«...Адамзат үшін ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру - бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз... Ал жас ұрпақтың тағдыры- ұстаздардың қолында» ”, - деп Елбасымыз ел ұстаздарына зор сенім артып отыр. Бұдан қоғам мен мемлекетті алға сүйреуші – мұғалімдер болатындығын түсіну қиын емес.
Тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлап, оны өткізу менің тарапымнан бұрын болмаған тыңғылықты дайындықты, ізденісті, көп қажыр – қайратты талап етті. Әсіресе «Құзырлы оқытудың маңызды факторы – мұғалімнің оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады» (2,8) деген ой орта, қысқа мерзімді жоспарларды әзірлеу барысында қалай жүзеге асады деп ойладым. Әсіресе оқушы өзінің оқуы үшін қайткен кезде жауапты болады (2,8) деген cұрақтарға көп ойландым.
Қазақ поэзиясының мұзбалағы деп атап кеткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Фантазия» өлеңін оқушылармен бірлесіп оқуда алдымен орта, содан соң қысқа мерзімді жоспар жасап алдым. Айта кетерлігі, орта мерзімді жоспар жасау әр сабақтың сұлбасын елестетеді екен. Сондықтан қысқа мерзімді жоспарым орта мерзім жоспар негізінде жүзеге асты.
Сабақтың ұйымдастыру кезеңінен соң, алдыңғы тақырып «Сабалақ» өлеңіне байланысты өткен сабақта берілген Абылай туралы Бұқар жырау не деп жырлады? Жырларынан үзінді топтастырыңдар. Өлең үзіндісін жаттаңдар Ақын өмірі, шығармашылығы туралы баяндау сияқты оқушылардың А,В,С деңгейіне байланысты берілген үй тапсырмасын тексеруден бастадым. Өзімнің болжағанымдай бірінші тапсырманы С деңгейлі бір-екі оқушы ғана орындап келсе, қалған оқушылар өлең үзіндісін жаттаумен ғана шектелген. Онда да түгел емес. Үй тапсырмасын сұрау, жауап алудың сәтсіз болу себебі- белгілі бір әдіс – тәсілді қолданбағаным. Мен ол қателігімді екінші "Бетпе – бет" кезеңіне келіп, әріптестерімнің сабағын талқылау барысында түсіндім. Сондай – ақ үй тапсырмасын сұрауда өткен материалды «мыжи беру» дұрыс емес екендігін де білдім. Соның кесірінен уақытымды босқа жойып алдым. Әрі қарай стикерлердің түсін таңдату арқылы үш топқа бөлдім. Бірақ оқушыларды құрылымдап бөлу негізгі мақсатым болғандықтан, түсті бергенде де іштей өзімнің құзіретімді пайдаландым.
Мұқағали өмірі мен шығармашылығы туралы 5-сынып оқушыларының деңгейіне сай оқулықта шағын ғана мәлімет берілген. Сонда да алдын – ала оқушылар ізденсін деген оймен ақын өмірі, шығармашылығы туралы мәлімет жинап, соған сай хронологиялық кесте құруды тапсырған болатынмын. Ондағы ойым бірінші тезисте «Жаңа нәрсені оқыту адамның нені білетінімен және түсінетімен байланысты» (2, 27)деп айтылғандай, өздері жинап келген материалды әрі қарай түсіндіру олар үшін қызық болады деп ойлағаным. Бірақ санаулы бір-екі оқушы ғана тапсырма барысында ізденіп, қалған балалардың мүлдем дайындықсыз келгенін біліп, мұңайып қалдым. Балалар дайындап келген мәліметті өзімдікімен салыстырып, интерактивті тақтадан көрсетемін деген ойым жүзеге аспай қалды. Сонда да оқушыларға ескерту беріп, сабағымды жалғастырып кеттім. Кейін ойлап отырсам, бір жағынан талабым жоғары болып кеткендіктен де, екінші жағынан менің сабағыммен қоса ағылшын тілі пәнінен де тізбектелген сабақтар топтамасын өткізу балаларымды шаршатып жібергендігін түсіндім. Маслоудың қажеттіліктер иерархиясында көрсетілгендей төменгі биологиялық және физиологиялық қажеттілік қанағаттандырылмай келесі деңгейлерге өту мүмкін емес екендігін естен шығарып алыппын. (2,24)
Екінші тезистегі «оқыту оқушының бастапқы білімі мен дағдыларын назарға алып, оларды өрістетуді мақсат еткенде мәнді болады» (2,35) тұжырымында айтылғандай сабақтың жаңа сабаққа кіріспе бөлімін «Фантазия сөзін басқаша қалай айтар едің?» деген сұрақ – тапсырманы беруден бастадым. Бұл тапсырманы «Ойлан, бірік, бөліс» әдісі арқылы оқушылар өзі, сосын жұбымен ойланып, фантазия сөзін арман, қиял немесе кинодағы фантастика сөзімен байланыстырып жатты. Тіпті кейбір оқушылар ой, қабілет ұғымдарымен сипаттап жатты. Бұл тапсырманы орындау арқылы «білім алу диалог арқылы беріледі ... мұғаліммен және басқа оқушылармен әңгімелесу – оқушының қызмет белсенділігін қамтамасыз ететін және түсінігін дамытатын маңызды құрал» деп нұсқаулықтағы «білім берудің әлеуметтік теориялары» бөлімінде айтылғандай, (2,) оқушылар бірімен – бірі пікірлесу арқылы диалог орнап, білім алды. Содан соң өлеңді бір – екі оқушы мәнерлеп оқып, тақырыбы мен идеясын түсіндіруге тырысты. Бірақ біздің оқушыларымыздың барлығы бірдей ойын тілімен жеткізуге келгенде шорқақ. Соның ішінде тақырыбы мен идеясын түсіндіру – қиынның қиыны. Сондықтан қарапайым тілмен мазмұнын ашу ойымен сыныптағы 8 жұпқа мәтінге байланысты «Ертегіде табысқан ертеңімен, Ғаламаттар туылған ертегіден» деген өлең жолдарын қалай түсінесіңдер? Бүгінгі өмірмен қалай байланыстырар едің? Немесе «Ғаламаттар жасалған ертегіден, Ертегілер қиялдан ерте жүрген». Ақын өлеңінің осы бастапқы екі шумағын ертегімен байланыстырғандығына мән беріңіз. Өздерің білетін қандай ертегілерде адамның қиялы, фантазиясы жоғары дамып кеткендігін аңғаруға болады?» деген тапсырмалар бердім. Жұпқа бөлу барысында да алдыңғы сабақтарымда кеткен кемшілікке бой алдырмай, құрылымдап бөлдім. Яғни А деңгейлі оқушының бос отырмауын қадағаладым. «Оқушылардың көбірек білетін басқа адамдармен, әрине, бұл рөлдерде сыныптастары мен мұғалімдері болуы мүмкін, диалог жүргізу мүмкіндігі болған жағдайда, оқыту жеңіл болмақ» (2,37) деп Барнс айтқандай, екі оқушы арасында болған диалогтың арқасында мен үшін - оқыту, балалар үшін оқу - жеңіл болды. Сонда да төмен деңгейлі оқушыларым ілесе алмай қалса деп, алдын – ала қауіптеніп, оларға арнайы жеке сұрақ – тапсырма дайындап келген болатынмын. Өлең мәтініне байланысты көп ойлануды қажет етпейтін, тек көріп жүрген мультфильмдерімен байланыстырып сөйлеуді мақсат еткен тапсырманы оқушы орындап шықты. Дәптеріне жауап жазды. Бірақ «апай, мен айтайыншы, тапсырмамды оқиыншы» деп ұмтылған жоқ. Мұның себебін әуелі өзімнен іздедім: біріншіден, ондай оқушыларға әлі қалай оқу керектігі жөнінде түсінікті қалыптастыра алмаппын. Оған әрине уақыт керек. Екіншіден, менің түсінуімше, жеке тапсырмалар бұрынғы үндемейтін, бұйығы балаларды одан сайын оқшаулай береді екен. Сондықтан жеке тапсырманы дайындап берудің өзі үлкен шеберлікті қажет етеді. Әрине, баланы тек орнынан тұрғызу сияқты жай ғана алданыш мақсатым болмаса? «Адамдардың кілемге ұшуы туралы не ойлайсың? Шынында адамдар кілеммен ұшқан ба? Ұшқанын қайдан көріп жүрсің? Кілеммен ұшудың бүгінгі таңдағы көрінісі не деп ойлайсың?» деген сұраққа «мен кілеммен ұшқан адамды мультиктен (оқушының өз сөзі) көріп жүрмін» деп қысқа қайыруының өзінен де осы тұжырымға келіп отырмын. бірақ, бәрін минус деуге болмайды. Оқушым жауабын оқып тұрып, өзіне түскен назарды аңғарды ма, жымиып, риза болып жауап берді. Яғни, менің айрықша көңіл аударғанымды сезді.
Жоғарыдағы тапсырмаларды жұптар орындап болғаннан кейін, оқушылар ертегілер жөнінде бұрынғы білімдерін еске түсіріп, ертегілердің үш түрі бар екендігі, оның ішіндегі бүгінгі сабағымызбен байланысты қиял-ғажайып ертегілері екендігін өздері сұрақтарға жауап беру арқылы айтты. Сабағымның келесі кезеңінде өлең идеясы мен ертегілердегі қиял әлемін байланыстыруға негізделген тапсырмалар болды. Яғни үш топқа: «Ер Төстік ертегісінде Шалқұйрыққа тіл бітті. Шалқұйрық кейіпкер сізге бүгінгі заманның қандай құралын елестетеді?», «Ер төстіктің досы, жер астының атақты тыңшысы, қандай жасырын әңгіме болса да, тыңдап алатын, алыстағы, жақындағына түгел еститін досы кім еді? Оның осы қасиеті бүгінгі нені елестетеді? Бүгінгі заманмен байланыстырып көрші» немесе «Кендебай ертегісінде Кендебай құйрықты қойнынан суырып алғанда, үйдің іші жап – жарық болып кетеді. Сол кездегі ғажайып құбылысты неге ұқсатар едіңдер? Ертеде лезде бөлме ішін, даланы, көшені жап- жарық қылатын құрал болған ба?» деген сұрақ – тапсырмаларды «Постер қорғау» арқылы орындауды тапсырдым. Оқушылар оқулықтың ең басында кездесетін ертегілерге көз жүгіртіп, тапсырманы орындауда аса көп қиындықтарға кездесе қойған жоқ. Себебі тақырып та, тапсырма да баланың жас мөлшері, ойлау деңгейіне сай дайындалған болатын. Зерттеушілік бағыттағы әңгіме болғандықтан, оқушылар бірге ойланып, болжамдар ұсынып, талқылаудың нәтижесінде (Барнс (1976) пен Мерсер (2000))мен күткен жауаптарды бүгінгі заманмен байланыстырып: «Саққұлақ кейіпкердің қасиеті бүгінгі заманды телефонды елестетеді», «Кендебайдың үйдің ішін лезде жарық ететін қасиеті электр тоғына ұқсас» деп айта білді. Осы тапсырманы беру барысында менің тарапымнан кеткен бірінші кемшілік: постердің эстетикалық әдемілігіне мән бермегенім. Алдын-ала оқушыларға ескертілмегесін, постер тек құрғақ жазуларға толы болды. Екіншіден, дәлелдеме жаздырып, айтқызуым керек еді деп ойлаймын.
Одан кейінгі жинақтау кезеңіне ««Фантазия» өлеңін Ыбырай Алтынсариннің «Өнер – білім бар жұрттар» туындысымен салыстыр. Қандай ұқсастық, қандай айырмашылық барын «Вен» диаграммасында» тоғыстыр» деп тағы да топтық тапсырма берген болатынмын. «Жоғары дәрежелі сұрақтар қойғанда оқушылар ақпаратты белгілі бір жолдармен қолдануға, қайта құруға, кеңейтуге, бағалауға және талдауға тиіс болады» (2, 39)деген «Нұсқаулықтағы» сұрақ қоюға байланысты пікірді басшылыққа ала отырып, оқушылардың ойланып жауап беруіне мүмкіндік бердім. Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңін қосымша ресурс ретінде оқушыларға таратып бердім. Бастауыш сыныптан таныс өлең мәтінін қайта-қайта оқып, бір-біріне мәтін мазмұнын түсіндіру арқылы оқушылар екі өлеңдегі айырмашылық пен ұқсастықты өз жастарына, білім деңгейлеріне сай айта, жаза білді. Бұл жұмысты орындау барысында Барнс пен Мерсер: «оқушылар өз сыныптастарымен шағын топтарда жұмыс істейді. Оларда ортақ проблема болады, бұл мәселе бойынша бірлескен түсінік қалыптасады, идеялармен пікір алмасып, бір – бірінің идеяларын талқылайды, баға береді»,- деп айтқандай, (2.38)оқушыларым арасында зерттеушілік әңгіме орнады. Тағы бір айта кетерлігі бұл жұмысты орындау кезінде оқушылар сыни тұрғыдан да ойлана білді. Себебі сыни тұрғыдан ойлану жай ойлану емес, ол - таяқты екі ұшы болатыны секілді. Ал екі өлең мәтіні арасындағы айырмашылық, ұқсастықты табу – кейіпкер портреттері немесе мінез – құлқы арасындағы айырмашылықты табу емес. Әрине бұл да ойлануды талап етеді. Бірақ мәтін мазмұнына байланысты ойлану – сыни тұрғыдан ойлануды қажет етеді. Диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту жүзеге асқанын оқушылардың мына сөйлемдерінен аңғаруға болады: екі өлеңнің ұқсастығына екі өлең де адамның жеткен жетістіктері жайында немесе заманның технологиясымен байланысты топтық жауап берулерінің өзі өлеңнің идеясындағы негізгі түйінді түйіп тұрғанын аңғартады. Сондай – ақ, айырмашылықтарын табуда « «Фантазия» өлеңінде өлең мағынасын тұспалдайды десе, Алтынсарин өлеңінде өлең мағынасын анық әрі нақты жеткізіп отыр, немесе Алтынсариннің өлеңі турасында бұл өлеңде білім туралы жазылыпты десе, «Фантазия» десе ертегілер туралы идея айтылған» деген сөйлем құрауларында аздап стильдік, сөйлемді құрылымдау жағына келгенде қателіктерін есептемегенде, оқушыларда ой, түсінік, ұқсас пен айырма жөнінде тұжырым қалыптасып жатқанын аңғартады. Тақырыпты бағалау кезеңінде түсініксіз, аяқталмаған, шимай сызықтары бар парақшалар бердім. Сосын «Сол сызықты қиялдай отырып, сурет етіп аяқта. Ол сурет сенің арманыңды, ойыңды немесе жай ғана әсеріңді білдіруі керек. Қиялыңды іске қос, жас дос!» деп тапсырма бердім. Осы жұмысты орындау оқушылар үшін қызық болғанын аңғардым. Алдыңғы мәтінмен жұмыс, салыстыру тапсырмаларынан ойланудан «шаршап кеткен» оқушыларым сурет саламыз дегенде аса қызығушылық танытты. Бірде – бір оқушы қалыс қалмаған бұл тапсырманы беруде мен оқушылардың жас ерекшелігін ескердім. Яғни, мұнда олардың жады, еске сақтау қабілеті емес, сол жасқа сай қызығушылығын айтып отырмын. Себебі 5-сынып оқушысы ойнағанды, сурет салғанды, жүгіргенді жақсы көретіндігін аңғардым. Әр оқушым өз қиялы, дарынына сәйкес түрлі суреттер салып, қорғап жатты. Біреулер суда жүзіп жүрген балықтарды суреттеу арқылы табиғатты қорғау идеясын ұсынса, енді біреулер үйдің суретін салу арқылы «отбасым аман болсын» деген ойды айтып жатты. Сондай – ақ, дарынды, талантты оқушыларым бұрынғысынан да ашыла түсті. Олардың тек сөйлеу, дәлелдеу, өз ойын айта білу, дәлелдеу қасиеттерінен басқа да қырларының бар екендігіне, жан-жақтылығына көзім жетті. «Мұғалімдер оқушылардың не білетінін және нені жасай алатынын, сондай-ақ олардың қызығушылықтарын, әр оқушының нені жақсы көретінін және не істегісі келетінін түсінуге тырысады» деген «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модуліндегі (2,) тұжырымды осы тапсырмамда орынды пайдалана білдім деп есептеймін.
Сабақты бағалау кезеңін қалай ұйымдастырдым? Ол үшін мен өзін – өзі бағалау парақшаларын ұсындым. Яғни формативті бағалау. Оның себебі екеу: біріншіден, оқушылар әлі бағалаудың – өз оқуының нәтижесі болмайтындығын түсініп үлгермегендігі, екіншіден, жастарына сәйкес олар бағалауда әділетсіздікке жол беруі мүмкін немесе артық бағалауы ғажап емес. Сондықтан бағалау критерийлері жазылған парақшаларына оқушылар өзіне баға қойды. Айталық, төмен деңгейден «оқушы «Фантазия» өлеңінің мазмұнын түсінедіден» бастап, «Оқушы өлеңді өз сөзімен басқаша жеткізе алады. Оқушы басқа материалдармен байланыстыра отырып, өлең жөнінде тұжырым жасай аладымен» жалғасып, «Оқушы өлеңнің құндылығын, маңыздылығын бағалай алады» деген жоғары деңгейдегі критерийлерге «жеттім, талпындым» деген бағаларды қойып отырды. Көп бала өз түсінігіне сай әділ бағалайтынына көзім жетті. «Оқыту үшін бағалау – бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі» (2,58) деген пікірдегі мақсат бәріне бірдей түсінікті болып кетті дей алмаймын. Сонда да бағалаудағы жетекші рөл мұғалімнің құзырында ғана емес екендігін, сонымен бірге өздерінің талпынулары мен ынталарына байланысты болатындығын аз да болса түсініп кетті. Бұл жерде кеткен қателік – сабақтың басында бағалау өлшемдерін таныстырмағаным. Бұл қателік- менің барлық сабақтарымда да орын алып жатты.
«Бағалаудың мақсатында» көрсетілгендей, жетістікке жеткендігін көрсететін – кері байланыс. (2,56) Тізбектелген төрт сабағымның екеуінде кері байланысқа символиканы алсам, қалған екеуінде «шығу парағы» әдісін пайдаландым. Маған символика, смайликтерді пайдаланғаннан гөрі, балалардың ойын ашық, іркілмей жазғаны ұнайды. Жазу уақытты көп алса, символикалар уақытты қажет етпейді. Сонда да осы әдісті пайдалана отырып, оқушыларымның ойын білгім келді. Олардың және өзімнің қандай деңгейде тұрғандығымды айқындағым келді. Оқушыларым мен күтпеген жауаптарды берді: «Маған сабақ ұнады. Себебі, біздер жұптасып, топтасып жұмыс істедік», «Маған сабақ ұнады. Өйткені, біз «Фантазия»өлеңінің толықтай мағынасын түсіндік» десе, енді бірі «Сабақтың түсініксіз жері жоқ. Бәрімізден сұрады. Бұл сабақ өзгеше болды» деген жауаптарын оқығанда терең ойға шомасың. Білемін, жүз пайыз бәріне ұнауы мүмкін емес. Бірақ, аңғардыңыз ба, «біз» деп сөйлейді, «топтасып, жұптасып» деген сөздері олардың өзара әлеуметтенуін білдірсе, екіншіден «бәрімізден сұрады» деген сөз өздерін ғана емес апайларының сабақ беру әдісідегі өзгерісін де меңзеп тұрғандай. Сондықтан «қолайлы оқу үшін адамдарға кері байланыс пен мадақтау қажет, сондықтан бағалау ізгі болу керек» деген сегізінші тезис орынды айтылған.
Қорытындылай келе, жүйелі жоспар, алға жылжу қадамдарын айқындай отырып А деңгейлі баланың В деңгейіне талпынуына, В деңгейлі оқушының А деңгейлі боламын деп ұмтылуына жұмыс жасаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақстан халқына Елбасының Жолдауы.
Мұғалімге арналған нұсқаулық.
Достарыңызбен бөлісу: |