Өткізген: сынып жетекшісі Мухамбеткалиева Самал Сабитовна
Тақырыбы: Қыз қылығымен көрікті.
Мақсаты:а) Қыздарымызды сайыстыра отырып өнерлерін арттыру. Ізденушілік қабілеттерін, ой — өрісін, қызығушылықтарын арттыру.
ә) Балалардың өзінің ата — тегін ұғынып білуге, бойына ұлттық сананы сіңіруге, бір — бірін сыйлауға, жеті аталарын білуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу.
б) салт — дәстүрді құрметтеуге ақыл — ойларын, әдет — ғұрпын, ауыз — әдебиеті шығармаларын оқу арқылы рухани жан дүниесін байыту.Қыздарымызды, аналарымызды мейрамымен құттықтау.Қыздарымыздың өнерлерін тамашалау.
Көрнекілігі:Қыз баласының тәрбиесіне байланысты мақал — мәтелдер, шар, плакаттар, ән шашу, сыйлық.
Барысы:
Қымбатты аналар, ұстаздар, ару қыздар, қонақтар сіздерді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз,ал қыздарымызға оқуда озат болуларына тілектеспіз!
Ана, бала көзінің ақ пен қарасы,
Бір — бірінсіз таусылмайтын шарасы.
Әр ананы арманына жеткізер,
Әр баланың ақылы, ары, санасы.
Қыздар деген қызыл гүл ғой
Өсіп тұрған бақтағы
Қыздар деген қазақтың, асыл арман ақ таңы!
Аңсап келіп алыстан мекен жайды,
Туған жерге бозторғай құшақ жайды.
Қуанышпен ән салып шартарапқа,
Көркін жырлап көктемнің қалықтайды.
Қыздар, қыздар, қыздар — ай,
Қыр төсінен гүл терсе жан жарасып.
Самал тербеп көк майса құлпырады,
Табиғаттың тұрғандай нұры тасып — дегендей бүгінгі 4 сыныптың қыздар арасында өтетін «Қыз қылығымен көрікті» атты сайысымызға қош келдіңіздер!
Арулар — асыл жандар,
Шуақ боп шашылғандар,
Қуат боп тасынғандар,
Құшақ боп ашылғандар,
Арулар — асыл жандар,
Арулар — асыл жарлар.
Арулар — аяулылар, ардақтылар,
Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.
Арулар тіршілікке күретамыр,
Өмірді бір — біріне жалғап тұрар.
Қыздарға арнап жыр жазбаған ақын жоқ, ән шығармаған сазгер жоқ. Қызыл гүл, қарақат көз, қиғаш қам, алма мойын бұлардың барлығы біздің әсем қыздарымызға айтылған теңеулер. Ендеше біз де өзіміздің сыныптас достарымызға лайықты ықылас ниетімізді білдіріп, осы байқауға қатысатын қыздарымызды таныстырып өтейін.
1.Жақсы адам кімге болсын болар пана,
Мол оның тал бойында ақыл, сана.
Көркіне ақылы сай келетін,
Сыныптас дос, Айкөркемде ортамызда!
2.Көрікті де, сымбатты,
Гүлханбіздің әдемі.
Намысын қорғап бүгінде,
Қыз сынына келіпті.
3.Айару біздің өнерлі,
Көңілді өмір сүреді.
Қыз сынындай сайысқа,
Алып келді өнерін.
4.Өнер қуған жасынан,
Өнері судай тасыған.
Келесі бізде Ботагөз,
Көрінген күштің басынан.
5.Сабырлы, әрі салмақты,
Өзі өнерлі жан — жақты
Ортада Зарина қыз,
Жарысты бүгін жалғапты.
6.Қыздардың бәрі сұлу салсаң назар,
Бәріде арманына қолын созар.
Арманың орындалсын, Ару сенің,
Бұйырса бақыт құсы саған қонар.
7.Сабағын жақсы оқиды,
Көңілге бәрін тоқиды.
Үндемей жүрген Гүлданам,
Нені ойлап толқиды?
Бүгінгі ұл — ертеңгі – әке, бүгінгі қыз — ертеңгі ана. Сол себептен ұлтымыздың салт — дәстүрін, әдеп — ғұрпын олардың бойына сіңіріп өсіру басты мақсат. Сондықтан да осы тәрбие сағатына дайындық барысында қыздарымыз көп оқып, өз білімдерін көрсетеді деп ойлаймыз.
Енді қыздарымызды сайыстың өтілу барысымен таныстырып өтейік:
1 — сайыс: «Мен қазақ қызымын»- өзін — өзі таныстыру.
2 — сайыс: Сұрақ-жауап
3 — сайыс: «Өн бойынан, өнер тамған». Әрбір сайыскер өз өнерлерін ортаға салады.
4 — сайыс: «Таң қалмаңыз», яғни қазақтың қарапайым әрбір қызы, әр ісімен ел жұртты таң қалдырарлықтай шаш үлгісін ұсынады.
5 — сайыс: «Сән үлгісі»
6-сайыс «Ас адамның арқауы»
Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын
Үлкеннің алдын орып сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.
Өнер қуып арулар өтер деймін,
Бір басына өнері жетер деймін.
Бәсекеге түскен арулар кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтер деймін.
Бүгінде озық дәстүр, салт — сананың,
Берік ұстап сүйетін, от панасын
Арулар өтсін өзін таныстырып,
Қуантып, жолдас — жора, ата — анасын.
Олай болса біздің ару қыздарымызды ортаға шақырайық. Өз кезектерін анықтау. Сайыстың бірінші кезеңі бойынша өз өздерін таныстыру.
Қыз баланы тәрбиелеуге халқымыз сонау заманнан бері ерекше мән беріп келеді. Қыз баланы құрметтеу, қыз бала алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу ер тұрманы әшекейленген сұлу жорғаға мінгізу, қыз баласын босағада отырғызбау деген сияқты дәстүрлі, тәрбиелік мәні зор әдет – ғұрыптарды атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған.
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
Қыз өссегелдің көркі деген сөзді
Қапасыз қалай айтқан қайран бабам, — дегендей аналарымыз
мәпелеп, үкі тағып, үлбіретіп өсірген Қыз Жібек Баян, Айман, Шолпандар.
2-сайыс Сұрақ-жауап бөлімі
1-ару.
1.Анаңды Меккеге 3 рет арқалап барсаң да,
............Қарызыңнан құтыла алмайсын.
2. Келін түсіру, қыз ұзату дәстүрінде айтылатын салт жырларды ата. ( Той бастар, «Жар — жар», « Беташар », « Сыңсу»).
3. Не жетім?
Жаңбыр жаумаса – жер жетім,
Басшы болмаса – ел жетім,
Ұқпасқа айтылған сөз жетім.
2-ару.
1. Ана сүтін ақтамағанды,
… Ешкім мақтамайды.
2. Сәби өмірге келгенде қандай той жасалады? (шілдехана)
3. Дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не қатты ?
(Ананың сүті тәтті. Ананың қолы жұмсақ. Әкеің жүрегі қатты)
3-ару.
1. Ананың құны,
… Ананың сүті.
2. Қуанышты хабарды жеткізгенде не сұралады? (сүйінші)
3. Қазақша күн аттарын білесіңдер ме ?
Бүгін-дүйсенбі,
Ертең – сейсенбі.
Бүрсігіні – сәрсенбі.
Арғы күні – бейсенбі.
Ауыр күні – жұма.
Соңғы күні – сенбі.
Азына – жексенбі.
4-ару.
1. Ағайын алтау,
… Ана біреу.
2. Жас бала алғаш рет үйінен басқа жаққа қыдырып шығуын не дейміз? (тоқымқағар)
3. Жеті қазына дегеніміз не ?
1. Ер жігіт
2. Сұлу әйел
3. Ілім-білім
4. Жүйрік ат
5. Құмай тазы
6. Қыран бүркіт
7. Берен мылтық
5-ару
1. Атасыз үй батасыз,
… Анасыз үй панасыз.
2. Алыс жерде жүрген отбасы мүшелеріне не сақтайды? ( сыбаға)
3. Жеті жұтты атаңыз.
1. Құрғақшылық
2. Мал жұтау
3. Оба(індет)
4. Өрт
5. Соғыс
6. Жер сілкіну
7. Сел жүру (тасқын)
6-ару
1. Ата-ананың қадірін,
… Балалы болғанда білерсің.
2. Жаңа түскен келінді, жас сәбиді көрсетіп не алады? (көрімдік)
3. Достық нешеу ?
Достық екеу.
Бірі-адал достық,
Екіншісі-амал достық .
Адал достық- өмірлік нұсқа болады,
Амал достық-өрісі қысқа болады.
7-ару
1. Анасын сүйгеннің
… Баласын сүй.
2. Бала алғаш мектепке барғанда қандай той жасалады ?(тілашар)
3. Қазақтың қонағы неше түрлі болады ?
Қазақтың қонағы төрт түрлі болады:
1. Арнайы қонақ .
2. Құдайы қонақ .
3. Қыдырма қонақ .
4. Қылқыма қонақ .
Сегізінші наурыз келді.
Қуанышты күнде енді.
Мерекелі күніңізбен
Құттықтаймыз сіздерді.
3 — сайыс: «Өн бойынан, өнер тамған». Арулардың өнерлерін тамашалайық.
4 — сайыс: «Таң қалмаңыз», яғни қазақтың қарапайым әрбір қызы, әр ісімен ел жұртты таң қалдырарлықтай шаш үлгісін ұсынады.
Аруларымыз шаш үлгісін жасап болғанша біздің сыныптың жігіттері «Жан ана» әнін орындайды.
5 — сайыс: «Сән үлгісі» Қолдарынан келетін киім үлгілерін ұсынады.
Би: «Серілер биі»
6-сайыс «Ас адамның арқауы» Әзірлеген тағамдарының жасалу жолын, құрамын таныстырады.
Бүгін наурыздың сегізі
Сұлулықтың негізі
Әдемі сөз адамның
Анаға айтар лебізі – дей отырып өздеріңізге арналған сынып ұлдарының әзірлеген сыйлықтарын, жүрек жарды лебіздерін қабыл алыңыздар.
Қыздар десең шешек атып жанады,
Өмірімнің бастау алар жаңа әні.
Қыздар деген тіршілікте пана боп,
Әр бір үйде жұлдыз боп жанады.
Пікір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тамам жұртты.
Қыздардың қылығынан өмір қызық,
Қыздардың ғұмырынан заман құтты.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көркінен мұндай түрін.
Қыз бала, бойжеткен, келін, ана,
Бәрі де дер кезінде дара тұлға.
Ұрпағыңның ойлайсың болашағын.
Қызды сыйла, жамағат, қызды сыйла.
Аруларымыз бірінен-бірі өткен шебер, сұлу, әрі ақылдары көріктеріне сай екен. Қазақтың нағыз қызы осындай болу керек. Қыздарымыздың бәрі өнерлі болғандықтан мен оларға әртүрлі атақтар беремін. Қабыл алыңыздар.
Қорытынды: Құрметті бүгінгі кештің қонақтары ару қыздарымыз бен өнерлі ұлдарымыздың сіздерге арналған «Қыз қылығымен көрікті» атты сайысымыз аяқталды, қош сау болыңыздар
Достарыңызбен бөлісу: |