а) тұрғын үйге меншік құқығының пайда болу және тоқтатылу негіздерімен байланысты қатынастар;
Тұрғын үй заңнамасына сәйкес бiр азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiндегi тұрғын үйлердiң саны мен көлемiне шек қойылмайды. Тұрғын үйдiң, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үйдiң иесi оны, сату шартын белгiлей отырып, өз қалауы бойынша еркiн сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға, басқа адамдарға мұраға қалдыруға, кепiлге беруге, осы бапта көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде тыйым салынбаған өзге де жолмен оған билiк етуге құқылы.Бұл қатынастар тобы тұрғын үй заңнамасынан бөлек, азаматтық – құқықтық және жер – құқықтық нормаларына бағынады.
б) тұрғын жайды пайдалануды жүзеге асырумен байланысты қатынастар;
Бұл қатынастардың мазмұны тараптардың көпқырлы құқықтары мен міндеттерін құрайды, көбінесе тұрғын үй заңнамасына бағынады. Бұл қатынастар үш топқа бөлінеді:
- уақытша сипаттағы қатынастар (жеке тұрғын үй қорынан жалға алу);
- мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй жалдау бойынша тұрақты сипаттағы қатынастар;
- тұрғын үй – құрылыс кооперативтеріндегі кооперативтік қатынастар.
в) тұрғын жайларға қатысты талап қоюмен байланысты қатынастар;
Тұрғын жай уақытша тұруға арналған болса да барлық талаптарға сәйкес болуы шарт. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16-сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 76- бабының 1-тармағына сәйкес азаматтарға тұру үшiн берiлетiн мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй сол елдi мекеннiң жағдайларына қарай тұрмысқа жайлы және мұқтаж адам есепте тұрған елдi мекеннiң шегiнде болуға тиiс.
г) тұрғын үй қорын сақтау және жөндеумен байланысты қатынастар;
Тұрғын үй саласында тұрғын үйге меншік құқығы, оларды жалдаумен байланысты ғана емес, оларды күтіп ұстаумен байланысты қатынастар да кең таралған.
Тұрғын үй заңнамасы тұрғын үйлерді салу немесе оларды өзгертумен байланысты қатынастарды реттемейді.
Тұрғын үй құқығының әдістері болып тұрғын үй қатынастарын реттеу тәсілдері табылады. Тұрғын үй құқығы кешенді институт болып табылатындықтан өзінің жеке реттеу әдістері жоқ, оның әдістері азаматтық құқықтың, сонымен қатар тұрғын үй қатынастарында орын алған басқа да құқық салаларының әдістеріне тән сипаттарға ие.
Достарыңызбен бөлісу: |