Эссе
Ұстаз болу -бала күнгі арманым.
Мен Қаңтарбаева Жанар Болысбекқызы 1970 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы қазіргі Ертай ауылында дүниеге келдім.Бала күнімнен әкеме жақын болғандықтан ер мінезді,ойын ашық айтатын,көпшіл болып өстім. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап «мен мұғалім боламын»деген арманмен өстім.Ауылдағы барлық отбасындағыдай біз де бір үйде жеті бала өстік.Қарапайым трактористтің отбасында ,бір әкеміздің табысына қарап отырған біздің қалаға барамыз,қалаған оқу орнына оқуға түсеміз деген арманымыздың орындалуы да оңай бола қойған жоқ.1985 жылы сегізінші сыныпты үздік бітіріп : «Қалаға барамын, педучилищеге оқуға документ тапсырамын»деп едім ата-анам : «Қолымыз қысқа болып тұр,бір үйден төрт бірдей студент оқыту біз үшін қиындау .Оныншы сыныпты бітір,оған дейін алдыңдағы аға-әпкелерің де оқуын тамамдап қалады»-деп қарсы болды.Қайтпас қайсарлығымның осы жерде пайдасы тиді.Жинаған азғантай қаржымды қолыма алдым да ,таңертең ертемен тұрып ата-анама айтпастан жолға шықтым.Сол күні медтексеруден өтіп,құжаттарымды Жамбылдағы Абай атындағы педагогикалық училищеге тапсырып ,ауылға қайттым.Үздік оқығандықтан емтихансыз,әңгімелесумен оқуға түстім.Ата-анама салмағымды салмай,өз степендияммен оқуды ойдағыдай аяқтап,1989 жылы мұғалімдік еңбек жолымды бастап та кеттім.Герцен атындағы мектепте алғаш рет ашылған қазақ сыныбына мұғалім болып жұмысқа тұрдым.Содан бері шәкірт тәрбиелеп,ұстаздықтан қол үзген емеспін.№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясына жұмысқа 1999 жылы жұмысқа тұрдым.Әрине тұрмыс құрып,отбасылы да болдым.Жолдасым екеуміз өз үйіміз,өлең төсегіміз болса деп армандап жүріп ,ол арманымызға да қол жеткіздік.Төрт баланың ата-анасы атандық.Алланың берген сынағы шығар,2008 жылы тамыз айында жолдасымнан айырылып,төрт баламмен жалғыз қалдым. Бір жасқа жаңа толған қызымды үйде қалдырып,белімді бекем буып ,жұмысқа шықтым.Отбасының бар ауыртпашылығын көтере жүріп,сүйікті жұмысымды жасай бердім.Анам марқұм: «Мұғалім боламын деген кезде ,тағдырыңның осылай боларын сездің бе екен.Аллаға сансыз шүкір,ешкімге алақан жаймай,ешкімнен кем қылмай ,төрт балаңды асырап,бағып-қағып отырсың»-деп ризашылығын білдіріп отырушы еді.Анамның қолдауы,ата-аналарымның ризашылығы,шәкірттерімнің жетістіктері мені үнемі қайрап, алға ұмтылуыма сеп болды. Шәкірттерімнің риясыз күлкісі, жәудіреп тұрған көздері қиыншылықтарды ұмытып,шабыт алуыма көмектеседі.Дүниедегі мамандық атаулының төресі-ұстаздық десек,менің де сол мамандық иесі болуымның өзі бір бақыт.Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп,ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару-екінің бірінің қолынан келе де бермейді.Ұстаз болу-жүрек жылуын,мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту.Ұстаз болу-шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау.Ұстаз болу-жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын анықтап беру.Осы жолда менің де ізім бар екенін білудің өзі мен үшін үлкен бақыт.
Достарыңызбен бөлісу: |