Жасушасында Балдырға түс беріп тұратын хромотофораларының саны әртүрлі (біреу, екеу, көп) болады. Олардың пішіндері тақта, астау, білезік, дән, лента, жұлдыз тәрізді болып келеді. Балдыр өсімді (вегетативті), жыныссыз және жынысты (гологамия, изогамия, анизогамия, оогамия) жолдармен көбейеді. Бұлардың көбею органдары бір жасушалы (бұған тек хара Балдыры жатпайды). Балдырдың көпшілігінің хлорофилі болғандықтан көмірқышқыл газын сіңіріп, фотосинтез процесіне қатысады. Сондай-ақ, дайын органикалық заттарды пайдаланатын паразит түрлері де бар, бірақ бұлардың хлорофилі болмайды.
Балдырдың табиғаттағы геохимикалық рөлі кальций мен кремний айналымымен тығыз байланысты. Олардың көптеген түрі ақаба суларды биология жолмен тазартуда және бөгендердің ластануының биоиндикаторы ретінде қолданылады Балдырлы ормандар Тынық мұхит жағалауының тайыз суларында, Аляскадан Канадаға, Төменгі Колифорнияға дейінгі аралықта кездеседі. Балдырлы ормандардың негізгі таралу аймағы- жағалаудағы тасты аймақтар, ормандар әдетте 2-30 метр аралығындағы тереңдікте орналасады.