ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Эссе
Тақырыбы: Қиын балалалар
Орындаған: Ибадуллаева Мөлдір
Тобы: 1701-10
Қабылдаған: Ортаева Ақмарал
Шымкент, 2021 ж.
Бүгінде «қиын балалар» мәселесі бізді әлі де ойландыруда.
Қиын балалар қайдан шығады?- деген сұраққа былай жауап берсе де болады. Ең басты себеп отбасы тәрбиесінде жатыр: ата-ананың ішімдікке салынуы немесе екеуінің біреуі болмауы. Осының бәрі баланың мінез-құлқына, ішкі жан дүниесіне әсер етеді.
«Қиын балалар» ұғымы 1920-1930 жылдарда тәрбие мәселесінде пайдаланып жүрді. Бара-бара бұл 1950-1960 жылдары қайтадан қолданысқа енді. Қазір бұл мәселе ғылымда нақты орын алып отыр. Әрине, бұл мәселемен көптеген ғалымдар айналысқан, қиын балалар мінезін, өмірін жан-жақты зерттеген. Қазір де мұндай жасөспірімдер көп.
Кейбір тәрбиесі, мәдениеті өте төмен ата-ана баласын ұрып-соғып, жаман сөзбен балағаттап, тіпті баласына қайыр-садақа сұратқызады. Мұнда бала ертеңгі күні кекшіл, жасқаншақ, төбелескіш келеді. Сонда оның тағдыры, болашағы қандай болмақ.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын»
«Адамның баласын заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі» (13.) деп Абай атамыз айтқандай, бала тәрбиесіне бәріміз де: мектеп, ұстаз, ата-ана, қоршаған орта, қоғам жауаптымыз. Ата-бабаларымыз бізден бұрын бала психологиясын танып, адамның жан дүниесіне үңіле білген. Ал, бұл қасиет дәл қазіргі уақытта бізге өте қажет: баланың ішкі дүниесіне үңіле білу, жан-сезімін түсініп, ұғыну, оған көмектесу. Мысалы, «Балаңды 5-7 жасқа дейін патшадай сыйла, 10-15-ке дейін құлша жұмса, 15-17 жасынан ақылға-ақыл қосар дос, жолдасыңдай сыйла»деген ғибаратты баланың даму психологиясын жас ерекшеліктеріне қарап, сипаттап, саптап бөліп қойғандай. Осы кезеңдердің бірінен аттап кетсек тәрбиенің күрт бұзылуы даусыз.
Орта білім дамыту тұжырымдамасында «Қоғамымыздың ірге тасын нығайту мақсатында ең алдымен адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін көркейту керек» делінген. Бұл үшін психология, педагогика ғылымдарының жетістіктерін пайдалана отырып, нарықтық экономикаға сай дені сау, ұлттық сана – сезімі жоғары, рухани ойлау дүниесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан Қазақстан азаматын тәрбиелеу- міндетіміз.
Осынау өмірдегі әрбір жасөспірімге тән қасиет яғни, көңілінің қамауы – ешкімге бағынышты болмай, қатар-құрбыларымен бірге ойнап, бірге күліп, ішкі жан сырларын да бірге бөлісіп, балалық бал дәуренін көңілді өткізу. Ол сондай-ақ тіршілік көшіне үлескісі келіп, жеке басы үшін әрқандай қам-қаракет жасайды, өзін болашаққа бағыттайды. Осындай ұмтылыс әрбір жас жеткіншектен көрінгенімен, оның сапалық дәрежесі әркімде әр түрлі болады. Мысалы, қиын балалардың болашаққа ұстанған бағыты басқа жасөспірімдерден өзгешелеу болып келеді. Тәрбиесі «қиын» балалар әдетте өмір тәжірибесінің таяздығынан, көп ретте ерік-күшінің аздығынан, берік қалыптаспауынан кездескен қиыншылықты жеңе алмай, тағдырдың тәлкігіне түсіп кете барады.
Тәрбиесі «қиын» балалардың пайда болуына бірден-бір себепші болатын және жағымсыз жағдай туғызатын – отбасы тәрбиесі. Оның бастылары: — біріншіден, баланың күнделікті жүріс-туыстарын қадағаламау; оның көзінше арақ-шарап ішу, дау-жанжал, ұрыс-керіс туғызу;
екіншіден: тәрбиенің көзі- баланы киіндіру, тамақтандыру, мұң-мұқтажын қамтамасыз ету деп санаушылық;
үшіншіден, жастайынан еңбектену әдет-дағдыларын қалыптастырмау. Оқушының жан дүниесіне көңіл аудармау, отбасындағы ажырасу және жаңа адамның отбасы мүшесі болып енуі де себеп болады.
Отбасындағы тәрбиеден кеткен кемшіліктер мектеп жағдайында одан да бетер шиеленсе түсетіндігі айқын. Себебі мектепте де баланың жеке басын силамай, әкімшілік көрсету баршылық. Мектеп мұғалімдері мен қиын балалардың қарым-қатынастары «қиын» айтуымен, ұрысу ар-ожданына тию тәрізді. Педагогикаға жат әрекеттермен сипатталады.
Мұғалімдер мен қиын балалардың арасындағы қарым қатынастар жүйесіндегі кемшіліктерді төмендегіше топтан өткізуге болады.
Мораль белгілерімен заң нормаларын ұстамауға бейімділігі бар оқушыларды алдын-ала айқындай алмау. Мұғалімдердің кейбіреулері оқушының дара ерекшеліктеріне, адамгершілік тәрбиесі нормасынан ауытқу себептеріне толық көңіл аудармаған. Ұжым арасындағы қарым қатынастардағы кемшіліктерді жоймау, балалардың бос уақыттарын нәтижелі ұйымдастырмаудан деп санаймын.
Тәрбиесі «қиын» оқушылармен тіл таба алмай, яғни жеке педагогикалық ықпалдар жасай алмаудан барып, педагогтық этикаға жатпайтын тәсілдері: ұрсу, әрбір қылықтарын талдауға алу, орынсыз жазаламау, қандай бір жөнсіз «әрекеттер» болсын оны сол балаға жабу, кемсіту т.б. қолдану, дұрыс қолданылмаған шара жас өспірімдердің ыза кегін туғызып, қарсылық көрсетеді.
Кейбір педагогтердің кәсіптік деңгейлерінің төмен болуы және психологиялық тұрғыдан балалармен жұмыс жүргізуге дайындығының жеткіліксіздігі, өз пәндерінен білімдерінің таяздығынан, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырумен өткізуде методикалық шеберліктер дәрежесі төмен болуы себеп болған.
Қиын оқушылардың проблемаларын шешуде оқушылардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін педагогтер білулері қажет. Себебі, қандай бір педагогикалық ықпалдар жасалмасын олар баланың ішкі жан дүниесімен сабақтасып жатуы тиіс.
Оқушыларға ықпал жасайтын басты тұлғалардың бірі- сынып жетекшілері. Сынып жетекшілері жүйелі жоспар құрып, шәкірттермен ақылдаса ата-аналармен бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана үлкен нәтижелерге ие бола алады. Сондықтан ол әр уақытта оқушыларының күшті және әлсіз жақтарын ескеріп, нәтижелеріне жүйелі салыстырулар жүргізіп, нақты талдау жасап отыру тиіс. Ең бастысы әрбір ұстаз өзі атқаратын тәлім тәрбие ісін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырып, шәкірттерін жан-жақты білуге ұмтылған дұрыс. Оқушылардың тәрбиелік деңгейі нақты анықтау үшін үздіксіз жұмыс істеу керек. Бұл ретте ұстаз оқушылардың тәрбиелілігін көрсететін саналылығы, адамгершілігі мен имандылығы, эстетикалық талғамы, танымдық даму дәрежесі, қызығуы, қоршаған ортаға, өнерге бейімділігін тағы басқа ескеруі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |