Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас



бет19/24
Дата17.02.2017
өлшемі7,02 Mb.
#9675
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24
II
Шындығында да Мұхтар өзiн – өзi қалай ұстауға мiндеттi едi? Мұндай сұрапыл аласапыранның тұсында қандайда бiр мiндеттi мойнына алуға қақысы болды ма? Соның өзi мүмкiн бе едi? Өте маңызды және заңды сауал. Бiрақ оған кiм жанын жалдап, адалдығына ант су iшiп жауап бере алады? Кiм? Және сол адам сөзiнiң растығына иландыра ала ма? Сол бiр «қилы заманның» бұлжытпас деректерiнiң ХХ ғасырда қолға түсiп, айғақтың ашылуы неғайбыл. Түптiң түбiнде екiнiң бiрiне белгiлi болатын жағажайлы күндер туар. Алайда оған дейiн қаншама ұрпақ ауысып үлгерер екен? Ол – болжаусыз болашақтың еншiсi. Ертеңге қол жайып, қарап қалу да әдiлетсiздiк. Мән – маңызы, қасiрет уайымы, өкiнiш – ренiшi күнтiзбенiң жаңа бетi парақталған сайын алыстан мұнартатын сағымға айналар. Мүмкiн, бүгiнгi ұрпақ орта ғасырдағы инквизиция сотына қалай немқұрайлы, болуы мүмкiн емес шындық деп қараса – ертеңгi ұландар да иығын қомдап қана қояр. Таңданатын құбылыс емес. Тарих тағылымы солай. Бiрақ, Галилейдiң отқа өртенгенi рас. Ол – ұмытылмайды.

Ал отыз жетiншi жылы адамзаттың ақыл – ойының даму жолындағы өсу кестесiне аты жазылуға тиiстi қаншама зерделi перзенттер жазықсыз құрбан болды?

Әрине, қазақ елiнiң бақытына, Мұхтар тiрi қалды. Бұл – рухани өмiрiмiздегi сәтiн салған несiбелi бақыт. Ондай «олжатай» сәттiлiк халқымыздың маңдайына сирек бiткен.

Егер соған шүкiрлiк жасап, тәубеге келетiн болсақ, онда бұл жылдардың көрпесiн жылы жауып қойып: «Аман қалыпты ғой. Ендi қазымырланып, түбiн қазып қажетi қанша?» - деп аттап өтiп кетсек те, айып тағылмас едi. Мүмкiн, әлдекiм қуанар, әлдекiм өкiнер. Кiмнiң көңiлiнен шыққандайсың? Анығы – шымырлаған шымқай шындық әр ұрпақтың жүрек сүзгiсiнен өтiп, келесi толқынға жетуi керек. Ол – келесi ұрпаққа аманат етсiн. Азаматтық парыз, қасиеттi борыш. Мұхтар сияқты ұлы адам өмiр сүрген дәуiрдi түсiну үшiн де қажет. Дәуiр – Мұхтарды сынады. Мұхтар – дәуiрдiң аңдысын бақты.

Кiм күштi? Қайсысы дұрыс? Тiптi әр пенде, ол кездi есiне алғанда өзiнше ақталып қалуға тырысады? Не үшiн?

Оны ешкiм де ашып айтпайды. Бiрақ жорамалдап түсiнуге, болжауға болады.

Адамзат тарихындағы қасiреттiң барлығы – саналы түрде өршiткен белгiлi бiр кесiрлi – кесепат топтың өлермендiк әрекетiнен ушығады. Сол сияқты халықтық репрессияның да өз «жалдамалары» мен арандатушылары болды. Бұлтсыз күнгi найзағай сияқты шатынаған жай оғынан үрейлену – жалпы елдi сескендiрдi. Көңiлдi күдiк билеп, күбiрткiдей жей бастады. Он үш адамды ату жазасына бұйыру туралы үкiм – дауыл алдындағы көкжиектен күркiрi мен жарқылы ғана көрiнiп – естiлген қара дүлей – смерчьтiң төнiп келе жатқанын сездiрдi. Адамдардың оған қарсы күресуге дәтi шыдамады. Сондықтан, шарасыз жанталас басталды. Әркiм өзiнше талқылауға тырысты. Бiрiн – бiрi айыптады, күмән тудырды, қауесет таратты, арандатты да, қысқасы, кiмнiң кiм екенi ашыла бастады. Мұндай аласапран шақтағы жан арпалысы Мұхтарға да тән едi. Ол осындай апат алдындағы қарбаласты:

«Шынайы күрделi, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезiмiнiң, талайының, талабының, мiнез – нәрiнiң, тағдырдың барының баршасы түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналды... Адам мен адам арасындағы терең жардай, өткелсiз шыңырау қарсылықтарды әр жаратылыстың барынша терең шыңын түгел ашады. Сол шыңнан: шынайы көздiң жасы да, сағыныш, өкiнiш те, қам - қайғы, қасiрет те, трагедиялық айрылыс, үзiлiс те және неше алуан моральдық жан – тән катастрофасы қаза да, саза да туады», - деп бейнелей жеткiздi. Бұл сынаққа шыдайтын пенде атаулы сирек едi.

Адамның жүйкесi тозып, көрiнбейтiн зерде жiбiне iлiнiп тұрады. Апат ұзақ күттiрмедi. «Жалмауыз» - тағдыр басын көтердi. Мемлекеттiк қауiпсiздiк машинасы iске қосылды.

Жалпы репрессия кезеңiнiң науқандық әрекетiне байырқай қарасақ, ол өте тереңнен, жан – жақты ойластырылған, үлкен – үлкен құрбандықтарды басып, асаулардың басын жерге тұәыртып иетiндей айла – амалмен, пәрменi күштi үгiт – насихаттың желiгiмен және темiр тәртiппен – күшпен жүзеге асырылған. Арғы – бергi тирандардың барлық жазалау, арандату, үрей тудыру, күш көрсету, ұрып–соғу тәсiлдерiн меңгерген. Атом жарылысының iркiлiп соғатын толқыны тәрiздi – бiр науқанның күшi әлсiреген сәтте екiншi керi қарай соққан. Алғашқы Пятаков пен Радиктiң компаниясы – дүлейдiң ядросы, тұтандырғыш шақпағы едi. Оларды «мойындатып», - «қаралап алған» соң, халықты сендiрген соң нағыз науқан басталды. Бұл – тоғыз айға созылды. 1938 жылғы қаңтарда: «бiздiң адал адамдарымыз да ұсталып кеттi. Соларды ұстап бергендердiң өзiне «халық жауы» деген желеумен екiншi «соққы» берiлдi. Бұл куәларды құртудың ең тиiмдi «науқаны» едi. «Қырағы нарком Ежов» та, «ежовшылар да» аман қалмады. Ең соңғы, шешушi, қауiптi толқын – отыз сегiзiншi жылдың көктемiнде «ұрды». Бухарин туралы үкiм шықты. Бұл – партияның басшыларына шабуыл едi. Солардың қатарында Мирзоян да кеттi. Орджоникидзе кабинетiне өзiне – өзi қол салды. Өзге – өзге, бұл екi адамның адалдығына Сталиннiң жеке басының күдiгi жоқ едi. Бiрақ олар тым шыншыл, беделдi коммунистер – тiн. Демек, Сталин үшiн аса қауiптi «қарсылас» едi. Олардың кезектi пленумда сөз алуы – өзiнiң әшкереленуiне әкеп соғуы мүмкiн. Бұл арада Ежовтың орынына келген Берия да «қырағылығын» көрсетiп бақты. Сол үшiн де сенiм көрсеткенiн ол бiлдi. Нәтижесiнде тиран тиран күйiнде «кабинетiнде» қалды. Ендi «бас көтеретiн асаулар да» бiтiп едi. Тiрiлерi онша қауiптi емес–тiн. Сондықтан iле тыныштық орнады.

Ол жай тыныштық емес, сырты жап – жадағай, бiрақ iшiн күбiрткi жеп, сыздап тұрған тыныштық едi. В. И. Лениннiң «Сталин тым дөрекi, өз ортамызда, өздерiмiздiң, коммунистердiң, арамыздағы қарым - қатынаста әбден төзуге болатын бұл кемшiлiк бас секретарь қызметiнде төзгiсiз болып келедi. Сондықан мен жолдастарға Сталиндi осы орнынан ауыстырудың жолын ойластырып көрудiң және бұл орынға басқа адамды тағайындауды ұсынамын, басқа жақтарының бәрiн алғанда ол адамның Сталин жолдастан тек бiр ғана артықшылығы болатын болсын, атап айтқанда, неғұрлым iлтипатты болсын, қыңырлығы аз болсын, т. т.», - деп (Ленин. Шығармалар толық жинағы, 45 – том, 348–385 –б.) берген мiнездемесi дәл шықты. Пролетариат көсемi бұл қауiптi тым ерте көрiптi. Өкiнiшке орай, көсем өсиетiнiң орындалмаған жалғыз тiлегi бұл ғана емес болатын.

Мұның барлығы қазiр әбден жария етiлген шындық. Бiрақ сол шындықтың зардабы толық ашылып бiттi ме? Араға уақыт салып барып төрелiк жасау оңай. Одан жеңiл не бар? Бiрақ сол аласапыранда, ендi ғана саяси және мәдени аренаға көтерiлген, мәйегi тұйып келе жатқан қазақ интеллигенциясы өзiн – өзi қалай ұстады? Ақыл – ой иелерi қандай күйiнiштi күй кештi? Санадағы феодалдық, рулық сарқыншықтарды жеңе бiлiп, таза идея жолындағы күреске түстi ме? Рухани бiрлiктi, мәдени тұтастықты сақтай алды ма? Өзгенi былай қойғанда , Жазушылар Одағындағы қас - қабақтың қайғысы қалай едi? Мұны бiлмей Мұхтарды да, оның жан күйзелiсiн, қуанышын да тани алмаймыз. Бiр өкiнiшi – сол кез туралы күнделiктердiң, жазбалардың сақталмауы. Iшiнара қағазға түсiрген арамдардың өсиет – хаттары кейде мәжбүрлiктен пештiң көмейiндегi күлге айналған. Сондықтан да баспасөздегi тасқа басылған «таңбаларды» қанағат тұтуға тура келедi.

Сонымен Жазушылар одағы бұл науқанды қалай өткiздi?

Алғашында оқшау, тосын оқиға көрiнген, ешкiмнiң ойына «дауылға» ұласады – ау деп күтпеген қауiп - қатер Сталиннiң 1937 жылғы наурыз айының 3 күнi БК(б) П – ның Орталық Комитетiнiң пленумында жасаған баяндамасынан кейiн нақты шындыққа айналды. Сталин социализмнiң жетiстiгiнiң өзiнен «халық жауын» iздедi. Сөздiк қоры аз, бiрақ әр буынын нығарлап, қайталап, бұйыра айтатын, логикалық тұрғыдан өте нақты, түсiнiктi етiп жеткiзетiн мақамымен:

«Әңгiме мынада: партиялас жолдастарымыз шаруашылық науқандарға, шаруашылық құрылыс майданындағы орасан зор табыстарға берiлiп кеткендiктен, большевиктердiң ұмытуға правосы жоқ аса маңызды кейбiр фактiлердi ұмытып кеттi. Олар СССР –дiң халықаралық жайынан туатын бiр негiзгi фактiнi ұмытты, партия беделiн бетке ұстап, большевик болғансып көрiнген қазiргi зиянкестерге, шпиондарға, диверсанттарға, қанiшерлерге тура қатысы бар аса маңызды екi фактiнi байқамай қалды және қазiргi троцкизм – дұшпандық, күрес әдiсiн өзгертiп... қазiр шет мемлекеттердiң шпиондық орындарының тапсырғанын iстейтiн зиянкестердiң, диверсанттардың, шпиондардың және кiсi өлтiрушi жауыздардың принципсiз қанiшер бандасына айналғанын сезбедi», - деген сөз бүкiл халыққа үкiм боп естiлдi («Қазақ әдебиетi», 16 көкек 1937 ж.).

Тиранның тирандығы сол – оларға ешкiм де қарсы шығып көрген емес.

Ол – күрделi, қайшылығы мол тұлға. В. И. Лениннiң «Съезге хатындағы» Сталинге берген:

«Бұл жағдай болмашы ұсақ нәрсе боп көрiнуi мүмкiн. Бiрақ менiң ойымша, жiктелiстен сақтандыру тұрмысынан қарағанда және Сталин мен Троцкийдiң жоғарыда мен жазған өзара қатынасы тұрғысынан қарағанда, бұл ұсақ нәрсе емес, немесе мұның өзi шешушi маңыз алып кетуi мүмкiн ұсақ нәрсе», деген (Ленин. Шығармалар толық жинағы, 45 – т., 384 – б.) мiнездемесi дәл келдi. Троцкийдiң саяси платформасының талқандалуы Сталиннiң алдына орасан зор мүмкiндiк ашты. Оған қарсы тұрған теңдес қайраткер жоқ едi. Ол – жалғыз. Ол – көсем. Ол - құдiреттi күш. Оны мұндай сый – сипатқа, қошеметке көтерген – халықтың өзi едi. Луи – Напалеонның (император Напалеонның немересi – Т. Ж.) президенттiкке сайлануына бар қуат – күшiн жұмсаған, бiрақ шаhзада Республиканы, халық мүддесiн сатқан кезде: «Бiз Напалеонға дауыс бергенде бұрынғы Напалеонның атақ - даңқына табынғамыз жоқ, бiз түрмеде жатқан, кедей таптың мүддесiн қорғап тамаша кiтаптар жазған адам үшiн, зерделi саясаткер үшiн дауыс бердiк... Бiз оған үлкен үмiт арттық. Бiздiң сол үмiтiмiз ақталмады, алданып қалдық», - деп мiнбеден айқай салған Виктор Гюго сияқты шындықты Сталиннiң бетiне тура айтқан, айтқанда да дауысы жететiндей ғып, сендiре айтқан азамат болды ма екен?

Кiм бiлсiн?

Керiсiнше бар дауыспен «арамыздағы халық жауын әшкерелейiк!» деп ұран тастап, адамдардың бiр–бiрiн мүйiздеу басталды. В. М. Молотовтың «Троцкий басқа зиянкестерге, диверсанттарға, шпиондарға қарсы күресуге мiндеттерiмiз» деген мақаласы газеттердiң үш бетiне тұтас басылды. Онда халық жауларын анықтаудың әдiс – тәсiлдерi, жолдары айтылды. «Кадрларды тәрбиелеу», «Қызметкерлердi iрiктеу», «Басшылық етудiң әдiстерi туралы» деп берiлген тараулардың аттарынан – ақ не туралы әңгiме болғандығы оңай аңғарылады. Нұсқау берiледi. «Күрес теориясы» жасалды. Кешiктiрместен, ойланып – толғанбастан жаппай iске кiрiсiп кеттi. Сырт көзге елуiншi жылдардың соңында Қытайдағы торғайлар мен тышқандарға қарсы «табиғат зиянкестерiне соғыс ашқан», «шаруашылықтың үнем шараларын» еске салғанмен де бiр ұлы державаның өмiрiндегi трагедия, рухани апат басталды. Мұнда, торғай емес, адамдарды аулауға тиiстi болды.

Бұрын да жiгi ажырап, әзер ұстап тұрған қазақ интеллигенциясының арасы, оның iшiнде ҚазАПП – тың тұсында «жерiне жете жiктелген» жазушылар ортасы кiлт бұзылып, қиюы тез қашты. Саяси қайраткерлердiң iшiндегi Сәдуақасовщина, Ходжановщина, Сейфуллинщина, Меңдешовщина iспеттi «щиналардың» өзара араздықтары қайтадан тұтанып шыға келдi. Тiптi, саяси науқан – жүздiк, рулық бәсекенi де қоздырды. Феодализмнiң бұл сарқыншағы өрттiң алдынан жамырата шолақ өрт қойды, халақтың ескi жарасының аузына тұз сепкендей асқындырып жiбердi. Әдебиет төңiрегiндегi пiкiр таластары ендi «арзан ұлтшылыққа» ауысты. Естiп – бiлмеген «жапон империализмiнiң шпиондары» шықты. Қазақ жазушыларының iшiнен сынның найзасына ең бiрiншi iлiнген адам – Бейiмбет. «Большевиктiк сын және өзара сынды биiк сатыға көтерейiк» деген мақала тiкелей соған арналып, «1936 жылы Қазиздат басып шығарған Бейiмбеттiң» «Ел мектебi» деген пьесасының iшiнде халық дұшпаны, жауыз Троцкийдiң жексұрын атының жүруi оны көре тұра редактор Әлiбаевтiң баспаға жiберуi барып тұрған контробандалық» («Қ. Ә.», 1937 жыл 9 көкек.) деген үкiм шығарылды. Ғабит Мүсiрепов ол кезде Орталық Комитеттiң насихат және үгiт бөлiмiн басқаратын. Мақаланы қарап шығып, басылуға қарсы болды. Ақыры тоқтата алмайтынына көзi жеткен соң, өз жауапкершiлiгiне алып, «қол тигiзiп, жұмсартқан». Жоғарыдағы үзiндiден соң газет бетiнiң бiраз жерi ашық қалған. Бұл – баспасөз тәжiрибесiнде кездеспейтiн әдiс. Зады, кейiн Ғабиттiң «сызып тастаған» жерiн көрсету үшiн әдейi қалдыруы да ғажап емес.

Редакция атынан жазылған бұл мақаладағы әңгiме негiзi мынада. Сол жылдары Бейiмбеттiң көп томдығы жарияланды. Соның iшiнде 1935 жылдары жарияланған «Ел мектебi» пьесасында сол тұстағы партия қайраткердерiнiң бiрi Троцкийдiң аты кейiнгi басылымда сызылмай кетiптi. Сыныққа сылтау оңай табылды және сол есiм оның түбiне жеттi.

Екi иығынан дем алған белсендiлер бұған да қанағаттанбады. Сол мақаламен қатар орналасқан «Көркем әдебиеттегi қаталар және сапасыздықтар туралы» атты редакциялық ескертуде әлде - қалай, жеңiл желпi қате емес, iрi қате. Ол пьесада халықтың дұшпаны Троцкийдiң аты Лениннiң атымен қатар жазылады. Мұны көре отырып, партиядан қуылған алаш ордашыл Әлiбаев Абат қасақана әдейi жiберген», - деп кiнәнiң батпан бояуын қалыңдата түседi. Ал сол газетке қойып отырған редактор Б. Майлиннiң тағдырының әрi қарай қандай күйге түскенiiн айтпай – ақ түсiнуге болады. Бұған қоса Сәкеннiң «Қызыл сұңқарлары», Iлиястың «Жолдастар» романы «қара перде» жамылып шықты.

Сөйтiп, алғашқы соққы «Би-ағаңа» берiлдi. Байқаусызда сызылмай қалған Троцкийдiң есiмi екi – үш ай бойы баспасөз бетiнен түспедi. Қайырылып келiп басына қамшы боп үйрiлдi де, тұрды. Әрине, «жалғыз ағаш – орман емес». Отаған соң бәрiн де қамтыған дұрыс және «жығылсаң, нардан жығыл» деген. Арандатушылар тәуекелге бекiнiп, «басты жазушыларға азуын бiлейдi. Кезек Iлиясқа, Мұхтарға, Сәкенге келдi. «Социалистiк Қазақстан» газетiнде «Жинақтар туралы немесе алашордашы контрабанданың тағы бiр түрi туралы» мақала жарық көрдi. Ол «Қазақ әдебиетiнiң» 1937 жылғы 14 шiлде күнгi санында екi бетке көшiрiлiп басылды. Түгелдей келтiрудiң мүмкiндiгi жоқ, қажетi де шамалы. Бiрақта аласапыран шақтағы оқиғаның даму бағдарынан, оттың еселей қаулауынан хабардар ету мақсатымен және Мұхтарға тiкелей қатысы болғандықтан үзiндi келтiремiз. Мақала авторы белгiсiз. Шындық үшiн ол есiмнiң анықталғаны лазым. Бiр есептен бiлмегенiмiздiң өзi дұрыс та шығар деп ойлайсың. Расында, кiм болуы мүмкiн? Ешкiмдi жаманатқа қиғың келмейдi. Ал, ол бәйгеге тiккен десеңшi! Былай деп жазудан именбеген:

«Социалистiк Қазақстан» бұдан 3 ай бұрын Майлин Бейiмбеттiң толық шығармаларындағы, әсiресе, оның IV томы туралы, онда үлкен сорақы қаталықтар кеткенiн жазып едi. Оның немен аяқталғаны оқушыларымызға мәлім. Қарастыра келгенде, «Толық шығармалар жинағын» бастыру басты жазушылардың арасындағы салт екендiгi анықталып отыр. Жақсы нәрселерiн жинастырып басса бiр сәрi–ау, алғашқы кездегi брактарын да, идеология жағынан мүлде жат, саяси жағынан қата, көркемдiк жағынан құнсыз шығармаларын да жинап шығаруды әдет қылып алған.

Бұл жөнде төменгi үш жинақты алуға болады. Бiрi – Мұхтар Әуезовтiң «Ескiлiк көлеңкесiнде» деген әңгiмелер жинағы. 1935 жылы басталған. Екiншiсi – Сәбит Мұқановтың толық жинағы. I том. 1934 жылдың аяғында басталған. ‡шiншiсi – Iлияс Жансүгiровтың толық жинағы, II том. 1933 жылы басылған.

Әуезов беташар сөзiнде былай дейдi:

«Өткен уақыттағы жазушылық жолың қандай сатымен, қай кезеңдердi басып өттi, оны бүгiнде өзiң қостамайтын, ақтамайтын болсаң да, шашылып, ұмытылып қалмай, сол кездегi өз тұлғаңды жұртшылықтың анықтай отыруы үшiн болсада, бiр топтап, жарыққа шығару терiс болмай ма деймiн... Сондықтан, өз ескiлiгiмдi бүгiнгi жас буынға ұсынғанда көбiнесе сол бұрынғы қалпынан өзгертпей, өзiнiң сол күнгi тұлғасымен көрсетудi дұрыстыққа тән болар деп бiлдiм».

Мұқанов өзiнiң шығармаларындағы бет ашарында:

«Кейбiр өлеңдер маңызсыз болса да менiң өсу, өркендеуiмдi көрсетуге материал болатын сықылды болған соң енгiздiм», - дейдi.

Жансүгiров өзiнiң беташарында:

«Жазылған өлеңдер әр мезгiлдiң кезiнде жазылғаннан түзетiлмей, өзгертiлмей, басылған күйiнде қалдырылды. Өлеңдi оқушыға, жазушыны сынауға мүмкiн қатар материал беру үшiн жазушының бүгiнгi бағытында, пiкiрiне қарсы келетiн, көркемдiк жағынан нашар өлеңдер де кiргiзiлдi», - дейдi.

Сөйтiп, бұл жазушылардың қай - қайсысы болса да жинақтарын баспаға берерде қарап тексерген, мұнда өзiнiң бүгiнгi бағытына, саяси жолына қарсы келетiн зиянды шығармалар бар екенiн әбден бiлген, бiрақ, бiле тұра жұртшылыққа пайдасыз, зиянды шығармаларды баспаға жiберген. Қата, залалды шығармаларды жинаққа кiргiзудегi бұлардың бiр – ақ дәлелi бар, ол – өздерiн жұртшылықтың о жақ - бұ жағынан толық сынауға жеткiлiктi материал беру.

Бұлардың «теориясы» бойынша советке қарсы, ұлтшылдық идеялы, iрiк–шiрiк пiкiрлi барлық шығармаларды әдейi басып шығарып, соны сынау керек көрiнедi. Бұл нағыз зиянды «теория», зиянды пiкiрге жол бергендiк, жат идеологияға трибуна бергендiк деп осыны айтады».

Мiне, мәселенi қайда әкеп тiреп отыр. Ол өзiнше «контрабанданың» жаңа түрiн әшкерелеп, науқанға барынша пайдалы болуға тырысады. Әдебиетке жаны ашығансығанмен, оның көздегенi мүлдем басқа нысана. Яғни, Iлиястың, Мұхтардың, Сәбиттiң өмiрiн қарауылға iлiндiрген. Шүрiппенi басатындар басқалар ғой. Әрине, Бейiмбеттiң тағдырының «немен аяқталғаны» сол кездегi оқырмандаға ғана емес, кейiнгi ұрпақтарға да мәлім. Яғни, осы шiлде айында Би – ағаң «қолды болған». Белгiсiз сыншы пiкiрiн одан әрi былай жалғастырады.

«Әуезовтың жинағына 1921–25 жылдардың арасындағы жазған әңгiмелерi кiрген. Қай әңгiмесiн алсақ та, қазақтың ескi ауылдың ақсақал, байлар билеген рушылдық тұрмыс – салты өзгермеген қалпын суреттегенiн көресiң. Осы ескi ауылды суреттеп жазғанда, Әуезов өткеннiң азғын, жауыздық, әдiлетсiздiк қылықтарын әшкерелеп, бүгiнгi күннiң сотына тартып, бүгiнгi жұртшылықты сол өткеннiң оңбағандық қылықтарынан жирендiре жазбайды, әңгiменiң барлық жерiнде сол ескiлiктi көксейдi, арман етедi, қазақ байларының феодалдық тұрмыс салты, олардың салтанаты Әуезовке өмiрдiң ең бақытты «ұжмағы» сияқты. Әуезовке совет тұрмысындағы жаңалықтың бәрi жат, совет заңының сәулесi қазақ даласына жетпеген, дала жынданған, құтырған боран астында жансыз өлiк сияқты. Әуезов ол кезде даланы былай таныған:

«Дала жайылған кебiнге ұқсайды, алыстағы биiк жота жұмырланған пiшiнмен тiршiлiктi көмген молаға ұқсайды... Ақ дала меңіреу болып түнеруде. Қайғылы сары бел боран әкелiп тұрған ақ киiмiн қымтай түсiп жата бердi» (58 –60 бет)».

Бұл арада мақала авторы Мұхтардың бұл әңгiмелерiнде революциядан бұрынғы қазақ даласы суреттелгенiн «ұмытып кетедi». Көркемдiк талдауда шаруасы жоқ. Өйткенi бұл үзiндi мына пiкiрдi айту үшiн керек болып тұр ғой:

«Қазақ даласын совет келгеннен берi қара пәле қаптаған деп суреттеу, ақ боран астындағы өлiктей етiп суреттеу ұлтшыл жазушының шығармаларындағы негiзгi идеялық мотивi болатын. Әуезовтың бұл әңгiмесiнiң сарыны да сол iзбен кеткен сарын. Совет үкiметiнiң жолына, саясатына қарсы жазылған бұл әңгiмелердiң бүгiнгi жұртшылықққа қаншалықты керек екенiн автор Әуезов те, кiрiспе сөз жазған Мұқанов та, редактор Жаманқұлов та түсiнсе керек едi. Бiрақ практикада бұлай болмай шықты, ұлтшыл бағыттағы әңгiмелердi басып шығарды.

Әуезовтың бұл жинағына кiрiспе сөз жазған Мұқанов жолдас былай дейдi: «Олай болса идеология жағынан пролетариаттық болмағанмен, Мұхтардың бұл әңгiмелерi арқылы ескi ауылдың кейбiр шындықтарын, даналықтарын, еңбекшiге iстеген зорлығын аз да болса көремiз... Осы басып отырған әңгiмелер болсын, басқа еңбектерi болсын, идеологиясын былай қойғанда Мұхтардың iрi суретшi екенiне айқын дәлел» (5 - бет). Өзi идеология жағынан жат, зиянды болсын, сүйтсе де, ол бiзге пайдалы, керек нәрсе» - дейдi. Осындайда жауапсыз, сүрiнiп жығылған пiкiр бола ма екен? Мұқановтың бұл сөзiнiң баяғы Сұлтанбек Қожановтың алашорда ақыны Жұмабаевтың «контрреволюцияшыл өлеңдерi жинағына жазған сөз басынан несi кем?

Егер, шығарма пiкiр, идея жағынан бiзге қарсы, залалды болса, ол шығармада еш бiр шындық жоқ, ондағы көркемдiк жат идеяға бағынулы болады. Идеясыз, пiкiрсiз ешбiр көркемдiк – көркемдiк болып танымайды. Мұқанов жолдас Әуезовтың шығармаларының зиянды пiкiрлерiн ашып, алдын ала жұртшылыққа ескертiп айтамын деп, өзi терiс пiкiрлер ұсынып отыр. Мұқанов шын қырағы болса, Әуезовтың бұл әңгiмелерiн бастырмауы керек. едi. Бiрақ, бұған Мұқановтың да, Жаманқұловтың да большевиктiк батылы жетпеген. Жазушылар ұйымы бұл сорақылықты да көрмедi, бұл жайында жұмған аузын ашпай отыр».

Мынадай айыптаулардан кейiн «жұмған ауыздар» ашылмай қоймады. Сыншы – идеолог өзiне қажеттi сөздердi де дәл тауып, логикалық тұрғыдан сондай шебер қиыстыра бiлген. Бұл да «мақсат жолындағы күрестiң» бiр оңтайлы тәсiлi. Ең пасық, опасыз түрi. Әуезовтың «шаруасын бiтiрiп» алған соң, Iлиясқа, Сәбитке ауысып, Р. Жаманқұловтың сыбағасын бердi. Оларға тағылған айыптың құны тым қымбатқа түстi. Iлиястың өлеңдерiнiң идеялық «контрабанда» екендiгiн дәлелдей келiп «... «Жау» деген өлеңiнде, Әуезовтың әңгiмелерiндегiдей, ескi феодалдық ауылды көксеп, арман қылды», - деп тұжырым жасады. Бұл мақала – Iлияс пен Р. Жаманқұловтың қылмысын әшкерелеген, олардың «жапан империализмiнiң агенттерi» екендiгiн дәлелдейтiн «үш айғақтың» бiрi ретiнде тiркелiп, үкiм есебiнде қабылданды. Сәбит Мұқановтың партиядан шығарылуына «септiгiн» тигiздi. Бұл да аздық жасап, «үшеуiнiң» кесiрлi кеселiнiң себептерiн:

«‡ш жинақтың кескiнi, мiне осындай. Бұл жинақтарда болып отырған қаталықтардан қандай қорытынды шығаруға болады?

Қорытынды сол – бұлар өсiп, iргерi жазушы болу дегендi кiшiпейiлдiлiк деп түсiнбейдi, менменсiну, ер көкiректiк деп түсiнедi. Олар өздерiн өлген Гейне, Гете, Пушкин, Толстой санайды. Соның үшiн достарына жазысқан хаттарына дейiн бастырып шығаруға асығады. Бұлар өздерiнiң атағын зорайтып, өздерi жайында жұрт ылғи айтып жүруiн сүйетiн сияқты... Бұлар көсемшiлдiк ауруына ұшыраған...» - деп, даңққұмарлықтан iздейдi. «‡шеуiнiң» даңғойлығына езу тартып, әжуә еткiсi келедi.

Мысқыл – өнердегi ең уытты, құрметтi, қажеттi қасиет. Ол – алдаспан тәрiздi сұлу да суық қару. Кейде жарасып, жайнап кетедi. Кейде орны толмас өкiнiшке қалдырады. Мәселе, мысқылда емес, сол сөз алдаспанын ұстаған адамның тектi, тексiздiгiнде. Ал арандатушының қолындағы қарудан қауiптi нәрсе жоқ. Әйтпесе:

«Кейбiр жазушылар, әсіресе, осы жолдастар, жұртшылық сынына, газеттердiң сигналына құлақ қойғысы келмейдi. Өйткенi осы жинақтағы көп жеке шығармалардың нашар екендiгi кезiнде баспасөз бетiнде айтылған», - деп есепсiз еркiндемес едi.

Кемшiлiксiз, кем – кетiксiз пенденi ұшырату қиын. Таланттардың да тағдыры – бәйге аттың тағдыры. Бiрде аққан жұлдыздай зымырайды, бiрде тосылып қалады. Не бабы келмейдi. Мұхтар мен Сәбиттiң өз шығармаларын өңдеуге кейiн мүмкiндiк туды – ақ делiк. Ал Ілияс сол шығармаларымен классик, туған әдебиетiнiң көсемi болып қалды ғой. Сонда, барды жойғысы келген адамның өзi «көсемшiлдiктен» дәме етпедi ме екен? Оның өзiнiң шығармасын оқыр ма едi? Әрине, ол оған бас қатырып жатпаған. Пiкiр – үкiмiн сенiммен:

«Қысқасы: бұл сияқты зиянды ұлтшыл контрабанданың сол уақытқа дейiн конфескеленбей елiмiзде таратылып жүргенi әдебиет майданында сақтықты көтерген үстiне көтере түсудiң керек екендiгiн көрсетедi. Большевиктiк сынды, өзара сынды барынша өрiстете отырып, әдебиет майданында алашордашыл контрабандаға жол берiлмей, бiздiң жазушыларымыздың бүкiл творчестволық инициативасын ұлы отанымыздың игiлiгiне жұмсауымыз керек. Жоғарғы айтылғандар сияқты зиянды «жинақтардың» түке керегi жоқ» - деп түйiп тастады.

Иә, бұл адам – өзiне өзi сенген адам. Ақыры айтқанын iстетiп тынды. Кiтаптар конфискеленiп, сөрелерден алынды. Олар подвалда шiрiдi, не отқа өртендi. Ол үкiм жиырма жыл бойы күшiн сақтады.

Зады, «халық жауларын» табан астында: шұғыл түрде «әшкерелеп» қауырт кiрiскенiне Сталин жолдас сүйсiнген болуы керек. «‡кiмет тапсырған жұмыстарды орындау жөнiнде НКВД орындарына басшылық ету iсiндегi асқан iрi табыстары үшiн» Н. И. Ежов, (17 шiлде де) және «революциялық заңдылықты және прокуратура орындарын нығайту жұмысын ойдағыдай жолға қойғаны үшiн» А. Я. Вышинский (20 шiлдеде) Ленин орденiмен наградталды.

«Бас чекист» пен «Бас прокурор» тың «шабытпен» науқанға белсене кiрiстi. Ол «шабыт» миллиондаған адамның өмiрiне балта шапты.

Бұл екi адам қақында талай – талай шындықтардың тарих бетiне қалқып шығары анық. Кiм бiледi, бiр замандарда олар туралы да деректер жинақталып, Талейран сияқты арандатушылығымен аты шыққан саясаткерлердiң «мираскерлерi» ретiнде әшкереленiп, кiтап та жазылар. Жазылады да. Себебi: өткендегi қатерлi асудар мен қасiреттi кезеңдер келер ұрпақтың алдынан шықпауы тиiс. Адам зердесiндегi «ақтаңдақ» әмәнда мәңгүрттiкке жетелейдi. Қандай да қайраткер болмасын арының алдында тағзым етедi.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет