ТАҢы ерте ататын ел



Дата12.03.2018
өлшемі182,99 Kb.
#38723

ТАҢЫ ЕРТЕ АТАТЫН ЕЛ


Егемен Қазақстан, 28 Сәуір 2010 | Әлем



Корея Республикасында Қазақстан жылының ашылу салтанаты өтті

Қазақстан мен Корей елі арасындағы қарым-қатынастың өрбігеніне де біраз жылдың жүзі болды. Сол байланыстың жыл өткен сайын нығая түсуінің бір көрінісі ретінде Сеулде өткен Қазақстанның Корея Республикасындағы жылының салтанатты түрде ашылуын айтсақ та жеткілікті.

Бұл шараны өткізуге ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастауымен 150-ден астам адам барған болса, осы топтың құрамында Сеулге алдын ала жеткен біз оның өте жоғары деңгейде өтуіне корей ағайындардың аса ынталы болғандығын, күн-түн демей дайындық қамында жүргендігін айта кетсек дейміз.

Қазақтың сан-салалы өнері мен мәдениетін осындағы жұртшылыққа жан-жақты таныстыруды, екі ел ара­сындағы рухани байланысты кеңейтуді көздеген бұл шара Сеулдегі “Хуам Арт Холл” мәдениет орталы­ғында өтті. 1985 жылы тұңғыш рет өз есігін ашқан осы орталықтың бас режиссері Пак Хе Вонның айтуынша, екі ел арасындағы осынау мәдени байланыстың бастамасы ел өміріндегі елеулі оқиға. Сондықтан да екі ел арасындағы байланыстың нығая түсуіне азды-көпті еңбек сіңіру өзі үшін зор бақыт.

Ресми шараның ашылу салтанатына жиналған қауым алдымен осы орталықтың фоэсінен “Қазақстан – Еуразияның жүрегі” атты фотокөрмені тамашалады. Фотокөрмеден Қазақстан­ның саяси-экономикалық тынысын (оның ішінде Корея Республикасының президенті Ли МNн Бактың өткен жылы Астанаға барған сапарын баяндайтын көріністер де қамтылған), жас Ас­тананың бүгінгі салтанатын, сондай-ақ қазақтың бай мәдениетін, сұлу табиға­тын, дархан даласын, ғылым мен білім жетістіктерін, Қазақстанды мекендейтін халықтар бірлігін паш ететін көрініс­терді көріп, Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігінің қаншалықты көрікті екенін, келешегінің бұдан да қуатты болатынына көз жеткізген корей аға­йын­дар осы фоэдегі “Ұлы даланың асыл мұралары” көрмесі­нен де көп ой түйгенін бізбен тамсана бөлісіп жатты. Бұл көрмеге қойылған экспозиция­лардың ең бастысы – Есік қорғанынан табылған “Алтын адамның” киім-кешегі мен қару-жарағындағы өзгеше өрнек, ешкімді қайталамайтын қайсар жауынгердің салтанаты қазақтың арғы тегі осал болмағандығын ондағы жұртқа паш еткені анық. Сондықтан да шығар, Президенттік мәдениет орталы­ғының қызметкері Жансұлу Махамбет­шинаға осы жәдігер жөнінде сан алуан сұрақтар берушілер қатары мол болды. Оның қызығушылық білдіргендердің бәріне жауап беруге үлгермей жатқанын көріп, Алтын және бағалы металдар музейі директорының орынбасары Олжас Баймұханов пен экспозициялар мен көрмелер ұйымдастыру тобының жетекшісі Қанат Шоман да аянып қал­ған жоқ. Көз арбаған “Алтын адамның” Алматының түбіндегі Есік қорғанынан 1969 жылы табылғанын, А.Танабаев бастаған топтың реставрациялауынан өткен бұл бағалы жәдігердің бүгінде жер шарының біраз елін, атап айтқанда Германияда, Араб елдерінде, Лондонда және т.б. мемлекеттерде болып көпші­ліктің көзайымына айналғанын егжей-тегжейлі баяндап жатты. Сон­дай-ақ осы көрмеге қойылған Шіліктіден, Берел­ден, Жалаулыдан табылған ежелгі сақ дәуірінен сыр шертетін 4 мыңнан астам алтын бұйымдар арқылы қазақ даласы­ның қойнауы тұнып жатқан тарих екендігіне сондағы ағайындар осы азаматтардың жүйелі әңгімесі арқылы қаныға түсті десе де болады.

Қазақстан өнер шеберлерінің кон­церті осы орталықтың 643 орындық концерт залында өткен. Қазақтың қызыл­ды-жасылды ою-өрнегімен өзгеше құлпырған сахна шымылдығы ашылғанда бейнебір көктен күміс шашылғандай айнала көз қарықтырар әсемдікке бөленген. Көктен күміс шашылғандай деген теңеуді бұл жерде біз тек әсірелеу үшін айтып отырғаны­мыз жоқ. Шын мәнінде сахнаның қазақтың жанына етене жақын күміс тәріздес түспен көмкерілгенін, соған орай залдың ішінде күміс ұшқындап тұрғандай әсер еткенін айтып отырмыз.

Концерт алдында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли МNн Бак сөз сөйлеп, екі ел арасындағы экономикалық, рухани байланыстардың алдағы уақытта барынша нығая түсетініне сенім білдір­ді. Бұл жөнінде газетіміздің басшысы Сауытбек Абдрахмановтың мақаласында егжей-тегжейлі айтылғандықтан, оны қайталап жатуды жөн көрмей отырмыз.

Сонымен концерттің беташарын Сүгірдің “Бозінгенімен” Нұрғиса Тілен­диевтің қос перзенті, яғни Дінзухра Тілендиеваның дирижерлік етуімен “Отырар сазы” оркестрі ашты. Әне, ұлы даланың төсін қақ жарып жүзіп келе жатқан аруананың үні мен самал желдің сыбдыры бір бірімен біте қайнасып, осы байтақ даланың төл перзенті қазақ деген қайсар халықтың жомарт жүрегінің лүпіліндей күй тілінде күмбірлеген. Музыкаға тілмаш­тың керегі жоқ деген сөз рас-ау. Бұдан кейінгі Рамазан Стамғазиевтің орын­дауындағы Біржан салдың “Он сауса­ғын да”, Талғат Мұсабаевтың орын­дауын­дағы Балуан Шолақтың “Сұрша қызын да”, Майра Мұхамедқызының шырқауындағы қазақтың халық әні “Қарағым-айды да”, Нұрлан Бек­мұхамбетов айтқан Абайдың “Көзімнің қарасы” әнін де корей жұртшылығы өзгеше ықыласпен қарсы алды. Мұндағы жұртшылық та қазақ сияқты ішкі сезімі жүзінде жазулы тұратын халық па деп қалдық. Содан да олар­дың аямай шапалақ ұрумен қатар, бір біріне әлденені айтып риза кейіппен бас шұлғысып жатуын өнер құдіретіне бас июі деп қабылдадық. Жалпы, бұл кеште орындалған әрбір ән мен күй, би жұртшылыққа мейлінше қазақтың жан әлемін жайып салды десе де болады. Әсіресе, Астанадағы Қазақ музыка академиясының оқушылары, балғын күйшілер Берік Балтабеков, Алмас Асылбеков, Құрметбек Бауыржан, Нұрәділ Бармақов ортаға шығып, күйден шашу шашқанда көрермен қауым өз әсерлерін ірке алмай, қайта-қайта қол соғып, оларды сахнадан жібергісі келмеген. Кейіннен бізбен жолық­қан сондағы ағайындар алдымен осы балаларды тілге тиек етіп, олардың орындау шеберлігімен қоса, “міне, қазақ деген осын­дай болады” дегендей жүздеріндегі жігерге, өрлікке толы алапат құбылысқа қызық­қан­дарын жасырмады. Расында да осы балалар­дың сахнада барынша айбаттанып, бар өмірдің тынысы осы қос ішекте өріліп жат­қандай жұртшылықты еріксіз баурап ал­ғанына өзіміз де еріксіз сүйсінген едік.

Жалпы, осы кеште өнер көрсеткендердің ешқайсысы да құрмет пен қошеметтен кенде болмады. Осы жолы қазақтың төл өнерімен қатар Л.Минкус, Л.Делиб, А.Вивальди, П.Чайковский, С.Кардилло, П.Сарасатте, Ш.Гуно, Л.Денца сияқты әлемге танымал композиторлардың да шығармалары орындалды. К.Байсейітов атындағы Ұлттық опера және балет театрының камералық оркестрі (дирижері Айдар Абжаханов пен Абзал Мұхитдинов) шығарманың реңкін барынша байытып, ішкі иірімін жарқырата ашып көрермен көңілінен шықты. Осы оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтқан Нұржамал Үсенбаева, Жаннат Бақтай, Медет Шотабаев, Андрей Трегубенко, Азамат Жылтыркөзев те еліміздің талантты адамдарға мейлінше бай екенін, олардың әрқайсысы жұрт жүрегін жаулап алған танымал орындаушылардың қай-қайсысы­мен де кәсіби шеберлігі жағынан иық тірестіре алатынын паш етті.

Осы жерде ерекше бөліп айта кететін жәйт, Қазақстандағы Корей музыкалық театры әртістерінің орындауындағы корей халқының “Дала жаңғырығы” атты биі мен “Отырар сазы” оркестрінің орындауындағы “Ариран” атты ән де сондағы жұртшылық үшін өзгеше сый болды. Иә, олар үшін бұның өзгеше сый болатындай да жөні бар. Тарихына үңілсеңіз, корей халқы да талай зұлматты бастан кешірген халық. Сондай кезеңнің бірінде олардың бір бөлігі Қазақ­станға келіп пана тапты. Қазақтың жомарт құшағында өсіп-өніп, бақуатты тұрмыс кешумен қатар ұлттық мәдениетінен де қол үзбей отыр. Бұл сөзіміздің бір дәлелі ретінде Алматыдағы Корей музыкалық театрының тыныс-тіршілігін айтсақ та жеткілікті. Мұндай театр әлемде корей елінен кейін тек біздің елімізде ғана бар. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіретін корей мәдени орталығының филиалдары еліміздің әр аймағында жұмыс істейтіні тағы да өз алдына бір әңгіме. Әрине, мұның бәрінен мұндағы жұртшылық бүгінде толық хабардар. Корея Республикасының Прези­денті Ли МNн Бактың осы жиын үстінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа және барша қазақ халқына рахмет айтуы жайдан-жай емес. Қандастарын паналатумен қатар, олардың өнері мен мәдениетінің барынша гүлденуіне жағдай жасап отырған елімізге деген шынайы алғысы десе де болады.

Бір қызығы, көпшілік концерттен кейін де уақыттың біраз болғанына қарамастан, бет-бетіне тарамай, әлгінде ғана тамаша­ла­ған көрмені қайтадан аралап көре бастады. Мұның өзі де, әрине, қазақ өнері мен тарихына деген қызығушылықтан туғаны анық. Расында да бұл ойымыз бізді алдама­ған екен, осы тұста өзіміз жолыққан адамдардың ешқайсысы да сырт берместен, өз әсерлерін бізбен бөлісуге асыққан. Енді сол өзіміз тілдескен бірқатар адамдарға сөз кезегін берелік. Міне, бір топ жастарға әлденені жігерлене әңгімелеп тұрған адамға жақындап келеміз. Ол өзін таныстырған бойда орыс тілінде сөйлеп кетті.

– Мен осы Сеулдегі Хан-Кук универ­ситетінің профессорымын. Аты-жөнім Ге Ен Банг. Орыс тілін жақсы білемін. Ал мына жастар менің шәкірттерім. Шынымды айтсам, мына көрме мен қазақ өнерінің кеші маған керемет ұнады. “Алтын адам” мен қазақ жерінен табылған құнды бұйым­дарды көріп, тіпті таңғалғанымды жасыра алмай тұрмын. Қызыққаным соншалық, Қазақстан тарихын енді тереңірек тануға, оны зерттеуге бекем бел байлап отырмын. Фотокөрмеден көрген бүгінгі қазақ елінің әсем көріністері де өзімді еріксіз еліктіріп әкетті. Мен ғана емес, шәкірттеріме де бүгінгі кеш ұмытылмастай әсер сыйлады. Әсіресе, кішкентай домбырашылардың өнерлері бәрімізге де ұнады. Оларды өнер құдіреті асқақтатып, көз алдымызда биіктетіп жіберді. Кішкентай балалары мұндай болса, қазақ тегінде өнерпаз халық екен-ау деген ойға қалдым. Концерттен тағы бір түйгенім, қазақ өнері шын мәнінде сан қырлы екен. Бірінен бірі өтеді. Біз бүгін Қазақстанда тұратын қандастарымыздың өз өнерін өшірмей жүргеніне де куә болдық. Оған барынша жағдай жасап, қамқорлыққа бөлеп отырған қазақ еліне өз атымнан, барша жерлестерімнің атынан мың тағзым – деген ол бізге иіліп құрмет көрсетті.

Ал “Алтын адамның” жанында бірқатар уақыт тапжылмай, зерделей қарап тұрған адам өзін бізге Корей даму банкі қаржы тобының бас директоры Мин деген кісі боламын деп таныстырды.

– “Алтын адам” маған ғаламат әсер сыйлады. Түп тамырына үңілсек, “Алтын адамның да” және осындағы бұйымдардың әрқайсысының астарында да қаншама тарих тұнып жатыр десеңізші. Тіпті, қазақ елін бұрын-соңды көрмеген адамның өзі де осы бұйымдарға қарап-ақ бұл елдің тарихы тым әріде, тым тереңде жатқанын аңғаратыны сөзсіз. Қазақ өнері де барынша бай екен. Көптен бері дәл осылай дем алмаған екенмін, бүгін өзгеше сергіп қалдым. Қазақ елі туралы мәліметім көбейді. Демек, екі ел арасында мұндай шаралардың өтуі өте қажет деп білемін. Әлгінде екі ел президенттері айтып өткендей, мұндай барыс-келіс халқы­мыздың арасын барынша жақындастыра түссе керек. Айналаңызға қараңызшы, осы айтқаным, үйді-үйіне тарамай, көрмені қызыға тамашалап тұрған жұрттың көңіл-күйінен де айқын байқалып тұрған жоқ па – деді ол.

Қазақстан елшілігінің қызметкері Бәтес Омарованың қасындағы бір қызбен қазақ тілінде әңгімелесіп тұрғанын көргенбіз. Бір кезде ол бізді әлгі қызбен танысуға шақыр­ған. Қыз қазақ тілінде ағып тұр. Аты да қазақ­ша. Өзін Інжу деп таныстырды. Біз оны Кореяда оқитын қазақстандық студент­тің бірі болар дегенбіз. Сөйтсек, Інжу корей қызы екен. Ол Хан Кук университеті Орта Азия факультетінің қазақ тілі бөлімін бітіріпті.

– Ау, есімің қазақша ғой? – дедік біз сенер-сенбесімізді білмей.

– Иә, інжу-маржан деген сөз қазақ тілінде асыл тас деген ұғымды береді. Ал корей тілінде інжу болашағы жарқын деген мағынаны білдіреді. Хан Кук универси­тетінің Орта Азия факультеті 2004 жылы ашылған болатын. Сол жылы қазақ тобына алғаш түскен студенттің бірі өзім болдым. Бұдан кейін Алматыдағы Әлем тілдері университетіне барып, онда екі жыл оқып қайттым. Маған қазақ тілінің ұнағаны соншалық, тез меңгеріп алғаным өз алдына, осы күні білген үстіне біле түскім келеді – деп ол жарқылдай күлген.

Осы сәт жол-жөнекей әнші Рамазан Стамғазиев айтқан әңгіме есімізге оралды.

– Осыдан біраз бұрын Кореяда болғанмын. Сонда корейдің өрімдей қыз-жігіттерінің қазақшаға тым жетік екенін көріп таңғалғаным бар. Бір ғажабы, сол жастардың бәрі бізге өздерін Жұлдыз, Құн­дыз деген сияқты қазақ есімдерімен таныс­тырды. Несін айтасың, сол жолы басқаға жалтақтамай, өз тіліміздің бір рахатын көріп едік. Егер алдағы өтетін шараға сол жастарды тартса, Қазақстанның бұл келісі атына сай болар еді-ау. Бірақ, ұйымдастыру­шылар өздеріне оңай жағына жүгіреді ғой… деген болатын ол. Расында да Рамазанның айтқаны келді. Қазақ тіліне бесаспап маман­дар мұнда жетіп-артылаты­нына қарамастан, мәдени шараның барысында әдеттегідей өзге тілдің көмегіне жүгінгенбіз…

Інжудің айтуынша да, қазақ тілін білетін жастар мұнда аз емес екен.

– Қазақ тілін меңгеру сендерге қиынға түскен жоқ па? – дедік біз Інжудің маңайына әп-сәтте топтаса қалған қыздарға қарап.

– Жоқ. Ынта болса еш қиын емес. Оның үстіне екі тілдің грамматикасы да, үндестігі де өте жақын. Содан да біз тез меңгеріп алдық. Өзімізге сабақ беретін Хуан деген профессорымыз ҚазМҰУ-да бір жылдай жұмыс істеп келген тәжірибелі мұғалім. Сол кісі әрдайым тілді меңгеру ең алдымен ынтаға байланысты дейді. Сол сөздің шындығына біз де көз жеткіздік, – деді олар мүлтіксіз қазақ тілінде.

Осы сәт біз өмір бойы өз елінде тұрса да ана тілінде мүлдем сөйлей алмайтын өз қандастарымызды еске алғанбыз. Ал тірі қазақты алғаш көріп тұрған мына жастар болса, қазақ тілінде ағып тұр. Шамасы Хуан профессор айтқандай, бәрі де ынтаға байланысты-ау…

Мұнда оқып жатқан қазақстандық жастар да аз емес екен. Бізге әсіресе олар­дың топта­сып, бірге жүргені ұнаған. Міне, жанымызға жүгіріп келіп амандасқан қазақ­стандық жастардың бір тобымен танысып жатырмыз. Евгений Хон Сеулге 2008 жылы келіпті. Алматылық жас жігіт бүгінде Кореяның мемлекеттік басқару және мене­джмент институтында оқитын болса, Евге­ний Ким, Александр Ким, Ольга Хон сияқты жастар басқа оқу орындарының студенттері екен.

– Әртүрлі оқу орындарында оқығаны­мызбен жұбымыз жазылған емес. Бізді біріктіретін күш – туған елге деген сағы­ныш. Әрине, біз Кореяның тарихи Отаны­мыз екенін жақсы білеміз. Бірақ, біз үшін нағыз Отан – ол Қазақстан. Оқуды бітірген соң міндетті түрде елге ораламыз. Өз еліміздің келешегі үшін қызмет етсек дейміз – дейді олар да жарыса.

– Біз бүгін бірге оқитын достарымызға Қазақстанды терең таныстыруға мүмкіндік туғанына өте қуанып тұрмыз. Ешқашан Қазақстанда болмаған жолдастарымыз мына көрмені көргеннен кейін “Қазақстан өздерің айтқандай, байлығы тұнып жатқан ел екен-ау” деп таңданысты. Ал біз болсақ, теңіздің суы тамшыдан деген, алыс жолға әкелген осы жәдігерлерден-ақ біздің еліміздің қан­ша­лықты тарихы терең, жері бай екенін шама­лай беріңдер деп мақтанып та алдық – деді Ольга Хон осы арада әңгімеге килігіп.

Біз бұл жерден осында оқитын қазақ қыздарын да кездестірдік. Олар корей тілін меңгеріп жүрген жастар екен. Қазақстаннан келген ағайындарына жәрдемге келіп, ұршықша үйріліп жүрген Гүләйім Нүсіп­бекова мен Әйгерім Айдарова да Хан Кук университетінде өздерімен бірге оқитын достарын ерте келіпті. Олар да өз құрбы­ларына бүгінгі шараның ұнағанына мей­лінше қуанышты. Шамасы, ел қадірін шетте жүрген адам ерекше түйсіне ме деймін. Өзіміз кездескен қазақ жастары ғана емес, тарихи Отанында жүрген қазақстандық­тардың да осы мәдени шараның биік деңгейде өтіп, оны жұртшылықтың қызыға тамашалағанына шын ниетімен қуанғанына куә болдық. Қазақстандық патриотизм дегеніміз де осындай ақжарма ниеттен бастау алса керек қой.

Қазақстанның Корея Республикасын­дағы жылының ашылу салтанатына сондағы өзге ел дипломатиялық корпусының өкіл­дері де көптеп келген екен. Бізге солардың бірқатарымен жолығып, әңгімелесудің сәті түскен. Солардың бірі – Ресейдің Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Константин Внуков еді.

– Жаратқанның әмірімен Қазақстан мен Ресейге бір бірімен тығыз қарым-қатынаста болу бақыты бұйырған. Иә, біз мәңгілік көр­ші болу маңдайымызға жазыл­ған елдер­міз. Сондықтан да екі ел арасын­дағы тығыз қарым-қатынасты айтпағанда, мұндағы Қазақстан мен Ресей елшіліктері де бір бірі­міз­ге алабөтен іш бұрып тұрамыз. Бүгінгі кешке де осындай көңіл жетерлік шақырумен келіп отырмын. Ол үшін Қазақ­стан елшілі­гіне зор рахмет. Неге десеңіз, бүгінгі кештен ерекше әсер алғанымды жасырғым келмейді. Фотокөрме де, көне жәдігерлер де, өнер шебер­лерінің концерті де Қазақстанның кешегісі мен бүгінінен сыр шертумен қатар, осындағы әр адамға орны бөлек ләззат сыйлады. Бұл сөзімді дәлелдеп әуре болудың еш қажеті жоқ. Корейлердің көрмені де, қазақ өнерін де зор ықыласпен тамашала­ғанына өздеріңіз де куә болып отырсыздар. Ең бастысы да осы ғой – деген елшінің сөзін оның жанындағы жұбайы да қостап жатты.

Бізбен әңгімелесуге пейіл білдірген “Самсунг” корпорациясының энергетика­лық мәселелер жөніндегі бас менеджері Ви Ен Сок деген азамат сөзді ең алдымен Қазақстанда өзінің жиі болатындығынан бастаған.

– Сіздердің еліңіз өте бай екенін жақсы білемін. Табиғаты да әсем. Әсіресе, Ала­таудың көркі өзгеше. Алматыға барған кез­де Көктөбеге шығуды ұнатамын. Алайда… деп барып сәл бөгелген ол қымсына тұрып қаланың үсті қаптаған көк түтін екенін айтқан. Осы сөзді бекер айттым-ау дегендей кейіп танытқан ол одан әрі – оны өздеріңіз де жақсы білетін шығарсыздар деген сөзді қосты да, әңгімені бүгінгі кешке бұрып, өзіне қазақ өнерінің әбден ұнайтынын, әсіресе, бүгінгі кештен мол әсер алғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол әңгіме бары­сында әр қазақстандықтың үйіндегі тұрмыс­тық техниканың да корей елінде жасалғанын сөз ете келіп, әлемдік рынокқа шығудың оңай еместігін, корей халқының еңбекқор­лығы арқасында ондай мүмкіндікке қол жеткізіп отырғандарына да тоқталған. Алғашында мұндай пікірді несіне айтып тұр деген ой көңілде қылаң бергенімен, түбіне ой жүгіртсеңіз, оның бұл мақтанышы орын­ды екенін де байқайсыз, корей халқының бүгінгі жетістігі расында да тынымсыз ізденіс­тің нәтижесі екеніне еріксіз ден қоясыз. Осы орайда өзіміз куә болған бір жәйт та ойға оралған. Бұл сонау 90-жыл­дары болатын. Еліміз алғаш тәуелсіздік алған кезең. Сол кезде Алматы қаласының бүгінгі әкімі Ахметжан Есімовтің бастауы­мен Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласына барғанбыз. Мақсатымыз –осындағы үш жекеменшік, атап айтқанда “Самсунг”, “LG электроник”, “Дэу” сияқты ірі компания­лармен келісім-шартқа отыру болғандықтан, олардың жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан да болатынбыз. Өздеріндегі жұмыс ырғағын бізге көрсете жүріп, “Самсунг” корпорациясының президенті айтқан мына бір әңгімені де ұмытқанымыз жоқ.

– Мен тәулігіне жиырма сағат жұмыс істеймін. Ал қалған төрт сағат тамақ­тануыма, ұйықтауыма, отбасыма көңіл бөлу­ге, қысқасы жұмыстан тыс тірлігіме кетеді. Ал қатардағы корей азаматтары да аз жұмыс істемейді. Олар да шамамен тәуліктің он алты сағатын жұмысқа арнайды деген бола­тын әңгіме орайына қарай.

– Компания президенті ретінде өзіңізді тым қажамауға да болатын шығар – деді осы сәт біздің арамыздан сұрақ қойған әлдекім.

– Жоқ, өйтуге мүлде болмайды. Егер мен өзімнің күнделікті жұмыс ырғағымды өзгертсем, бәсекелестеріміз басып озып, компания құрдымға кетуі әбден мүмкін – деп ол әңгімені қысқа қайырған.

Несін жасырайық, кеңестік психология­дан әлі арыла қоймаған, жиырма сағат жұмыс істемек түгілі, солай болуы мүмкін-ау деп те ойламайтын біз оның бұл сөзінің байыбына дәл сол кезде онша бойлай қоймағанымыз анық. Енді, міне, нарықтың қатал заңы бәсекелестіктің не екенін өзімізге де дәлелдеп жатыр.

“Самсунг” корпорациясының прези­денті айтқан әңгімені ұмытпағандығы­мыздан да шығар, біз Сеулге келген бойда өзімізді қарсы алған адамдардан осы компаниялардың бүгінгі жай-күйін сұра­ған­быз. Олардың айтуынша, “Самсунг” те, “LG электроник” те баяғысынша гүл­дену үстінде екен. Ал “Дэу” компаниясы болса ұсақталып, тарап кетіпті. Шамасы, бәсе­келес­теріне төтеп бере алмаған болуы керек. Мұны әлемге танылған ірі компания­лардың да өзін-өзі ұдайы қамшылап отырмаса, нарықтың құрбанына айналуы әбден мүмкін екендігі біздің еліміздің кәсіпкерлеріне сабақ болса деген оймен айтып отырмыз. Әрине, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағыдай емес, бізде де көп дүние бүгінде өзгеріп жатыр ғой. Алайда, өзге елге, оның ішінде Кореяға әзірге бізге тамсана тұруға тура келе­тіні анық. Олай дейтінім, мұнда адам жанына керектінің бәрі өздерінда шығары­лады. Ал біздің бұл деңгейге бүгін-ертең жете қоятынымыз екіталай. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртіп, құлазудың да қажеті жоқ. Өйткені, біз жаңа бастасақ та білім-ғылымды алға шығарып, оған баса көңіл бөліп отырмыз. Ендеше, “Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз” деп Абай айтқандай, біздің еліміздің де өз өнімімен, өзіндік мәде­ниетімен әлемді өзіне қаратарына бек сенім­діміз. Тек өз жолымыз­ды дұрыс таңдап, қай тұрғыдан алға шығу­дың мүмкіндігін бағамдай білудің маңызы зор. Әсіресе, жылт еткен жаңа­лықтарға көңіл бөліп, ғылымның мүмкіндігін пайдалана білсек, ұтарымыз мол. Біз бұған дейін өзіміз­ге қатысты-қатыссыз себептерден, ең бастысы енжарлықтан ұтылыста келе жатқан елміз. Тіпті бұл сөзіміздің растығын дәлел­деп жатудың да еш қажеті жоқ. Әйтсе де өзіміз куә болған немқұрайдылық дертінің бір мысалын айта кетсек те артық болмас.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында биология ғылымдарының докторы Жекенай Мамытов деген ағамыздың сор және сортаң жерлерден мол өнім алуға болатындығы жөнінде ашқан жаңа­лы­ғын, ұзақ жылдар бойғы ізденісін өз елімізде іске асыру үшін қақпаған есігі қалма­ғанын көзіміз көрген. Алайда, ғылым мүмкіндігінің исі мұрындарына бармай­тындар оның ашқан жаңалығына мүлдем мойын бұрмаған. Сөйтіп, ғалым­­ның салы суға кетіп жүргенде халық­аралық ғылыми журналдан мақа­ласын оқыған қытайлық­тар оны қолқалап өздеріне шақырған. Ғылыми-зерттеу институтын ашып, оның тізгінін ғалымға бергенінен де хабардар­мыз. Неше жылғы еңбегім­нің жемісін өз елім көрсін деген ниеті­нен ешнәрсе шық­па­­ған әлгі ағамыз сол елге барып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Сөй­тіп, сор және сортаң жерді игерудің тың мүмкін­дігін соларға үйретті. Ал біз бол­сақ, бүгін­де сол елден келіп жатқан түрлі өнімдерді тұтынуды қанағат тұтып жүрміз… Осындай немқұрайдылықтың кесірінен қаншама тың идеялар шетке кетіп жатыр десеңізші. Тіпті қазіргі күнде де кетіп жатқаны анық. Олай дейтінім, елімізде ой ұрлығымен айналысушылар жетіп артыла­ды. Көкейін тескен негізгі мақса­тын бүркемелеп, әртүрлі конкурстар ұйымдас­тырып, тәуір идеяларды, тың бастамалар­ды болмашы тиын-тебенге айырбастап алатындардың бірі ретінде “Сорос” қоры да бізге сор болып жабыс­­қанын көзі қарақ­ты жұрттың бәрі біледі. Осының бәрін ойлағанда іш қазан­дай қайнайды. Апырай, жан-жағы­мызға неге қарамай­мыз? Бізден көш ілгері кеткен елдерден неге үйрен­бей­міз дейміз ғой баяғы. Алысқа бармай-ақ осы Кореяны ғана алайықшы. Бұл ел­ден қай тұрғыдан болса да біздің үйренеріміз аз емес сияқ­ты. Оны өзіміз айта бергенше өзімізбен пікір алмасып, осы сапар барысында қатар жүрген Ми Ра деген корей қызының пікірін тыңдап көрелік.

– Біздің еліміз Қазақстан сияқты табиғи ресурсқа бай емес. Сондықтан да елді тығырықтан алып шығудың бір жолы және нақты жолы біз үшін адам ресурсын іске қосу болды. Жастар жан-жақтан білім алды. Өз елімізде де білім сапасына ерекше көңіл бөлінді. Көп ұзамай бұл іс өз нәти­жесін берді. Сонау 70- жылдар Корея үшін нағыз буыр­қанған табысты кезеңге айналды. Сөйтіп, Корея өзін әлем жұрт­шылы­ғына техноло­гиясымен де, техни­ка­­сы­­мен де танытты дейді ол. Онысы рас, 60-жылдардың аяғында ғана өзінің алғашқы автомо­билін шығарған бұл елдің өнімдері бүгін­де әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие. Тіпті біздің мініп жүрген мәши­неміз де, тұтынатын тұрмыс­тық бұйым­дарымыз да негізінен осы елде жасалған заттар. Ал олардың қайсыбірі әзірге біздің түсімізге кірмеген дүниелер. Әрине, оның бәрі тынымсыз ізденістің нәтижесі. Мақала­ның тақыры­бын “Таңы ерте ататын ел” деп алуы­мыз да корей аға­йын­дардың уақытпен санаспай, ты­ным­сыз ізденісте болаты­нын айту болатын. Ең бастысы, олар балаларды еңбексүйгіштікке ерте бастан баулиды. Тынымсыз ізденісті, өзін-өзі қамшылау қасиетін баланың күнделікті тыныс-тіршілігінің ырғағына айналды­рып жіберетінінен де хабардар­мыз. Тілін білмегенімізбен телеарналарын қарап көргенімізде, мұндағы балаларға арнал­ған әрбір хабардың жас шамасына қарап жеткіншектердің ой өрісін дамы­туға, интеллектуалдық санасын көтеру­ге арналатынын да байқадық. Өкінішке орай, бала мүмкіндігін ұштай­тын бір де бір арнамыздың жоқтығы мұндайда еріксіз еске түседі екен. Әрине, жана­шыр көзбен қарасақ, оған Қазақстанның мүм­кіндігі жет­пейді деп айтуға ауыз бармай­ды. Әсі­ресе, бүгінгідей дамыған елу елдің қатары­на қосылу үшін бізге балалары­мыздың қабілет-қарымын ұштау, арман-мұратына қанат байлау күн тәртібіндегі ең маңызды міндеттің бірі болса дейсің. Және ертеңнің бүгін­нен басталатынын ескерсек, қара­базар­да арба сүйреп жүрген өрімдей жас­тары­мызға да қамқорлық жасап, оларды да ой еңбегіне қарай бейімдей білсек, өзге жеткен биікке біздің де желіп шығаты­нымызға еш күмән жоқ.

Халықтық дәстүрінен ажырамаған, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, жастары ашық-шашық жүрмейтін корей жұртшы­лығының бізге тағы ұнағаны – олардың табиғатты ерекше аялайтын­дығы болды. Басқасын қоя тұрғанда, жол бойындағы әр ағаштың түбін әлдеқандай матамен орап, оны балаша баптайтыны еріксіз назарымызды аударған. Тіпті көптеген ағаш түрлері де биік-биік ғимараттардың үстінде жайқалып өсіп тұрғанын өз көзімізбен көрдік. Көшеден де бір қоқыс көрмей­сің. Бәрі тап-таза. Біз Сеулге келген кез сакура гүлдеген тұс екен. Сол ағаштар­ды топ-топ болып қызықтап жүрген жас­тарды да кездестіргенбіз. Алайда, олардың бір де біреуі біздегідей бұтақты бытырлата жұлып алмақ түгілі, оған қол тигізіп жатқан жоқ. Қайта ағашқа зақым келтіріп алмайын дегендей оның түбіне еппен ғана жақындайды.

– Табиғатты құрметтеу бала бойына ана сүтімен сіңеді. Олар айналаға зиян келтірмеуді жөргегінен түйсініп өседі, –дейді біздің жолбасшымыз Ми Ра.

Бір қараған адамға бұл әңгіме ұсақ-түйек көрінетін де болар, алайда біз үшін үйренетін-ақ үрдіс.

Міне, елге қайтатын кез де таянды. Адам баласы сөйлескенше деген ғой. Бірер күн біз­бен бірге болып, етене араласқан корей қыздарымен үйренісіп-ақ қалыппыз.

– Біздің де Қазақстанға барғымыз келеді, – дейді олар қимастығын жасыра алмай. Осы сәт ҚР Мәдениет вице-ми­нистрі Асқар Бөрібаевтің сөз орайында жыл бойында екі ел арасында мәдени шаралардың жалғасатынын, өнерпаздар қауымы гастрольдік сапарға шығатынын айтқаны ойға оралған. Оның үстіне келесі жыл Корея Республикасының Қазақ­стан­дағы жылы болса, мұндай мәдени шара­лар­дың одан әрі жалғаса беретіні анық қой. Ендеше, біздің жаңа таныс­тарымыз­дың Қазақстанға келіп қайтуы әбден мүмкін емес пе?! Сол оймен біз оларға “Он­дай мүмкіндік туады. Біз сендерді күте­міз” дедік. Олар да бізбен қайта жолыға­ты­нына еш күмән келтірген жоқ. Бізді әуежайдан “Аннеңхасэе – Сәлем, Қазақ­стан” деп қарсы алған бұл топ енді, міне, “Анненхи Гэсэе” деп қол бұлғап шығарып салды. Бұл сөздің мағынасын сұрап едік, қайта айналып кездескенше деген сөз екен.

– Иә, қайта кездескенше, – дедік біз оларға.



Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, СЕУЛ-АСТАНА.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет