Сөзжасамдық мағына түрлері мен лексикалық мағынаның арақатынасы



Дата07.02.2022
өлшемі18,94 Kb.
#96438
Байланысты:
Сөзжасамдық мағына түрлері мен лексикалық мағынаның арақатынасы


Сөзжасамдық мағына түрлері мен лексикалық мағынаның арақатынасы (еліктеуіш сөз табы негізінде)
Ана тілі арқылы адамзат баласы бір-бірімен сөйлесіп, қарым-қатынас жасау нəтижесінде тілдің де сол халықпен өмір сүріп, қоғамды жан-жақты дамытып, сөзжасам жүйесінің үнемі толығуына да зор ықпалын тигізеді. Əр ұлттың өзіндік ана тілінің болуына байланысты ұлттық ерекшеліктер қалыптасып, өзіндік рөлі анықталады. Егер де қандай ұлт өкілдері болмасын өз тілінде сөйлемей ана тілін қолданыстан шығарар болса, ана тілінде тəлім-тəрбие алмаса, онда сол ұлт тілімен бірге жойылып, тарих сахнасынан шығып қалады.
Тіл — адам ойын жарыққа шығарып, сол арқылы қоғамдық өмірде аса маңызды қарым-қатынас құралы болғандықтан, ойлаумен тікелей байланысты. Тіл арқылы адам санасы қалыптасып, одан сөз ұғымы пайда болуымен қатар, оны есте сақтауға негіз болады. Осы тұрғыдан келгенде тіл бірдемені үйренудің, білудің, ойлаудың құралы да болып табылады. Ойды білдіру арқылы сөз, сөйлем туындап, ойды құрайтын жекелеген немесе күрделі ұғымдарды тудырады. «Сөз белгілі бір ұғымның атауы болғандықтан да, соған сəйкес ол белгілі бір нақты лексикалық мағынаны білдіреді» [1; 409)].
Қай тілді алып қарасақ та, сөзжасалымның нəтижесінде пайда болған барлық сөздер сөздік құрамын құрайды. Сөз ең алдымен лексикологияның тікелей жəне басты нысана объектісі, ал сөзжасамның жұмысы — жаңа ұғымды қалай атаудың жолын іздеу, сондықтан ол жоқ атауды тілдің сөзжасамдық нұсқаларының қайсысымен жасауды сөзжасам жүйе жүзеге асырады. Яғни тілдің лексикалық құрамында өмірде пайда болған ұғымдық мағынаның өлшемін тек лексика шешеді де сөзжасам оның тілде атқаратын қызметі мен оның маңызын, жасалу жолдарын анықтайды.
Түркі тілдерінің зерттеу нəтижесінде сол кездің өзінде-ақ сөзжасам жүйесі өзге шетел кірме сөздерінің нəтижесімен толығуын көруге болады. «Орхон-Енисей жазба тілдерінде шетел кірме сөздерінің аз ғана мөлшері бар — кейбір лауазым атаулары, қытай жəне соғды тілдерінен этно жəне топонимдер» [2]. Көне жазба ескерткіштерінде сөзжасам жүйесінің ертеден-ақ қалыптасып бүгінгі күнге негіз болғандығын Ғ.Айдаров еңбегінде талданып көрсетілген [3]. Осыдан тілдің сөзжасам жүйесі замана бойы қалыптасқан тек тілдің даму процесінде сөз жасаушы элементтер, сөз жасау тəсілдері, модельдері өмірдің елеулі өзгерістеріне сəйкес бірде активтеніп, бірде пассивтеніп, бірде мағынасы кеңейіп, тіпті кейде қолданыстан шықса, енді бірде жаңа қосымшалармен толығып отырады.
Сөзжасам жаңа сөздердің жасалуын тексереді, тілдің сөздік құрамының туынды сөздер арқылы толығуын қарастырады. Тілдің сөздік құрамын байытуымен қатар, мүмкіншілігі мол, құдіретті тіл болып қалыптасуы сөзжасамға байланысты. Осыдан келіп лексикология мен сөзжасамның байланысы шығады. Сөз мағынасын осы екі салада да зерттеледі, бірақ екеуі сөз мағынасын əр түрлі мақсатпен зерттейді. Демек, сөз мағынасын зерттеу мақсатында олар бір-бірінен бөлінеді. Сөзжасамда мағынасының негізділігі, мағынаның түрлендірілуі, мағынаның көшірілуі, мағынаның тепе-теңдік қатысының қалай жасалғанын зерттейді. Дəлірек айтсақ, ол туынды сөздің мағынасының қалай жасалғанын, негіз сөз бен негізді сөздердің жасалуын зерттейді.
«Тіл білімінің қай саласын алсақ та, оның зерттеу объектісі я тікелей, я жанама түрде сөзге келіп, тіреледі. Өйткені сөзде фонетикалық қасиетте де (дыбыстық комплекс), лексика-семантикалық қасиетте (ішкі мағына), сөзжасам қасиеті (жаңа сөз, я жаңа мағына, яғни деривациялық мəн), грамматикалық қасиет (морфологиялық құрам мен құрылысы, сөздің түрленуі, сол арқылы бір- бірімен байланысқа түсіп, алуан түрлі грамматикалық мағына білдіріп, сөйлем құрау), бір-бірімен қабысып, қабаттасып отырады» [1; 410]. Сөзжасам сөз мағынасын жалпы лексикалық мағына ретінде емес, сөзжасамдық тұрғыдан қарастырады, яғни негізді сөздің мағынасының қалай жасалғанын зерттейді. Туынды сөздің лексикалық мағынасы қандай негіз сөздің мағынасының жасалуына байланысты сөзжасамдық мағына да анықталады. Сөзжасамдық тəсілде синтетикалық сөзжасамдық тəсіл — ең өнімді тəсілдердің бірі. Демек, бұл тəсілде негіз сөз бен жұрнақ арасында сөзжасамдық қатыс болуымен ерекшеленеді. Сөзжасамдық қатысындағы екі бірлік екі түрлі қызмет атқарады да, туынды сөздің лексикалық мағынасына негіз сөз тірек болады. Осыдан келіп негіз сөз бен туынды мағына бір-бірімен байланысты болып шығады.
Еліктеу сөз табының синтетикалық тəсілмен жасалу жолы тұрғысынан туынды сөз жасау үшін оның, біріншіден, лексикалық мағынасы болуы қажет етілсе, екіншіден, оның сөзжасамдық жұрнағы болуы керек. Бұлар тілдік бірлікке жататындықтан, əрқайсысының өзіндік атқаратын қызметтерімен ерекшеленеді. Еліктеуіш сөздер тілімізде сөзжасамдық мағына негізділігінен көптеген туынды сөздер жасауға қабілетті. Мысалы: Мына жағдайды естігеннен кейін Масақ ырсылдап-гүрсілдеп дереу шеберханаға жетіпті [4; 188]. Мына зеңбіректі гүрсілдетіп тұрып атамыз [4; 186]. — Əй, неғып тұрсың сүмірейіп? Кет жолдан! — дейді ол анадайдан-ақ күркірей дауыстап [4; 184]. Осы бір ғана шығармадан келтірілген мысалдардағы ырсылдап, гүрсілдеп, күркірей деген негізді сөздің мағынасына арқау болған негіздер ырс-, гүрс-, күрк- еліктеуіш сөздері. Туынды сөз бен негіз сөздің мағыналық байланысы осы: ырс — ырсылдап, гүрс — гүрсілдеп, күрк — күркірей сөздерінен анық байқалып тұр. «Туынды сөздің сөзжасамдық мағынасы мен лексикалық мағынасы жалпы мен жеке мағынаның қарым-қатынасы деп қаралуы керек, өйткені əр туынды сөздің лексикалық мағынасы сөзжасамдық мағынаға кіреді» [1; 194]. Сонымен, туынды сөз жасалғаннан кейін сөзжасам негіз сөзден туынды сөздердің жасалу жүйесін зерттейді.
Сөзжасам жүйесінде негіз сөздің лексикалық мағынасына жаңа сөздік лексикалық мағынасына арқау болады, нəтижесінде бір лексикалық мағына екінші лексикалық мағынаның негізінде жасалады. Сөз мағынасының негізінде туынды сөздің, жаңа сөздің мағынасы түзіледі. Мысалы, жалт — жалтақ — жалтаң — жалтар — жалтыл — жалтыр — жалтарма — жалтарыс, қалт — қалтқы — қалтыл — қалтылдақ — қалтырауық, лап — лапас — лапыз — лапыл — лапылда — лапылдақ деген сөздерде 3 түбірлес сөздер бар, олар жалт, қалт, лап негізгі түбірден жасалған 3 түрлі түбірлес сөздер. Осы негіз еліктеуіш сөздердер туындаған, бұлар — бір сөзжасамдық тип арқылы құралған туынды сөздер. Демек, туынды сөздер негіз сөздерден басқа сөз табына айналған, олардың сөз табы категориясы өзгерген. Туынды сөздің лексикалық мағынасының түрленуіне негіз сөздің лексикалық мағынасы арқау болады, бұл негіз сөз бен туынды сөздің мағыналық байланысын туғызатын түбірлес сөздерде, сөзжасамдық ұя мен сөзжасамдық жұпта, сөзжасамдық тізбекте айқын байқалады. Жоғарыда келтірілген еліктеуіш сөз табының сөзжасамдық мағына негізділігінен туындаған 3 түрлі түбірлес сөздерде бəрінің мағынасында жақындық бар, себебі олардың бəрінің мағынасының жасалуына жалт, қалт, лап деген үш сөз негіз болып тұр. Жалт, қалт, лап еліктеуіш сөздері туынды сөздің мағынасына арқау болғандықтан, оларда мағына ұқсастығы, жақындығы бар, олардың мағына байланысы көрініп тұр. Əрі бұлардың əрқайсысында түбірлес сөздер толық қамтылмаған. Өйткені олар сөзжасамдық ұяның бір тізбектері ғана, ал түбірлес сөздерді сөзжасамдық ұя ғана толық қамтиды. Бір сөзжасамдық ұяда қанша туынды сөз болса, оның бəрі түбірлес сөзге жатады, ондағы туынды сөзінің бəрінің мағыналары бір-бірімен байланысты болады, себебі олар — бір негіз сөзден өрбіген, жасалған туынды түбірлер. Ең түпкі бастапқы негіз сөз олардың мағына байланыстылығын туғызады. Ол сөзжасамдық жұптан басталып, сөзжасамдық тізбектердің бірінен- бірі тікелей өрбитін сөзжасамдық ұяға қатысты, яғни сөзжасамдық ұяның əр сатысында қанша туынды сөз жасалса, оларда бір-бірімен мағыналық байланыста болады. Ал сөзжасамдық ұяда мағыналық байланыссыз сөз болмайды. Омонимдер сияқты бірнеше ұғымды білдіретін «тақ» сөзін қарастырсақ, сөз мағынасына қарай бірде еліктеуіш сөз табына жатса, енді бірде зат есім болатын, ал бірде сөйлем мағынасына қарай сын есім жəне етістік болады. «Бір сөздің ешбір жұрнақсыз сөз табына меншіктілігін ауыстыруы құбылысын сөзжасамдық тұрғыдан қарау басым бағыт алды. Сөздің дыбыстық құрамын, тұлғасын өзгертпей, оның бұрынғы мағынасының үстіне тағы да жаңа мағына қосу, сол арқылы бір сөзге бірнеше сөздің қызметін атқарту тілде кең өріс алды» [5]. Негіз сөз бен негізді сөзден құрылуына байланысты тақ негіз сөзі мағынасының байланысы сөзжасамдық ұядағы негіз сөзге сөзжасамның тізбектері туынды сөздердің бəріне негіз болып тұр. Мысалы: ТАҚ І Монархтың (хан, шах, патша, корольдің) отыратын орындығы, билікке ие болу белгісі. ТАҚ ІІ 1. Жұппен алмасын келіп отыратын сан (1, 3, 5, 7...). 2. ауысп. Жеке, дара, жалғыз. ТАҚ ІІІ Нақ, тура, дəл. ТАҚ ІV 1. Бір нəрсені қадау, жапсыру, ілу. ТАҚ: тақ етті 1. Сарт еткен, тақылдап естілген дыбыс. 2. Сақ етіп, дəлме-дəл тіл қатты. Тақа І 1. Аяқкиімнің табынына байлайтын жылқының төрт не екі тұяғы. 2. Аяқ киім өкшелігі. ТАҚА ІІ Нақа, нағыз, тура, мүлде. ТАҚА ІІІ Жақындау, жуықтау, таяну. ТАҚАҚТА Бір нəрсені қайта-қайта айтып не сұрап мазаны алу. ТАҚАС І 1. Талас-тартыс, егес, ерегіс. 2. Қиын-қыстау, қысылшаң. ТАҚАС ІІ Ерегісу, егесу, таласып тартысу. ТАҚАСТЫҚ Ерегесушілік, егесушілік, тақас болушылық. ТАҚАУ Таяу, жуық, жақын. Тақия — кестелеп, сырып тігілген, дөңгелек, жеңіл баскиім. ТАҚПАҚ Жаттап алып, көпшілік алдында айтатын шағын, қысқа өлең. ТАҚСЫР тар. Мəртебесі жоғары адамға жалыну, жалбырану, құлдық ұру мəнінде айтылатын қарапта сөз. ТАҚСІРЕТ Ауыртпалық азабы, азап, қиыншылық. ТАҚТА І 1. Бормен жазуға арналған сынып тақтасы. 2. Түрлі құлақтандыру, жарнама, газет т.б. ілінетін арнаулы тақтай. ТАҚТА ІІ Арасын межелеп бөлшектеген егістік жер. ТАҚТАЙ Бөренені ұзыннан тіліп жасалатын, екі жағы тегіс жұқа ағаш кесіндісі, құрылыс материалы. ТАҚТАҚ ІІ Əбден тапталып қалған кедірбұдырсыз, тегіс. ТАҚ-ТАҚ 1. Тарс-тарс, сарт-сарт. 2. Сөзге пысық, зерек. ТАҚ-ТҰҚ Болар болмас, жетер жетпес. ТАҚУА Діндар, діншіл. ТАҚЫЛ 1. Тақ-тақ еткен дыбыс, тықыл. 2. Сөз, лебіз. ТАҚЫЛДА 1.Тақ-тақ еткен дыбыс шығару; тарсылдату. 2. Мүдірмей, бөгетсіз тықылдап сөйлеу. ТАҚЫЛЕТТЕС Ұқсас сияқты; тақылетті. ТАҚЫМ Тізенің астыңғы, ішкі жағы. ТАҚЫМДА 1. Көлікті жүргізу үшін тақым қағу, тақым қысу. 2. ауысп. Қыр соңынан қалмау, ізіне (соңына) түсу. ТАҚЫМДЫ Талап қойғыш, табанды. ТАҚЫМДЫҚ Тақымының тұсы т.б. [6]. Бұл мағына негізділігінің мағына байланыстылығын туғызуына тікелей байланысты. Негізді сөз қай тəсілмен жасалса да онда мағына негізділігі, заңдылығы сақталады.
Жаңа ұғымдар пайда болуы сөздердің дүниеге келуі мен жасалуының белгілі заңдылықтары орнығады. Сөзжасам жүйесіндегі тіл көне заманнан бері үнемі толығып, дамып, күрделеніп, əбден қалыптасқан заңдылықтары арқылы ғана жүзеге асады. Заңдылық ретінде қалыптаспаған тілдік құбылыстар өзіндік сипаты болмағандықтан, сөзжасам жүйесіне жатпайды. Жаңа сөз жасау сөзжасам жүйесінің қалыптасқан заңдылықтары арқылы ғана жүзеге асып, сөзжасамдық элементтердің белгілі бір сөз табына қатысы айқындалып, олар белгілі бір сөз табының көрсеткіші саналады.
«Жаңа сөз жасауға тілдегі түбірлердің барлық түрі қатысады. Оларды атағанда, мынадай: негізгі түбір, туынды түбір, біріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз. Сөзжасамға негіз сөз қызметінде қатысатын бұл түбірлердің көбі (негізгі түбірден басқасы) — сөзжасам процесінің нəтижесінде туған туынды сөздер [7]. 1989 жылғы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты ұжымдық еңбекте осы сөзжасамның лексика-семантикалық тəсілі кеңінен қарастырылған. Сөз сөйлем ішінде түрлі мағына беруіне əр түрлі көп мағынаға ие болады. Оның дыбыстық, морфемдік құрылымы сақталып тек жаңа мағынаға ие болады. Тіл білімінде мұндай құбылыс прономинализация (сөздердің бір сөз табынан екіншісіне айналуы) деп аталады. Белгілі бір сөздердің жаңа мағынаға ие болуы, көп мəнді, ең бастысы омонимдік қатарға келуі арқылы жасалады жəне сөздердің о бастағы мəнін жоғалту не болмаса əлсірету барысында басқа бір сөз табының қатарынан танылуға жол береді. Тіл жүйесінде омонимдердің бірнеше түрі кездеседі. «Көп мағыналы сөздердің жеке мағыналары арасындағы байланыстың үзілу нəтижесінде пайда болған омонимдердің екі тобы болады. Олардың бір тобы лексика-грамматикалық омонимдер болса, екінші тобы лексикалық омонимдер деп аталады. Лексика- грамматикалық омонимдер — бір мезгілде бірнеше сөз табының қызметінде қолданылатын, генетикалық тұрғыдан туыспайтын омонимдер. Лексикалық омонимдер — бір сөз табының құрамына кіретін, генетикалық тұрғыдан туыстас омонимдер» [8].

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет