Көк қырлар көз алдымда барады өсіп,
Тербетші көк бұтаңды дала-бесік. (Ж.Н. Есе ғой, жасыл самал. 1-41)
Бесігім – алтын тірегім
Айналдым бір сәт мен жерге.
Даламның алып жүрегі
Соғып тұр менің кеудемде. (С.Ж. Көктемгі дала. 1-220)
Қазақ тілінде даланы, елді, туған жерді алтын бесікке теңеу ежелден қалыптасқан. Бұл жерде де ақындар осы мағынадан алыстамай, жалпы даланы – адамзатты тербететін, әлдилейтін бесікке теңеген.
Қағаз – сұлу, қағаз – гүлдер, қағаз – жыр,
Көз алдымда парақ-парақ қағаз жүр.
Қағаз – қыздар сұлу бірақ, білдім мен:
Қағаз – гүлдің өмірі ұзақ шын гүлден. (Ж.Н. Махаббат пен сұлулыққа сенгелі. 1-56)
Бұл шумақта қағаз сөзі бейнелі түрде, жасанды, жансыз деген мағынада қолданылғанын байқаймыз. Ақын қайталау тәсілі арқылы біріншіден оқырман назарын дәл осы қағаз сөзіне аударса, екіншіден бір шумақтың өзінде бірнеше метафораны қатар қолданады: қағаз – сұлу, қағаз – гүлдер, қағаз – жыр, қағаз – қыздар. Осылайша олардың арасындағы сабақтастықты, көзге көрінбес байланыстың барын сөз етеді.
Ақындар табиғат құбылысын өлеңдерінде өте жиі қолданады. Соның бірі:
Қызғылт, сары, мың бояуға малынып,
Дала жатыр. Таң шапағы – сан үміт! (М.С.Таң. 1-14)
Ақын келер күнді жаңа мүмкіндіктерге, жаңа қызықтарға толы екенін таң шапағы – сан үміт деп суреттейді. Дәл осы күйінде қолданылмаса да, қазақ халқының түсінігінде жаңа таңның, жаңа күннің адам баласына жаңа бір үміт сыйлайтындығы ежелден жырланып келеді.
Ал келесі өлең жолында:
Дүниеге келер бір рет,
Дария – кеуде,
Тау – мүсін (С.Ж. Ауыл қарттары. 1-20), – деп жырлайды.
Бұл метафоралар да күнделікті өмірде жиі қолданылады. Қазақ халқы көңілі ашық, мінезі жайлы, құшағы кең адамдарды – дария кеудеге теңеп, өмірде өзінің орны бар, сабырлы, байсалды жандарды тауға балаған.
Сонымен қатар, поэзияда, әсіресе лирикалық шығармаларда жиі қолданылатын сөз – жүрек сөзі. Келесі өлең шумағында жүрек мынадай метафоралар арқылы берілген:
Жүрегім – түпсіз теңізім,
Жүрегім – өмір өзегім!
Жоқ демен сенің егізің
Ол – мынау жайсаң өз елім! (М.С. Жүрегім. 1-15)
Жүрек – түпсіз теңіз, жүрек – өмір өзегі, дала – жүрек егізі. Бұл метафораларды да дәстүрлі метафоралардың қатарына жатқыза аламыз. Себебі мұндай теңеулер бірнеше шығармаларда осы қалпында кездеседі.
Лирикалық шығармаларда ақындар басқа нәрсені немесе құбылысты бейнелегенде ғана емес, кейде өз тұлғасын да өзге нәрсеге теңеген кезде де метафораларды жиі қолданады. Мысалы:
Қара емен едім, жұт алды,
Бүп-бүтін болам мен қайдан? (Ж.Н. Қара емен едім. 1-57)
Сен – бәйтерек, бұтағыңмын –
Бел балаңмын, жайсың елім. (М.С. Елім. 1-16)
Сен – тау гүлі, мен – елік даладағы,
Екеумізге жол да алыс арадағы. (А.Б. Тау гүлі. 1-346)
Мен де бір гүлің едім қырқада өскен,
Өзің деп арманым жоқ шырқап өтсем. (А.Б. Туған жер. 1-33)
Бұл өлең жолдарында ақындар өздерін қара еменге, даладағы елікке, қырқадағы гүлге, елін – бәйтерекке, өзін бұтағына теңейді. Қара еменге теңеуі – оның қайыспас қайсарлықты, қырқадағы гүлге теңеуі – еркелікті, нәзіктікті, елікке теңеуі – қорғансыздығын бейнелейді.
«Метафора поэтикалық ойлау, қиял, фантазиямен тығыз байланысты. Сөз зергері дүниені ақындық ойлау тұрғысынан, суреткерлік көзбен танып біледі. Сондықтан метафора поэтикалық ойлау мен дүниені көркем танудан туындайды. Метафораның ішінде индивидуалды-авторлық және концептуалдық түрлеріне айрықша көңіл бөліп, жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Өйткені аталған метафора түрлері тілде толассыз, үздіксіз туындап отырады және олар ең алдымен ой-танымды бейнелеу, ұғымды атаумен тікелей байланысты» [30, 58-б.], – дейді К.Есіркепова. Өйткені индивидуалды-авторлық метафоралар ақынның жеке дүниетанымынан, қиялынан, өмірді қабылдауынан туындайды. Ақындарымыздың өлеңдеріндегі осындай жеке қолданыстағы метафораларды талдасақ:
Достарыңызбен бөлісу: |