Л.И. Брежневтің «тоқырау» кезеңі. КОКП ішкі саясаты Шартты түрде тоқырау жылдары деп аталып жүрген кезең 1960 жылдардың ортасынан бастап, 1980 жылдардың ортасына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде социалистік бағдардағы мемлекеттер арасында жетекші рөл аткарып келген Кеңес Одағының ықпалы бұрынғыға қарағанда солғындады. Жыл өткен сайын КОКП-ның халықаралықаренадағы беделі түсіп, дүниежүзілік арандатушы фактор кейпінде көріне бастады. Югославия, КХДР, ҚХР, сол кезде социалистік бағдарға бейім болған Египет тектес мемлекеттер КСРО-дан іргесін аулақтатып әкетті. Қоғамдық- әлеуметтік даму барысында тоқырау белгілері айқынырақ біліне бастағандықтан, КСРО-ға ең жакын деген мемлекеттерде де социализмнің кеңестік жолынан бас тартуға бейім күштер байқалды. Қоғамның саяси өмірі. 70-жылдардың бас кезі жаңашыл үрдістердің едәуір әлсіреуімен, қоғамдық құрылыс принциптері мен формаларының тоқырауға ұшырауымен ерекшеленеді. Саяси өмір принциптеріне түзетулер енгізген мұндай бетбұрыстың пайда болуы ең алдымен 1968 жылдың тамыз айында бес ел әскерлерінің Чехословакия жеріне енгізілуіне байланысты болатын. Өйткені дәл осы елде партияны жаңартуға, қатып-семген қоғамдық жүйені өзгертуге , нарықтық қатынастар орнату жолымен экономикалық реформалар жүргізуге бағытталған барынша ауқымды ұмтылыстар орын алған еді.Шынтуайттап келгенде , онда социализмнің «сталиндік», «кеңестік» нұсқасын жою және демократиялық қоғам орнату туралы мәселе көтерілді. А.Дубчек бастаған ЧКП басшылығының бұл бағытына халықтың көпшілік бөлігі қолдау көрсетті . Алайда мемлекеттік –монополистік социализмнің қуатын шайқауды және демократиялық балама күштер жеңісін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан бұл ұмтылыс 1968 жылы «Прага көктеміне» қарсы төндірілген «интернационалистік акцияның» салдарынан іске аспай қалды. ЧКП қатарындағы керітартпа күштерге көрсетілген қолдау бұл күштердің КОКП басшылығында да жеңіске жеткендігін айғақтап берді. Осының нәтижесінде 60-жылдар ортасындағы бетбұрыс төрешіл керітартпа күштердің темір құрсауында қалды. Бұл оқиғаның ізі суымастан «ревизионизмге» қарсы басталған идеологиялық науқан ЧКП дамуындағы дағдарысты жоюға, бірқатар басқа коммунистік партиялардағы оппортунистік күштерге теориялық соққы беруге, партия, оның социалистік қоғамдағы жетекші рөлі туралы «маркстік-лениндік» тұжырымдаманы қайта қалпына келтіруге жәрдемдесуге тиіс болды. Алайда тарих тәжірибесі коммунистік құрылыстың КОКП Бағдарламасында белгіленген міндеттері өзіне сай саяси және практикалық шешімдер таба алмағандығын көрсетті. Ал мұның өзі көптеген сұрақтардың жауабын кемелденген социализм тұжырымдамасынан іздеу қажеттілігін алдын-ала аңғартты. Социализмді бірте-бірте жетілдіру идеясы саяси бағыттың өзегіне айналды.