Тараздан шықҚан тарландар н. Б. Арапбаева, А. Садықова Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, №47 қазақ орта мектебі, Тараз қ



Дата02.07.2018
өлшемі44 Kb.
#45994
ӘОЖ: 951 (574)

С 15
ТАРАЗДАН ШЫҚҚАН ТАРЛАНДАР


Н.Б.Арапбаева, А.Садықова

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, № 47 қазақ орта мектебі, Тараз қ.
X-ғасырдың аяғында Саман мемлекетінің іргетасы шайқалып, иелігіндегі жерлері екі уәлаятқа бөлініп кетеді. Осы екіге бөлінген елдің шекарасы Жайхун (Әмудария) өзенімен бөлініп тұрады. Саман тұқымын енді түркінің қаңлы, қарлұқ, шігіл, яғма тайпаларына билігін жүргізген Қарахан әулеті алмастырады.Қарахан мемлекеті Ислам Мәдениетін жасаушы мейлінше гүлденген елдердің бірі саналады: ғылым, әдебиеті жоғарғы деңгейде дамыған. Оның айғағы: Қарахан мемлекетінің алып тұлғалары Баласағұн қаласында туып-өскен әйгілі ақын Жүсіп Баласағұни мен Махмуд Қашғари еңбектері. Бұлар түркілік қана емес, дүниежүзілік мәдениетке айтарлықтай үлес қосқан тұлғалар.

Қарахан мемлекетіне батысында Бұхара, Сайхун өзенінің төменгі ағысынан, шығысында Жетісу мен Қашғар аралығындағы жерлер қараған.

XI ғасырда Қарахан мемлекеті екіге бөлініп, Мауараннаһр, Ферғана, Шаш (Ташкент), Ходжент, Самарқан жеріне иелік еткен мемлекеттің орталығы Бұхара болса, ал Сайрам, Тараз, Жетісу, Қашғар жерлеріне иелік етушілердің орталығы Баласағұн қаласы болды.Саман әулеті іргесін қалап кеткен әдебиет пен өнерді Қарахан әулеті өзгерткен жоқ. Себебі олар да өздеріне дейінгілер сияқты ислам дінін ұстанған. «Түркі әкімдерінің сарайларына енді парсы ақындары да шақырылатын болған. Түркі билеушілері олардың шығармашылығына қанат бітіріп қана қоймай, өздері де парсыша өлеңдер жаза бастаған».[1]

Қарахан әулеті билеген тұста Талас-Шу алқабы арқылы Іле Алатауы сілемдерінің баурайымен Алматуға (Алматы), Талхырға (Талғар), жетіп, одан әрі Алмалыққа қарай кететін керуен жолдары бойына қалалар, бекіністер, керуен сарайлар салынған. Меркі, Құлан, Екі өгіз, Қойлық қалалары және Бабаша қатын, Айша бибі, Қарахан күмбездері – сол дәуірден қалған көнекөз ескерткіштер.

1911 жылы Қазан қаласында шыққан Құрбанғали Хамедовтың «Тауарих Хамса» (Бес тарих) атты жылнама кітабында «Баласағұн», «Құтадғу білік» деген сөздердің мағынасына түсініктеме берілген. Онда Баласағұн – мәнерлеп қашалған тас қала, Құтадғу білік – құт, бақыт, білім деген мағынада.Бұл кітапты Баласағұнда туған бір сахаба, тақуа жазып шығарған.Әммә бұл кітапты Қашқарда тамамдап, Маршық (Шығыс) мәлігі Табғаш Бураханның құзырына ұсынған. Мәлік оның еңбегін қадірлеп, жарықтап әрі ұлықтан Хас Хажыб (Ханның уәзірі, министр) деген атақ беріп, ерекше ілтипат білдірген, сол үшін ол Жүсіп, Ұлы Хас Хажыб атанып, атақ -даңқы жер жүзіне жайылды.

Бізге осы Қарахан дәуірінен екі үлкен әдеби ескерткіш жеткен. Біріншісі, Баласағұн перзенті Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу білік» атты дастаны, ал екіншісі Махмұт Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасы.

Көне Тараздың рухани орталық болғанын XI - ғасырға жататын тассуат пен онда жазылған арабша жазудан да көруге болады. Тассуаттағы жазуды оқып ажыратқан профессор Ю.Н. Завадовский болды. Тассуатта былай делінген: «Бұл тассуатты Әбу әл-Мәлік Құтлықтың қызы Фатима қатын Алланың нұрлы шапағатына бөлейтін жолға түсу үшін және оның рақымы мен жомарттығына үміт ете жасатты. Оның өзі және ата-анасы һәм күллі мұсылман (жамағаты) Алланың кешіріміне жолықсын! Бұл (тассуат) төрт жүз... жылдың раби-л-аууал айында бітті».

Ю.Н. Завадовскийдің болжамы бойынша тассуат 1009-1106 жылдар аралығында жазылып аяқталған.

Ал енді жазба ескерткіштердің мазмұнына ғана емес, сонымен қатар авторларының да өмір жолына тоқтала кетейік. Жүсіп Баласағұни аты-жөніне қарағанда Баласағұн қаласында туып-өскен. Оның әйгілі дастаны В. Бартольд пен И.В. Стеблеваның айтуынша Қашғар қаласында жазылған. В.В. Бартольд «Қашғар қаласының халқы ғана нағыз түркі тілінде, яғни «түркі-хақан» тілінде сөйлеген» [2] дегенді айтады. Ж. Баласағұн өз дастанын Қашғар қаласының әкімі Табғаш Боғры Қара хақан Әбу Әли Хасан ибн Сүлеймен Арыслан Қара ханға арнағандықтан, оған ол «хас-хаджиб», яғни «хан сарайының қызметкері» деген атақ берген.

Біздің заманымызға Ж. Баласағұни шығармаларының үш қолжазбасы жеткен:

1. Гераттан XV ғ. табылған нұсқасы. Ол қазір Венада сақталуда.

2. Араб әріптерімен жазылған нұсқасы. Каир Ұлттық кітапханасында.

3. Наманганнан табылған нұсқасы.

Атақты түріктанушы профессор С.Е.Малов «... XVғ. жеткен қолжазбаға қарап, Жүсіп өз шығармасын араб әрпімен жазған деуге болады. Сонан соң ғана «Құтадғу білік» ханға тарту етілерде ұйғыр әріптерімен қайта көшірілген», [3] - деп жорамал жасайды. «Құтадғу білікті» орыс ғалымдары В. Радлов, А.Н.Самойлович, А.А.Валитова, Н.А.Баролина, сонымен қатар шетел шығыс зерттеушілері А.Бамбачи, Р.Пелльо, Т.Танджей, С.Руткевич, қазақ ғалымдарынан Р.Бердібаев, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Жарықбаев зерттеген.

Х-ХІІ ғасырда Қазақстанның оңтүстігінде қала мәдениеті өсіп, ғылым, білім дамып, бірқатар жаңа қалалар, соның ішінде Тараз ерекше өрлеп дамыған.

Тараз туралы араб тарихшысы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми өз шығармасында «Тараз қаласы түркілердің шекаралық аймағында Исфиджабқа жақын. Сондай-ақ ол бұдан бұрын айтылған қаладан қашық емес», - дейді. Ал Таразды айтпас бұрын Йақұт Отырар туралы айтқан.

Сөйтіп Йақұт Тараздың Сайрам мен Отырардан қашық еместігін нақты айтқан.

Йақұт: «Тараздан бір топ ғұламалар шыққан», - дей отыра, Махмұд бин Әли бин Әбу Әли ат – Тарази деген ғалымның атын атайды. Сонымен қатар: «Ол білгір факиһ, салиқалы аңғарымпаз, Құранды мәнерлеп оқудың үздігі болатын. Әбу Садық Ахмад ибн Хасан аз – Занди әл – Бұхари туралы хадис жазған еді» - дейді.

Сонымен, Тараздық жерлесіміздің өз аты – Махмұд. Әкесінің аты - Әлі. Ал бабасының ныспысы - Әбу әлі болған. Ат – Тарази оның Тараздық екенін, осы Таразда туып өскенін көрсетеді. Ол дулат тайпасынан шыққан.

Махмұд білімін Таразда алса да, сол кездегі ғылым, білім тілі - араб тілінде өз шығармаларын туындатқан. Әбу Таһир Мұхаммад ат – Тарази туралы мәліметтер тек Йақұт еңбегінен кездеседі. Оның толық аты-жөні Әбу Таһир Мұхаммад бин Әбу Нәсыр Ибрахим бин Макки ат – Тарази. Бұл жерде өз аты Әбу Таһир Мұхаммад. Әкесінің есімі - Әбу Насыр Ибрахим, атасының есімі – Макки. Ал ат – Тарази барлығымыз білетіндей туған жерінің Тараз екенін білдіреді.

Әбу Таһир Мұхаммад туралы Йақұт: «Исфаһан қаласында Тараз атты махалла бар. Шығу тегі жағынан ол Таразға тікелей қатысты. Онда бәлкім Тараз қаласынан шыққан көпестер тұрған. Солардың арасынан Әбу Таһир Мұхаммад бин Әбу Нәсыр Ибраһим бин Макки ат – Тарази шыққан. Ол сонда күн кешкен. Ол «Һаджир» (келімсек) деген атпен белгілі» [4] - дейді. Оны келімсек деп атағынан, біз жерлесіміздің Исфаһанда тұрғанымен түбі Тараздық екенін анық білеміз.

Қазақ жеріне моңғол шапқыншылығынан кейін қазақ қалаларына халық қайта орала бастаған. Бұл Отырарға ғана емес Шу алқабындағы қалаларға да қатысты. Ал Аспара, Мерке, Құлан, Тараз, Шелжі, Садырқорған, Науакент сияқты қалалар маңында егіншілік пен бау-бақша кең өріс алды. Сол аймақтан өтетін сауда-керуен жолдары қалалардың гүлденуіне септігін тигізді.

Махмұт бин Әли ат-Тарази, Әбу Таһир ат-Тарази сияқты басқа да ойшыл, ақын, әдебиетшілерді өмірге әкелген Тараз мәдени өмірін жалғастыра берді. Тараз қақпаларын ашып, қалада күмбезді ғимараттар, моншалар салынды.

Осындай моңғол шапқыншылығынан кейін өзіне келген Тараздан, Шамс Тарази шыққан. Оның аты ХІІІ-ХІV ғғ. жататын діни-мифологиялық өлең түрінде жазылған. «Кесікбас жайлы дастан» арқылы белгілі болып тұр.

Дастан әлсіздердің тілегін, жалбарынышын Алланың қабыл алып, көмектесетіні, түбінде жақсылық, адалдық жеңетіні және автордың туған жер, ата-мекеніне басып кірген дінсіз моңғолдарға қарсы күреске шығуға шақыруы мәнерінде жазылған. Әлі батыр жайлы дастандар қазақ жерінде де ежелден белгілі. Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі ол жайлы кең тараған аңыз әңгімелерге табан тіреген қазақ шайырлары оны өлеңмен қайта жырлаған. Ондай дүниелердің біздің заманымызға жеткендері де жоқ емес. Бұл аталмыш дастанды Қазан, Санкт-Петербург, Мәскеу, Баку кітапханаларында сақталған түрлі нұсқалармен салыстыра отырып, татар ғалымы Ялқын Ахметгалеева зерттеген. Бірақ татар ғалымдары бұл дастан «Еділ бойындағы татарлар арасында дүниеге келген», - дейді. Ал Түркиядан табылған нұсқасына қарап, түрік ғалымдары оны Кіші Азияда дүниеге келген дейді.

Дегенмен де, дастан қазақ жерінде, Таразда дүниеге келген. Себебі Отырар мен Сайрам, Тараз бен Баласағұннан шыққан азаматтар кейде Ташкентке соқпай-ақ Отырар, Нұрата арқылы Бұхара мен Самарқанға барып білімін толықтырған.

Тараздан шыққан, аты мұсылман әлеміне таныс Ж.Баласағұн, Махмұд бин Әлі ат-Тарази, Әбу Таһир, Шамс Таразилар қазақ, Тараз атын жаңғыртып, арттарына өшпес мұра, рухани қазына қалдырған ұлы тұлғалар.
Әдебиеттер тізімі:
1. Стебелева И.В. Развитие тюркских поэтических форм в ХІ веке. М.,1971,

4-бет.


2. Бартольд В.В. Двенадцать лекции по историй турецких народов Средней

Азии.- Сочинения, М., 1968, Ү том, 113-бет.

3. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности.М.-Л., 1951, 224-бет.

4. Йақут әл-Хамауи ар- Рауми. Мұғджам әл-Булдан. 4- том.

5. Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп- тұқиямнан өзіме дейін. Алматы. 1993.

6. Ә.Дербісәлиев. Қазақ даласының жұлдыздары. Алматы, 1995.

7. Мыңжани Н.Қазақтың қысқаша тарихы.Алматы,1994.

8. Түбі біртүркі тілі. Алматы,1993.



9. Құтты білік. Алматы,1986. Ауд. Егеубаев.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет