Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Факультеті: Тарих, археология және этнология
Кафедрасы: Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану
Тақырыбы: «Археологиялық ескерткіштерді зерттеу барысында жаратылыстану ғылымдарының алатын орны мен маңызы
»
СӨЖ
Орындаған:Гурбангелдийев Шатлык
Тексерген:
Алматы, 2023
Сөж
Археологиялық ескерткіштерді зерттеу барысында жаратылыстану ғылымдарының алатын орны мен маңызы
Дүние жүзінде жерінің көлемі жағынан 9-шы орындағы елімізде мәдени-тарихи құндылықтардың орасан зор қоры бар. Бұл керек десеңіз, мұнай, газ бен түсті металдардан да мол қор. Дегенмен, біз заттық және рухани мәдени мұраларымызды қорғау мен сақтау мәселелерінде шетелдерден ширек ғасыр артта қалып қойдық! Соның салдарынан ескерткіштер ескерусіз, иесіз қалып, әртүрлі әсерлерден жойылуда.
Egemen Qazaqstan
Мәдени мұра заттық және бейзаттық деп екіге бөлінеді. Заттық мәдени мұраға ескерткіштер мен жәдігерлер жатса, бейзаттық мұраға эпикалық мұра, ұлттық музыка, айтыс, күйшілік, шешендік өнер, фольклор, салт-дәстүр, қолөнер, ұлттық ойындар, мифология және т.б. жатады.
Қазақстан егемендік алғаннан бергі ширек ғасырда технологиялық және әлеуметтік жаңғыру процестерінің тез жүруі мен жерді өндірістік, шаруашылық мақсатта қарқынды игеруі кеңінен етек алды. Бұл өз кезегінде әртүрлі маңыздағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жойылуы мен олар орналасқан мәдени ландшафтының бұзылуына алып келді.
Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздегі археологиялық ескерткіштер адами әсерден жаппай бұзылудың мынадай бірнеше ірі сатысын бастан өткерген:
Бірінші – патшалық Ресейдің Қазақ даласын отарлаудағы басты құралы – казак отрядтары мен жаппай қоныстанған келімсектердің Қазақ даласында алтын іздеп, арнайы түрде обаларды шахталық әдіспен жаппай тонаулары. Кейбір казак жасақтарының құрамында мыңға дейін адам болған делінген дерек бар. Осы XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың аяғында казак жасақтарынан тыс Қазақ жеріне әртүрлі мақсатпен келген экспедициялар, саяхатшылар ел мұрасын өзге елге сұраусыз әкетіп отырған.
Екінші – кеңестік кезеңдегі тың игеру уақыты. Жоспарды асыра орындау үшін қажетті, қажетсіз мақсатта жерлер жыртылып, бар-жоғы үш жылда елімізде мыңдаған ескерткіштер мәдени ландшафтысымен бірге бұзылды. Бірақ бұл кезеңде Қазақстан бойынша археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, 1960 жылы алғаш рет Қазақстанның археологиялық картасы жасалған еді.
Егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған жылдарда археологиялық ескерткіштер жаппай бұзылу мен тоналудың үшінші ірі сатысынан өтуде. Бұл кері процесті дер кезінде тоқтатпасақ, келер ұрпақ алдында кешірілмес үлкен күнәға батарымыз айдай анық!
Қазақстан Республикасының заңы бойынша, жер, не су астында көмулі қалған археологиялық мұра нысандары (тас дәуірінен кейінгі ортағасырларға дейінгі қала жұрттары, обалар, жартастағы суреттер, қоныстар мен тұрақтар және т.б.) мемлекеттің меншігі мен қорғалуында болуы тиіс. Мемлекеттік есептегі ескерткіштерден тыс жыл сайын археологиялық барлау жұмыстары барысында жаңа ескерткіштер табылып жатады. Археологиялық ескерткіштерде жүргізілетін жұмыстардың барлық түрі арнайы рұқсат – лицензия негізінде жүзеге асады. Қазба жүргізген әр жеке және заңдық тұлға табылған жәдігерлерді зерттеу жұмыстарын жасап болғаннан кейін мемлекеттік Музей қорларына тапсыруы тиіс. Өз қолдарында көп уақыт ұстау, не жеке мүддесі үшін пайдалану заңсыз болып табылады.
Шын мәнінде, біздің елде археологиялық мұра нысандарындағы жұмыстар мерзімсіз берілген лицензия түрінде жүргізіледі. Соның салдарынан қай тұлғаның (заңды және жеке) Қазақстанның қай жерінде, қандай нысанды, қай әдістемеге сүйеніп қазғанын, нендей жәдігерлер тапқанын және қазылған ескерткіштер қалай жабылғанын, не жаңғыртылғанын еш құзырлы мекеме толық білмейді. Шетелдік тәжірибелерге сүйенсек, археологиялық ескерткіштерде атқарылған жұмыстардың міндетті түрде ғылыми есебі, оның ғылыми сараптамасы және нендей жәдігерлер табылғандығының толық тізімі болуы шарт. Ең бері айтқанда, көрші Ресейде археологиялық зерттеу жұмысын жасау рұқсатнамасы тек бір нысанға ғана беріліп, ондағы атқарылған жұмыстардың толық есебі беріліп, сараптамадан өткен соң ғана келесі зерттеуге рұқсат беріледі. Бізде лицензия жеңілдетілген түрде бәріне, Қазақстан бойынша, ескерткіштердің барлық түріне жұмыс жасауға беріледі. Жер астынан қазып алынған есепсіз, тіркеусіз мұраларымыздың қайда, кімнің қолында, қанша мөлшерде жүргендігін біле алмай отырған жайымыз бар. Зерттелген ескерткіштерді сақтау мен музейлендіру шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс.
Бүгінгі таңда археологиялық мұралардың жойылуының қауіпті жаңа факторы пайда болды. Ол – еш рұқсатсыз жүргізілетін тонаушылық қазбалар. Бұл қазбалардың жаппай етек алуына ескерткіштерді қорғаудың мемлекеттік жүйесінің әлсіздігі ықпал етуде.
Жекелеген адамдардың (көбіне ауқатты) сату үшін ежелгі бұйымдарды табу мақсатындағы тонаушылық қазбалар жасауы соңғы жылдары өте жиіледі. Заңсыз жолмен тапқан, негізі мемлекеттің меншігі болып саналатын жәдігерлерді интернет-сайттар арқылы жекелей сату қалыпты үрдіске айналып отыр. Қазақстан бойынша осылай сауда жасайтын көмбе іздеушілердің интернет-сайттары, жеке парақшалары, форумдары, бейне түсірілімдері бар. Археологиялық жәдігерлердің еркін сауда айналымында жүруіне шектеу қоятын кез келді.
Тарихи ескерткіштердің тоналғандығын тіпті, жергілікті әкімдік пен полиция бөлімшесінің өзі білмей қалып жатады. Себебі, қарамағындағы ескерткіштердің санын, қайда орналасқандығын және тарихи құндылығын білмейтін ауыл басшылары көп.
Осыдан бірнеше жыл бұрын солтүстіктегі көршімізде металл детектормен қаруланған көмбе іздеушілер мен тонаушылық қазбалар жасау мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып, әр деңгейде қоғам болып талқылап, соңында рұқсат етілмеген металл құралмен іздеу жүргізгені үшін 500 000 рубльге дейін айыппұл салу мен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыратын заң қабылданды.
Бүгінде археологиялық мұраларды жинаумен айналысатын сол жеке коллекционерлер мен әуесқойлар біздің заңдағы олқылықты, шекараның ашықтығы және жұрттың ақпаратпен толық қамтылмағандығын пайдаланып, Қазақстан жерінде өз әрекеттерін емін-еркін жалғастыруда. Яғни, археологиялық жәдігерлер түріндегі ұлттық құндылықтарымызды турист ретінде келіп, ел аралап, тиынға сатып алып, шетке әкетуде. Тіпті, жергілікті әуесқой көмбе іздеушілердің топтары құрылып, кейбірі ауқымды түрде тонаушылық қазбалар жасап жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |