынан жарылды.
Қазақтың тағы бір мықты ғалымы, Мұхаңның әріптесі академик Тынысбек Кәлменов: “Мұхтарбай Өтелбаев – Қазақстан матема-тиктері пір тұтатын адам” – деп тұжырым жасапты. Біз де осы бағалаудан асырып ештеңе айта алмаймыз. Шетелдіктер мойындаған, қазақстандықтар пір тұтатын, жүрегі мейірімге, өне бойы ақылға толған ғалымның өз ортамыздан өсіп шыққанына шүкір делік. Ұстаздың ұлы мұраты – шәкірттерін топтан озған жүйрік етіп тәрбиелеу болса, бұл майданда да оның ұпайы түгел. Ақылдың кеніндей болған ақ басты академиктің арамызда аман жүргенін тіледік.
Қайрат САҚ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, Бейбіт ТОҚТАРБА
Достарыңызбен бөлісу: |