Тақырыбы: Ежелгі елдердегі мемлекет және құқық. А курстың оқыту пәні және әдісі б ежелгі Вавилон



бет6/7
Дата15.09.2017
өлшемі1,16 Mb.
#32648
1   2   3   4   5   6   7

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

  1. Қазақ ордасының қоғамдық және саяси жүйесі.

2.XV-XVIII ғ.ғ. Қазақ құқығы.

3. Жеті Жарғы заңдар жинағының құқықтық маңызы
Дәріс13

Тақырыбы: Қазақтардың әдеп құқығы. Әлеуметтік қазақ қоғамы.

1. Қазақ хандығының саяси құрылымы

2. Әлеуметтік қоғамның дамуы

3. әз- Тәукенің «Жеті ЖАРҒЫ» заңдар жинағы

Қазақ хандары әдет-ғұрып құқығының нормаларын жүйелеп жетілдіріп, қоғамның талаптарына орай өзгерістерге ұшыратып, оларға ресми сипат беріп отырды. Қасым ханның (1510-1523) кезіндегі "Қасым ханның қасқа жолы", Есім ханның кезіндегі (1598-1628) "Есім ханның ескі жолы", Тәуке ханның кезіндегі (1680-1718) "Жеті жарғы" атты заңдар жинағы белгілі. Әдет-ғұрып заңдарын алғашқы жүйелеуші Қасым хан болды. Оның заңдары бес бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім- мүліктік және жер қатынастарын реттеуші нормалардан тұрды. Екінші бөлім- қылмыс пен жазаға қатысты құқық нормаларын жинақтады. Үшінші бөлім- әскери міндеттілік және оны орындау, сондай-ақ әскери тәртіпті бұзғандығы жазаларға байланысты құқықтық нормаларды қарастырды. Төртінші бөлім- елшілік жораларға қатысты. Елшілерді тағайындау және қабылдау тәртібі, шет ел өкілдерімен келіссөздер жүргізу, дипломатиялық этикет мәселелері туралы нормалардан тұрды. Бесінші бөлім- қайтыс болғандарды жерлеу, еске алу, мерекерлер өткізу т.б. рәсімдерге арналды. Қасым ханнан соң шамамен жүз жылдан кейін әдет-ғұрып құқықтары есім ханның тұсында қайта жүйеленді. Есім хан негізінен бұрынғы Қасым хан тұсындағы құқықтық ережелерді қайталады. Сондықтан оны ескі жолды жалғастырушы ретінде "Есім ханның ескі жолы" деп атап кетті. Тәуке хан Есім ханнан соң шамамен 80-90 жылдан соң дала заңдарына өзгерістер мен толықтырулар ендіріп оны "Жеті жарғы" деген атаумен қайта қабылдатты. Тәуке хан әдет-ғұрып заңдарын қайта жүйелеуге көп еңбек сіңірді. Аты аңызға айналған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің басшылығымен қазақтың белгілі би, шешен, білгірлері бірнеше рет жиналып Жеті жарғының нормаларын талқылаған "Күлтөбенің басында күнде жиын" деген сөз сол кезден қалған. Жеті жарғының бізге жеткен қазіргі нұсқаларының бір-бірінен өзгешіліктері бар.оның қазақша нұсқасы бізге жетпеген. Бізге жеткені XIX ғасырдың алғашқы ширегінде орыс ғалымдары жазып алған нұсқалары. 1804 жылы Г.Спаский Кіші жүздің жаппас руының старшины көбек Шүкірәлиевтен 11 фрагменттен тұратын "Жеті жарғының" нұсқасын алғаш рет жазып алып "Сибирский вестник" журналында жариялады.Екінші нұсқа атақты тарихшы А.Левшиннің 1832 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген "Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацских, орд и степей" атты кітабында кілтіріледі. Бұл нұсқа 34 фрагменттен тұрады. Нұсқаларды мұндайфрагменттерге бөлу кейінірек жасалған. А.Левшиннің кітабы бойынша жеткен "Жеті жарғы" заңдар жинағының қазақша ықшамдалған аудармасы мына төменгідей:

Қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға-1000 қой, әйелге-500 қой)

-ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылық жасаған адам өлім жазасына кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады –денеге зақым келтірілсе, соған сәйкес құн төленеді (бас бармақ-100 қой, шынашақ-20 қой)

-төре менқожаның құны қаршадан 7 есе артық төленді

-егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екі қабат әйел жасаса, жазадан босатылады)

-егер ері әйелін өлтірсе, ол әйелінің құнын төлейді

-ата-анасы өз баласының өлімі үшін жауапқа тартылмайды, ал анасы баласын қасақана өлтірсе, өлім жазасына кесіледі

-өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленеді

-егер екі қабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса: бес айлық бала үшін-бес ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға-әр айына 1 түйеден (анықтама үшін: 100түйе –300 атқа немесе 1000 қойға тең)

-әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі. Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата-анасына құн төлеуге тиіс, егер жігіт өзі зорлаған қызға қалың төлеп үйленсе, жазадан босатылады.

Біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып қашқан адам өлімге бұйырылады немесе ердің құнын төлейді, егер әйелдің келісімімен әкетсе, күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз қыз беруге тиіс

-әйелді ренжіткен адам, одан кешірім сұрауға тиіс, сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады

-қан алмастыру (7 ата ішінде) өлімге немесе ағайындар белгіленген жазға бұйырылады, мұндай қылмыс бөтендердің қарауына берілмейді

-құдайға тіл тигізген (7 адам куәлік берсе) таспен атып өлтіріледі

-кәпір болған адам мал-мүлкімен айдалады

-құл өмірі құнсыз, ол қожайынның билігінде (қазақ құлдарды жалшы, малшы ретінде ұстап, кейін бөлек шығрып отырған)

ата-анасына тіл тигізген ұлды мойнына құрым байлаған күйі қара сиырға теріс мінгізіп, өзін қамшымен сабап, ауылды айнала шапқылатады, ал қыз қол-аяғы байланып, анасының билігіне беріледі

-ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс

-ұрлық пен кісі өлтіруді қоса жасаған адам екі бірдей жзаға тартылады

-ерінің ұрлығын біле тұра хабарламаған әйелі мен баласы жазаға тартылмайды, өйткені үлкеннің үстінен шағым айту әбестік саналады

-өсиет ағайындар мен молданың қатысуы арқылы жасалады

-барымтадан қайтқан мал төлімен қайтарылуға тиіс

-дауды шешу билер мен ақсақалдарға жүктеледі

-куәлікке кеміндеекі немесе үш адам жүреді.

Жеті жарғыда әкімшілік, қылмыстық, азаматтық құқық мәселелерімен қатар отбасы-неке, салық, дін, тәрбие т.б. сияқты қоғамның жан-жақты мәселелері көрініс тапқан. Осыған қарағанда Жеті жарғы Тәуке ханның тұсында қазақ қоғамының барлық жақтарын түгел қамтылған әмбебап кодификацияланған заң жүйесі болған деп қорытындылауға болады.

Адат және шариғат. Әдет-ғұрып құқығының тағы да бір бастауы шариғат болды. Жеті жарғыда шариғатқа байланысты бірнеше қағидалар болды. Мәселен, онда Құдайға тіл тигізген адам (7 адам куәлік берсе) таспен атып өлтіріледі, өзге дінге өтіп кәпір болған адам мал-мүлкімен айдалады деген ережелер болды және олардың орындалуы қатаң бақыланып отырды.

Дегенмен шариғаттың нормалары қазақ қоғамында ерекше артықшылық жағдайға жете алмады. Олар көбіне адатпен жымдасып келіп жатты. Шариғаттың нормалары XVIII ғасырдың соңында күшейе түсті. Оның ықпалы Оңтүстік Қазақстанда үлкен болды. Шариғаттың нормалары белгілі бір мөлшерде отбасы-неке, қылмыстық құқықтық қатынастарды реттеп отырды.

Қазақ қоғамында малға жеке меншік адат нормаларымен реттеліп отырды. Азаматтардың сатуға, айырбастауға, сыйлауға және мұраға қалдыра алатын мүлкінің бәрі де жеке меншік заттары болып табылды.

Жерге жеке меншік XIX ғасырға дейін болмады. Жер адат бойынша қауымның меншігі деп есептелді. Қауым ретінде негізінен рулық бірлестік танылды. Шың мәнінде қауымның немесе рудың атынан жерге, жайылымдарға билікті қауым басшысы, ру басшылары сұлтандар, билер жүргізді.

