Сөйлеу акті дегеніміз — белгілі бір қоғамда қалыптасқан сөйлеу əрекеттерінің негізгі қағидаттары мен ережелеріне сəйкес пайда болатын мақсатты сөйлеу. Прагматикадағы иллокутивті акт дегеніміз — сөйлеу актісінің мақсаты мен оны жүзеге асыру жағдайларына қатысы, перлокутивті акт — сол сөйлеу актісінің нəтижеге қатысы. Д. Серль иллокутивті актіні 5 топқа жіктейді: 1) репрезентивтер, 2) директивтер, 3) комиссивтер, 4) экспрессивтер, 5) декларативтер 1. Репрезентативтер дүниежүзінде болып жатқан жағдайлардан хабар береді. Оған жаңалықтар, болжамдар, сипаттамалар жатады. 2. Директивтер адресатты іс-әрекетке жұмылдырады. Оларға өтініш, тілек, тыйым, бұйрық, шақыртулар және т.б. жатады. 3. Комиссивтер сөйлеуші өзін міндеттемелермен байлағанда көрінеді. Мәселен, ант, сөз беру, кепіл ету және т.б.комиссивтер болады. 4. Экспрессивтер белгілі бір жағдайларға берілген жауап ретінде байқалады. Мысалы, рахмет айту, өкіну, қуану т. т. 5. Декларативтер жоғардағы төрт түрден ерекшеленеді. Мысалы, адамды белгілі бір қызметке тағайындау, партияға қабылдау, белгілі бір атақ беру сияқты жағдайларда айтылатын сөздер алынады. Зерттеу бағыты ретінде прагматика шамамен 1960-1970 жылдарда тілдің толық моделі семантикалық жағынан ғана емес, оның қызметі прагматикалық жағынан да қарастырылуы қажет екендігі белгілі болып, тілдің толық моделін жасауды енгізуден пайда болған. Осыдан тілдің семантикалық жəне прагматикалық жақтарын бір теория аумағында бірге қарастыру шарты анықталды. Прагматика термині лингвистикалық қолданысқа нақты енгенімен, оның мағынасы мен қолданысы əрқилы болып отыр. Яғни, прагматика сөзінің аясы кең, оған лингвистика саласының зерттелімдерінде шек жоқ. Қазіргі жағдайда прагматика пəнаралық мəселе аймағын да қарастырады, соның ішіне барлық лингвистикалық, лингвофилософиялық, социологиялық, психологиялық, этнографиялық бағыттар да кіреді. Прагматиканың қызықтыратын жағы, көбіне оның аясында түрлі білім саласының өкілдері арасында мағыналы диалогтың жүру мүмкіндігі туады.
Прагматикада əртүрлі бағыттың: контекстік семантиканың, сөйлеу акттің теориясы, мəтін лингвистикасы, референция теориясы жəне тағы басқалардың қарастыратын мүддесі бірігеді. Тіпті оның шекарасының кеңеюі сондай, ол стилистика, социолингвистика сияқты т.б. өзіндік тарихы бар салаларға да кіреді. Стилистикалық зерттеудің прагматикалық аспектісі эмпатияны танып білумен де байланысты. «Эмпатия» термині лингвистикаға психология ғылымынан алынған. Эмпатия дегеніміз өзге адамдардың танымдық ортасына ене білу жəне түсіну, көңіл-күйін сезе білу, қабілеті. Эмпатия (лат. Empatheia əсерлену) өзге адамдардың жан-дүниесінің сыры мен күй-жайын білу қабілеттілігі жəне оған жанашырлық білдіру. Эмпатия адам бойында жиі кездесетін, өзіндік мəн-мағынасы бар ерекше сезім. Эмпатияның айқын көрінісі – сəйкестендіру, адамдар біреулер қайғы-қасіретті жағдайлар мен қиыншылықтарға ұшырағанда, оларға жанашырлық білдіріп, солардың ауыр психологиялық жай-күйін өз басынан кешіргендей халде болуы. Прагматика сөзі тілдік таңбаларға адамның қатысын зерттеуші пəн ретіндегі көзқарас жанжақты тараған. анықтамалардан прагматиканың тілді қолданушыға қатысын зерттейтін, лингвистикалық формалар арасындағы қатынасты жəне осы формаларды қоданушыларға қатынасын, мағынаның сөйлеу ситуациясына қатынасын зерттейтін, сондай-ақ, контекстегі тілді зерттейтін ғылымның бір саласы екенін білеміз. И.П.Сусовтың берген анықтамасында прагматиканың қызметі жағынан түсінік беріледі. Яғни, ғалым прагматиканы тіл білімінің бір саласы ретінде адамның тілді əлеуметтік қатынаста жəне нақты бір жағдайларда қолданылу шартын зерттейтін, адамның сөйлеу əрекетінің грамматикасы деп тұжырымдайды. Жоғарыда айтылғандармен қоса И.П.Сусов прагмалингвистикаға сөйлеу немесе сөйлеу əрекетіне қатысты психологиялық жəне тілдік қатынастың əлеуметтік шарттына, ал негізгісі белгілі бір мақсатта, уəжі бар арнайы тілдік құралдарды адамның қарым-қатынас жасауында қолдануды қарастыратын саланы жатқызады. Қазіргі қазақ тіл білімінде де прагмалингвистика саласы да үлкен қарқынмен даму үстінде. Мəселен, З.Ш.Ерназарованың «Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісі» атты жан-жақты жазылған монографиясын қазақ тіл білімінің прагматика саласына қосылған үлкен үлес деуге болады. Сондай-ақ, М.К.Мурзагалиева, Ф.З.Жақсыбаева, Н.Е.Савчиц, Д.Б.Бекзат, С.С.Искакова, Е.Б.Тяжина жəне т.б. қазақстандық лингвистикадағы бірқатар зерттеуші мамандар өз ғылыми еңбектерін прагматика мəселесінің əртүрлі қырларынан қарастыруға арнаған.