Статья посвящена актуальным проблемам невербальной коммуникации



Дата15.12.2016
өлшемі78,34 Kb.
#3896
түріСтатья
ӘОЖ 81΄221
ПАРАТІЛДІК АМАЛДАРДЫҢ БЕРІЛУІ

Құрбанов А.Г.

ОҚМПИ, Шымкент, Қазақстан


Резюме

Статья посвящена актуальным проблемам невербальной коммуникации, освещающим специфику кинесических и мимических средств общения.
Summary

The actual problems of kon-verbal communication are conducted in article.
Қарым-қатынас кезінде ауызша және жазбаша қолданыстармен бірге паратілдік құралдарды пайдаланудың маңызы өте зор. Сөйленістің вербалды тәсілдерімен бірге жүретін кинесикалық, проксемикалық, просодикалық амалдар мен қимылдар лингвистикада бейвербалды қатынастың құрамында болатынын түсіндіреді. Паратілдік құралдар да дыбыстық сөздер сияқты өте тиімді және ыңғайлы болып есептелінеді. Шынында да, адамдар бірін-бірі белгілі бір дыбыстар арқылы ғана емес, қимылдар арқылы да түсінісе алады.

Қарым-қатынастағы қимылдар көрінісі өз тұрғысынан ұлттық ерекшеліктермен қатар бейвербалды амалдардың универсалды қасиеттерді білдіретіндері де аз емес. Кейбір қимылдардың қарым-қатынас кезінде жасалуы жағынан бірдей болғанымен, мағыналық тұрғысынан айырмашылығы да болады. Бейвербалды амалдардың универсалдық, ұлттық, мағыналық тұстары және ерекшеліктері мен ұқсастықтары қазіргі тіл білімінде тиісті дәрежеде зерттеліп, жан-жақты қарастырылмауда. Осы мәселе тұрғысында қарастырылған мәселелер ғалымдардың біразын осы теориялық және тәжірибелік жағынан түрлі аспектіде қызықтырады.

ХХ ғасырдың ортасында жаңа ғылым салалары өмірге келіп, кең қанат жая бастады. Солардың бірі ХХ ғасырдың аяқ кезінде қарым-қатынастағы бейвербалды амалдарды үйрететін және оны зерттейтін – паралингвистика ғылымы. Шет елге сапарға барғанда, шет тілін үйрену тәжірибесінде де қарым-қатынаста да бейвербалды амалдар үлкен маңызға ие.

Паратілдік амалдар вербалды ақпараттардың мазмұнын толықтырып қана қоймайды, сонымен бірге сөйлеушінің әлеуметтік жастық ерекшеліктері, мінез қасиеттері туралы хабар береді. Сөйлеудің вербалды жағына байланысты паратілдік амалдар үш түрлі қызмет атқара алады. Қосымша ақпарат жеткізеді. Мысалы, жағымды вербалды мәтін қайшылықты қатынастағы жағымсыз семантикалы қимылдың фонациялық сипатынан көрініс табады.

Түсіп қалған вербалды құрамдас бөліктің орнына жұмсалады, мысалы, Бізбен бірге барғың келе ме? сұрағына келіспеушілік қимылы көрсетіледі. Вербалды амалдар сол мағынаны нақтылай түсу үшін де қолданылады, мысалы, Маған ана жасыл доп керек тіркесі сілтеу қимылы арқылы жүзеге асады. Паратілдік амалдарға барлық тіл маңындағы амалдар, ал бірінш кезекте қимыл мен бет қимылы жатады. Паралингвистиканың бір саласы болып табылатын кинесика адамдардың қарым-қатынасындағы бет қимылдарын қарастырады.

Кинесика (грекше kinesis - қозғалыс) – сөйлеу аппаратының қимылдарынан басқа адам өзара қатынас жасау үшін қолданылатын барлық ым-қимылдарды (кинемалар) зерттейтін ғылым [1,174].

Қарым-қатынастағы ұлттық-мәдени ерекшелікті және универсалдылықты білдіретін бейвербалды амалдар туа біткен қатынас құралдары емес, олар қатынас жасау барысындағы қабілет арқылы пайда болған. Керісінше көңіл-күйді білдіретін кинесикалық және просодикалық (дауыс ырғағы, екпіні), құралдар туа біткен қасиетке ие.

Күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген кинемалардың универсалдылық қасиеттері де бар. Түрлі халықтар тілінде қолданылатын кинемалар бірдей мағынаға ие болса, ал кейбір тілдерде мүлдем басқа мағына береді. Осыған орай тілде ұлттық және универсалдылықты білдіретін кинесикалық, проксемикалық амалдар да кездеседі.

Бейвербалды амалдардың ішінде адамның эмоциясынан хабар беретін ым-ишараттарды да кездестіруге болады. Эмоцияларды жасыру мүмкін емес. Адамға табиғи жолмен берілген қасиет болғандықтан, эмоцияллар өз ішінде жағымды және жағымсыз эмоциялық белгілерге қарай жіктеледі. Сонымен бірге жағымды және жағымсыз ым-ишараттар өз семантикасынан қарама-қайшы мәнде де жұмсалады. Олар қолданыс жағдаятына орай бірде жағымды, бірде жағымсыз түрде қабылданады. Адамның әр түрлі көңіл-күйінен хабар беретін аталған эмоциялар қарым-қатынас барысында айқын көрініс тауып отырады.

Кәсіптік саладағы бейвербалды амалдар көптеген елдерде бірдей мағынада қолданылады. Олар универсалды кинемалар болып табылады. Кәсіптік саладағы бейвервалды амалдардың универсалдылығын білдіретін кинемалар көбінесе спорт саласында қолданылады. Спорт саласындағы қимылдардың көптеген елдерде бірдей мағынада жұмсалуы олардың халықаралық мәртебесімен тікелей байланысты.



Ым тілдерінің туыстық байланысы дыбысты тілдер туыстығымен сәйкес келе бермейді. Мысалы, ағылшын тілді АҚШ саңырауларының ым тілі Англия саңырауларының ым тіліне ұқсас емес керісінше, Канада мен Франция саңырауларының ым тіліне жақын. Дыбысты тіл мен ым тілінің басты айырмашылығы ойдың айтылып, жеткізілу тәсілінде. Ым тілінің ең шағын билатеральды единицасы, херемнен (грек. hejr, herjos - қол) құралады [2, 465].

Ым тілі қазіргі кездегі ғалымдардың зерттеуі негізінде – тілдік емес белгілер деп жазбаша беріліп, айтылып та жүр. Адамның психикалық жай-күйін білдіретін тіліміздегі амалдардың бірі - тілдік емес белгілер, яғни мұны кейде бейвербалды амалдар деп те атайды. Адамдар тек сөйлесу ғана емес бейвербалды амалдарды қолдану арқылы бір-бірімен түсінісе алады. Зерттеуші Б.Момынова мен С.Бейсембаевалар тілдік емес амалдар туралы былай дейді: «Дене тілі, ым мен ишарат – тілдің әлеуметтік, психологиялық лингвистика сынды салаларының фактілерін салыстыра, салғастыра, кешенді зерттеуге қол жеткізуге болатын, қазақ тіл біліміндегі теориялық тұғыры әлі толық. анықтала қоймаған жаңа сала [3,7].

Кейбір ым мен ишараттың тұтас сөйлем немесе сөз, фраза, орнына жұмсала беретінін ескерсек, қазақ тілінің лексикасы, синтаксис және фразеология, семантика салаларын зерттеуде әлі толық пайдаланылмаған бірақ пайдалануға тиісті материал екені айқындалады.

Қарым-қатынас кезіндегі бейвервалды амалдар барлық халықта бірдей болмайды. Олардың қолданылуы белгілі бір ұлттың, халықтың дүниетанымына, мәдениетіне сәйкес келеді. Бұл туралы Г.Н.Снасопова: «Әрине, кей жағдайда кинемалық кодтарды шешу ұлттық білім аясы негізінде мүмкін болады, себебі түрлі мәдениеттер мен инттелектуалдық дәстүрлер кинемалар төңірегінде де «өз» әлемін, «өз» тәжірибесін бейнелейді және оны түсіндіре алады», - деп түйіндейді [4,82].

Орыс тіл білімінде, психологиялық сөздікте тілдік емес белгілердің (соның ішінде мимика) үш түрін атап көрсетеді. Олар:



Біріншісі: бет терісінің қозғалысы;

Екіншісі: пантомимика, яғни барлық дене қозғалысы;

Үшіншісі: бокалды мимика, бұған дауыс ырғағы, интонация тағы басқа жатады.

Қазақ топырағында бұл терминге ең алғаш көңіл аударғандардың бірі Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев болды. Ж.Аймауытов беттің ымын – мимика, ал ымдасуды - пантомимо деп атап, олардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталады. Ол көз, қас, қабақ, мұрын, ауыз, бас, бас пен кеуде аяқ қимылдарының негізінде тілдік емес амалдардың берілуін өзіндік мысалдармен нақтылап дәлелдейді. Соның ішіндегі психикалық жай-күйлерді атап өтсек. Мысалы:



1. Беттің ымы (мимика):

а) қас-қабақ: қастың салбырауы, қабақты түю, маңдайдың тік сызықтармен қатпарлануы – бұл көңілсіздіктің, жабығудың, қала берсе ашудың белгісі.

Мысалы: Мына, Ахметтің Боранбайының қасы түйіліп, қабағынан қар жауып тұр екен.



ә) кірпік: кірпіктің қимылы көз не үлкейіп, не кішірейгенде болады. Жоғарғы кірпігін төмен түсіру – қорыққанның, қысылғанның, ұялғанның белгісі.

Мысалы: Үйдегі отырғандардың әңгіме ауаны өзіне ауғанын сезген Гауһар көзі жыпылықтап, кірпігін жоғарғы-төмен түсіріп бір қызарды, бір бозарды.



б) көзді мүлдем қысу – күлкісіз әсердің (мәселен, жылаудың) белгісі. Көз ойнақшығанда (жіті, тез қарас найзағай сықылды) адамды ашу ыза кернейді.

Мысалы: Бесіктегі баланың ашуға мінгені соншалық, екі көзін тас қылып жұмып алып ойбайлап жылауда.



в) мұрын: демді қатты алу, мұрынның түбін жиыру – ашу, ыза құбылысы.

Мысалы: Келіншектің көңілденгеніне ашуы шыққан Сарғасқа бетінің әжімдерін жиыра демін қатты алып, танауы делдиіп кетті .



г) ауыз: екі езу төмен салбырап, жоғарғы еріннің көтерілуі, жағымсыз шіміркеністің, жылаудың құбылысы; Төменгі ерінді салпитып бұртию – үрейленудің белгісі.

Мысалы: Үйлердің арасындағы ағаштар қарауытып, анталаған адамдар сияқты Жұманы үрейлендіре түсті.



2. Ымдасу (пантомимо):

а) иық: иығын төмен түсіру – қысылғандықтың белгісі.

Мысалы: Мәселенің мәнісінің бұлай болып кететінін ойламаған Жұма лажсындан екі иығын төмен түсіріп тұр.



ә) қол: қол бастың таянышы болса – мұңайғанның белгісі. Қолдар бастың, беттің түрлі бөлімдеріне, бетке не ауызға тірелсе бұл ұялғанның белгісі. Босаң, қатты жұмылған әр түрлі жұмырық (жұдырық), түю – ашудың белгісі.

Мысалы: Өзінің осы жолы қатты қателескенін сезген Оралбай екі қолымен басын сығымдап ұстап, жерге отыра кетті.

Ым-ишара, әдет-ғұрып ежелгі ата-бабаларымыздың салт, әдеп, үлгі, таным саласындағы ғасырлар бойы жинақталған, салт-дәстүрде көрініс тапқан халықтың бай қазыналары болып саналады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Тіл білімі сөздігі /Жалпы редакциясын басқарған профессор Э.Д.Сүлейменова. – Алматы: Ғылым, 1998. – 541 б.

2. Қазақ совет энциклопедиясы.Баспа орталығы. – Алматы, 1998.

3. Б.Момынова., С.Бейсембаева. Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. – Алматы: Қазақ университеті, 2003.



4. Г.Ж.Снасапова. Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» шығармасындағы кинемалардың ұлттық семантикасы. // Тілтаным. 2002. № 4.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет