Тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет480/565
Дата07.02.2022
өлшемі7,82 Mb.
#90763
1   ...   476   477   478   479   480   481   482   483   ...   565
Байланысты:
2

СӨЙЛЕУ ӘДЕБІНДЕГІ ТІЛ МӘДЕНИЕТІ 
 
Сарбасов Б.С. 
 
ф.ғ.к., профессор м.а.
 
ҚазҰПУ,
Алматы қ., 
sarbasov.bolathan@mail.ru
 
Түйіндеме: 
Бұл мақалада сөйлеу әдебіндегі тіл мәдениеті қарастырылады.

Тірек сөздер: 
Сөйлеу әдебі, сөз қадірі, суық сөз, әдепті сөз, жүйелі сөз, қанатты сөздер. 
 
 
Аннотация: 
В данной статье рассматривается функция культуры речи и слова. 
 
Ключевые слова: 
Слова речи, достоинство, добрые слова, обычные слова, крылатые слова. 
 
Annotation
: In this article discusses the function of speaking and a culture of speech. 
Keywords:
Words of speech, dignity, kind words, ordinary words, winged words. 
Тіл де мәдениеттен тысқары болмағандықтан, лингвистикалық мәдениеттану ғылымының негізгі бір 
саласы ретінде анықталады. Халықтың салт-дәстүрі мен мәдениеті тек адам санасы арқылы ғана емес тіл 
арқылы да ұрпақтан ұрпаққа беріліп, тіл арқылы да сақталып, тіл арқылы көрініс табатындықтан 
лингвомәдениеттану тіл білімі ғылымының да негізгі бір саласы. Лингвистикалық мәдениеттану тіл білімі 
мен мәдениеттану ғылымының тоғысуында пайда болған, халық мәдениетінің тілге әсер етуін, халық 
мәдениетінің тілдегі көрінісін зерттейтін ғылым. 
Әр халықтың өзіндік салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Сол секілді қалыптасқан сөйлеу әдебінің бар екені 
анық. Соған сәйкес сөз әдебінде сәлемдесу, қоштасу, құттықтау, тілек білдіру, алғыс айту, кешірім сұрау, 
көңіл айту, жұбату т.б. қалыптасқан құрылымдары кездеседі. Дегенмен, бүгінгі XXІ ғасыр, жаһандану 
заманында атадан балаға беріліп келе жатқан ұлттық сөз әдебіміздің қолданылу аясының тарылып бара 
жатқаны жасырын емес.
Сөйлеудегі ең жақсы қасиет – ой-пікірін қысқа әрі дәл айтып жеткізушілік. Мысалы, қазақ халқының 
«Көп сөйлеген езбе болады, көп қыдырған кезбе болады», «Көп сөз-көмір, аз сөз-алтын», «Көп сөйлеген я 
жолдасынан, я құрдасынан айырылады», «Жақсы байқап сөйлейді, жаман шайқап сөйлейді», «Аңдамай 
сөйлеген- ауырмай өледі», «Сөз қуған-бәлеге жолығады», «Жақсы сөйлесе, аузынан гүл төгіледі, жаман 
сөйлесе, аузынан жын төгіледі», «Бір жақсы сөз мың сөгістен артық», «Жақсы сөйлеген-ас жер, жаман 
сөйлеген-тас жер», «Жақсының сөзі-назалы, жаманның сөзі-ызалы», т.б.мақалдарында сөйлеудің алуан 
түрлі сипаттары тамаша бейнеленген [1,17]. 
Әйтеуір сөйлей алады екенмін деп, тасыраңдамай, абайлап сөйлеу-ақылдылық, инабаттылық белгісі. 
Өзің опық жеп, өкініп жүрмеу үшін, өзгенің жанына жазықсыздан жара түсірмеу үшін, байқап, бағымдап 
сөйлеудің мәні ерекше зор. Қазақтардың: «Айтылған сөз-атылған оқ», орыстардың: «Сөз шымшық құс 
емес, ұшса, қайтып қонатын» деген мақалдары мен ежелгі скиф елінің шешені Анахарсистің: «Тіліңді, 
тәбетіңді, нәпсіңді тыйып ұста», - дегендерінің түп төркіні бір жерден шығып жатуы тілге абай болудың 
жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес екенін көрсетеді. Әйгілі авар ақыны Р.Ғамзатовтың: «Сөйлеуге 
үйрену үшін, адамға екі жыл керек, ал тіліне ие болуға 60 жыл керек», - дейтін әзілінде үлкен өмір 
шындығы, терең мән бар. «Тілімнен жаздым», - деп кейіп, жүрмес үшін, алдын-ала ойланып алуды әдетке
айналдыру жақсы қасиет саналады.
Бұл өзі-ғылымда да дәлелденген шындық. Атақты академик ғалым И.П. Павлов адамдардың 
дансаулығын сақтауда, әсіресе жүрек-қан тамырларының сырқатына шалдықпауда айналадағы адамдар 
сөзінің әсері зор екенін анықтаған. Сондықтан шәкірттерге айналасындағы адамдар «ей», «сен» деп, 
дөрекі тіл қатпай, «сіз» деп, сыпайы сөйлеудің мәдениеттілік, ізеттілік қана емес, қарым-қатынасқа жұм-
сақтық, жайдарлық дарытатын күш екенін ұғындырып отырған жөн. Жылы шырай – тек сәлемдескенде 
ғана емес, адамдарға тіл қатқанда, сөйлескенде де керек нәрсе. Сөйлеуге «ғафу етіңіз», «құлағым сізде», 
«ләббай» деген сияқты сөздерді орнымен кірістіріп отыру жағдайды жайландырып отыратыны есте 
болуға тиіс. Ондай жұмсақ, жайдарлы жүзділік-сәлем беру, тіл қату, сөйлесуде қандай қажет болса, 
тыңдау үшін де сондай қажет сипат. Халықтың аса жоғары бағалап, «иман жүзді» дейтіні де содан 
шығады. «Жүзінде күлкі шырайы жоқ адам дүкен ұстауға тиіс емес»,-деп, тектен-текке айтылмаса керек. 
Отбасы мен қоғамда бұрқ ете түсетін үлкен-кіші ұрыс-керістер мен кикілжіңдердің түпкі себебі 
дөрекі, қопал айтылған түрпі сөз екеніне зер салып тексерген кісінің көзі айқын жетеді. Және дөрекі де 
анайы ауыр сөз, дүт мінез бен тұрпайы қылық тәрбие көрмеген, тас бауыр, пәс адамдардан шығатыны 


351 
әмбеге аян. «Бұлттан шықан күн ащы, жаман адамның тілі ащы», «Қорқақтың көзі үлкен, ақымақтың сөзі 
үлкен», «Білген тайып айтады, білмеген қауып айтады» сияқты мақалдар халық тәжірибесінен 
қорытылған шындық екені даусыз. Ондай сөздер қоғам ісіне ауыр зардап тигізіп, жеке адамның да 
көңілін қалдырып, жанын күйзелтеді. Ә.Науаидың: 
Аузына келгенін айту-наданның ісі, 
Алдына келгенін жеу-хайуанның ісі [2,53], - 
деп айтуы де сондықтан.
 
Тәрбиесі аз адамдар мәнсіз, орынсыз, дөрекі сөздердің ауыр зардаптар 
келтіретінінде шаруасы болмайды. Ұрпақты ондайлардан бойын аулақ ұстап, қандай жағдайда да «сұрқия 
сөздерді» қолданбауға үйреткен абзал. 
Ашық-шашық, қора-қопсыға, есік-тесіктен ит те, мысық та, мал да кіріп-шыға береді. Сол сияқты 
«қақпақ қойылмаған» ауыздан да «ақ ит кіріп, қара ит шыға беруі» мүмкін.
Хайуаннан артық сөзімен адам, 
Былапыт сөйлесе одан да жаман [2,58], - 
деген ақын Сағди Шерази тұжырымына қосылмасқа бола ма? Қолдан келсе, ауыздан біреудің көңілін 
қалдыратын суық, жаман сөз емес, адамның мерейін өсіріп, жанына жылы тиетін әдепті сөз шыққанына 
не жетсін! 
Әдепсіз сөйлемеу, әсіресе, балалар мен әйелдер отырған жерде дөрекі сөз айтпау, үлкендерге кішілік 
ізетпен тіл қату әдептіліктің негізгі шарттарына жатады. Тіпті үлкен кісілер отырған жерде ділмарсып, 
орынды сөз айтудың өзі де оғаш, ерсі көрінетін кездері болады . 
Сөйлеудің қасиеті әдептілігі мен әдемілігіне қоса, сайып келгенде, шындығында, жалған айту, өтірік 
сөйлеу кісілікке жатпайды. Халық өтірікшінінің қылықтарын жек көре отырып, айыптайды. Жеткіншек 
ұрпақты: «Өтірік сөз өрге баспайды», «Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді», - деп, жалған сөйлеуден 
жирендіріп, шыншылдыққа үндейді. Тегінде шын сөйлеу-әдептіліктің ең негізгі белгісі. Суайт адамды – 
адамгершілігі жоқ, жан дұшпаны бар, олар: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, - деп 
Абай өлеңдерінде нақты көрсетеді [3,45]. 
Сөйлесу кем дегенде екі адамның тілдесуінен тұрады. Кейде мұндай сөйлесуде әркім өзі көбірек 
айтып қалуға тырысады, екінші адамның да айтқысы келіп отырған сөздері барын ескере бермейді. Ал 
сөйлеу әдебі сол екінші әріптесіңе мүмкіндік беріп, сезімталдық көрсетуде. Бұл – сөйлесудің мәнін 
арттырып, екі жақтың да қанағат сезімін тудырады. Көпшілік жағдайда сөйлеуге қатысқан адамдар өздері 
өте мәнді санаған ой-пікірлерін ортаға салып, бір-біріне жаңалықтарды, тың деректерді жеткізгісі келеді, 
өзін толғандырған мәселелер жөнінде басқалардың салиқалы, дәлелді пікірін білуге талпынады. 
Сондықтан ондай сөйлеуге жеңіл-желпі қарамай, өз тарапынан лайықты ілтипат көрсетіп, ұстамды, ойлы 
жауап беру парасаттылық болып табылады. Атақты Әйтеке бидің: «Билер, сендерде бір мін бар-басқаға 
сөз бермейсіңдер», - деуі соған меңзейді . 
«Іші пысқандықтан», «зеріккендіктен» басқаны әңгімеге тартып, көр-жерді сөз етіп, ғайбат-өсек 
айтып, «құмарынан шығатындар» да кезігеді. Ол – уақытты босқа өткізетін әр адамдар арасында жік 
салатын, әділдік, туралық жолынан тайдырып, аздыратын зиянды әдет. 
Жалпы алғанда, сөз орынды іске бағытталған, адамды рухани байытуға септігін тигізетін және 
сындарлы сипатта болуы тиіс. 
Сөйлесетін адамның мінез-құлқын, мәдени деңгейін, өзіндік ерекшеліктерін білген, ескерген жөн. 
Мәселен, орынсыз әзіл айту немесе тыңдаушыға қызықсыз әңгімені суыртпақтап тұрып алу, көңіліне дақ 
түсіретін жөнсіз мақтау не кінәлау әдептілікке жатпайды. 
Сөйлеп тұрған адамға үшінші адам қосылғанда, ол осыған дейінгі әңгіменің қысқаша мазмұнынан 
хабардар етілуі керек. Егер оны әңгімеге тартудың, араластырудың қажеті болмағанда, сөзді бірден шорт 
тоқтатпай: «Әншейін, өткен-кеткенді айтысып тұр едік»,-десе де жөн болады. Әңгіме үстіне үшінші адам 
келіп қалғанда, оны қатыстырудың қажеті жоқ жайтты ары қарай астарлап, жұмбақтап сөйлеу жараспай-
ды. Әрі ол кісіге жайсыз, ыңғайсыз соғады, әрі күдік-күмән туғызады. Көптің ішінде сыбырласып жату да 
ерсі. Бұл басқаларға қолайсыз тиеді. 
Сөз арқылы ой-пікіріңді, сөзіміңді, қуаныш-қайғыңды айтып жеткізу арқылы басқаның да жан 
дүниесіне еніп, сыр-сипатын танып, өзара түсінісу жүзеге асады. Сөз арқылы біреуді риза етуге, көңілін 
жайландыруға, қиын қыстау жағдайда дем беріп, жігерлендіруге, инабаттылық жолына бағыттауға 
болады [4,68].


352 
Қазақтың: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»,- деген мақалы да адамгершіліктің, 
мұсылманшылықтың, соның қатарында сөйлеу әдебінің де басты өлшемі әділдік екенін айқын аңғартады. 
Дегенмен, шындықты айтуда да абай болатын жәйттар аз кездеспейді. Шәкіртке ақыл-қабілетінің 
аздығы, ауруға халінің мүшкілдігі, мүгедекке кемтарлығы туралы «шындықты бетке айту» адамшылыққа
жата ма? Жазмыштың жазуымен жаны жаралы болып жүрген адамға кемістігін есіне түсіріп, көңіліне 
қаяу салатын сөз, ишарадан қатты сақ болған жөн. Осы орайда көне заманнан келе жатқан мына бір ойлы 
аңыздың тағылымы есте болғаны абзал. 
Иран жұртының даңқты патшасы Харун Рашид бір күні түс көріп, түсінде аузындағы тістері түгелдей 
түсіп қалады. Ерте тұрып, түс жорушыны шақыртып, түсінің мазмұнын айтады. Жорушы: «Ей, әміршім, 
сенің жақын ағайын-туыстарыңның бәрі өліп, өзіңнен басқа ешкімде қалмайды екен», - дейді. Харун Рашид: 
«Менің бетіме баттитып қайғы толы қаралы сөз айтуыңа жол болсын? Егер менің барлық ағайын-туғаным 
қырылып қалса, мен күнімді қайтіп өткізбекпін?», - деп түс жорушының жонына жүз дүре соғуға бұйырады. 
Содан кейін басқа бір түс жорушыны шақырып алып, көрген түсін айтып, түсімді жорып бер дейді. 
Бұл түс жорушы: «Ей, әміршім, барлық ағайын-туысқандарыңнан сенің өмір жасың ұзақ болады 
екен», - дейді. Харун Рашид: «Жалпы, ақылдың жолы – біреу-ақ, екеуінің де жоруы бір жерден шықты. 
Бірақ алғашқы жору мен соңғы жорудың парқы аспан мен жердей», - деп Халифа кейінгі түс жорушыға 
жүз ділда беруді бұйырады [2,73]. 
Тыңдаушылардың ынта-ықыласы, көңіл ауанымен санаспай, орынға, жағдаятқа қарамай, нәрсіз, 
мәнсіз ұзақ сонар сөздерімен басқалардың уақытын алу, мезі қылу, әрине, үлкен әдепсіздік. Ондайлар 
мылжың, мыжғау 
деп аталады. Мылжыңдарды жұрт жақтырмайды, сырын білетіндер олардан сырт 
айналып, қашқаптап жүреді. Сөйлеудің бір-біріне кереғар екі түрі жайында академик-жазушы 
З.Қабдолов:
 
«Көп біліп,дөп сөйлеген-шешен, аз біліп,көп сөйлеген-мылжың»
, – 
[5,34] деп әдемі 
түйіндеген. 
Сөйлеуге қатысты әдептіліктің тағы бір түрі-орынды, әділ сөзге тоқтау.
 
Ердің құнын екі ауыз сөзбен 
шешкен дана да шешен халқымыздың ата салтында жүйелі уәжге тоқтамаудан өткен пәтуасыздық жоқ. 
Мысалы, 
«Аталы сөзге ақымақ тоқтамайды»
,-
деп халық өте орында айтқан. Бүкіл әлемдік шешендік 
өнердің үздік үлгілеріне жатқызуға болатын билердің ұлан-ғайыр айтыстарының бірде-бірінде дөп 
айтылған әділ сөзді аттап өтушілікті кездестірмейміз. Ал аузымен құс тістеген айтыскер ақындарымыз 
әріптестері сөзден сүріндірген жерде дереу тоқтап, жеңілгендерін ашық мойындап отырған, онымен де 
қоймай, әлгі айтысты жалпақ елге жария етіп айтып жүрушілер де өздері болған. Қазақтағы әйгілі 
айтыстарды таратушылар, әдетте жеңілген жағы болып келеді. Демек, сөз қадірін танып, мойындау да 
ірілікті, кісілікті білдіреді. Мәселен, атағы жер жарған қаһарлы Ақсақ Темірге қатысты бір әңгімеге 
тоқталғанды жөн көрдік. 
Әмір Темір Үндістанға барған сапарында сол жердің өнерпаздарын шақыртып алып: «Осы шаһарда 
асқан бір сазгер бар дегенді үлкендерден естігенім бар еді», - дейді. «Ол – мына кісі», - деп бір соқырды 
Әмірдің алдына алып келеді. Сазгердің өнеріне әбден риза болған патша одан: «Есімің кім болады?» - деп 
сұрайды. «Атым - Мемлекет (өзбекше Дәулет)», - дейді сазгер. «Мемлекет те соқыр бола ма екен?» - дейді 
патша жымиып. Сонда зағип сазгер: «Егер мемлекет соқыр болмаса, ақсақты үйіне кіргізбес еді гой!» -
депті. Сазгердің тапқырлығына риза болған Темір оған сый-сыяпат беріп, шығарып салған екен. 
Жарты әлемнің әміршісі дәстүрді аттамай, жүйелі сөзге жығылу арқылы ірі мінез, инабаттылық 
көрсеткен. Қазақтың көне аңыздары мен шешендік айтыстарында мұндай мысалдар толып жатыр. Олар
сөз қадірін, өз қадірін білген, би-шешендеріміздің ұрпаққа аманат етіп қалдырған «асыл сөз» қазынасы 
болып табылады. 
Бүгінде жұрт аузына көп ілінген Расул Ғамзатовтың: «
Туған тілім болса ертең құрымақ, өлуге де 
мен дайынмын бүгін-ақ»
, - 
деген қанатты сөзі сол кезде айтылған-ды. Түркі елдеріне түгел танымал ғалым 
Ахмет Байтұрсыновтың:
 
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады»
, - 
деген сөзі ана тіліміздің қанат 
жайып, өркендеп дамуына бағытталған.
 
Еліміздің егемендік алуына байланысты бүгінгі ана тіліміздің қоғамдық өмірдің барлық саласында өз 
мәртебесіне сай орнын алу барысы күрделі жағдайда жүріп жатыр.
«Тіл – халықтың ең ұлы байлығы» деген еді заманымыздың көрнекті жазушысы М.Шолохов. Тың-
даушы адамға тіл, әрине, сөз арқылы жетеді. Халқымыз «Сөздің көркі – мақал» дейді. Тарихи-әлеуметтік 
өмір тәжірибелерінен алып, терең де зерделі тұжырым жасап, асылдай қорытып, алмастай шыңдап 
айтатын мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді (нақыл сөздерді; қалыпты, орнықты, қалыптасқан 
тіркестерді; афоризмдерді; ұтымды, жинақты, образды, айшықты өткір сөз орамдарын) халық өлшеусіз 
көп шығарған.


353 
Әрбір тіл де, сол тілде сақталып жүрген сөздің інжу-маржаны да – атам заманнан бері жасалып келе 
жатқан өте көне мәдениеттердің көзі. Ол халықпен біте қайнасып, бірге жасайды. Сондықтан да ол – ел-
жұрт өмірінің айнасы, табиғи шындықтың өзі.Ана тілінде сөйлеу, оған деген көзқарас ең зор адамшылық, 
мәдениеттілік, тәрбиелік, әдептілік өлшемі болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   476   477   478   479   480   481   482   483   ...   565




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет