511-бап. Қауiпсiздiк шаралары 1. Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған және психикалық аурулардан зардап шегетін адамдарға бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Осы адамдарға қажет болған жағдайда мынадай қауiпсiздiк шаралары қолданылады:
1) денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, ауруды туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына беру;
2) психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға орналастыру.
512-бап. Туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауда ұстауына беру 1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган психикалық ауру фактісін анықтаған кезден бастап осы адамға бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың күшін жояды және оған қауіпсіздік шараларын қолдану туралы қаулы шығарады.
2. Егер ауырған адам өзі және айналасындағылар үшін қауіп төндірмесе, ол денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының келісімі бойынша олардың қарауда ұстауына берiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдар ауырған адамды қарауда ұстауды жүзеге асырудан бас тартқан кезде не осы Кодекстің 513-бабында көзделген жағдайларда, ауырған адамға қатысты медициналық ұйымға орналастыру түрінде қауіпсіздік шарасы қолданылуы мүмкін.