Тақырыбы: Ы. Алтынсариннің педагогикалық іс-әрекеті Жоспар



Дата16.06.2023
өлшемі21,8 Kb.
#178873
Байланысты:
Баяндама


А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университет

БАЯНДАМА


Студенттің аты-жөні: Ележан А.Ш. (физика)
Мамандығы: Қайта даярлау 4 айлық
Тексерген: Абдиркенова А.Қ.
Қостанай, 2023жыл

Тақырыбы: Ы. Алтынсариннің педагогикалық іс-әрекеті
Жоспар:
- Ы.Алтынсариннің педагогтық қызметі;
- Ы.Алтынсариннің педагогикалық ой-пікірлері.
Білімін өзі жүйелі жетілдірудің нәтижесінде ол өз заманының аса білімді азаматы болды. Орыс педагогика ғылымының тарихы мен өз тұсындағы жағдайын терең зерттеп білу оны қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы етіп қалыптастырды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап екі оқу құралын: «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен «Қырғыздарга (қазақтарга) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты.
Ол қазақ балалары үшін зайырлы мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзі сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындалды. Ағартушылық идеялары жігерлендірген ол ауыл-ауылды аралап, жергілікті халыққа білім алудың маңызы мен қажеттілігін түсіндіруге күш салды. Ондай мектептер ашу үшін қаржы-қаражат жинауды қолға алды. Ондай ақшаның алғашқы үлесін Ы. Алтынсариннің өзі қосты.
Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметі басталды. 1864 жылы қазақ балаларына арналған интернаты бар мектеп салтанатты түрде ашылды. Үгіт жұмыстарының нәтижесінде оқуға 16 бала жазылды. Кейінірек бұл мектептердегі оқушылардың саны арта бастады. Халық ағартушысы жүргізген үгіт жұмыстары нәтижелі болды. Бұл ретте ол былай деп қуана жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны — бұл балалар әлдеқандай уш айдыц ішінде оқуды, тіпті жазуды үйреніп алды».
1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Оның еңбегінің арқасында білім беру саласы қазақ даласында кең орын алды. Атап айтқанда, облыстың барлық уездік қалаларында училищелер ашу қолға алынды. Ол осы мақсатпен Торғай облысының қазақ ауылдарын түгел аралап шықты. Халықтан қажетті қаржы жинастырды. Соның нәтижесінде Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашты.
Оларды мұғалімдермен және оқушылармен толық қамтамасыз етті. Ол мектептердің жабдықталуына, олардың жанында шағын кітапханалар ұйымдастыруға ерекше күшті мән берді. Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Алтынсариннің есімімен байланысты. Аса көрнекті халық ағартушысының басшылығымен қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Ы. Алтынсарин мектепті халық ағарту ісінің маңызды буыны санады.
Ы.Алтынсариннің “Мұсылмандық тұтқасы” (“Шараит-ул-ислам”) кітабын жазып
шығаруына екі түрлі жағдай себеп болды: біріншіден, сол заманда қазақ ауылдарында оқытылатын діни кітаптар (“Иманшарт”, “Кәлем шариф”, “Әптиек” т. б.) араб тілінде жазылғандықтан, оның мазмұнын не молда, не оқушы түсінбей, құрғақ жаттаумен болды. Ал діни оқулықтардың мазмұнын жете түсінбеген дүмше молдалар дін-шариғат қағидаларын өздерінше бұрмалап, теріс түсініктер беретін. Ыбырай ислам дінінің аяттарындағы адамгершілік, иманжүзділік, қайырымдылық қағидаларын өзінің педагогикалық көзқарастарына негіздей отырып түсіндіруді көздеді.
Ол діннің өзін тәрбиенің құралы деп қарады. Мысалы, Ыбырай осы кітаптың кіріспесінде: “…Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігіне көңілі дұрысталмаса, әлбетте, ол намаз болып табылмайды…” Құдай тағала ешкімді жамандық жолға бұйырмайды, мынау жамандық, мынау жақсылық деп көрсетіп, адам баласына қай жолға түссе де ықтияр береді”, – деп адамның жамандық, яки жақсылық іс-әрекетін Алла тағала істетті дейтін молдалардың жалған насихатына қарсы шығады.
Өзінің ағартушылық, тәлімгерлік ісінде Ыбырай талай қиыншылықтарға кездесті. Оның елден қаржы жинап, орыс-қазақ мектептерін ашып, дүнияуи пәндерді оқытуды енгізіп, мәдениет атаулыны насихаттауын көре алмай өшіккен ел ішіндегі кейбір қожа-молдалар оны “шоқынған кәпір” деп өсек таратса, енді біреулер 1884 жылы Ішкі істер министрлігі мен Орынбор генерал- губернаторына “үкіметке қарсы ойы бар”, “социалист” деп, өтірік арыз жазып, қаралауға дейін барды.
Ы. Алтынсарин болса, өзі ашқан орыс-қазақ мектептерін миссионерлік бағыттағы жат пікірден де, шығыстың жаттамалы діни оқуынан да қорғап бақты. Жастарға шынайы білім беретін дүнияуи пәндерді (жаратылыстану, география, тарих, есеп, т.б.) оқытуды іске асырды.
Ол орыс-қазақ училищелерінің шәкірттеріне сол кездегі прогрессивтік, гуманистік идеяда жазылған К.Д.Ушинскийдің “Балалар әлемі”, Л.Н.Толстойдың “Әліппе және оқу кітабы”, Б.Ф.Бунаковтың “Әліппе мен оқу құралы”, Тихомировтың “Грамматиканың элементарлық курсы” атты оқу құралдарын пайдалануды ұсынды.
Ы.Алтынсарин алдыңғы қатарлы орыс педагогтарының оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, қазақ ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлеріне негізделген екі төл оқу құралын (“Қазақ хрестоматиясы”, “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы”) 1879 жылы жазып бастырып шығарды.
Ол қазақ жастарын оқытып-тәрбиелеу ісіне ең басты мәселе деп қарады. “Халық үшін қызмет ететін білімді адамдардың қатарын көбейту арқылы қазақ қоғамының мешеулігін жоюға болады, сондықтан жастарды оқытып-тәрбиелеу ісінен артық еш нәрсе жоқ”,— деп ой түйді.
Хрестоматияға енгізген шығармаларды іріктеуде, біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабар беру принципі көзделсе, екіншіден, оқушыларды адалдыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, талаптылыққа тәрбиелеу, адамгершілік жақсы қасиеттерді олардың бойына дарыту көзделді, үшіншіден, жастардың, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді беруге тырысты.
Ыбырай аударып, хрестоматияға енгізген орыс жазушылары Пауэльсонның, Ушинскийдің, Толстойдың әңгімелерінде де қайырымдылық, кішіпейілділік, талаптылық, еңбексүйгіштік сияқты зор адамгершілік қасиеттер дәріптеліп, оған қарама-қарсы жауыздық, екіжүзділік, дүниеқорлык, т.б. жексұрын мінез-құлықтарды әшкерелеу өзекті орын алады. Ыбырай осы арқылы жастардың ізгі жүректі, инабатты, талапты, ел-жұртына пайдалы азамат болуын көздейді.
Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында дүнияуи мектептер ашу, оқушыларға арнап тұңғыш оқулықтар жазумен бірге, мектептің материалдық базасын күшейтуге баса зер салды. “Мектеп дегеніміз шын мектепке ұқсас болуы үшін оған қаржыны көбірек бөлу керек… Өйткені мектеп – білім берудің басты құралы” деп қарады. Ол оқушылардың бойына адамгершілік қасиеттерді ұялатуға бар күшін жұмсады. Ол өзінің досы Н.Н.Ильминскийге жазған бір хатында “Шәкірттер кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын… Мен балаларды жазалауды сүйетін онша қатал адам емеспін… Бірақ, кейде, балаларды тентектіктен тыймай да болмайды. Тентек етіп өсірсең, балалардың адамгершілік қасиетін бұзып аласың” деп өзінің педагогтік ұстанымын айқын көрсетеді. Ыбырай Алтынсарин өзінің біраз еңбектерін қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ерекшеліктерін зерттеп, этнографиялық очерктер жазуға арнады.
Ол 1870 жылы Ресей география қоғамының Орынбор өлкетану бөлімшесінің тапсыруы бойынша “Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрлерінің очеркі” мен “Орынбор ведомствосы қазақтарының құда тұсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очерктері” атты екі еңбегін жазып тапсырды. Бұл еңбектер орыс зиялы қауымына қазақ қоғамының әр алуан тұрмыс-салт ерекшеліктері туралы түсінік берген тұңғыш жазба еңбектер еді.
Ыбырайдың қазақ халқының салт-дәстүрлерін зерттеудегі мақсаты — дәстүрдің озығы мен тозығын ғылыми түрде талдап, өзінің көзқарасын білдіре отырып, мән-мағынасын ашу, озық дәстүрді тәрбиенің құралы ету болатын. Қазақтың салт-дәстүрін жан-жақты зерттеп, жинақтаумен бірге, әр ауыл мен болыс сайын мектеп ашып, мектеп жанынан монша, кітапхана салып, қайтсем қазақ елін мәдениетті елдердің қатарына жеткіземін деп арпалысқан Ыбырай “қазақ халқы деген оқу-білімге сусап отырған халық, әттең, бұл іске оқыған адамдардың жаны ашымайтыны есіңе түскенде, кейде күйінесің” деп, ел билеуші орыс әкімдеріне қатты реніш білдіреді.
Ы. Алтынсарин өзінің ориенталист досы В.В.Катаринскийге жазған хатында: “…ең жаманы халықтың караңғылығымен емес, қоғамның әл-ауқаты мен мәдениетін көтеруге көмектесу үшін үкіметтің өзі қойған білімді адамдармен күресуге тура келеді” деп қынжылуы да тектен-тек емес еді. Ыбырай орыс мәдениетінен нәр ала отырып, патша өкіметінің отарлау саясатына, патша чиновниктерінің қарапайым халыққа жасап отырған қысымына ашық наразылық білдірген. Ол жөнінде өзінің “Орынбор листогы” газетіне (1880 ж. 4 сәуірде) жазған мақаласы туралы В.В.Катаринскийге жолдаған хатында: “…Осы мақаламда қазақ еліне орыс переселендерін (көшіп-қонушы орыстар) әкеп орнатпақ болған пікірге қарсы екенімді білдірдім”, — дейді. (Бұл жерде Ыбырай орыс патшасының 1879-1880 жж. орталық Ресей мен Украина жерінен орыс крестьяндарын көшіріп, Қазақстанның шұрайлы егістік жерлеріне орналастыру туралы заңы жайында сөз қозғап отыр (С.Қ.)).
Ыбырайдың Орынбор генерал-губернаторы Проценко тарапынан қуғынға ұшырауы, оның Ыбырай ашқан мектептерді жауып, өзін инспекторлық қызметтен босатпақ болып, ісін сотқа беруді ұйғаруы да осы кез болатын. Ыбырай өзінің орыс достары Н.И.Ильминский мен В.В.Катаринскийлердің қолдауымен ғана бұл істен аман қалған еді.
Халқы үшін жар құлағы жастыққа тимей, оқу-ағарту жолында аянбай еңбек еткен Ы.Алтынсариннің ғылыми және әдеби еңбектерінің бүгінгі жастарға берер ғибраты мол асыл мұра.
Біз келешекте қуатты мемлекет, зиялы қоғам құрамыз десек, дәл бүгін бесікте жатқан бөбектерді, балабақшада жүрген балдырғандарды, мектеп шәкірттерін тектілікке, инабаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеуді қазіргі уақыттың міндеті, талабы деп қарауымыз керек . Осы талап пен міндеттерді орындалудағы ең бір пәрменді құрал – оқу, тәлім – тәрбие жұмыстарында халықтық құндылықтардың алтын мұрасын пайдалану. Қазіргі таңда білімнің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыреттілігі жоғары, жаңаша ойлайтын шығармашылықты мамандар даярлау және жасампаз іс әрекетті қалыптастыру. Олай болса, тарих көшінде өзіндік орны бар айрықша зиялы қауым өкілдерінің ұрпақ тәрбиесі туралы мәселелер ауқымындағы ой пікірлерін зерделеу, сипаттау, таразылау, жинақтау, оларды қоғамдық іс – тәжірибе шеңберіне енгізу.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының тағдырына ерекше мән берген ұлы ағартушы – педагог. Ы.Алтынсарин педагогикасының мұраларының негізгі идеяларының бірі – адамның өзара қарым – қатынасы, жастарды еңбекке баулу. Өзінің барлық педагогикалық теориясында жас жеткіншектердің ұлттық тәрбиесін қалыптастырып, жетілдіруде қазақ халқының ғасырлар бойы тәрбие саласында жиған бай тәжірибесін негізге алу қажет деген пікірді ұстанғандардың бірі Ыбырай. Оның дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына әсіресе , қазақтың мәдениетін , өнерін терең білетін, ақыл – парасаты жоғары, сөзге шешен , елге сыйлы атасы Балғожаның ықпалы ерекше болды. Ыбырай бала жастан халықтық педагогикадан алған тәлім – тәрбиесін , үлгі – өнегесін көңіліне түйгендерін оқу ағарту істері арқылы қазақ балаларының бойына сіңдіре білді. Ы. Алтынсариннің ұлттық эстетикалық тәрбие проблемаларын қозғайтын арнайы еңбектерін жазып қалдырмағаны белгілі, бірақ Ы. Алтынсариннің ұлттық – эстетикалық тәрбиеге қатысты оның педагогикалық қызметінен көрініс тапты. Ы. Алтынсарин шығармалары халқымыздың салт – дәстүрі, әдет – ғұрыптарын сипаттайтын этнографиялық мәнде келеді. Ы.Алтынсарин жастарды оқу – білім, өнерге үндегенде құрғақ насихатқа ұрынбайды, айтпақ пікірін оқушы зердесіне сіңіру үшін әр түрлі ұстаздық амал тәсілдерді қолданады.
Бір аллаға сыйынып Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық! – деген өлеңінде білім алуға үндесе, екінші жағынан , өмірдің бір қызығы тек байлықта деп ұғатын, оқу, өнер, ғылым – білімге мін бермейтін кертартпа көзқарасқа соққы береді. Өмірде сарқылмас мол байлық – білім екендігін айта келіп, оған қол жеткізу үшін ерінбей – жалықпай еңбектенудің керектігін түсіндіреді. Өнерді үйрен, үйрен де жирен деп санаған халқымыз ұл қыздарының оң қолынан өнер тамған шебер болуына да мән берген.
Ы.Алтынсарин өзінің төл туындыларында тәрбиелік , нақыл – насихаттық мәніне ерекше көңіл аударып отырды. Сол арқылы жас буынды адамгершілік пен ізгілікке, еңбек пен зейінділікке, өнер – білімге баулуды көздейді. Ол ел жұртқа қажет білім мен өнерді игерудің төте жолы тұрақты мектептер арқылы жүзеге асады деп санады. Ы. Алтынсарин қызметінде балаларды оқыту мен тәрбиелеу жұмысы ерекше орын алады. Мектептегі оқыту мен тәрбие процесін жүргізуші мұғалім деп таниды.Ы.Алтынсарин надандықтың зиянын, ғалымның қоғамдық маңызын түсіндіреді. Бұл әсіресе «Талаптың пайдасы» т. б. әңгімелерімен көрінеді.
Шығармаларында оның өнерге деген ықылас – ілтипаты анық байқалады. Өзінің өлеңдері мен әңгімелері арқылы жастарды табиғаттың әсемдігін , адам сезімін қабылдап, түсіне білуге тәрбиелейді, оның өлеңдері мен ғибрат әңгімелері жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуда күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ол аймақта мектептер мен кәсіптік училищелер ашу арқылы жалпы және кәсіптік білім беру ісінің негізін қалады.
Сиса көйлек үстінде,Тоқуменен табылған.Сауысқанның тамағы, Шоқуменен табылған,- деп педагогтік тәсіліменен балаға еңбек атаулыдан хабар аңғартады. Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осында , тек осы мектептерде ғана деп жазған болатын. Ы.Алтынсарин шығармаларында еңбекті сүю, білімдіден үйрену , талпыну, адамды сыйлау үгіттеледі.
Ы.Алтынсарин – қазақтың салт – дәстүрін зерттеумен айналысқан ғалым этнограф. Еңбек тақырыбы – Ыбырай әңгімелерінің арқауы. Ол техниканы меңгерген адам зор игілікке ие болады, жаратылыстың тілін біледі, оны өзінің айтқанына көндіреді , халықтың жалпы мәдениетін көтерумен қатар негізінен олардың тұрмысын жақсартады дейді. ХХ ғасырдың басында бір кезде Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалыстың туын А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатовтар жалғастырды.
Сонымен Ыбырай өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ халқының жаңа буынын тәрбиелеп, олардың озық

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. Беркімбаева Ш.К., Құсайынова А.Қ., Педагогика, Алматы-2007.
2. Жүкеш Қ., Ұлттық педагогика-психологияның сипаты. Көмекші құрал, Алматы, 1993.
3. Сейталиев Қ., Педагогика тарихы, Алматы, 2012
4. Қазақ хрестоматиясы , 2007ж., “Білім” баспасы
5. Әлемдік педагогикалық ой-сана, 10 том, “Таймас” баспа үйі, 2010ж.
6. Қазақ әдебиеті 9-сынып “Мектеп” баспасы 2013ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет