Байланысты: Тағайбекова Дариға Сірнебайқызы «Адам және жануарлар физиологияс-emirsaba.org
4. Ес және оның түрлерi. Ес дегеніміз мидың тіршілік әрекеті үстінде жинақталған тәжірбиені сақтап, жаңғыртуды, пайдалануды қамтамасыз ететін қасиеті. Ес арқылы организмнің өмірлік тәжірибесі байиды және ол пайдаға асырылады. Ес арқылы үйрену, жаттығу процесі жетілдіріледі және сыртқы орта жағдайларына бейімделу нақтылана, жақсара түседі.
Естің үш түрі болады: қысқа мерзімдік, аралық және ұзақ мерзімдік. Нерв жүйесі қабылдаған хабар алдымен қысқа мерзімдік ес түрінде бекітіледі. Одан әрі ол шапшаң (бірнеше секунд ішінде) жойылады немесе, аралық ес түрінде еске қалдырылады. Аралық есі хабардың бірнеше минут немесе сағат сақтауға мүмкіндік береді.
Егер оқиға маңызды болса және белгілі эмоция тудырса, онда ол көп уақытқа сақталуы үшін ұзақ мерзімдік еске айналып тіпті өмір бойы сақталады.
Есте қалдыру механизмі, оның физиологиялық негізі әлі қүнге дейін толық анықталған жоқ. Қысқа мерзімдік және ұзақ мерзімдік есті бекіту, сақтау, қамтамасыз ету механизмі әр түрлі болады деген болжам бар. Жоғары сатыда дамыған жануарларда жаңа хабарларды «жазып алуды», оны бұрынғы мәліметтермен салыстырудағы және ұзақ мерзімдік еске айналдыру процесін гиппокамп атқарады. Ұзақ мерзімдік есті сақтау және қайта жаңғырту процестерін ми қыртысының самай бөлігі нейрондарының қызметімен байланыстырады.
Әсерді қысқа мерзімге сақтап қалу үшін тиісті нейроңдарға импульстердің бір сериясының келуі жеткілікті болуы мүмкін; Осының нәтижесінде иондық арналар қызметін реттеу механизмі өзгереді. Мәліметті аралық есте сақтап қалу үшін қозудың біраз уақыт (оншақты минут бойына) нейрондар тізбегінде айналуы, жаңғырығуы (реверберация) қажет. Ал ұзақ мерзімді ес орталық нейрондарда жүретін құрылымдық және функциональдық өзгерістермен, атап айтқанда нейрон аралық синапстық байланыстың күшеюімен, синапстық беткейдің (жанасу беттерінің) кебеюімен, ПСП деңгейінің өсуімен, постсинапстық мембрананың медиаторға сезімталдығының жоғарлауымен байланысты. Синапстардың пайда болуы, қалыптасуы белок синтезінің, РНК қызметінің күшеюі негізінде жүреді. РНК қызметі мен белоктардың синтезін тежеп тастау ұзақ мерзімдік естің қалыптасуына мүмкіндік бермейді.
Ұзақ мерзімдік ес мәліметін кез келген мерзім аралығында сақталуын қамтамасыз ете алады. Мәлімет ізінің уақыт өткен сайын нығаюын және жаңа мәліметтер қосылғанның өзінде жоғалмай сақталуын қамтамасыз ететін процесті, басқаша айтқанда мәліметтің қысқа мерзімдік естен ұзақ мерзімдік еске көшуін бекіту (консолидация) деп атайды.
Естің физиологиялық механизмі туралы қазіргі кезде көптеген болжамдар мен теориялар бар. Жалпы, мида қалыптасатын уақытша байланысты естің негізінде жататын күрделі физиологиялық процестің бір көрінісі деп алуға болады. Морфологиялық мәліметтерге қарағанда мида нейрондардың тұйықталған тізбегі болады және осы тізбекті бойлай импульстер ұзақ уақыт бойына еркін айналып жүре алады. Осы негізде қысқа мерзімдік естің физиологиялық мәнін түсіндіру үшін реверберация (жаңғырығу) теориясы ұсынылды. Бұл теорияға сәйкес мәлімет тұзақ деп аталатын нейрондар тізбегі қызметі арқылы сақталады. Бұл тізбектегі бір нейрон қозса ол келесі нейронды қоздырып, тізбектелген процесс басталады да, бұл импульстер аксон бүйір тармақтары немесе аралық нейрондар аксондары арқылы алғашқы торшаға қайта оралады. Осы процесс жалғаса береді де, сақина сипаты байланыс түзіліп, қозу импульсі оны бойлай ұзақ уақыт айналып жүре береді. Қозу реверберациясын тудыратын мұндай әсерлер көп қайталанса, әр айналым сайын есте қалған із нығая түседі. Әсердің қайталануы тоқтаса, немесе тізбектегі бір нейронда тежелу басталса ревербация да тоқтайды.
Қысқа мерзімдік естің механизмің түсіндіру үшін электрондық теория да ұсынылған. Бұл теорияға сәйкес нерв импульстері синапстар арқылы өткен кезде өзіндік құбылыстар туындап, электрондық потенциал пайда болады. Осының нәтижесінде белгілі синапстар арқылы импульстердің өтуі ұзақ мерзімге (бірнеше минут, тіпті сағатқа) жеңілдетіледі.
Қазіргі кезде ұзақ мерзімді естің механизмін түсіндіру үшін де бірнеше теория ұсынылған. Олардың бірі синапстарда жүретін күрделі морфологиялық өзгерістерді негізге алса, екіншісі — биохимиялық өзгерістерге сүйенеді.
Анатомиялық теория бойынша мәліметті қабылдап, сақтау процесі нейрондар өсінділерінде жаңа терминалдар пайда болу арқылы, олардың пішіндері мен көлемінің өзгеруі, дендриттер бүршіктерінің — тікенектерінің өсуі, көбеюі нәтижесінде жаңа байланыстардың пайда болуы арқылы іске асады.
Глиялық теория ұзақ мерзімдік есті нейрондарды қоршай орналасқан глиялық торшалардағы өзгерістермен байланыстырады. Глия торшаларында түзілетін ерекше заттар синапстардан қозудың өтуін жеңілдетеді, нейрондардың қозғыштығын жоғарылатады, олардың дендриттерінің тарамдалуын және олардың бойындағы тікенектердің ұзаруын қамтамасыз етеді. Мәлімет ізін сақтау және жаңғырту үшін арнаулы белоктар қажет деген де болжам бар.
Ес туралы мағлұматтар негізінен маймылдарға, немесе миында патологаялық процесс дамыған адамдарға жүргізілген бақылаулар негізінде жинақталған. Үй жануарлары жайлы мағлұматтар өте аз және де оларды приматтармен салыстыру өте қауіпті, қате пікірлер туғызуы мүмкін. Дегенмен, ірі қара мен жылқыға ұзақ мерзімдік естің тән екені жайлы деректер бар. Олардың жақсы қалыптасқан қимыл-қоректік рефлекстерді 6 жылдан астам уақыт сақтайтыны белгілі. Жылқы жүрген жерін, жолын өте жақсы есте сақтай алады.
Барлық жануарлар уақытты жақсы бағдарлайды, сондықтан олар күн тәртібіне тез үйренеді, азықтандыру, сау мерзіміне оңай бейімделеді. Құстарда ұзақ мерзімдік ес нашар дамыған, олар өзі жүрген жерді есте сақтай алмайды. Торайларда да ұзақ мерзімдік ес нашар дамыған.