343
Адам өміріндегі ең басты, ең негізгісі – басқа адам. Сол басқа адамдардың айналасында адамның
әлемі қалыптасады. Басқа адамдармен қарым-қатынас жасау – адам өмірінің өзегі. Кез келген адам
басқалармен қарым-қатынассыз өмір сүре алмайтындығы белгілі. Қарым-қатынастың қалыптасуына сол
адамдардың бір-бірімен сөйлесу, тіл табысуы әсер етеді [5]. Жоғарыда айтылғандардың барлығындағы
ортақ ойды түйіндейтін болсақ, адам өзінің бойындағы барлық мүмкіндіктерін тек қоғамда, қарым-
қатынас барысында жүзеге асырады. Адам өміріндегі сұхбаттасуы, ойын, құнды пікірлерін жеткізуі,
білімі, тәжірбиесімен бөлісуі – бәрі де басқа адамдармен тілдік қатысым жасау барысында іске асатыны
белгілі. Қоршаған адамдармен нәтижелі қарым-қатынас орнату және оны үзбей жалғастыру –
коммуникативтік құзыреттілікке жетелейді. Коммуникативтік құзыреттілік туралы мәселені арнайы
қарастырған тілші-әдіскер Е.И. Пассовтың пікірі бойынша коммуникативтік құзыреттіліктің негізгі
мақсаты – сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым) меңгерте білу.
Коммуникативтік құзыреттілік – үйретіп жатқан тілдің заңдылықтарын жаттанды үйретпей, сол тілді
тілдік және қатысымдық тәсілдерді орынды қолданумен байланыстыру. Коммуникативтік құзыреттілік
жеке тұлғаның рухани өсуін қалыптастырады, адамдарды түсіне білуіне көмектеседі. Ал қазақ тілінің
коммуникативтік бағытта оқытылуына байланысты және тілді игертудегі түпкі мақсат коммуникативтік
құзыреттілікті қалыптастыру деп тани отырып, тіл үйренушінің бойында жалпы адамзаттық құндылық-
тарға және ойлауға негізделген әлемге деген жаңаша көзқарасын қалыптастырады. Ол өз кезегінде қазақ
тілінен берілетін білім мазмұнына маңызды үлес қосады. Қазақ тілін игеру үдерісі тіл үйренушінің
тұлғалық қалыптасуының пәрменді тетігі де болып табылады. Ал қазақ тілі сабақтарында мақсатты түрде
сөйлеу дағдыларын, білігін, қалыптастыру тіл үйренушінің есте сақтау, ойлау және басқа да психикалық
үдерістерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақ тіл білімінде тілдік қатынас (коммуникация) мәселесін теориялық тұрғыдан да, әдістемелік
жағынан да арнайы зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі – профессор Ф.Ш. Оразбаева. Ғалымның
пайымдауынша, тілдік қатынаста өзіндік орны мен маңызы бар қатысымдық тұлғалар: сөз, фразео-
логиялық тіркестер, сөйлем және мәтін. Сөздің негізгі екі қасиеті: формасы мен мазмұны, яғни дыбыстық
таңбасы мен мағынасы да қатысымдық процесте қарастырылады [6].
Ғалымдар атап көрсеткендей, жеке сөйлемдер де мәтін қызметін атқара алады. Бұл орайда сөйлемді
коммуникативтік бірлік ретінде қарастыратын лингвистикалық зерттеулер көңіл аудартады. Ғалым
М.В. Никитин коммуникативтік бірліктің мазмұны ретінде сөйлем үш бөліктен тұрады деп көрсетеді: 1.
Коммуникативтік бірліктің когнитивтік мағынасы (сөйлемнің терең құрылымы, оның референциалды,
денотативтік, пәндік-логикалық мағынасы); 2. Коммуникативтік бірліктің мазмұнына прагматикалық
мағыналар енеді және олар кез келген деңгейдегі номинативтік бірліктің когнитивтік мазмұнын толықты-
рады; 3. Коммуникация құрылымына және мақсаттарына қатысты коммуникативтік мағыналар.
В.А. Звегинцевтің пікірі бойынша, жеке сөйлемде мағына болмайды.
Қазақ тілін оқытуда коммуникативті мақсатқа жетуде ауызекі сөйлеудің рөлі өте зор. Себебі, ауызша
сөйлеу арқылы адамдар бір-бірін түсінеді, өз ойларын айтады, дәлелдейді, естіген, айтылған хабарға өз
көңіл-күй қатынасын білдіреді.
Тілді меңгерту жүйесі алдында тіл үйренушілерді мәдени, маманданған және жеке тіл иесі ретіндегі
өкілдерімен, басқа әлеуметтік дәстүрмен, қоғамдық және тілдік мәдениетпен қатынас жасауға дайындау
міндеті тұрады. Қазақ тілін меңгертуде диалогтарды елтанымдық бағытта қолдану тіл меңгеру үдерісін
уәждейтін жағдай жасайды, сондай-ақ тіл үйренушілердің танымдық әрекетінің аясын кеңейтуге және
тереңдетуге мүмкіндік тудырады.
Достарыңызбен бөлісу: