Стиль мен бейнелілік ұғымдары туралы



бет27/32
Дата25.03.2022
өлшемі195,32 Kb.
#136809
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
Сыйлыгул-Диссертация

Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады. (Ж.Н. Алматы. 3-4)
Толқындар төмен қарай жөңкіледі,
Шыға алмай арнасынан күйіп-пісіп. (С.Ж. Бұлттар. 2-106)
Толқындар, толқындар,
Бұралып ару боп ақ білек. (М.С. Толқындар. 1-152)
Тербетіліп бұйра толқын жалында
Ақ тамшыға қуанасың балаша. (А.Б. Теңіздегі көңіл күй. 2-131)
Өлең шумақтарындағы толқынның бейнесін жасауда эпитеттер қолданылған. Олар – жүз толқын, қыз толқын, бұйра толқын. Бірінші жүз толқын тіркесіндегі жүз сан есімі толқынның санын емес, толассыз толқынның бейнесін көрсету үшін шартты түрде алынған. Екінші қыз толқын тіркесі – толқынның әдімілігін, сұлулығын суреттеп, үшінші бұйра толқын – толқынның сыртқы көрінісін суреттейді. Сонымен қатар, қыз толқын тіркесінің мағынасы метафора арқылы «толқындар, толқындар, бұралып ару боп ақ білек», деп берілген. Екі ақынның айтар ойы бір, ол – толқынның сұлулығын аруға, қызға теңеу, олар бек екі түрлі бейнелеуіш құралдардын пайдаланған.
Толқын бейнесін кейіптеу арқылы беруде тұншықтырып, шымшып күліп, биікке ұшып, сүйіп-құшып, күйіп-пісіп, қытықтап, жартасқа асылып, құшағы ашылып деген етістіктер де үлкен қызмет атқарып тұр:
Табиғат лирикасында жиі қолданылатын атаулар – таң мен түн. Таң – жақсылықтың, жаңа күннің, үміттің бастауы болса, түн – ойдың, тыныштықтың, әдеміліктің, сезімнің мекені. Біз қарастырып отырған ақындардың лирикасында таң бейнесі былайша суреттеледі.
Мезгіл-әже көтерді күн табағын,
Кесті сәуле жапырақты пышақтап. (Ж.Н. Шығыс жақтан келсе дағы таң күліп. 3-6)
Шыққанда көкжиектен күн жарқырап,
Шалғыннан мөлтілдейді шық жалтырап. (С.Ж. Туыстық. 1-207)
Өмірге деген іңкәрлік билеп жүректі
Ақ сәуле таңға тереземді ашам ертемен. (А.Б. Шынымды айтсам. 2-95)
Таң атуын суреттеген кезде бірінші ақынның «Мезгіл-әже көтерді күн табағын, кесті сәуле жапырақты пышақтап» деген тармағы – окказионал қолданыс. Бұл – ақынның өлең бейнелілігін арттырудағы стилистикалық тәсілі.
Сонымен қатар барлық ақын өлең шумақтарында да таң келгенде дүниенің жаңаратындығы келесі сөз тіркестері арқылы сипатталады: күннің шығуы, шықтардың жарқырап мөлтілдеуі, даланың мың бояуға малынуы, жүректі іңкәрліктің билеуі, ақ сәуле таң.
Ал түн бейнесі былайша суреттеледі:
Бауырына ап тау мен қырды түн қызғанды,
Тыныштық талды айнала қамады кеп.
Теңізде ашық жатқан жұлдыздарды
Толқындар ұмтылады жабамын деп. (Ж.Н. Бауырына ап тау мен қырды 3-9)
Түн бейнесін жасауға қатысып тұрған лексемалар: тыныштық, тал, теңіз, толқын, жұлдыздар.
Көк жиекті жастанып құлағанша,
Қалдырмаймын бітпеген жұмысымды. (С.Ж. Керек қазір. 1-216)
Бұл шумақта түннің батуы көк жиекті жастанып құлағанша деп бейнелі түрде суреттелген.
Астында мынау көк заңғар аспан-шатырдың,
Қызғалдақ өңдес қиырға күнді батырдым.
Көкорай белге көк мақпал төсеп, түн-сұлу,
Көңілімді тағы қылымсып қайда шақырдың? (М.С. Түнгі жыр. 1-175)
Келесі ақын күннің батуы кезіндегі көкжиек суретін қызғалдақ өңдес қиыр деп суреттеп, метафора арқылы аспанды шатырға, түнді сұлуға теңейді.
Ақ түндер барлық жарығын,
Аяусыз жерге төккендей.
Аққулар біткен мамығын
Осында төсеп кеткендей. (А.Б. Аққанат. 2-71)
Ал бұл шумақта ақын ай жарығын түн жарығы деп алмастыра бейнелеп, ақ түн деп эпитет арқылы суреттеп, теңеу арқылы өлеңді әсерлей түседі:
ХХ ғасыр табиғат лирикасындағы жиі қолданылатын атаудың бірі– қайың сөзі. Ақындар басқа өсімдік, тал-теректерге қарағанда қайыңды жиі жырлайды, онымен сырласады, қайыңның мұң-күйін түсінуге тырысады.
Үркітіп алдым білем бір бұтаңды –
Сыбдыра, сыбдырай ғой, күміс қайың. (Ж.Н. Есе ғой, жасыл самал. 1-41)
Күміс қайың тіркесіндегі күміс сөзінің мағынасы өзінің тура мағынасында емес, бейнелі, яғни поэтикалық мағынасында қолданылған. Түсіндірме сөздікте күміс сөзінің бейнелі сөз қолданысында беретін мағынасы – ақ шалған, ағарған. Яғни ақын қайыңның ақ пен қара араласқан сыртқы суретін күміс сөзімен жеткізген.
Ал келесі ақындар дәстүрлі түрде қолданылатын ақ қайың эпитетін қолданады:
Соқты аңызақ, түннен де сәл ығыспай,
Ақ қайыңнан ақ сәуле жарық ұшпай. (А.Б. Қайың күйі. 2-202)
Ақ қарды ауырсынып, анда-санда
Ақ қайың бұтақтары дірілдеген.
Дәл қазір ақ қайындар билеп-билеп,
Бұралып ақ төсекке құлайтындай. (С.Ж. Көкше қысы. 1-172)
Осы өлең шумағындағы «дәл қазір ақ қайындар билеп-билеп, бұралып ақ төсекке құлайтындай» деген тармақтағы кейіптеу келесі ақында да көрініс тауып, былайша жырланады:
Қайыңдар жағалай билейді жағада
Буыны сылқылдап. (М.С. Толқындар. 1-152)
Осылайша ақындар табиғат құбылыстары атауларын бейнелі қолдану арқылы халықтың немесе жеке адамның басындағы әлеуметтік-тұрмыстық хәл-ахуалды суреттейді
Табиғат лирикасында ең көп қолданыталын бейнелеуіш құрал – кейіптеу. Екінші ерекшелік – сөздердің тура мағынасынан гөрі, ауыспалы бейнелі мағынасында қолданылуы.
Табиғатқа қатысты лирикалық өлеңдер – қазақ поэзиясын мазмұн мен пішін тұрғысында байытқан шығармалар. Жаратылыстың мәңгілік қозғалыстағы бейнелерін, суреттерін адамға таныс әрі бейтаныс жырларды жырлау арқылы ақындар әсемдік әлемін кеңейте түсті.
ХХ ғасыр лирикасында ерекше жырланған тақырыптардың бірі – туған жер тақырыбы. Туған жерді суреттейін өлең жолдары:
Уа, туған жер, сенде шың да, көл де жоқ. (Ж.Н. Қошалақ. 3-12)
Жырларым сен туралы, о туған жер,
Даланың қыртысына жүр сүрініп. (Ж.Н. Өткеріп сезімді күн, төзімді айды. 4-24)
Иә, Күн-ана!
Бұлбұл түгіл, ей, Күн-ана, тіршілік
Сайраттың ау шегірткеңді жыршы ғып. (Ж.Н. Күн – ана. 2-176)
Туған далам, сенің әппақ көп құсың. (С.Ж. Туған далам. 1-210)
Мамық төсек, майса белім.
Сен – бәйтерек, бұтағыңмын –
Бел балаңмын, жайсаң елім. (М.С. Елім. 1-16)
О, менің туған мекенім.
Адамның түгіл, өзіңнің
Құсың да жыршыл екенін. (А.Б. Қызу бар екен от құмда. 2-43)
Ыстық құм, бойда бар табың,
Тамшысы мөлдір – Шалқарым. (А.Б. Шалқар. 2-130)
Туған жер, мәңгі өзіңнен,
Айыңмын әр түн айналған.
Үзілмес нәзік сезіммен
Кіндігім саған байланған. (А.Б. Қызғалдақ гүлің едім мен. 2-191)
Құшағындай анамның кеңсің керім,
Мен өзіңнен өзгені жерсінбедім.
О, кең далам, сайратқан, ерке өсірген
Отан деген ұғымым сенсің менің. (А.Б. Кең дала. 2 – 297)
Салқындап самалында самал-көлдің,
Бұла өскен баяғыдан балаң менмін.
Сіміре саумалыңды, бұл жолы да,
Сабылып, сағымды өлке, саған келдім. (Ж.Н. Салқындап самалында самал-көлдің. 3-12)
Кең жазира, көгілдір далам менің,
Бір өзіңсің сағынсам барар жерім.
Толқындарың қаныммен бірге тулап
Қолтығымнан сүйейді самал желің. (С.Ж. Туған дала, кеудемді желпіндіріп, 1-42)
Атамекен, өзіңнен алған деммен,
Алыстарға ұзауды арман көргем.
Бота көңілім бозмая іздейді енді –
Балалығым бұлдырап қалған жерден.
Беу, туған жер, бас ием!
Шыр етіп түскен шақта –
Көтеріп алған сенен үлкен емес. (М.С. Туған топыраққа тағзым. 1-159)
Боз жусан дала, бозаң қыр,
Тірлікте жоқ-ау мазаң бір. (А.Б. Боз жусан дала. 2-74)
Сәулені нұрлы жамылған,
Сән құрар мекен бол маған. (А.Б. Қызғалдақ гүлің едім мен. 2-192)
Таныс маған даламның әр дыбысы,
Көл сыбыры, жел шуы, тау күлісі.
Сен сияқты менің де бар бойымда
Шалғын иісі, гүл иісі, дәннің иісі. (Туған дала, кеудемді желпіндіріп,,42)
Бесігім – алтын тірегім,
Айналдым бір сәт мен жерге.
Даламның алып жүрегі
Соғып тұр менің кеудемде. (С.Ж. Көктемгі дала. 2-220)
Туған жер тақырыбын ашуда қолданылып тұрған сөздер мен сөз тіркестері: туған жер, Отан, атамекен, Күн-ана, бесігім – алтын тірегім, шыр етіп түскен жер, сайратқан, балалығым бұлдырап қалған жер, ерке өсірген жер, кіндік қаны тамған жер, сән құрар мекен, кең жазира, көгілдір дала, ананың құшағындай кең жер, сағымды өлке, боз жусан дала, даланың қыртысы, бозаң қыр, ыстық құм, көл, самал-көл, көл сыбыры, тулаған толқын, мөлдір тамшы, шың, тау күлісі, шалғын иісі, гүл иісі, дәннің иісі, самал жел, жел шуы, бәйтерек, майса бел, ай, мамық төсек, құс, жыршыл құс, бұлбұл, шегіртке, бұтақ, жайсаң ел.
Байқағанымыздай, туғар жер туралы лирикалық өлеңдердің көбісі арнау түрінде жазылған және ол үшін ақындар қаратпа сөздер мен одағайларды жиі қолданған. Сонымен қатар туған жер тақырыбындағы лириканың табиғатын аша түсуде эпитет, метафора, теңеу, тұрақты тіркестердің де маңызы өте зор.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет