Төменгі жақ сүйегі маңында кездесетін абсцестер мен флегмоналар Анатомиялық топографиясы: алдында — төменгі жақ сүйегінің иек бөлімі, шет қапталдарында оң және сол қос қарынша бұлшықетінің алдыңғы қарынша бөлігі, үстінде — жақ-тіласты бұлшықеті, артында — тіласты сүйегінің денесі, төменінде — мойынның меншікті фасциясы. Бұл жерде бұлшықет арасы борпылдақ клетчаткасы және 2—4 иекасты лимфа түйіндері орналасқан. Бүл аймақта іріңді қабынудың пайда болуына лимфа түйіндерінің қабынуы және төменгі күрек тістердің түбір ұшында инфекция ошағының болуы себепші деп есептеледі.
Клиникасы. Екінші иек тәрізді қатты ауыратын инфильтрат пайда болып, бет аумағы ұзарғандай көрінеді. Жалпы көрінісі онша ауыр емес. Ауыз ашу шектелмеген, ауыз қуысы түбінің шырышты қабығы өзгермеген, тек әбден асқынған жағдайда шырышты қабық домбығады, ал тері қабатында — қан кернеп қызару және флюктуация пайда болады.
Іріңді шығару үшін иекасты аймағының терісін ортаңғы сызықпен ұзындығы 2—2,5 см етіп тіледі де, қан тоқтатқыш қысқашпен тіндерді жылжытып (сырып), ірің шыққанға дейін ашады. Жараға дренаж қойып таңады.