Ұстаз беделі- біліктілігінде



Дата30.09.2022
өлшемі23,25 Kb.
#151254


Ұстаз беделі- біліктілігінде
(эссе)
Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын.
Ғажайып дүниенің сырын жайып,
Қияға құлаш ұрып жетеледің.....

Осы бір өлең жолдары жас ұрпаққа өнегелі тәрбие мен білім нәрін себуші Ұстаз хақында тамаша айтылған. Ұстаз болу қиындығы мен қызығы қатар, жауапкершілігі өте ауыр мамандықтың бірі. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп дана халқымыз текке айтпаған ғой. Оқу да, оқыту да оңай шаруа емес ендеше.


Жалпы ұстаз деген кім, ол қандай болу керек дейтін болсақ. Оған жауап беру де оңайға соқпасы анық.
Ұстаз биік парасатты, терең білімді, мейлінше мәдениетті, мінезге бай, ерекше еңбекқор, сана-сезімі өте терең әділетті жан болуы керек.
Алаштың ардақты ақыны М. Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсылары бас қосса, төр- мұғалімдікі», - деген екен. Өте жоғары баға беріліп, зор құрмет көрсетіліп тұрғаны анық. Мұндай дәрежеге «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші санаулылардың қолы жетері анық. Иә, мұғалім мәртебелі мамандық. «...Болмасаң да, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз, ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз»,- деп Абай атамыз айтқандай «ұқсап бағуға» ұмтылуымыз керек-ақ. Сонымен, мұғалім атына лайық болу үшін маман өте терең білімді, өз мамандығы мейлінше сүйетін, біліктілік, білімділік қасиетін бойына топтастыра білетін жан болғаны абзал. Сондықтан мамандықты таңдау жүрек қалауы арқылы болса деймін. Шала дүмбілез біліммен мұғалім болуға ұмтылу қате де, қатерлі дер едім. Шәкірттерінен білім- білігін жоғары болып, солардың қажетін қанағаттандыратындай деңгейде болсаң, мұғалім ретінде көтеріле беретіні анық.
Әрине, мұғалім болу үшін жалғыз білімділік жеткіліксіз болар еді. Мұғалім болуды қалаған екенсің, ендеше ішкі жан-дүние тазалығы, күш- жігердің болуы ұлтты, ұрпақты шынайы сүйе білу. Ең қажеттісі мейлінше еңбекқор болу дер едім. Мұғалім бойына әділдік, турашылдық, мейірбандық тағы сондай толып жатқан адами қасиеттер басым болуы шарт.
Жоқтан өзгеге ашу шақыру, шәкірттеріне кінә арту, оларды жазалауға бейім тұру ешқашан абырой әпермесі анық. Мұндай жағдайда қиыннан жол тауып, оң шешім таба білу саған деген сенім мен сыйластықты арттыра түсері кәдік.

Әрине, бір күнде ешкім де мұғалім болып қалыптаса алмайды. Алдыңғы аға буыннан үйрене отырып, өзіндік көзқарасыңды қалыптастыра алсаң жетістіктерге жетуің анық.


Сонымен менің айтарым: мұғалім болу білімділікті, біліктілікті жан- жақты болуды талап ететін өте түпсіз терең, аса күрделі де мәртебелі мамандық. Тоқ етерін айтар болсақ, мұғалім болу ардың ісі дер едім.
Қазір өркениет қарыштап дамып, қанатын кеңге жайғаны ақиқат. Ғаламдық жаһандандырудың қомағай өңешіне жұтылып кетпес үшін, бүгінгі ұстаз мейлінше сақ, жан-жақты білімді бола отырып, жас ұрпаққа дұрыс бағыт- бағдар бере алатындай деңгейде болып, ұлтты жан- тәнімен сүйетін патриот болса құба- құп болар еді. Тағы бір айтарым, әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері үшін бүгінгі күннің жауапкершілігі өте ауқымды дер едім. Ұлт болып ұйысу, тіл тазалығын сақтау, ұлттық құндылықтарды мейлінше құрметтеу, оны жас ұрпақ санасына берік енгізу, қиынның қиыны. Дей тұрсақ та соған ұмтылу керек, тіпті міндеттіміз десек артық болмас.
Келешек өскелең ұрпақтың еншісінде екені даусыз. Ал, өскелең ұрпаққа қандай мұғалім білім беру керек? Міне, бұл күн оздырмай күнделікті ойлануға тиіс мәселенің бірегейі. Жасыратыны жоқ ұлт болып қалуға деген қауіп- қатер қазір шаш- етектен.
Болашақта жас ұрпаққа білім беретін мұғалімдерді мектеп табалдырығынан дайындау артық болмас еді. Ол үшін болашақта мұғалім мәртебесін көтеру, кезек күттірмейтін іс дер едім. Себебі, білімді оқушыдан білімді маман шығатыны сөзсіз. Мемлекеттің қаржысын далаға шашпай, осындай бір киелі істерге жұмсаса деймін. Қазір де болашақта да технократиялық заман белең алғаны ақиқат. Гуманизм технократияның астында қалса ол өте қауіпті екені анық.
Тіл, Діл, Дін, Этнопедагогика болашақта да бірлікте оқытылса деген тілегім бар. Сондықтан, келешектің маманы мейлінше жан- жақты болып, жауапкершілігі өте зор екенін сезіне білу керек. Келешектің ұстазы өзі Тұлғаға айналған жан бола отырып, алдындағы шәкірттерінің де Тұлғалық қасиеттерін аша білетін жан-жақты, білімді маман болуы керек деп есептеймін.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет