Тақырыбы: «Ұлт зиялыларының ұлттық мемлекет құру жолындағы іс-әрекеттері» Дайындаған: Сарсембайқызы Нұрайна



Дата07.02.2022
өлшемі20,69 Kb.
#84453
Байланысты:
Сарсембайқызы Нұрайна ОСӨЖ-1 тарих


Тақырыбы: «Ұлт зиялыларының ұлттық мемлекет құру жолындағы іс-әрекеттері»
Дайындаған:Сарсембайқызы Нұрайна

1917 жылы Ақпан революциясының жеңісінен кейінгі елдегі революциялық процестің қарқынды даму барысында Ә. Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан либерал-демократиялық көзқарастағы қазақ интеллигенциясы өкілдері ұлттық партия құру мәселесі бойынша өз жоспарларын жүзеге асыруға кірісті. Олар қазақ халқын тап пен жікке бөлмей бүкіл халықтың мүддесін ойлады, буржуазиялық- демократиялық бостандық атауын пайдалануға күш салды.


Уақытша үкімет те , кадеттер партиясы да қазақтардың автономиялы ел болуына қарсы болды . Бұл Ә.Бөкейхановтың кадеттер партиясынан шығатыны туралы «Қазақ» газетінде ашықтан- ашық мәлімдеуіне себеп болды. Осындай жағдайда қазақ либерал-демократиялық интеллигенция өкілдері жағдайдың және саяси күштердің жедел өзгеруін есепке ала отырып , жалпықазақ сьезін тездетіп откізу керек деген шешім қабылдады.
Қазақстанның барлық облыстарының өкілдері қатысқан 1-ші жалпықазақ сьезі 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өтті. Күн тәртібінде 14 мәселе қаралды: мемлекетті басқару жүйесі , жер мәселесі, дін мәселесі, саяси партия құру , әйел мәселесі , білім беру жүйесі, сот, милиция құру, земство, бүкілресейлік мұсылмандар сьезі, Құрылтай жиналысын шақыру және оның қазақ облыстарында сайлануына дайындық , Жетісу облысындағы оқиға , қазақтардың Киевтегі Бүкілресейлік Федерациялық кеңеске және халыққа білім беру мәселесі бойынша Петроградта ұйымдастырылатын комиссия жұмысына қатысуы , автономия. М.Құлмұхаммедтің айтуы бойынша: сьезде екі ұстаным басымдыққа ие болды. Бірі – А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың «тәуелсіз автономия құру» және Ә.Бөкейханов пен Ж.Ақбаевтың «ұлттық-аймақтық автономия құру» ұстанымы. Жасырын дауыс берудің нәтижесінде Ә.Бөкейхановтар жеңіп шықты.
Қазақ қоғамындағы зиялыларды қазақ мемлекеттілігінің тәуелсіздігі әрқашан да толғандырды. Ресей империясы жаулап алғаннан кейін отаршылдық саясатқа ХІХ ғасырдың бірінші жартысында патша үкіметіне қарсы орыс-қазақ соғысы болды. Кеңесары хан, Арынқазы хан, Жоламан Тіленшіұлы, Исатай мен Махамбеттің тәуелсіздік үшін соғыстары белгілі. Ұлт-азаттық қозғалысы жеңілгеннен кейін патша үкіметі жүргізген репрессиясы халықтың тәуелсіз мемлекеттілікті қалпына келтіруге деген идеясын өшіре алмады. Қазақ халқының ойшылдары Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев және т.б. тікелей болмаса да, жанама түрде қазақ мемлекеттілігінің, қазақ мемлекетінің қалыптасуын, оның еркіндігі мен бостандығын көтерді.
Ғасыр басында қазақ зиялылары көп болған жоқ. Қазақ қызметкерлері орыс-қазақ мектептері, гимназияларда генерал - губернатордан бөлінетін үш-төрт стипендиядан қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Варшава сияқты қалаларда әр түрлі мамандықтар бойынша білім алды. Мысалы Қазан университетінде А. Бірімжанов, М. Қарабаев, Ә.Алдияров, С. Аманжолов, Б. Мәметов, И. Қашқынбаев, Ш. Бекмұхамбетов, С.Мендешов, М. Тұнғаншин, Н. Залиев сияқты қайраткерлер білім алды. Петербург қаласында Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев, Б. Қаратаев, Б.Құлманов, Б. Сыртанов, Ж. Сейдалин, А. Тұрлыбаев, Ж. Досмұхамбетов, М. Шоқаев, Ж. Ақпаев, Р. Нәрсеков, С. Асфендияров, С. Шәлімбеков, Х.Досмұхамедов, Стамбулда А. Ғайсин, С. Шанов, Д. Көлбаев, М.Тұрғымбаев және А. Машаев сияқты қазақстандықтар білім алды. Жалпы 1917 жылға дейін оқыған 700-дей қазақ жастары оқу орындарын бітірген.
Петербургтегі қазақ студенттерінің астанадағы саяси өмірге енуі және олардың сол тұстағы түрлі саяси ағымдарға қатынасы туралы өте құнды деректерді Халел Досмұхамедовтың кейіннен ОГПУ орындарына берген жауап текстінен кездестіреміз. Ол былай деп жазды: «Петербургке 1-революцияның қарсаңында, яғни арасында студенттер де бар демократиялық күштер іштей тынып, наразылық танытып тұрған шақта бардым да, бірден студенттік өмір иіріміне сүңгіп, өзімнің саяси сауатымды ашуға кірістім, түрлі партиялардың бағдарламалық талаптарымен таныстым, түрлі студенттік үйірмелерде болдым, тек сонан кейін ғана орыс мемлекеті өмірінің ішкі мазмұнын түсіне бастадым. Мені және басқа қазақ студенттерін бірде-бір саяси партияның немесе үйірмелердің бағдарламалары қанағаттандыра алған жоқ. Социал-демократтар тек жұмысшылар жөнінде... кадеттер өзге халықтар турасында бір ауыз сөз айтпай, тек орыс халқының ұлылығы жөнінде айтты, ал оңшылдар болса орыстан басқа жұртты кемсітумен болды» .
Қазақ жастарының арасындағы қазақ қоғамының «батыстық» немесе «шығыстық» даму мүмкіндігі төңірегіндегі айтыс. Ондай қызу пікір алысулардың Петербургтегі қазақ студенттері арасында болғандығын мұнда сәл кейінірек оқыған С.Асфендиаров та айтады.
Саяси үгітпен студент М.Тынышбаев та айналысты. Жетісу облысы Лепсі уезіндегі жандарм орындары жоғарғы басшыларына студент Тынышбаевтың азаттыққа үндейтін түрлі баспа материалдарын үйіне тасып, оларды жергілікті сауатты қазақтардың арасында таратып жүргендігін жеткізген.
Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиесілі көрініс емес еді. Өмірде болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі үйірмелер жұмысына араласу Омбы, Семей, Орал сияқты жергілікті орталықтарда орта білім беретін оқу орындарында оқып жүрген жастарға да тән әрекет болатын. Омбыдан саяси қызметі үшін қуылған Жақып Ақбаевтың да араласқанын, үйірме мүшелері халық арасына «саяси әдебиеттер және қазақтарды отырған жерін өз еркімен бермеуге, елінің мүддесін кафтанға айырбастаған сатқын болыстармен» күресуге шақырған үндеу таратқандарын жазады.
Міне, осы келтірілген және басқа фактілер ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметке біраз даярлықпен келгенін көрсетсе керек. Ал ұлттық интеллигенцияның дербес саяси күш ретінде белсенді қоғамдық күреске араласуы 1905 жылдан басталады. М.Дулатовтың «Қазақ» газетінде 1913 жылы былай деп жазған еді: «1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да бас пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдік пен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды».
Қазақ зиялыларының өздерін қоғамдық күреске қандай күштің алып келгендігі жөнінде де айтқандарын кездестіруге болады. М.Дулатов 1929 жылы ОГПУ тергеуіне берген жауабында бұл мәселеге байланысты мынадай пікір айтады: «...Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уез бастықтарын айтпағанда ең төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады, оның бұл қалге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш-чиновниктер, болыс басқарушылар және басқалары өз «үлестерін» қосты; ауыр салық, зорлық, парақорлық, өсек тасу үйреншікті көрініске айналды; қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер ешқандай да есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілді, ал қазақтар болса шөлге ығыстырылды; патша үкіметі мектептер аштыруға бас-көз қамқоршы болудың орнына, қазақтарға өздері жиған қаржыға мектеп үйін тұрғызуға тыйым салды; мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды (мысалы, Қосшығұлов, Науан Қазірет т.б.), дәрігерлік көмек жөнінде халықта түсінік те болған емес. Қазақ жұрты кез келген орысты жау санады, сондықтан да: «Сары орыстың бәрі орыс» немесе «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын» деген мақалдар шықты.
Міне, осындай ауыр жағдайдағы қазақ қоғамының, оның көзі ашық азаматтарының метрополияда болып жатқан саяси оқиғаларға көңіл аудармауы, әрине, мүмкін емес-тін. Ресейдегі 1905 жылғы азаттық үшін қуатты қозғалыстың дүмпуі қазақ қоғамына да келіп жетті.
Сонымен, 1905 жыл қазақ азаттық қозғалысының өрлеу, жаңа сапаға көтерілу кезеңін бастап берді, ал саяси күрес болса ең алдымен патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрінді
1905 жылы түрлі петициялар тапсыруда үлкен белсенділік танытқан далалық облыстардың қазақтары еді. М.Тынышбаев бұл саяси науқанға аталған өлкеден 25 мың адамның қатысқанын айтып «Енді генерал Сухотинге барлық қырғыз жұртын Сібірге жер аударып, елсіз далада жеке өзіне патшалық құрудан басқа ештеме қалған жоқ», - деп мысқылдаған болатын.
Автономистердің съезі осы жылы Петербургте қараша айында өтеді. Бұл съезге қазақтың белгілі саяси-қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбайұлы қатынасып, баяндама жасады. Бұл кезде ол Санкт-Петербургтегі І Александр атындағы Жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтының студенті болатын. Мұхамеджан Тынышбайұлы баяндамасында патшалық зорлықшыл тәртіпті ымырасыздықпен әшкереледі. Мұның өзі сол кездегі ең бір батыл әрекет еді. Ол отаршыл үкіметтің «қазақтардың тілін, салт-дәстүрін, діни сенімін, жалпы ерекше болмыс-бітімін қуғындау, тағылық және айуандықпен жазалау арқылы ұлт ретінде жойып, бүтін өлкені орыстандырып жіберуді тоқтату керектігіне назар аударды. Әртүрлі әкімшілік шаралар, нұсқаулар мен ережелер арқылы қазақтарды заңнан тыс тобырға айналдырып, оларды өздерінің ата-қонысынан айыру саясатын көздегенін ашына айтып, ендігі уақытта халыққа автономиялық дәрежеде болса да еркіндік беруін талап етті. Қазақ халқы Мемлекеттік Думаға сайлауға қатынасу құқына 1906 жылдың ақпан айының соңғы күндерінде ғана мүмкіндік алды. Яғни империяға қараған әкімшілік аумағы бойынша сайлау қазақ даласында ең соңында өткізілді. Егер ол метрополияда үш жетінің ішінде (1906 жылдың 26-наурызынан 20-сәуіріне дейін) аяқталған болса, І-Мемлекеттік Дума таратылған күні Жетісу облысында сайлау әлі өтіп те үлгерген жоқ еді. Ал 1906 жылы 27-сәуірде Мемлекеттік Дума өз жұмысын бастап кеткенде Семей облысында болыстар өз сайлаушыларын енді ғана анықтаған болатын».
1905 жылдың соңына қарай Орал қаласында өткен бес облыстың (Ақмола, Семей, Торғай және Жетісу) делегаттық съезі «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдады. Оралда шығып тұрған «Фікір» газеті оның 9 адамнан тұрған Орталық Комитетінің құрамын жариялады. Олар Б.Қаратай, Т.Бердіұлы, М. Бақыткерейұлы, И.Тоқтамбердіұлы, Х.Досмұхамедұлы, Н.Айтмұхамедұлы, М.Мұқанұлы, Т.Рахымбердіұлы және И.Дүйсембиндер еді. Ал енді қазақ зиялыларының партия құру бағытындағы іс-әрекеттері әсіресе 1906 жылы белсенді түрде байқалды.
І-Мемлекеттік Думаға Торғай облысынан Ахмет Бірімжан, Уфа губерниясынан Сәлімгерей Жантөре, Орал облысынан Алпысбай Қалменұлы, Астрахан губерниясынан Бақтыгерей Құлман мен Дәуіт Ноян-Тұндұт, Ақмола облысынан Шәймерден (Шаһмардан) Қосшығұлұлы, Жетісу облысынан Молда Тайынұлы және Семей облысынан Әлихан Бөкейхан сияқты халық қалаулылары депутат болып сайланды. Бірақ І-ші Думаның ғұмыры ұзақ болған жоқ. Демократиялық өзгерістерден қорыққан патша өкіметі 1906 жылдың 8-маусымында оны таратып жіберді.
ІІ-ші Мемлекеттік Дума өз жұмысын 1907 жылғы 20-ақпанда бастады. Оның құрамына Ақмола облысынан Ш.Қосшығұлұлы, Торғай облысынан А.Қ.Бірімжан, Семей облысынан Т.Нұрекен, Жетісу облысынан М.Тынышбайұлы, Сырдария облысынан Т.Аллабергенұлы, Орал облысынан Б.Қаратай, Астрахан губерниясынан Б.Құлман сияқты қазақтар депутат болып сайланды.
1907 жылғы 3-маусымда ІІ-ші Мемлекеттік Дума да таратылды. Патшаның осы жарлығы бойынша кейінгі Мемлекеттік Думаларға қазақ елінен депутаттар сайланбайтын болды
Қорыта айтқанда, қазақ зиялылары мерзімінен бұрын таратылған бірінші және екінші Дума жұмысына ғана қатынасумен шектелді. Бірақ, қазақ зиялылары үшін Дума жұмысына және оған қатысты саяси шараларға қатынасу ізсіз өткен жоқ еді. Олар, біріншіден, империя жағдайында Дума сияқты «өкілетті» орынның, ең алдымен, орыс помещиктерінің мүддесіне, империялық мүдделерге қызмет жасайтындығына көздері жетті. Ә.Бөкейханов Мемлекеттік Дума мүшелеріне жолдаған ашық хатында: «Қазақ жерлеріне жерік князьдар мен графтардың ынталы әрекетімен өмірге келген «3 маусым заңы» бізді Мемлекеттік Дума мінберінен өз мүддемізді қорғай алу құқығынан айырды» деп жазды. Екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың белсенді, мақсатты қимылы және саяси тұтастығы қажет екендігіне көздері жетті. Олардың «Айқап» сияқты журнал, «Қазақ» сияқты газет шығарып, саяси ағарту жұмысына ден қоюы да сондықтан еді
1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалыс барысында барлық деңгейдегі орыс әкімшілігі қазақ елінің ұлт-азаттық қозғалысын бастаушы саяси күш – ұлттық интеллигенциямен бетпе-бет келді.
Бұл ретте ең алдымен Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі бірінші Мемлекеттік Думаның мүшесі, оны таратуға қарсылық білдірген, Выборг манифесіне қол қойған,орыс тілді, қазақ тілді басылымдарда өткір мақалалармен көзге түскен Ә.Бөкейханов 1906 жылы 8 – қаңтарда тұтқынға алынып 30 – сәуірге дейін тергеусіз абақтыға жабылады. 1908 жылы Выборг манифесіне қол қойғаны үшін Семей абақтысында бірнеше ай қамалып, Самараға жер аударылып бақылауда болды. Сонымен қатар, атақты Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылары А.Байтұрсынов пен Ж.Ақпаев қуғындалады. Бұлар сотсыз, тергеусіз қамалып жер аударылады.
Отаршылдыққа қарсы қазақ зиялыларының саяси тақырыпта кітап бастырып елге тарату түрінде де көрінді. Осындай алғашқы кітаптардың бірі 1909 жылы Уфа қаласынан жарыққа шыққан М. Дулатовтың «Оян, қазағы!» болды. «Көзінді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты! Жер кетті, дін нашарлап, хал һәрам боп, Қазағым, енді жату жарамасты!».
«Оян, қазақ!» Орал, Торғай, Семей, Ақмола облыстарында тез тарап, өте көп оқылатын кітапқа айналды. Ақмола, Жетісу облыстары, Пішпек уезінің қырғыздары, Ферғана, Әндіжан қырғыздарының қолдарына жетті. Билік кітапты тәркілеуді жүргізді. Мысалы, Верныйдағы тілмәш Ы.Жайнақовтың атсалысуымен «Оян, қазақ!» Бішкек уезіне жеткізілген. Онда бұл шығарманы Пішпек уезі басқармасының хатшысы Тымбай Серікбаев қабылдап алып, оны барлық болыс басшыларына үлестіріп беріп, оларға шығарма мазмұнын қырғыздар арасында кеңінен насихаттауды тапсырған.
Кейін араға бір жыл салып 1910 жылы «Оян, қазақ!» қайта басылып, орыс тіліне аударылады. Осы кітаптың авторы М.Дулатов және кітапты таратып насихаттағандар саяси қуғынға ұшырайды.
1911 жылы А.Байтұрсыновтың Орынборда «Маса» атты өлеңдер және аударма мысалдар жинағы басылды.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


1. Т.Омарбеков,О.Омарбеков «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас».-Алматы.- «Қазақ университеті».-388 бет.
2.Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Росся. История движения Алаш. М., 1994.

3. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.-Алматы: «Ататек», 1995.-256 бет.


4. Нұрпейіс К. Бас ред. Б. Аяған.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы, 2007.-376 бет.
5. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы (Көмекші оқу құралы).-Алматы, «Санат», 1995.-368 бет.
6. Құл-Мұқамед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқұқтық көзқарастарының эволюциясы.-Алматы: Атамұра, 1999-360 б.
7.Құл-Мұхаммед М. «Алаш» бағдарламасы: қиянат пен ақиқат.-Алматы: Атамұра, 2000.-240 бет.
8. Назарбаев Н. Тарих толқынында.-Алматы: Атамұра, 1999.-296 бет.
9. Тұлғалар тұғыры./Құраст. І.Қозыбаев.-Алматы: «ҚазАқпарат», 2009.-540 бет.
11.Қозыбаев М. Тарих зердесі (Арыстар тұғыры). 2-кітап. –Алматы: Ғылым, 1998.280 б

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет