3) Мультипликатор (латын тілінде multіplіkator – көбейтуші) – табыстың өзгеруі инвестициялардың өзгеруіне байланысты екенін көрсететін коэффициент. Мультипликатор идеясын экономика ғылымына алғаш рет 1931 ж. ағылшын экономисі Р.Кан енгізді. Ол инвестицияның халықтың сатып алу қабілеті мен жұмыспен қамтылуын қалай еселейтінін (мультификациялайтынын) көрсетіп берді. Дж. М. Кейнс “Жұмыспен қамтылудың, пайыздың, ақшаның жалпы теориясы” (1936) деген еңбегінде мультипликатордың жалпылама түсініктемесін берді. Мультипликатор теориясы бойынша белгілі бір өндіріс аясына жұмсалған шығын басқа өндіріске және жұмыспен қамтылуға ынталандырушылық ықпал етеді. Жалпы ұлттық өнім көлеміндегі бұл оң, өскелең нәтиже мультификациялық нәтиже деп аталады. Мультипликатор инвестиция мөлшері көбейгенде жалпы ұлттық өнімнің өсу көлемін көрсететін сандық коэффициент болып табылады. Мысалы, инвестиция 100 млрд. теңгеге өссе, мұның өзі жалпы ұлттық өнімді 300 млрд. теңгеге өсіреді, демек, мультипликатор=3, егер жалпы ұлттық өнім 200 млрд. теңгеге артса, онда мультипликатор 2-ге тең болады. Кейнстік мультипликатор теориясы шеңберінде үкімет (мемлекеттік тапсырыс), фирмалар, халық жұмсаған ірі көлемдегі шығынның (инвестицияның) оң ықпалы ұлттық өндірістің тиімділігіне және өсуіне игі әсерін тигізетіні негізделді. Кейіннен мультипликациялану (көбею) құбылысы уақыт факторын ескере отырып қарала бастады және мультипликатордың динамикалық серпінді үлгісі пайда болды. Ол бастапқы инвестиция нәтижесінің қайталанып отыратындығын басшылыққа алып жасалды. Жинақ ақша мен инвестиция серпініне талдау жасауда мультипликатор теориясын пайдалану жиынтық сұранымның, жалпы ұлттық өнім көлемінің және халықтың жұмыспен қамтылуының өзгеруіне ықпал етудің нақты тұтқаларын көрсетеді.