Ключевые слова:
рассказ, психологическое явление, характер, общество, национальное
миропознания.
Annotation
: in this article, from the modern point of view, the psychological cognitive character of various
manifestations of the inner world of the characters of the story "Kasen and his friends" by the great writer M.
Auezov is interpreted in a new way. Also deep psycho-theoretical analyses from the point of view of national
world knowledge are carried out.
Keywords:
story, psychological phenomenon, character, society, national knowledge of the world
.
Жалпы, адамның жандүниесінде болатын түрлі психологиялық құбылыстардың сыры мен сипатын
философия, психология, теология және әдебиеттану ғылымдары зерттейді. Бұл ғылым салаларының
әрқайсысы адамның мінезіндегі, өміріндегі әр алуан күйлер мен жағдаяттарды өз зерттеу саласына сай
сараптайды. Мәселен, түс көру, ішкі монолог, иллюзия, характер, пейзаж, портрет және т.б. психология-
лық құбылыстарды әр ғылым саласы өзінің ішкі заңдылықтарына сәйкес сарап қарастырады. Дегенмен,
адам жанының ішкі әлеміне тереңінен үңіліп, түрлі психикалық құбылыстарды суреттеп жазу мен
талдауға, сипатын ашуға келгенде аталмыш ғылым салаларының арасында тығыз байланыс бар. Зерттеп,
зерделеуге келгенде олардың барлығы бір туындының төңірегінде топтасуы мүмкін. Мұндай түрлі
психологиялық көзқараста қарастыруға негізінен оқиғалар желісі мен кейіпкерлер характерлерінің
күрделі, әрі жан-жақты болып келетін шығармалар жатады. М.Әуезовтің әңгімелерінің арасында мұндай
кеңінен талдау мен таразылауға сәйкес келетіні 1934 жылы Москвада «Творчество народов СССР» деген
рубрикасы бар кітаптар сериясында жарық көрген «Казахский сборник» жинағында «Касен и его друзья»
атауымен орыс тілінде, кейін 1935 жылы қазақ тілінде жарияланған «Қасеннің құбылыстары» әңгімесі.
Негізгі сипаты мен көркемдік ерекшелігіне қарағанда психологиялық шығармаға жататын бұл әңгіме
М.Әуезовтің 1930-шы жылдардағы көркем прозадағы жемісінің бірі саналады. Бұл туралы М.Әуезовтің
шығармашылығын сан қырынан қарастырған белгілі әдебиет сыншысы А.Нұрқатовтың: «М.Әуезовтің
жазушылық шеберлігі оның отызыншы жылдарда жазған басқа прозалық шығармаларынан гөрі осы
«Қасеннің құбылыстары» атты әңгімесінде айқынырақ танылады» [1, 48 б.] - деп пікір білдіруі біздің
ойымызды нақтылай түседі.
Әңгіменің басты кейіпкері Қасен қазақтың ұлтшыл оқығандарының бірі. Бұрын өзінше «үлкен»
орындарда қызметте болған Қасен енді әбден ұсақталған, және өзінің әлеуметтік негізінен айырылып
менсіз де болымсыз күй кешеді. Қоғамдық тартыста жеңіске жетіп, жедел қарқынмен қанат жайып келе
жатқан социалистік жаңа дүниеге Қасеннің іштей жаны қас. Бірақ сол жаңа дүние ретінде алға қарай
қуатты түрде адымдап басып келе жатқан алып жүйенің алдында ол дәрменсіз. Сондықтан, қоғамдық
өмір құбылыстарының айтқанына көніп, айдағанына жүруге іштей болса да еріксіз мәжбүр болған ол
әдбен қалжыраған, азғындаған. Әйелі Жәмила да Қасеннің өзіне егіздің сыңарындай ұқсас жан. Қасен
289
секілді ол да әбден таусылып, титықтап қалған. Ақыры аяғында екеуін туған-туыстары да тастап кетеді,
сөйтіп олар ішкілікке салынады. Қасен өзінің Аманбай, Қасымқан секілді жемтіктестерімен бірге
социалистік дәулетке суық қолдарын сұғып совхоздың жылқысын ұрлап сояды. Бірақ, жасаған қылмыс-
тарының беті ашылып, олар жауапқа тартылады. Әңгіменің қысқаша фабуласы осылай болғанымен,
ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер образдарын суреттеуде автор адам жанының психологиялық құбылыс-
тарын түрліше құлпыртып шебер суреттейді. Автор бір ғана Қасеннің образын суреттеу арқылы адам
бойындағы түрлі психикалық процестерді шебер бейнелейді. Әңгімеде әсіресе түс көру мен ішкі монолог,
пейзаж көріністері ерекше суреттеледі. Адам психикасында ерекше орын алатын түс көру туралы ойын
М.Әуезов «Жетім» әңгімесінде бала Қасымның образын ашуда қысқа түрде қолданса, «Қасеннің құбы-
лыстарында» оны дамытып, толықтырып, жан-жақты етіп суреттейді. Осы тұрғыдан алғанда М.Әуезов
әңгімелерінде әдеби түс көру тәсілінің табиғатын мүмкіндігінше, көркемдік қуатына, спецификалық кең
ауқымдылығына және мағыналық, эстетикалық міндет-қызметіне терең мән берген деп айтуымызға
болады. Шығарманың басталуы да Қасеннің түс көру оқиғасынан басталады. «Ойпыр-ай, не деген биік!
Көріп пе ем осыны бұрын, көрмеп пе ем? Не қылған қап-қара?......Тұнжыраған түпсіз қара қуыс.... Ажал
исі аңқиды» - деп Қасен елең-алаң күйге түсіп аласұрып жатқанда, әйелі Жәмиланың дауысынан оянып
кетеді. Бұл түстегі қорқыныш пен үрей кейіпкердің ішкі жан әлеміндегі әлдебір қобалжуды, көңіл
түкпіріндегі күмән мен күдікті әшкерелеп қана қоймай психофизиологиялық құбылыстарды да (жан
қысылу, жылау, үрейден айқайлап ояну, терге малыну, бастырылып қалу, дауыс шығара алмау, іштей
қиналу т.б. сияқты әртүрлі сезімдік эмоциялық әсерлерді бастан кешіру) бейнелейді. Көркем шығарма-
дағы түс міндетті түрде негізгі оқиғаға, не кейіпкердің тағдырына тікелей қатынасып, жанама түрде болса
да психологиялық, көркемдік қызмет атқаратындығы анық. Түс
–
ол пафос. Алғашында түс бейне бір
кездейсоқ көрінген деталь секілді болғанымен ол шығарманың көркемдік табиғатымен біте қайнасып,
оқиғаның ішкі даму логикасымен тығыз байланыста болады. Әңгіменің басталуындағы түс көруде Қасен-
нің ішкі жан дүниесі аласапыранға түссе, бұл процес шығарманың өн бойында сақталып, кейіпкердің
психологиялық әлемінде өз жалғасын тауып, түс пен өңнің арасында логикалық байланыс көрініс береді.
Кешегі байлық пен мансап, құрмет пен қошемет, мұның барлығы да көзден ұшып, қазақ даласына жаңа-
дан келіп, кеңінен ене бастаған жаңа өмірге көңілі толмаған интеллигенция өкілі Қасеннің басындағы
қайғы-қасіреті, келешегінің күмәнді болуы, рухани жалғыздығы, осы екі жолдың қайсысын ұстарын
білмей дал болуы, бәрі де осы түс көру тәсілі арқылы ашылады. Бұл сөз жоқ, шығарма авторының шебер-
лігі. Заңғар жазушының мұндай адамның ішкі жан дүниесіндегі құбылыстарды шебер суреттеуі туралы
құнды пікірді қазақ әдебиетіндегі психологизмді тереңінен қарастырып жүрген ғалым Г.Пірәлі былайша
баяндайды: «М.Әуезов түс көру тәсілінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі түрін, жаттанды жору-
ларын, оның сан алуан түсіндірмелерін сол қалпында қолдана бермеген. Түстің дәстүрлі символикасы
шығарманың сынын көтеретінін жақсы сезінген жазушы түс тәсіліне тән күрделі түрлік, мазмұндық,
құрылымдық қасиеттерді табиғи жаратылысымен жаза білуде шеберлік танытады» [2, 311 б.].
М.Әуезовтің шығармашылығын зерттеуші ғалымдар оның әңгімелерін 1920-шы жылдары қарапайым
ауыл өмірі мен тұрмысын суреттеп жазған әңгімелер және 1930-шы жылдары Кеңес тақырыбына арнап
жазған әңгімелер деп екі үлкен топқа бөліп қарастырады. «Қасеннің құбылыстары» әңгімесі осының
екінші тобына жатады. Дәл сол уақыттарда империялық биліктің жүргізген солақай саясатының сал-
дарынан М.Әуезов прозасы көбіне көп әлеуметтік саясат мәселелеріне қарай ойысты. Мұнда социалистік
реализм әдісін кеңінен қолданып бай мен кедейді өзара қырқыстыру секілді таптық күресті тереңірек
сипаттау орын алды. Себебі, тұрпайылық белең алған сол қоғам түрмеден жаңа ғана босап шыққан
қаламгерді большевиктердің дегеніне көнуге мәжбүр етті. Нәтижесінде 1929-1939 жылдардың арасын-
дағы Кеңес үкіметінің жүргізген қуғындау, жазалау идеологиялық қысымда ұстау саясаты ұлы жазушыны
шығармашылық еркіндіктен айырып, көкейкесті тақырыбынан бас тартуға соқтырды. Сондықтан,
М.Әуезовтің осы жылдар арасында жазған әңгімелері негізінен Кеңес тақырыбына арналған еді. Оны сол
уақыттағы солақай саясатты қолдаушы көзі ашық, көкірегі ояу озық ойлы деген Кеңес үкіметінің
миссионер ғалымдары қатаң сүзгіден өткізіп отырды. Дегенмен, ұлы суреткер қаншама қысым көріп,
арнайы тапсырыспен жазған шығармаларының өзінде ұлттық мұрат пен мүддені әсте естен шығармастан,
айтатын ойларын астарлап суреттеп отырды. «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Оқыған азамат» әңгімелері
мен басқа да мақалаларында өз ойын автоцензуралық тәсілмен суреттегенде қазақ халқының мінез-
құлқындағы өзгерістерді «Қасеннің құбылыстары» әңгімесінде одан әрі өрбіте дамытқан. Әңгімедегі
қазақтан шыққан үкіметтің жергілікті басқару аппаратында жұмыс істейтін кеңсе қызметкері Қасен мен
оның әйелі Жәмила да қайнаған қазақтың ортасында қырда өсіп, кейін есейе келе қалаға келіп тұрақтаған
290
жандар. Міне, осы кезден бастап олардың бойында түрлі психологиялық келеңсіз құбылыстар орын алып,
қазақы дүниетанымға жат қылықтар жасау қылаң бере бастайды. Ол туралы шығармада қалада жоғары
оқу орнында оқып, Қасеннің шаңырағында тұрып жатқан оның туған інісі Сәлім мен алыс қырдан
үйлеріне келген үлкен аға мен жеңгеге қатысты Жәмиланың көрсеткен жат әрекеттері мен психологиялық
құбылуларын суреттеу арқылы баяндалады. Ол қазақта ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша, алыстан
үйіне қонақ ретінде жақын ағайын туысы келсе, оларды төріне шығарып, құрмет көрсетіп, ізеттілік
таныту салтының бұзылуы еді. Яғни Жәмиланың алыстан ат артып, үйіне келген қырдағы үлкен ағасы
мен жеңгесіне қатысты болмашы бір нәрселерге қатысты ұрыс шығарып, дауыс көтеруі, жылы қабақ
танытпай жақтырмауы арқылы орларды үйінен еріксіз кетуге мәжбүрлеуі оның мінез-құлқындағы
өзгерістерді аңғартады. Осы жағдайдың жай-жапсарын мұқият тыңдаған Сәлім, екеуін де бұл үйден алып
кетуге бел байлайды. Сәлім ескілік көлеңкесінен бас тартып, жаңа қоғамды, жаңа өмірді қабыл алған жас
комсомол. Ол қаладағы орын алып отырған мұндай жағдаймен жылдам танысып, үйренісіп кететін
қабілетке ие адам. Жазушы Сәлімнің бейнесі арқылы ескілік көлеңкесінде қалып отырған қазақ халқын,
көзін ашып оянуға, жан-жағындағы өзгерістерді қабылдап, соған жылдам бейімделу қажет екендігін де
меңзейді. Себебі, дәл осы ХХ ғасыр алғашқы ширегінде ақын М.Дулатұлы:
«Көзіңді аш, оян, қазақ көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты» [3, 16 б.] - деп ұрандатса, белгілі ғалым,
ұлт ұстазы А.Байтұрсынов:
«Қазағым елім,
Қайқиып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қанауда жаның,
Аш көзіңді, оянып» [4, 358 б.]
-
деп күллі қазақ қоғамының санасын оятуға күш жұмсап, елдік сананың сақталуына ықпал етіп жатқан
уақыт болатын. Ежелден дархан көңілді, асқақ рухты, ұлы даладан талай даналарды шығарған қазақ
халқының рухани санасын тұман торлаған осынау кезеңде, ел ертеңі үшін алаңдаған, адасқан халыққа
жол сілтейтін дарынды ұлдары Алаш қайраткерлері ерекше күйініш пен алаңдауда күй кешті. Сондықтан,
сезімтал ақын М.Дулатұлы:
«Тұманға кірді қалың біздің қазақ,
Арты жар, алды тұйық - бұл не ғажап?!
Адасқан ағайынға басшы болып,
Ішінде жол көрсетер адам аз-ақ» [3, 30 б.] - деп тебірене жырлады.
Рухани салада орын алған аласапыран уақытта бүтін бір ұлттың тағдырына жауапкершілікпен
қараған Алаш қайраткерлері өз ойларын бірде астарлап, бірде бүкпесіз күйде білдіріп бақты. Ұлттық
мүдде мен елдік мұрат жолындағы ұлы күресте Алаш арыстары мен бір жақты көзқараста болған
М.Әуезов те өз шығармаларында алаштықтар көтерген тәуелсіздік жолындағы күрескерлік идеясын
астарлап жеткізіп отырды. Бар арманы қазақ елінің өткен өмірін өзгертіп, жаңа қоғамның кертартпа
әрекеттерінен аман өтіп, туған халқының көзін ашып, өркениеттің көшіне қосу еді. Осыған орай
шығармадағы тағы бір назар аударарлық айтулы кейіпкер Сәлімнің аузына «Сіздер әлі баяғының
соңында. Ол орыннан жұрттың бәрі кеткен...» [5, 129 б.] - деген сөзді салып, халыққа ескіліктің
көлеңкесінде қалмауды меңзеген. Оқиғаның басты кейіпкері Қасен қалаға келіп, жаңа қоғамның
шырмауына түсіп түрлі психикалық процестерді басынан өткеріп, қазақы дәстүрге жат әрекеттер жасаса
да Үлкен Алматы биігіне оқтын-оқтын қарап өз ойын бір саралап, жинақталып тұрады.
Кейде істеген
әрекеттеріне іштей өкініш білдіріп, тәубәшілік жасап та тұрады. Бұл бір жағынан ұлы жазушының қазақ
халқының ертегілерін терең зерттеп, оның кейбір элементтерін әңгіме жазуда да қолданғандығын
көрсеткендей. Мәселен, әңгіменің өн бойында Қасеннің Үлкен Алматы биігіне қарап онымен ойын түзеп
отыруы кезінде М.Әуезов өзі үш топқа бөліп жіктеген қазақ ертегілерінің «Хиал-ғажайып ертегілер»
291
топтамасына кіретін Аяз би ертегісіндегі Жаман кейін Хан болған шағында жыртық тоны мен жаман
тымағын хан сарайының босағасына ілдіріп қойып, кейде хан тағының буымен көңілі тасып, асып бара
жатқанда соған қарап тәубесіне келетін оқиғамен ұқсас. Осы тұрғыдан келгенде бұл шығармада
соншалықты жағымсыз кейіпкер жоқ, ал Қасеннің түрліше құбылуы жаңа қоғамның белгілі бір оқиғалары
түрткі болып, санасын шарпуының арқасында өзгеруге мәжбүр болғандығын аңғартады. Демек, Қасенді
қаралап, оқиғаға бір жақты көзқарас қалыптастыруға әсте болмас. Қасен де қазақы ортада туып, қырда
өсіп тәрбиеленген, тамыры қазақтың баласы. Оған қоғамдағы түрлі жағдайлар әсер етпесе ол өздігінен
оғаш әрекетке бармайды. Мұндағы жазушының астарлы ойы егер бүкіл қазақ баласы өзінің рухани
тамырынан үзіліп, елдік санасы былғанса осындай оғаш қылықтарға жол беріп түбінде халқымыз құрып,
құрдымға кетуі мүмкін деген идеяны меңзеген. Ал мұндай жағдай орын алғанда соны істеуге мәжбүр
еткен империялық үкімет міз бақпастан бір қалыпты төртеуі түгел күйінде күн кеше бермек. Бұл туралы
әңгіменің аяғында аға мен жеңгені Сәлім алып кеткеннен кейінгі Қасен мен Жәмиланың болған оқиғаға
еш өкінбестен, керісінше іштей қуанғандары дәлел. Ол туралы әңгімеде «Сонымен аналар әбден кетіп
болған соң, қабағы жаңа ғана жадырып Жәмила кірді. Қасен қабағы түйіліп, қынжылған кісі боп:
-
Немене? - дегенде, Жәмила ырзалығын жасыра алмай күлімсіреп:
-
Кетті! - деді» [5, 131 б.] - деп баяндалады. Демек автордың ойынша егер қазақ халқы өздері қалың
ұйқыдан оянып жаңашылдыққа ұмтылмаса, империялық үкіметтің сұрқия саясатының құрбаны болып,
ұлттық дүниетанымы мүлдем өзгеріске ұшырап, түптің-түбінде ел ретінде жойылып кетуі мүмкін. Оған
халықтық емес таптық мүдденің негізінде құрылған алып империялық үкімет бір сәтте ойланып қам
жемейді, керісінше болған жағдайға өз арамыздағы алауыздықты кінәлап дегендеріне жетеді деген
астарлы ой жатты. Мұның өзі ұлы суреткердің асқан шеберлігі екендігі анық. Бұған біз бүгінгі тәуелсіз
еліміздің еркін ойлы азаматы ретінде ашық баға беріп, зерделеуге қол жеткізіп отырмыз. Ұлттық
әдебиетіміздің қанат жайып, тамырын тереңдету үшін өткен тарихымызды бір саралап, өз уақытында
тиісті бағасын ала алмаған, қат-қабат астарда жазылған шығармалар мен кемеңгер тұлғаларымыздың
ұлтық дүниетаным жолындағы ұстанымдарын бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша талдаудың маңызы зор
болмақ. Бұл ретте, белгілі мұхтартанушы ғалым Т.Жұртбайдың «Әр ұлттың рухани дамудың қандай
дәрежесіне жеткені дана тұлғаларына деген көзқарас пен көркемдік өлшемнің деңгейі арқылы
пайымдалады» деген пікірі өте орынды айтылған деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |