Қазақстанда ең жоғары атқарушы орган — Қазақстан Республикасының Үкіметі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабына сəйкес, Үкімет мемлекеттің əлеуметтік- экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тəртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын əзірлейді жəне олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады. Яғни, Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясатының негізгі бағыттарын — мемлекеттің стратегиялық даму бағытын анықтаса, Үкімет оны жүзеге асырудың нақты жолдарын жəне тиісті қаржы мəселесін шешеді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы конституциялық заңға сəйкес Үкіметтің өкілеттігіне мыналар жатады: ол республикалық бюджетті жоспарлап, оның орындалуын қамтамасыз етеді, əрі, бұл жөнінде Парламентке есеп береді. Бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметі бюджеттің орындалуына байланысты монополиялық құқықты иемденгеніне қарамастан Есеп комитеті мүшелері санының тең жарымын тағайындайтын. Ал қазір «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға сəйкес Үкіметтің Есеп комитеті мүшелерін тағайындау құқығы алып тасталды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында заңмен реттелетін қоғамдық қатынастар ауқымы нақты белгіленген. Бұл ереже Үкіметке де жауапты міндеттер жүктейді. Дəлірек айтқанда, қабылданып жатқан жаңа заңдарға байланысты нормативтік құқықтық актілердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету мəселесі.