Әлеуметтік философия қоғамды әлемдік жаратылымның ерекше бір бөлігі ретінде кең ауқымда қарастырып, оны ортақ ұғымдардың , заңдардың, категориялардың көмегі арқылы сипаттайды. Әлеуметтік философия қоғам дамуын табиғатта, қоғамда, адамның ойлауында өмір сүретін жалпы философиялық заңдардың осы процестегі өзінше көрінісін таба отырып талдайды.
Ал социология қоғамның жалпы философиялық заңдардың, категориялардың, ұғымдардың ауқымына сия бермейтін өзіндік ерекше әлеуметтік байланыстары мен әсері, қырлары, жақтары мен ерекшеліктерін зерттейді.
Енді социология мен тарихтың айырмашылықтарын қарастырайық.
Тарих қоғамның өткенін зерттеп, оның даму жолдарын нақтылы жүйемен түсіндіруге мән береді, ал социологияда қоғамның ағымдағы құрылымы мен өмір сүруіне көңіл аударылады.
Социология саясаттанумен де тығыз байланысты.
Социология қоғамды оның әлеуметтік құрылымы, адамдардың, әлеуметтік топтардың, ұлттар мен халықтардың әлеуметтік мәртебесі, олардың өзара әсері тұрғысынан қарастырады.
Саясаттану болса, қоғамға азаматтардың құқықтары мен міндеттерін талдау тұрғысынан келіп, саяси жүйенің құрылымы мен саяси билік қатынастарын зерттейді, саяси институттардың орнын, рөлі мен қызметін айқындайды.
Экономика ғылымының социологиядан айырмашылығына келетін болсақ, экономика қоғамды тұтас жүйе ретінде емес, оның бір ғана экономикалық саласын, материалдық өндірісті, адамдардың экономикалық іс-әрекеттерін тұтас күйінде зерттейді.
Социология қоғамның тұтас жүйе ретінде қалыптасып, даму заңдылықтарын зерттейді.
Социология психологиямен де тығыз байланысты.
Психология индивидтің ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, психикасын қарастырса, социология индивидтің іс-әрекетін, әлеуметтік тәртібін, қоғамдағы орнын, мәртебесін, қарым-қатынасын қарастырады.
Сондай-ақ социология құқықтану, мәдениеттану, демография т.б. ғылымдарымен тығыз байланысты. Қазіргі заманда қоғамдық өмірдің реформалануына, әлеуметтік фактор мен әлеуметтік ортаның рөлінің өсуіне, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қалыптасуына байланысты социология ғылымының рөлі мен мәні, қоғамды дамытудағы ықпалы барған сайын арта түсуде.
Қоғам – адамдар жиынтығы, өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында, олардың мінез-құлқын анықтайтын ерекше әлеуметтік құндылықтар мен нормалардың болуымен, тұрақтылық пен тұтастықтың, өзін-өзі дамытудың болуымен сипатталатын адамдардың тарихи қалыптасқан өзара байланыс формаларына бірігуі.
Әлеуметтік жүйе – тұтас құрылымдық бірлік, оның негізгі элементтеріне адамдар, олардың топтары мен қауымдастықтары, байланыстар мен өзара әрекеттер, әлеуметтік құндылықтар мен нормалар, әлеуметтік институттар мен ұйымдар жатады.
Әлеуметтік топ – жеке адамдардың бірлескен, ынтымақтасқан әрекетті жүзеге асыру қажеттігін қанағаттандыруға бағытталған адамдардың, олардың бірлестіктерінің әлеуметтік өзара әрекетінің негізгі бір формасы.
Әлеуметтік қауымдастықтар өмірлік іс-әрекеттерімен, қандай да бір топқа қатысты өзара байланысатын индивидтерімен, тарихи қалыптасқан территорияға жатуымен, өзара іс-әрекет ететін индивидтердің, топтардың әлеуметтік институттарға қатысымен сипатталатын адамдар жиынтығы.
Әлеуметтік институт (лат. құрылым) – қоғамның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандырып, қоғамдық құндылықтар мен процедураларды біріктіретін байланыстар мен әлеуметтік нормалардың ұйымдасқан жүйесі.
Әлеуметтік ұйым – белгілі бір мақсатқа жету үшін құрылатын күрделі, өзара байланысқан, өзара иерархиялық әлеуметтік жүйелер, екінші қатардағы ірі әлеуметтік топтар.
Индустрияға дейінгі қоғам – даму факторы ауыл шаруашылығымен айқындалады, сондықтан оны аграрлық қоғам деп те атайды. Аграрлық қоғам – натуралды ауыл шаруашылығы мен сословиялық иерархияның үстемдігімен, әлеуметтік саяси өмірде дін мен армияның шешуші рөлімен сипатталатын қоғам дамуының индустриялдық қоғамға дейінгі тарихи сатысы.
Индустриялдық қоғам – қоғам дамуының тарихи сатысы, оған жоғары деңгейдегі өнеркәсіп өндірісі, оны механикаландыру, дамыған еңбек бөлінісі және оның мамандандырылуы, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін қолдану, әлеуметтік-саяси өмірді ұйымдастыруда ілгерілеу, икемділік және ашықтық тән.
Постиндустриялдық қоғам – адамзат қоғамы дамуының үшінші сатысы, әлемдік көпшілікке олардың болашағын көрсетіп, қазіргі ғылыми технологиялық, басқа да төңкерістердің қол жеткен табыстарымен және келешегімен байланысқан әлеуметтік өзгерістерді сипаттайды.
Әлеуметтік байланыс – бір жерде, бір уақытта өмір сүріп жатқан адамдардың алға қойған мақсаттарына жету жолындағы бірлескен іс-әрекеттеріне жағдай жасайтын барлық факторлардың жиынтығы
«Қоғам» ұғымы. Қоғамдық даму теориялары
Қоғам – адамдар жиынтығы, өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында, олардың мінез-құлқын анықтайтын ерекше әлеуметтік құндылықтар мен нормалардың болуымен, тұрақтылық пен тұтастықтың, өзін-өзі дамытудың болуымен сипатталатын адамдардың тарихи қалыптасқан өзара байланыс формаларына бірігуі. Қоғам түрлі әлеуметтік байланыстары, өзара әсерлері мен арақатынастары бар көптеген индивидтерден тұрады. Қоғам – біртұтас жүйе. Оның негізі қоғамның өзін сақтап, жаңартып, дамытып отыруға бағытталған адамдардың іс-әрекеті.
Қоғамның маңызды сипаты оның дербестігі пен өзін-өзі қамтамасыз етуі. Қоғамның дербестігі мен өзін-өзі қамтамасыз етуі де өзін-өзі реттеп отыру арқылы ғана жүзеге асады.
Өзін-өзі реттеп отыруға қабілеттілік – қоғамдық жүйенің іргелі қасиеті. Қоғамның барлық жүйелерінде жүріп жататын өзін-өзі реттеу, ұйымдастыру, тәртіпке келтіру процесі дербес әлеуметтік формаларды, норма, тәртіп, құқықтар мен міндеттер, рұқсат етілген және етілмеген жүйелерді тудырады. Нәтижесінде қоғамды реттеп отыратын ерекше жеке механизмдер – экономикалық басқару құрылымы, саяси және құқықтық реттеуші органдар т.б. пайда болады. Қоғам – бір-бірімен байланысты, ықпалдас әлеуметтік құбылыстар мен процестер жиынтығынан тұратын әлеуметтік жүйе.