Қазақ зиялыларының дума жанындағы мұсылман фракциясы құрамындағы қызметін көрсетіңіз
Мұсылман фракциясы – Мемлекеттік думадағы мұсылман халықтары өкілдерінің парламенттік фракциясы (1906 – 1917 жылы).
Бірінші Мемлекеттік думадағы 436 депутаттың 36-сы мұсылман депутаттары еді. Олар бүкіл империя мұсылмандарының мүддесін қорғау мақсатында парламенттік фракция құрды. Төрағалыққа белгілі Әзірбайжан қайраткері Ә.Топчибашев, бюро құрамына М.Ралиев, С.Алкин, И.З. Зиятканов, А.Ахметов, Ш.Сыртланов және С.Жантөриндер бір ауыздан ұсынылды. Мұсылман фракциясы депутаттары Мемлекеттік думада құрылған жер, азаматтық теңдік, қаржы комиссияларының құрамына еніп, мұсылман халықтарының мүддесін қорғау жолында қызмет етті. Онда қазақ депуттары А.Бірімжанов пен А.Қалменов қазақ халқының мүддесін көздеді. Мұсылман фракциясы елдегі оппозициялық саяси күштермен бірікті. Олармен бірге Мұсылман фракциясы Мемлекеттік думаның құқын кеңейте түсуді, заң шығару ісімен қатар үкіметті де Мемлекеттік дума қолына тапсыруды талап етті.
Жалпы бірінші және екінші Мемлекеттік думаға сайланған қазақ депутаттары (Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, А.Бірімжанов, Мұхамеджан Тынышбаев, т.б.) Мұсылман фракциясы жиындарында сот ісі, ағарту, діни істер, т.б. мәселелерге белсене араласты.
І Мемлекеттік Думадан бастап орыс Мемлекеттік Думасында мұсылман фракциясы жұмысын бастады. Жалпы, соңғы екі Думадағы кедергіге қарамастан, қазақ зиялылары 4 бірдей Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясы арқылы талап-тілектерін қоя білді. Әлихан Бөкейханов фракция құрамында тұрақты болса, кейде Ахмет Байтұрсынов та сайланды. Олар сол кезде татар, әзірбайжан және Кавказ, Орал, Еділ бойы, жалпы, ресейлік мұсылман дептутаттары мен түркі халықтарынан сайланған бірлікте осы қазақ қауымының ең өзекті деген мәселелерін көтеріп отырды.
Қоғамда орталық биліктің атына арыз-тілектердің жазылуы туралы Қарқаралы петициясы мысалында келтіріңіз
XX ғасырдың бас кезінде қазақтар арасында петициялық қозғалыс елеулі түрде етек алды. Қазақ халқы өзінің өмірлік маңызы бар шұғыл проблемаларын петициялар жолдау арқылы шешуге тырысып көрді. Ол петицияларда жер, дін және халыққа білім беру саласындағы алуан турлі талаптар қойылды.
Қазақ халқының өз құқықтарын қорғау жолындағы күресінің өзіндік ерекшелігінің бірі алуан түрлі петициялар (өтініш-талаптар) жолдау болды. Ондай петициялар 1902-1907 жылдары жазылып, жоғары билік орындарына жолдана бастаған еді. Оларда қазақ халқын христиан дініне енгізу саясатын тоқтату, мұсылман оқу орындарын құруға қажетті жағдайлар жасау, молдалардың қызметіне кең жол ашу жөнінде нақты талаптар қойылды. Ондай алғашқы петициялар жолдаудың бастамашылары алғашқы кезде дін қызметкерлері болды. Уақыт өте келе жағдай өзгере түсті. Бірінші орыс революциясы жылдарында петициялар жазуды қазақ қоғамының сауатты, зиялы өкілдері өз қолдарына алды.
Петициялар уезд бастықтарына, әскери губернияларға, генералгубернаторлардың, Ішкі істер министріне, тіпті Ресей императоры II Николайдың атына да жолданды.
Петициялар Қазаннан, Оралдан, Лепсіден, Қарқаралыдан және басқа да жерлерден жөнелтіліп жатты.
Отаршыл өкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы петициясы болды. 1905 жылдың маусымында Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император II Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында кеңінен танымал беделді 42 қазақ қол қойды. Кейінірек оған Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Петиция Қарқаралы қаласынан жіберілген еді. Ол жерден 1905 жылғы 22 шілде күні жергілікті пошта-телеграф арқылы патшаның өз атына жолданды. Петицияны жазуға белгілі саяси қайраткерлер Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаев, Т. Нүрекенов, т.б. белсене ат салысты.
Қарқаралы петициясында өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, отаршыл аппарат шенеуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыру талаптары қойылды. Онда мынадай жолдар бар еді: «Мал бағумен айналысқаны үшін қырғыздар сайлау құқығынан неге айырылуы тиіс? Сауда-саттықпен, егіншілікпен, балық аулаумен және басқа да кәсіптің түрлерімен айналысушылар сайлау құқығынан айырылып отырған жоқ қой!»
Мемлекеттік шенеуніктер жоғары билік орындарына талап-тілектер айтып, петиция жолдаушыларды барынша жек көрді. Мұны Семей облысы әскери губернаторынын Дала генерал-губернаторының атына 1905 жылғы 19 маусымда жазған хатынан көруге болады: «Кырғыздардың петиция жолдап, талап қоюларына жол беруге болмайды».
Қарқаралы петициясынын мәтіні Ресей патшасының атына ғана жолданып қойған жоқ. Петицияның көшірмелері «Сын Отечества» және «Русские ведомости» сияқты орталық газеттерде жариялануы үшін олардың редакцияларына да жіберілді.
Достарыңызбен бөлісу: |