Жерге жеке меншіктің болмау себебі де көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономикалық қатынастарда жатса керек. Орасан зор көлемдегі жайылымдарды меншік иелеріне бөлудің ешқандай мәні болуы мүмкін емес еді. Оның үстіне жайылымдар үнемі ауысып отыратын. Көктем мен күздің арасында мың киллометрге дейін көшіп-қонып жүрген көшпелі қауымдар үшін жерді, жайылымдарды жеке меншікке бөліп беру мүмкін емес те еді.

Тек қыстаулар ғана XVIII ғасырда феодалдардың жеке меншігіне көше бастады. Қыстау- аумағы шамалы қыс кезінде тұратын елді мекен. Қыстың күні жайылым негізінен пайдаланылмады. Жерді жеке меншікке беру Бөкей ордасында (1801 жылы құрылған) болды.Мұнда ханның жарлығымен оның туыстары мен ірі феодалдарға үлкен мөлшерде жер тартылды.

Адатбойынша жерді сату, сыйға беру, мұраға қалдыру туралы құқықтар ешкімге берілмеді. Жер бүкіл қазақ халқының байлығы деп есептеледі.

Қазақ қоғамында келісім-шарттар ауызша жүргізілді. Келісім-шарт жүргізудің өз шарты болды. Келісім шарт жасау уәде беру, ант беру, куәлердің алдында келісім жасау т.б. жолдар арқылы жасалды. Келісім уәдесін орындамағандар сенімсіз адамдар ретінде қоғамдық пікір арқылы айыпталатын.

Малды қарызға алған кезде қарызға алушының туыстарының бірі ол үшін кепілдік береді. Қарызға алушы қарызын өтей алмағанда кепіл болған адам өтейді. Мүліктік және жеке міндеттерді тек ер адамдар ала алды. Адат бойнша қарыз егесі міндетін өтей алмаған жағдайда оның қарызын туыстары немесе сол рудың, ауылдың адамдары қайтаруға тиіс болды.

Келісім-шарттың ерекше түрі- айырбас. Айырбас заттарды қолма-қол ауыстырғанда жасалды. Айырбас немесе сауда жағдайында өлшем бірлігі ретінде мал есептелді. XIX ғасырға дейін ақша өлшем бірлігі ретінде пайдаланылмады.

Сауын. Келісімнің ерекше түрі. Ауқатты адамдар кедей руластарына сүтін сауып пайдалану үшін уақытша мал берген. Сауын бие немесе сиыр ретінде берілді.Алғашында сауын беру руластардың бір-біріне өзара көмегі ретінде есептелді. Кейінірек сауын кедей қоғам мүшлрін ауқатты адамдарға тәуелді етудің әдісі ретінде қолданды.

Жылу жинау. Жұтқа ұшыраған немесе стихиялық спатқа ұшыраған қоғам мүшелеріне руластарының, ауылдастарының мал немесе мүліктей беретін жәрдемі.

Жұртшылық қарызға батқан, қарызын төлей алмай қалған қоғам мүшесіне руластары және туыстары тарапынан малдай немесе мүліктей беретін жәрдемі.

Асар жасау әдет-ғұрпы қоғам мүшелерінің бір-біріне жәрдем беру мақсатында жасалған. Асар шөп шабу, құдық, арық қазу, жол салу, қыстау үйлерін тұрғызу сияқты үлкен жұмыстарды ұйымдастырғанда жасалады.

Соғым беру. Қатардағы қазақтар күздің соңы қысқа қарай сұлтандарға, билер мен басқа да атқамінерлерге сойыс малын немесе мал етін беретін.

Сыбаға тарту. Бір-екі асым ет ретінде хан, сұлтан билерге берілетін тарту. Сыбағаны қазақтар құда-жекжат сияқты басқа да жақын адамдарына беретін.

Отбасы-неке әдет-ғұрып құқығы тереңірек зерттелген сала. Қазақ қоғамының негізі ру басы, рудың негізі отбасы болды. Отбасының басшсы ер адам болды. Қазақтардың үлкен отбасы әкенің, балалардың, тәуелді жақын туыстардың, малшылар мен құлдардың отбасынан тұрды.

Неке. Қазақ некесі экзогамиялық сипатта болды. Экзомиялық дәстүр бір рудың, топтың ішінен ерлер мен әйелдерге некеге рұқсат етпеді. Қазақтарда жеті атаға дейін некелесуге жол берілмеген.

Сондай-ақ қазақ некесі полигамиялық сипатта та болды. Полигамия бір ер адамға бірнеше әйелмен некеде тұруға немесе көо әйел алушылыққа рұқсат ету деген ұғым.

Отбасы патриархалдық сипатта болған соң некелесу мәселесін ата-аналар, негізінен әке шешетін. Олардың шешіміне қарсы болғандар қатаң жазаға ұшырайтын. Неке құда түсу рәсімінен басталады.Ата-аналар балаларын үйлендіру үшін құда түседі. Құда түскен соң жігіт жағы қалың мал төлейтін. Қалың малы төленген қызды қалыңдық деп атайды. Қалыңмалы төленген қыз сол жігітке шығуға міндетті.Қалыңмал қазақтардың үйлену үшін қалыңдықтың ата-анасына мал ретінде төленетін төлемақы. Қалыңмалдың мөлшері әртурлі болған. Өте бай адамдар 100-150-ге дейін ірі қара мал, орта дәрежедегілер 75-100 мал, одан төменгілер 20-40 мал. Кедейлер үшін дөңгелек қалыңмал-10 мал болды.

Сондай-ақ қалыңмалға "бас жақсы " ретінде аса құнды заттар берілді. Бас жақсыға жақсы мылтық, сауыт, дулыға, жүйрік арғымақ, әдемілігі көз тартатын түйе берілетін.

Қазақтарда неке қию рәсімін шариғат жолымен молда жасайды. Некеқию салтанатты жағдайда үйленушілердің ата-аналарының, 2-3 куәнің және көпшілік алдында өтеді.

Некені тоқтату адат бойынша тек ер адамның құқығы. Некені бұзуға түрлі себептер болған. Солардың бастысы әйелдің ерінің көзіне шөп салуы, еріне дұрыс қарамауы. Бірінші жағдайда ол куәлердің көрсетуімен дәлелденуі тиіс. Ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болғанда неке тоқтатылады. Неке тоқтаған жағдайда балалар әке жағында қалады. Тек емізулі бала анасына қалады.

Әменгерлік. Адатта ерекше әменгерлік институты болды. Әменгерлік бойынша жесір әйел ері өлген соң бір жылдан соң күйеуінің туыстарының біріне тұрмысқа шығуы тиіс болды.Бірінші кезек өлген ерінің аға-інілеріне берілді.Әменгерлік бойынша жесір әйелдің балалары жаңа әкесінің қамқорлығына өтіп жетім деген аттан құтылады.

Мұраға қалдыру жазба және ауызша өсиет түрінде жасалды. Ауызша өсиет болғанда куәлер қатысқан. Әдет-ғұрып құқығы бойынша әке мұрасына иелік ететіндер оның балалары, әйелдері, аға-інілері, жақын туыстары болды. Мұра ретінде мал, қыстау, үй-жай, ақша және жесір қалып отырған. Ертеректе мұраға тіпті құл мен күндер де қалдырылған. Мұрагерлік құқық қыздардың қүқығын қорғап отырған. Мұра бөлудің мынандай тәртібі туралы деректер бар: мұраның сегізден бір бөлігі жесрге тиесілі. Он екіден бір бөлігі қайтыс болғанның әкесіне тиесілі. Он екіден бір бөлігі әкенің барлық әйелдеріне тиесілі мұраның қалған бөлігі ұлдары мен қыздары арасында бөлінеді. Ұлдың үлесі қыздан екі есе артық болады.

Адат бойынша қылмыстық істер мен азаматтық құқық бұзушылықтың арасы ерекше бөлінбеді. Қылмысты қазақтар " жаман іс", "жаман сөз" деп те атады. "Айыпкер" ретінде тек қылмыс істеген адам ғана емес, оның туыстары, руы да есептілді.

Саяси. Қоғамға қарсы қылмыстар туралы ұғымдар болмағанымен, ханға, сұлтандарға қарсы қылмыстық әрекеттер қатаң жазаланды. "Жеті жарғыда" сұлтандар мен қожаларға қарсы қылмыстар ерекше жазаланып, оларға төленетін құн жай адамдардан жеті есе артық болды.

Қылмыстың түрлері. Жеке адамға қарсы қылмыстар. Адат бойынша жауапкершілікке тартылмайтын кісі өлімдері болды. Оларға мынадай кісі өлімдер жатты. Егесінің құлды өлтіруі, ерінің әйелін опасыздығы үстінде өлтіруі, ата-ананың өз балсын өлтіруі, ұры-қарақшыны қылмыс үстінде өлтіруі. Тек XIX ғасырда Ресей заңдарының ықпалымен мұндай әрекеттерге тиым салынды.

Мүліктік қылмыстарға ұрлық, тонау, басқаның мүлкін жою немесе зиян келтіру т.б. жатты. Ұрлық көбіне мал ұрлау түрінде кездесті."Жеті жарғыда ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс" делінген.

Дінге қарсы қылмыстар. Қазақтар мұсылман ретінде ислам діннің қағидаларына қарсы әрекеттерді қатаң жазалады. ."Жеті жарғыда " ."Құдайға тіл тигізген адам (7 адам куәлік берсе) таспен атып өлтіріледі " деп көрсетілді.Қасиетті жерлерді. Зираттарды қорлағаны үшін де қатаң жаза қолданды. Дінге қарсы қылмыстар бетіне қара күйе жағылып, масқараланып, райынан қайтпаған жағдайда өлім жазасына дейін кесілді.

Жазаның түрлері адат бойынша алуан түрлі болды. Жазаның ең ауыр түрі өлім жазасы болды. Тас боран қылып, дарға асу, аттың құйрығына байлау сияқты өлім жазасының түрлері болды. Мұндай жаза діннен безгендерге, жақын туыспен жыныстық қатынаста болғандарға қолданылады. Бұл өте масқара әрі азапты жаза болып саналды. Өлім жазасынан соң дене мүшелерінің бірін құлағын, қолын, мұрнын кесу қолданылған. Сондай-ақ елден көшіріп жіберу, мүлкін тәркілеу, айып салу, дүре соғу, басыбайлы құлдыққа беру, айыпкерді талапкерге жұмысқа бру. Масқаралау сияқты көптеген жаза түрлері болды.

Құн төлеу дау-дамайды шешудің негізгі құралдарының бірі болды. Қылмыстың түріне қарай төленді. Құн- ақсын төлеп. Жазадан құтылудың жолы, қылмыстың мал арқылы өлшенетін мөлшері. Ердің құны-1000 қой, әйелдің құны-500 қой деп белгіленген "Жеті жарғыда".

Жазаның көбірек қолданылған түрі айып болды. Айып үш тоғыздан бастап ат-тон айыпқа дейін болды.Айып ұрлық жасағаны үшін үстем тап өкілдері мен билік өкілдеріне, жеке адамдарға тіл тигізгені үшін салынды.

Дүре соғу жазанң түрі ретінде соттың шешімімен жүзеге асты. Соққының саны соттың шешіміне орай болатын.

Қазақ қоғамында адат бойынша сот билігін хан, сұлтандар және билер жүргізді. Хан мен сұлтандардың қарауында аса маңызды қылмыстық және азаматтық істер жатты. Олардың қатарында барымта, руаралық, ауыларалық даулар, жер дауы, сұлтандар мен билік басындағылардың өлімі. Сұлтандар арасындағы далар болды. Аса маңызды істер билердің араласуымен жүрді және қалың көпшілік алдында өтті. Қазақ хандығы дәуірінде билерді ешкім сайламаған және тағайындалмаған. Билер өз білімі және тәжірибесі арқасында мойындалып, оларға билік сұрап халықтың өзі келетін. Сот ашық түрде екі жақты, куәлерді тыңдау арқылы жүрді. Сотқа куәлер тартылды. Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салғандығын дәлелдеу үшін 4 куә, қалған істерге 2 куә қажет болды. Куәлер бидің алдында ант беруі тиіс болды. Қазақ мемлекетінде атқарушы биліктің мықты болмауына және дамымауына байланысты билер шешімінің орындалмай қалатын кездері де ұшырасатын. Оның үстіне сот шешіміне де наразылықтар болатын. Осындай жағдайларда барымтаға жол берілді. Барымта қарсы жақтың малын зорлықпен айдап әкету, тартып алу. Барымта ертеректе сот шешімі аяқсыз қалып, қарсы жақтың заңды талапты орындамай қойғанда дауды өз бетімен шешудің құралы ретінде пайда болса ерек.Барымта кінәлінің немесе оның руластарының малын күштеп айдап әкету арқылы жасалып, көп жағдайда ол кісі жарақатына, өліміне жетіп, қайғылы аяқталып жататын. Барымташылар қарсы жаққа барымта жасалуы мүмкін екендігін хабардар етіп отырған. Барымтаға наразы қарсы жақ қарымта жасап малдарын күшпен қайтарып алуға әрекет жасап отырған. Шиеленсіп кеткен барымтаны шешу үшін екі жақтың, екі рудың адамдарының толық жиыны, съезі шақырылып барымтаның себептері талқыланып, екі жақтың айдап алған малдары өздерінде қалдырылып, оны өрел деп атаған.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1. хандардың саяси құрылымы

2. әлеуметтік қоғамның дамуы
Дәріс 14

Тақырыбы: XX- ғасырдағы Қазақстанның әкімшілік құрылымдық қалыптасуы.

1. XX- ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік- құқықтық дамуы.

2.Қазақ қоғамының саяси интеллегиясы.

3.Қазақстанның бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарындағы саяси -әлеуметтік жағдайы.

Қазақ хандықтарының Ресейге қосылуының саяси – құқықтық мәселелері. Кіші жүздің ханы Әбілхайыр 1726ж. Ордабасыдағы бүкілқазақтық жиында қазақ әскерлерінің қолбасшысы болып сайланды. Әбілхайыр хан Ресейге арқа сүйеп өз позициясын нығайтпақ болып Ресей патшасы Анна Иоановнаға жасырын хат жазды. Әбілхайырдың бұл әркетіне жоңғарлардың үздіксіз шабуылы да түрткі болды.

1731ж. 19 ақпанда патша Анна Иоановна Кіші жүздің Ресейдің қол астына кіргені туралы грамотаға қол қойды. Содан кейін қазақ даласына А.И. Тевкелев бастаған патшаның елшілігі шығып 1732ж. 10 қазанда Әбілхайыр хан және 27 сұлтан, батырлар Кіші жүздің Ресейге қосылуы туралы заңды актіге қол қойып, ант берді. Осы жылы 21 қарашада тағы да 30 рубасы ант берді.

Қосылудың алғашқы жылдарында Кіші жүз бен Орта жүз Ресеймен протекторлық қарым- қатынаста болды. Бұл қарым –қатынас бойынша Қазақстан сыртқы саясаттан өзге мәселеде егемендігін сақтауы тиіс еді. Ресейдің қол астына кіруі протекторлық қатынастардың шегінен асып, Ресей тарапынан таза отаршылдық сипат алды.

“Игельстром” реформасы деген атпен енген Орынбор генерал – губернаторы Игельстромның әрекеті Сырым Датұлы бастаған көтерілісті өз мақсаты тұрғысында пайдалану еді. Реформа бойынша билік рубасынан старшындарға өтті. Бірақ расправолар да шекаралық сот та қалыпты жұмыс істей алмады. Оған себеп ықпалы мықты сұлтандық топтың әсері болды.

Сөйтіп, Екатерина ІІ патша қайта хан сайлауға келісім берді. Патша өкіметінің Кіші жүзде хандық билікті жою туралы алғашқы қадамы жүзеге аспады.

Ол Орта жүздің ханы Әбілмәмбет қайтыс болған соң 1771ж. Абылай хан (1711-1781) болып сайланды. ХУШғ. 50ж. Абылайдың басшылығымен қазақ жерлері жоңғарлардан түгелдей азат етілді. Абылайдың әскерлері Қазақстанға басып кірген қытай басқыншыларының бетін қайтарды. Абылайдың басшылығымен Оңтүстік қазақстан жерлері Қоқан басқыншыларынан азат етілді.

Абылай орталық хан билігін күшейтті. Рубасы сұлтандар мен билердің билігіне шек қойып, өзіне бағындырды. Бағынбаған сұлтандарды, билерді, старшындарды Абылайдың төлеңгіттері талқандап отырды. 1781ж.

Өзінің билігін нығайту үшін Абылай хандықты ұлыстарға бөліп, ұлыстардың басына өз ұлдарын тағайындады. Абылай өз билігінде батырларға, ел ішіндегі беделді билер мен жырауларға арқа сүйеді. Төле би мен Қазыбек би Абылайға елдің бірлігін сақтауда көп жәрдемдесті.

3) Кіші жүздегі ХУШғ. Соңындағы шаруашылық-саяси дағдарысқа, жайылым мәселелерінің күрделеніп кетуіне байланысты қазақтардың көптеген топтары Орал мен Жайық аралығының төменгі бойына көшіп барып 1801ж. Бөкей хандығын құрды. Оған император Павел І келісім берді. 1812ж. Бөкей сұлтан орданың ханы болды. Ол қайтыс болған соң (1815) уақытша регент Шығай болып, 1823ж. патша Жәңгірді хан етіп бекітті және ол соңғы хан болды.

Бөкей хандығы патша өкіметінің әкімшілік бірлігі болып саналды. Хан ішкі мәселелерді Орынбор әкімшілігімен келісіп шешті. Ханның біршама ішкі дербестігі болды. Ол дербестік қаржы- салық, жер бөлу, рулық- территоиялық басқару, халықты шаруашылық жағынан орналастыру түрінде жүзеге асты.

Ордадағы билік негізінен ханның қолында шоғырланды. Ханның жанында 12 биден тұратын хан кеңесі құрылды. Ханның арнаулы тапсырмаларын орындайтын 12 жасауылы болды. Жергілікті басшылық рубасы старшындар қолына өтті. Оларды хан және Орынбор әкімшілігі тағайындады.

Сот билігі ханның, жергілікті билердің, хан депутаттарының қолына шоғырланды.

Патша өкіметі Қазақстанды отарлауды тереңдете түсті. Үкімет алдымен Орта жүздегі хандық билікті жоюды көздеді. Орта жүзде Бөкей (1817) және Уәли хандар (1819) қайтыс болған соң жаңа хан сайлауға Патша өкіметі тұрығысынан жол берілмеді. Батыс Сібір губернаторы М.М. Сперанский “Сібір қырғыздары туралы Устав” атты құжат жасады. Осы Устав негізінде Орта жүзде хандық билік жойылды. Бұрын рулық билік бойынша бөлінетін территория әкімшілік-территориялық принциппен округтерге бөлінді. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Әр округте 15-20 болыстар, әр болыста 10-12 ауылдар, әр ауылда 50-70 үйлер болды. Округті аға сұлтан басқарды. Аға сұлтан сайланбалы қызмет болды. Оны 3 жылға тек сұлтандар сайлады. Ол патша өкіметінің шенеунігі болып саналды. Ауылдық старшындар қазақтар арасынан үш жылға сайланды.

“Устав” бойынша қазақтардың сот ісіне, әдет-ғұрып құқығына өзгерістер енді. Билер сотының, адаттың билігі шектелді. Сот әкімшіліктен бөлінбеді. 1822ж. “Устав” отаршылдықты тереңдетіп, Орта жүзді одан әрі игеруге бағытталды. Хандық өкімет жойылды. Оның орнына территориялық принципке негізделген округтік, болыстық, ауылдық басқару енді.

Орта жүзден соң патша үкіметі іле –шала кіші жүзде хандық билікті жоюға кірісті. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен “Орынбор қырғыздары туралы Уставын” жасады. Ол 1824ж. азиялық комитетте бекітілді. Кіші жүзде хан билігі жойылды. Кіші жүз үш бөлікке бөлінді: Шығыс, Орта және Батыс. Әр бөлікті сұлтандар басқарды және олар патша өкіметінің шенеунігі болды. Билеуші-сұлтандардың 100-200 адамнан тұратын әскері болды.

1822-1824жж. “Уставтар” бойынша Орта және кіші жүзде хандық жойылып, басқару мен сот жүйесінің жаңа түрлері енді. Рулық құрылым орнына территориялық құрылым енді. Біртіндеп аға-сұлтандар мен болыстық сұлтандардың орнына қатардағы қазақтар сайлана бастады.

Реформа бойынша байлар мен билердің рөлі арта түсті. Төлеңгіттер мен батырлардың саны азайып, олардың әлеуметтік рөлі төмендеуге бағыт алды.

Патша өкіметінің қазақ жеріне тереңдеп еніп ондаған әскери бекіністер салуы, Орта және Кіші жүзде хандық билікті жойып, жаңа басқару жүйесін ендіруі, орыс әскерлерінің озбырлықтары қазақ халқының отарлыққа қарсы күреске шығуына себеп болды. Кенесары Қасымұлы бастаған 1837-47жж. көтеріліс болды. Көтеріліске шыққан халық Кенесарыны 1841ж. хан көтерді. Мемлекет басшылығы Кенесары ханның қолына жинақталды. Батырлар, билер және ханның туыстары кірген кеңесші орган-хан кеңесі жұмыс істеді.

Хандық ішінде темірдей тәртіп орнатылды. Салық төлемейтіндер мен тәртіп бұзушылар қатаң жазаға тартылды.

Сот реформасын жасауда Кенесары бұрынғы қазақ хандарының үлгісіне сүйенді, қазақтың әдет – ғұрып құқығын одан әрі дамытты. Кенесары ру билерін жойды. Сот билігін өзі тағайындаған билер мен жасауылдарға берді.

Салық жүйесінде жеке феодалдар жинайтын алымдарға тиым салынып, жалпыхандық салықтар өндірілді. Малдан зекет, астықтан ұшыр жиналды.Сонымен қатар, әр ауылдан бөлек салық алынды. Салық негізінен соғыстың қажеттіліктеріне жұмсалды.

Кенесарының хандығы қазақтардың уақытша тәуелсіздігін қалпына келтірген соңғы тәуелсіз мемлекет болды.



  1. Қазақстанның отар ретіндегі құыққтық жағдайы

  2. 1867-1868 және 1886-1891 жылдардағы реформалар

ХІХғ. 60 жылдары Қазақстанның Ресейге қосыла бастағанына бір жарым ғасыр болған еді. Ресей империясы Қазақстанды ресми түрде отар деп есептеді.

1867-1868жж. Реформалардан соң қазақ өкілдері губернаторлық, облыстық, уездік дәрежеде басшылық түгілі, қатардағы шенеуніктікке де жібермеді. Қазақтың жеткен билігі болыстық болды. Олар болыстыққа жету үшін қазақтар орыс өкілдеріне әбден жем болатын.

2) 1867ж. 11 шілдеде “Жетісу және сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже”, 1868ж. 21 қазанда “Орынбор және батыс сібір генерал- губернаторларының далалық облыстарын басқару туралы уақытша ереже” бекітілді.

Қазақстан территориясы Орынбор, Батыс –Сібір, Түркістан атты үш генерал- губернаторлықтың құрамына кірді. Оларды патша өкіметі тағайындаған генерал – губернаторлар басқарды. Оларда екі облыстан барлығы алты облыс болды. Облысты әскери губернатор басқарды. Олардың қолында әскери және азаматтық билік толығымен шоғырланды.

Әскери губернаторға бағынышты облыстық басқарманың қолында да билік болды. Өкімші бөлім облыстық әкімшіліктің шекарасын бөлумен, үкіметтің облысқа қатысты өкімдері мен заңдарының орындалуын, лауазымды адамдарды әкімшілік жазаға тартумен немесе оларды қылмысы және тәртіп бұзғаны үшін сотқа берумен және т.б. айналысты. Шаруашылық бөлімі тұрғындар арасында жер бөлу, қазақтардан алым-салық жинау істерін қадағалады. Сот бөлімі облыстық басқарманың сот палатасы ретіндегі азаматтық және қылмыстық істерді тыңдауын дайындады.

Облыстар уезддерге бөлінді және оны әскери губернатордың ұсынуымен генерал – губернатор тағайындаған уезд бастығы басқарды. Уезд бастығы әскери, полициялық, азаматтық билікті қолына шоғырландырды. Уезд бастыңы әскери адам болды. Реформа бойынша басқарудың төменгі жүйесі болыстық және ауылдық жүйе болды. Болысты болыс, ауылды старшын басқарды.



1886ж. 02 маусымда “Түркістан өлкесін басқару туралы ереже”, 1891ж. 25 наурызда “Ақмола, Семей, Жетісу және Орал облыстарын басқару туралы ереже” қабылданды. Батыс –Сібір генерал – губернаторлығы Дала генерал- губернаторлығына деп өзгеріп оған Сырдария облысынан басқа бес облыс түгелдей кірді. Сырдария облысы Түркістан генерал – губернаторлығына қарады. Жетісу облысы 1897ж. қайтадан Түркістан генерал – губернаторлығының құрамына кірді. Қазақстандағы отаршылдық әкімшілік органдары мен “қазақтардың өзін-өзі басқару” деп аталатын болыстық-старшындық жүйе 1917ж. дейін өмір сүрді. Бұл жүйенің мақсаты жергілікті халықты күшпен басқарып, кез келген өкіметке қарсы қозғалысты басып жаншу еді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет