ТАҢҒажайып таңбалы тас



Дата17.12.2016
өлшемі129,68 Kb.
#4063
ТАҢҒАЖАЙЫП ТАҢБАЛЫ ТАС

Міне, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері әлі толық ашылмаған өткен тарихымыз азды-көпті түгенделіп, олжамызға марқайып, айналаға асқан құмарлықпен қарайтын болдық. Осыдан болар, талай ғасыр ашық аспан астындағы қараусыз қалған тау мен үңгір қабырғаларындағы бедерленіп, қашалып жазылған суреттер мен бел­гілерге деген қызығушылық арқылы ата-бабалардың өткен өмірі мен тіршілігінен хабардар болғанымыз. Даламыз қандай кең болса, ондағы құнды жәдігерлер де жеткілікті. Және олардың жер жағдайына байланысты өз атаулары да бар. Жамбыл ауданының батысындағы шөлейтті және жартылай шөлейтті аймаққа жататын Қарабастау елді мекенінің жазықпен шектескен Таңбалы шатқалындағы талайды тамсандырған тастағы қашалған, бедерленген (петроглифтер) қазіргі кезде туризм көзіне айналып, халқымыздың бай мұрасы ретінде алыс-жақыннан келгендердің назарына ұсынылып, “біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп ауыз толтырып айтуға, мақтанышымызға айналғаны да тәуелсіздікпен келген игілік.


Тарих өткен мен бүгінгінің арасындағы алтын көпір деп тегін айтылмаған. Осылайша ежелгі адамдардың табиғатпен ара қатынасы, тұрмысынан, өмір тіршілігінен хабар беретін жәдігерлер тас дәуірінен (палеолит) бастап, қола дәуірін қамтитынын тарихшылар айтып та, жазып та жүр. Осы мәселе жайлы ғалымдар бас қосқан жиынға да қатысқан едім.
Дегенмен Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты көне жәдігерге деген қызығушылығым осы мекенге тағы да ат басын бұрғызды. Бұған дейін Б.Аубекерова “Отчет по теме “Подготовка научно-методической документации к проекту создания музея-заповедника в урочище Танбалы” деген қомақты еңбекті парақтауыма тура келген. Өйткені, алыстағы қыстаудағы қой тастардағы жазу бала кезден таныс, әрі оны Майтөбе жайлауларындағы Керегетастан да кездестіруге болады. Ел тарихының терең тамыры болған құнды жәдігер ата-бабалардың кезінде жазба белгілері болғанының дәлелі. Осынау көне тарихымыз туралы тарихшылармен қатар кейбір көкірек көзі ояу жандар ғана білетін. Керісінше, жастар ғана емес, ересектер үшін де бағалы мұрағаттың үлкен ағартушылық мәнге ие екендігін атап айтқан парыз.
Ізгі мақсатпен Таңбалыға жол тарттық. Жол ұзақ, әрі сағым ойнаған жазықтағы бетеге мен жусанның күзгі жауыннан соң көгі көтерілгені байқалады. Қураған шидің түбі де жап-жасыл. Бір қарағанда, көктем келгендей әсерге бөленесің. Қоңыр күзде де мұндай құбылыс қайталанатынына таңдандық. Тіпті, жатаған тау гүлдері бүршік атқан. Жер апшысын қуырған автокөлік кедір-бұдыр жолды жатырқағандай, жүргізуші жылдамдықты еріксіз баяулатып келеді. Жол-жөнекей сирек болса да тау бөктерлей орналасқан малшы қыстақтары болмаса айналада ұшқан құстан басқа тіршілік нышаны білінбейді.
Бабаларымыз еркіндік пен бостандық үшін осы өлкеде жастығын ала жатып, ұрпағына мұраға қалдырғаны бүгінгі буынға да зор жауапкершілік жүктейтіндей. Қазақ халқының мақтанышы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Батыр Баян, Малайсары, Нарбота, Жәпек, тағы басқалары бүгінгі бақытты өмірдің шаңырағын көтеріп, уығын бекітуге өмірлерін арнағаны да осы сәтте еске түседі. Мұндайда ойға не келіп, не кетпейді дейсің.
Жолсерігіміз Горный орта мектебінің директоры, тарихшы, әрі туған жер жайлы әңгімемен құлақ құрышыңды қандыратын Тұрсынбек Әзімбаев және “Таңбалы” табиғи қорық-мұражайының ғылыми қызметкерлері болғандықтан жол қысқартатындай әсерлі пікірлерге ден қойдық.

– Мына оң жақтағы Бурылшоқы биігі. Мұнда Аңырақай шайқасының 270 жылдығы кезінде ескерткіш орнатылған. Әне, алыстан көрінеді. Осы жазықтағы төте жолмен жүрсек, Таңбалыға да 50 шақырым қалды, деп көңілімізді көтеріп тастады.


– Туған жердің тарихын жас ұрпақтың зердесіне орнықтыру – тарихшылар мен аға буынның міндеті. Таңбалытас жайлы зерттеулерді көп оқыдым, іздендім. Мұндағы петроглифтер 1957 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстан экспедициясының күшімен ашылған. Еліміздің тұңғыш кәсіпқой археологы Анна Максимова тарихи жәдігердің ашылуына бірінші болып үлес қосқан. Осылайша Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1052 қаулысымен 2003 жылы “Таңбалы” мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ұйымдастырылып, содан бергі кезеңде алыс-жақыннан келгендер қатары көбейді. Жүргізілген жұмыс нәтижесін қазір көресіздер, деді.
“Таңбалы” мемлекеттік мекемесі Қарабастау кентінен солтүстік-батысқа қарай төрт шақырым жерде. Қорық-мұражай 2005 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Бүкіләлемдік мұралар тізіміне “Таңбалы археологиялық ландшафты жартас суреттері” Қазақстандық номинациясын енгізу туралы сертификатты ЮНЕСКО-ның бас директоры Кончиро Мацура қорық-мұражайдың бүгінгі директорына тапсырып, оның мән-маңызына деген ықыластың жоғарылығын айқындаған екен. “Таңбалы” шатқалының аумағында 100-ден астам әр уақыттағы ескерткіштер – қола дәуірінен б.з.д. XІV-XІІІ ғасырдың ортасынан XІX-XX ғасырларға дейінгі аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас суреттері және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) орналасса, ол еліміздің ертедегі және қазіргі кездегі халықтарының тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен. Археологтардың айтуынша, Таңбалының көптеген жартас суреттері қола дәуіріндегі орталық Азияның жартастағы өнерінің бірегейлігі деуге болады. Сонымен бірге ежелгі Жібек жолының бір тармағы болғанын да тарихи орындар айғақтайды.
Қазіргі кезде Таңбалыда ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда. Қорық-мұражай ескерткіштерін археологиялық құжаттандыру, картаға, суретке түсіру, тас суреттерінің жиынтығын жасау, консервациялық жұмыстар, геологиялық зерттеулер жүргізіліп, бұл жұмыс одан әрі жалғасып, сала мамандарының қызығушылығын туғызуда.
Табиғи қорық – мұражайды тікелей құзырына алған Мәдениет және ақпарат министрлігі оның қалыптасуына көп көмек беріп, ғылыми қызметкерлермен бірге қорықшылар, инженерлер, экскурсоводтар және туристік маршруттар бойынша гидтерді біріктірген 29 адамнан тұратын штат бірлігін бөлген. Нәтижесінде Қарабастау елді мекенінің жанынан арнайы мұражай салынып, онда тастағы суреттердің нақты көшірмесі мен бейіттерді қазу кезінде табылған қыш құмыра, ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар, тағы басқа жәдігерлер қойылған. Мұнда келгендер музейді көріп, одан әрі Таңбалы шатқалын жаяу аралайды. Осылайша біз де тарихи орынға жол тарттық.
Таңбалыдағы суреттер бес топқа бөлініп, оны туристерге көрсету мәселесі қарас­тырылған. Кешеннің негізгі аумағы 3000-нан астам жартас суреттері бар жыра. Міне, осы қасиетті орында тұрмыз. Тарихшы сапарластарымыз бен Қарабастаудағы музей қызметкері Нұрахан Бақытжанов бізге әр суреттегі бейнеге байланысты әңгіме қозғады. Негізінен суреттер ата-бабамыздың ой-санасы, тіршілігі, қоршаған ортамен байланысынан мағлұмат береді. Мәселен, шатқалдағы биік жазық жартастағы “Күн құдайы” мен “Ай құдайы” бейнеленген суретте (петроглифтер) екеуін он екі жан қоршап, билеп жүр. Сурет өте анық, әрі бергі беттің өзінен де көзге шалынады. Күн мен Айға табынып, оны ұлы күш, құдірет деген адамдар санын 12 деп бейнеленуі де тегін емес. Әр мүшелді 12 жаспен түйетініміз, жылды 12 аймен атайтынымыз, әрі сол кездегі адамдардың осы санға тоқтағаны ата-бабадан бізге қалған ырым-жоралғы ма деп те қаласың. Қалай десек те екі ортада жанды байланыс бар.
Жадағай ғана жартастың бетіндегі аша тұяқты аңдардың бейнесінде жан-жағына аса сақтықпен көз тіккен арқар, киік, бұғы мен қолына садақ ұстап, аң аулауға шыққан аңшы бейнесі, тағысын тағы суреттер ертедегі адамдардың ұшқыр қиялына арқау болғандығы. Сондай-ақ бұл олардың көшіп-қонып жүргенде малды негізгі кәсібіне, күнкөріс көзіне айналдырғанының дәлелі. Тастағы жәдігерлер жадымызға осыны әкеледі. Әр тасты айналып қарап, өткеннен сыр шертетін суреттердің мазмұнының бай екендігіне таңданасың. Тағы да осы құнды ескерткіштерді зерттеудің жаңа кезеңі басталғанына қуанасың. Өйткені, уақыт табы бейнелер салынған жартастарға өз таңбасын салып, тау жыныстары жарылып, кей жерлері құмша үгітіліп тұр. Қазіргі кезде 5000-нан астам (петроглиф) тастағы суреттер паспортталып, құжаттандырылып, көшірмелері жасалғаны, әрине, бұл жұмыстың бастамасы ғана. Әлі де тиянағы келтірілетін бағдарлы істер жеткілікті.
Қорық-мұражай ашық аспан астында болғандықтан, кейбірі көмескілене де бас­таған. Суық пен ыстық, қар мен жаңбырдың әсері болғаны байқалады. Тастағы қос аяқты арбаға мінген адамдар сұлбасы да көп жайды аңғартады. Демек, тұрмыстық қажеттілікпен көшіп-қонғанда көлік ретінде оны пайдаланған болар. Өйткені, халықтың тұрақтаған мекен-жайын осы шатқалдың таулы бөлігінен кездестіресің. Жер бедеріне байланысты мұндай мекендер шектеулі алаңды ғана алады. Аумағы 300-ден 1200 шаршы метрді құраса, тастан салынған тұрақжай қалдығы мен керамикалық заттардың пайдалану мерзімі б.д.д. XІІ-X ғасырлардан бастау алғанын ғалымдар дәлелдеген. Осылайша дамуымыздың түп-төркіні мен арғы тегі Таңбалы тастағы таңғажайып суреттермен сабақтас. Арғы тегіміздің Тәңірге табынғанын, төрт түлігін өсіріп, табиғаттың тылсым сырын ашуға алғашқы қадам жасауға пейіл-ниеті болғанын көреміз. Бұл ұрпаққа қажетті тағылым, сыры терең тәлім-тәрбие бастауы.
Жермен-жексен болуға шақ қалған көне бейіттерді жоталардан да, жазық жерлерден де кездестіруге болады. Қазіргі кезде қола дәуір үлесіне тиетін бейіттер көбірек зерттелуде. Таңбалытас ІІ, ІV-V бөлігіне орналасқан бейіттер шатқалдың өн бойын алып жатыр, ол Таңбалы өзенінің оң және сол қапталын бойлай созылады. Тау етегіндегі жазықта Таңбалытас І және Қарақұдық ІІ үлесіне тиетін бейіттер бар. Олар 1957 жылы ғалым А.Максимованың жетекшілігімен толығырақ зерттелген. Бейіттердегі мола саны онша көп те емес: бес-жетіден, онға дейін. Жерлеу рәсімі нәрестенің құрсақтағы орналасуы бойынша жүргізілген деген болжам бар, әрі зерттеу кезінде бейіттен құмыра, тағы басқа құралдар шыққан. Рәсім отбасы, жеке топ бойынша да жерленгенін көресің. Ал Таңбалытас І, ІV, V, ІІ-дегі бейіттер аумағы 250-400 шаршы метрден аспайды.
Қола дәуірінің бейіттері екі топқа бөлінеді: терістігі шатқалдың аузында болса, оңтүстігі жазықтың кеңейер тұсына таман. Шатқалдың оңтүстік жағында Таңбалытас VІІ-нің қола дәуіріне келетін бейіттер орын тепкен. Ал ертедегі мыс дәуірінің үлесіндегі бейіттер шатқалдың өнебойынан табылатыны ғалымдар зерттеуінде айтылған.
Жиырма-отыз моладан құралатын ірі бейіттер жота етегіндегі жазықта кездеседі, жекелеген қорғандар тобы таулы аймақтан бір шақырымдай жердегі қашықтықта. Кей жағдайда тасты-батпақты қорғандардың топ болып кездесуі де байқалады. Олардың диаметрі 15-20, ал биіктігі 1-1,5 метр болып келеді. 1957 жылы Таңбалытас ІІ-ден табылған “мұртты қорған” да бар. Бұндай қорғандар негізінен, Орталық және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде кездескен, ал Жетісуда ескерткіштің бұл түрінің кездесуі тек Таңбалытаста ғана екендігін ғалымдар атап айтады.
Шатқалдың жоғарғы жағындағы қорған бейіттер ұсақ топқа бөлініп, жер бедері бойынша әртүрлі орналасқан. Көп жағдайда таулы аймақтағы бейіттер көне мекен-жайлармен көршілес келеді екен.
Қорған бейіттерінің көпшілігінің мәдени-хронологиялық кезеңі әзірге аз зерттелген­діктен, толық белгілі бола қойған жоқ. Мұның кейінгі кезеңдердегі ескерткішке қатысы көп. Ал 1957 жылы А. Максимованың зерттеуіндегі қорытындыға сүйенсек, бейіттердің бірнешеуі біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырға және біздің дәуіріміздегі І ғасырға қатысты болып келеді де, сақтар мен үйсіндердің мәдениетін көрсетеді. Ал Таңбалытаста түріктік кезеңнің орта ғасырлық жерлеу рәсімдерін көрсететін бейіттер айқындалмаған. Қарақұдық І учаскесінде, яғни Қарабастау ауылының терістік батысында мұсылмандар бейіті зерттелген, оны Максимова XІV-XV ғасырлардың еншісіне жатқызып, бағалайды. Бәлкім, осы бейіт Моғолстан мен Қазақ хандығының құрылу кезеңіне қатысты болар деген болжам айтылады.
Таңбалыдан әріректе Қопалы деген екі жағы құз жартас, биіктігі 20-25 метр болатын сай бар. Осы мекенде 1958 жылдары Қастек қой зауытының малшылары қыста кәдімгі төрт қанат киіз үйде қыстап, мал бағатын. Сайдың ішіндегі кереге тастарды қашап, аумағын үлкейтіп, ықтасын жасаған үңгір қабырғалары да жоғарыда айтып өткендей суреттерге толы. Осындай әлі де беймәлім жайларды еске алсақ, осы өңір, Таңбалы шатқалы ғылыми жағынан толық зерттелмегенін ашық айтуға тиіспіз. Жаңағы үңгірді қашау үшін қаншама күш, құрал-жабдық қажет екені айтпаса да түсінікті. Демек, Таңбалытас талай дәуірлерден бізге жеткен құнды тарихи орын, жәдігер, салт-дәстүр, мәдени құндылықтар жалғасы.
Көргеніміз бен көңілге түйгеніміз жайлы ойымызды “Таңбалы” мемлекетік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражай директоры Сабырәлі Кемелбаевпен бөлісіп, алдағы жоспарлары жайлы пікірлестік. Бірден жинақталған құжатымен таныстырған басшы әңгімесін жалғастырып әкетті.
– Таңбалы – аялап, қадірлейтін киелі мекен. Өйткені, ол келешек ұрпаққа ұлы рухтың мәңгілік символындай өткен мен бүгінгінің арасын жалғап жатқан ашық аспан астындағы тарихи құнды “кітап”. Мен өзім кезінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты басқармада жұмыс істедім. Алғаш аталған мұражайға қатысты құжаттарды реттестіріп, дайындауға қатыстым. Осының бәрі Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында қолға алынғанын атап айтқым келеді. Сол кезден бері мекеменің басшылығы маған тапсырылып, ауылға атбасын бұруыма тура келді.
Қазіргі кезде Таңбалы аумағында 3800 гектар жер Үкіметтің қаулысымен визит – орталығы, мұражай салу мақсатында 24 гектар жерді пайдалану үшін заңдастырылды. Бас кеңсе Ұзынағаш ауылы Абай атындағы көшедегі еңселі көп қабатты үйден берілді. Осылайша халқымыздың өткен тарихы мен бай мәдениетіне қатысты маңызды мәселенің бірден шешілуі біздің құлшынысымызды арттыра түсті.
Аталған министрлік мұражайдың бүгінгі қалыптасуына ерекше қамқорлық көрсетіп келеді. Кеңседе есепшілер мен ғылыми қызметкерлер жұмыс істесе, қорықшылар, экскурсоводтар мен басқа да мамандар қорық-мұражайда туристік маршруттар бойынша келгендерді қабылдап, туған өлкенің өткенінен әсерлі әңгіме өткізеді. Соңғы кездері жергілікті жердегі мамандарды үйретіп, қатарымызды толықтырдық. Жаңа ғана өзіңізбен сөйлескен ғылыми қызметкерлер солар, деді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ЮНЕСКО-мен келісімге отырып, осыған орай Норвегия үкіметі тарапынан қорық мұражайға айтарлықтай көмек жасалуда. Нәтижесінде екі жақты ғалымдардың қосылуымен тың ұсыныстар жүзеге асып, менеджмент-жоспар Париждегі штаб пәтерге жіберіліп, Таңбалының мәдени құндылығына байланысты шешім қабылданғанын да басшы мақтанышпен ортаға салды.
Қорық-мұражайдағы суреттер бес топқа бөлінсе, оны көруге келгендерді шағын топпен апаруға арнайы автокөлік бөлінген. Негізінен мұндағы жұмыстың ғылыми негізде болуына назар аударылуда. Қазірдің өзінде Таңбалыға келгендер саны мыңдап саналады. Олардың қатары да әр алуан. Жақында ғана көршілес Қытай елінен келгендер қорық-мұражайдағы суреттерге қызығушылығын танытқан. Қарабастау елді мекеніндегі бас кеңседе келгендерді қарсы алып, одан әрі тау шатқалына жаяу сапарлары жалғасады.
Таңбалыдағы мұражай ғимаратында спутниктік байланыс орнатылған. Қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтармен, қорықшылар дүрбімен, мініс аттарымен қамтылған. Ашық аспан астындағы тарихтан сыр шертетін құнды мұрағаттармен келушілерді таныстыру мақсатында көрнекі құралдар шығарылса, ұжымның тиянағын келтірер жұмыстары әлі алда. Өйткені, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Рославль кеңшарының мал қоралары мен үйлерін салуға осы мекеннің тастары пайдаланылған. Заңсыз салынған құрылыстарды бұзған кезде құнды жәдігерлері бар тастар табылып, ол қайтадан қорғауға алынуда. Оның біразы мұражайға қойылыпты.
“Таңбалы” мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы Алматыдан 200 шақырымға жуық. Алматы-Бішкек бағытымен баратын автокөлік жолының біраз бөлігі жақсы болғанымен, дені – таптаурын жылдамдықты үдетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан екі арадағы уақыт үш сағаттан астам. Мұражай аумағында жаяу жүретін туристік маршруттың ұзақтығы 900-1900 метр, ал көру мерзімі үш жарым сағатқа жуықтайды.
Таңбалыда болған және ондағы қолға алынатын жұмыстар жайлы аудан әкімі Ләззат Тұрлашев та өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, алдағы уақытта музейдің айналасын көркейтумен бірге туристерге көрсететін қызметті жақсарту, ұлттық мәдениет, салт-дәстүрге байланысты мәселелердің де шешімін табатынын жеткізді.
Қорық-мұражайға аудандағы мектеп оқушыларынан бастап, жергілікті халықтың өзі қызығушылық білдіріп, жиі экскурсияға шығып тұрады. Алғаш Аңырақай шайқасының тарихына байланысты да Қарабастауда белгі орнатуға белсене қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты Марат Мырзағалиев талай жұмысқа ұйытқы болған. Ал, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, магистрант Жанна Далабаеваның ғылыми еңбегін осы өңірдің тарихын зерттеумен байланыстырғаны да қуантады.
– Таңбалының тарихын нақты хронологиялық түрде бір арнаға түсіруге мүмкіндік туды. Бұл еліміздің тарихы. Қазақ педагогикалық және Целиноград педагогикалық институттары тарапынан құрылған экпедициялар А.Марьяшев пен А.Рогожинскийдің жетекшілігімен Таңбалытастағы І,ІІ,V орындарды зерттеп, қола дәуірінен жеткен көне жәдігерлердің сыры ашылған. Басталған жұмыс жалғасын табады. Бүгінгі музыка, ән әлемінен өзіндік бағасын алған “Азия дауысы” фестивалінің эмблемасы – “Күн шашақты Тәңір” таңбасы да осы жердегі таста бейнеленген. Осы жәді-герлерді тамашалап, туған халқымның тұнық тарихына бас идім, дейді жас ғалым.
Ең бастысы, үш мың жыл бойы тарихи мәнін жоғалтпай келе жатқан петроглифтер кешеннің ең маңызды буыны болып саналады. Ал оның шатқал шектелген жерде орналасуының өзі де тау бедеріне байланысты, петроглифтерді жасаушылар аспан астындағы жартасты өте шеберлікпен пайдалана білген. Соған қарағанда, Таңбалытас қасиеті де адам мен табиғаттың бірлескен еңбегінің жарқын көрінісі. Мұның өзі адамзат қоғамының табиғи жағдайымен үндестік тауып келе жатқан эволюциясы десек қателеспейміз.
Қасиетті орынның алғашқы реңі қола дәуірдегі петроглифтер сериясымен ерекшеленеді. Оның өзі техникалық-көркемдік тәсілдері ерекше, суреттерде тереңдеп ою, көлем үлкенділігі бойынша да, стильдік және иконографиялық тәсілді табанды түрде қолдану бойынша да, сол сияқты бейнелеу тәсілінің ерекшелігі бойынша да таңдандырады. Аталған ерекшеліктердің өте шеберлікпен жымдасуы Таңбалытаста алғаш рет ашылған петроглифтер сериясының маңыздылығын айқындайды.
Нақ Таңбалытас кешенінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы қола дәуірінен белгілі жартастық өнер туындылары шоғырланған. Негізгі кейіпкерлерді бедерлеу тәсілі қола дәуіріндегі тайпалардың мифологиялық концепциясы болғандығын дәлелдей алады.
Орталық Азиядағы алғашқы қауымдық дәуірдің мәдениетін білдіретін Таң­балытастың ерекшелігі де сонда, ол мифологиялық кейіпкерлермен қатар, белгілі бір жазу әдісін қолдана отырып, қола дәуіріндегі дала тайпаларының тілдік пантеонын да бейнелейтіндігі. Өлкенің көне мәдени байлығымен туристерді кеңінен таныстыру үшін ағарту, білім беру және ұйымдастыру қызметтерін ұштастыру арқылы ғана жүргізуге болатынын ұжым қызметкерлері басты мақсат етуде. Осы өлкетану жұмысына жастарды кеңінен тартып, көне мәдениет туралы білімді мектеп қабырғасында алып қана қоймай, білуге деген құштарлықтарын ұштастыра түсу парыз. Ол үшін үнемі ізденіс, екі жақты жанды жұмыс, байланыс қажеттігі туындайды.
Сапар барысында “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясы Жамбыл аудандық филиалы төрағасының орынбасары Балтабек Досмұхамбетов бастаған ағайынмен Таңбалытас шатқалындағы биікке партияның туын тігіп, жастардың туған жер мен оның тарихына деген қызығушылығын тудыру мақсатындағы іс-шара барысында кездестік. Олар да аспан астындағы мұражайға деген өз пікірлерін білдіріп, оған аса құмарлықпен қарайтындықтарын жеткізді.
Тарихи орыннан ұзаған сайын таңғажайып сырға толы Таңбалытас бізден алыстай берді. Бірақ біздің көңілімізде одан алған ыстық әсер, туған жердің тұнған сырына деген іңкәрлік пен оның ертеңіне деген алаңдаушылық көкейден берік орын алғандай.

Авторы: Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет