Ағзалардың тіршілік әрекетіндегі температураның ролі
Жануарларға ең қажетті фактордың бірі –жылулық. Ағзалардың температурасы оларды қоршаған ортаның темперетурасына байланысты болады. Өйткені ағзалардың тіршілігінің негізін қалайтын зат алмасу реакцияларының жылдамдығы мен бағыты сыртқы ортаның температурасына байланысты өзгеріп отырады. Ағзаның тіршілігінің барлық іс-әрекеті температураға тәуелді жүріледі. Жер шарының суық белдеуінде тіршілік ететін жануарлар қысқы мезгіл басталарда ұзақ ұйқыға кетуі, күздің аяғына қарай сүтқоректілер мен құстардың жүні мен қауырсынының қалыңдауы, құстардың жылы жаққа қайтуы, кеміргіштер қыстық азық қорын жинап, інінің аузын бітеуі, міне осының бәрі қыстың қытымыр суығынан қорғану үшін жасалады. Жаз басталасымен жануарлар түлеп, жұмыртқалап, төлдей бастауы –жылы мезгіл басталғанының белгісі.
Тірі ағзалардың көбі 0-55°С температураның аралығында тіршілік ете алады. 0°С-тан төмен немесе 55°С-тан жоғары температурада жасуша цитоплазмасындағы белоктар (ақуыздар) ұйып, белоктың құрылысы бұзылатындықтан ағзалар тіршілік ету мүмкіндігінен айрылады. Ағзаның денесінде су азайған сайын температураның қалыпты жағдайдан ауытқуына төзімділігі жоғарылайды. Өсімдіктің тұқымы, кейбір жәндіктердің споралары және бактериялар 120-140°С ыстыққа және -190-273°С суыққа төзе алады.