«Мен өз қателерiмнен бастаймын. Мен 1928 жылы «Хан кене» пьесасын жазған едiм. Бұл шығармада автордың ұлтшылдық дәрiптеу бағыты айқын көрiнiп едi. Алғашқыда бұл пьеса театр сахнасында да қойылмады, басылып та шыққан жоқ, тек қолжаба күйiнде ғана қалды. Бес жыл уақыт өткен соң, 1933 жылы театр қызметкерлерiнiң пьесаға бiраз түзетулер жасап бер деген сөзiн ескере отырып, мен пьесамды едәуiр өңдедiм. 1934 жылы пьесаның премьерасы қойылды да, репертуардан алынып қалды. Өйткенi, пьеса саяси мазмұны жағынан қате, совет жұртшылығына керексiз болды. Сол кезде менiң пьесам туралы да, Кенесарының өзi жөнiнде дұрыс пiкiр айтқан Мүсiрепов жолдас болды. (С. Сейфуллин мен I. Жансүгiровтiң есiмi ол кезде аталмайтын. Сондықтан да М. Әуезов олардың атын бұл арада атамай отыр – Т. Ж.). Ол қазақ еңбекшiлерiнiң патша өкiметiне қарсы күресiн Кенесары қозғалысынан емес, 1916 жылғы оқиғалардан iздеу керек дегендi айтты, ал Кенесарыны халықтың қас жауы, керiтартпа хан деп атады. Осыдан кейiн мен бұл пьесаға қайтып оралған жоқпын», - деп түсiнiк берумен шектелдi.
Яғни, тұлға ретiнде өзiнiң жазушылық көзқарасын қорғап қалды. Қандай құқай көрсе де «Хан кене» мен «Қилы заманға» қол тигiзген жоқ, ол шығармаларынан ашық бас тартпады. Тек үнсiз қалдырды. Айта кететiн бiр жайт, Ғабит Мүсiрепов те Кенесары туралы сонау 1934 жылы айтылған пiкiрiнен қайтпады. Елуiншi жылдары да, I. Есенберлиннiң «Қаhар» романы талқыланған тұста да тiптi, «Ұлпан» атты жетпiсiншi жылдары жарияланған шығармасында да Кенесарының жеке басына сын көзбен қарап, оны ұлттық тұлға ретiнде тануға ықылас танытпады.
Бұл да тұлғаның тұлға ретiнде өз пiкiрiн қорғай бiлгендiгiн байқатады. Мұндай пiкiр түюге Ғабит Мүсреповтiң толық қақы бар. Ол жазушының, еркiндегi мәселе. Әңгiме тұлғаның тұлғасыздыққа құлдырауы туралы болып отыр.
Әрине, қара дауылдың зауалынан құтылу үшiн және өзiнiң ең басты кiтабы – «Абай жолын» арандатудан сақтау үшiн Мұхтар Әуезов те өзiнiң еркiнен тыс бiраз «шұғыл өзгерiстер» жасады. «Ақын аға» жөнiнде айтылған авторлық баяндаулар мен кейiпкерлердiң сөзiн мүлдем кереғар мағынада қайтадан жазды. Баспаналап Мәскеу қаласына жасырынып барғаннан кейiн СССР жазушылар одағы мен «Литературная газетадан» сауға сұрап, олардан жеке басын арашалап қалуды өтiндi. Сонда ғана ол:
«Абайдың мектебi туралы қате болып шыққан көзқарасымның ықпалымен жүре отырып «Абай» романының жалғасы болып саналатын «Ақын аға» атты кiтабымды жазып шығып едiм. Бұл кiтапта мен ескiшiл, реакционер Көкбайды романдағы, жағымды, Абайдың озық ойлы өнерiн бойына сiңiре бiлген адамның бiрi етiп көрсеттiм. Ал, Көкбай болса - қазақ халқының дұшпаны Кенесары Қасымов туралы дастан жазған едi. Қазақтың еңбекшi халық үшiн Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық, жаулық ниетiн және оны қорғаушы тарихшылар мен буржуазиялық ұлтшылдарды әшкерелеген 1951 жылы «Правда» газетiнде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелерi Маркстiк – Лениндiк тұрғыдан баяндалсын» деген мақала мен соған орай өткен Қазақ ССР Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар Одағы бiрлесе ұйымдастырған пiкiр таласынан кейiнгi қорытынды пiкiр «Ақын аға» романындағы Абай мектебi туралы қателiктерiмдi терең сезiнудiң негiзiнде ғана мен романның бiраз жерiн өңдеуге мүмкiндiк алдым», - деп уәж айтты.
Әрине, бұл мойындаудың өзi де ұлы қаламгерге оңайға түспедi. Алайда одан басқа тығырықтан шығатын жол да қалмап едi. Қатаң идеологиялық Қысымның нәтижесiнде жүздеген адам абақтының есiгiн ерiксiз «ашып» едi. Мұхтардың бостандықта жүруi – түрмеге қамалғандардың түбiнде ақталып шығуының кепiлi сияқты көрiндi. М. Әуезов оны жақсы сезiндi және солар үшiн рухани күресiн тоқтатқан жоқ. Сондықтан да тұлға ретiнде бас тартпайтын бiраз пiкiрлерiн қырнауға мәжбүр болды. Бұл – тұлғаны тобырдың көңiл – күйiне билеткен, жеке ойлау жүйесi бар, рухани тәуелсiз тұлғалардың еңсесiн ұстауға бағытталған ұлыдержавалық, ұлыорыстық, шовинистiк идеология үстемдiк еткен, «коммунистiк – колонизаторлық» отарлау саясатын асқан әккілікпен жүргiзiп жатқан қоғамның тұсында өмiр сүруге мүмкiндiк беретiн бiрден – бiр дұрыс «түрменiң стратегиясы мен тактикасы» (М. Әуезов) болатын. Тарихи шындықтың жолына басын тiккен Ермұқан Бекмахановтың өзi түрмеден қайтып келген соң әуелi ғылыми тұжырымның астарын аударып, «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты монография жазуға мәжбүр болды.
Өкiнiшке орай, Кенесары мен ұлт – азаттық күресi туралы ұстаған идеологиялық жазалау саясаты мен тұлғаларды тұншықтырып ұстау тәсiлi мұнымен аяқталмады. Қазақ ұлты тәуелсiздiк алғанша еркiн ойлауға ерлердiң санаға сiңiп қалғаны сондай, ұлтымыздың тарихи кезеңдерi мен тұлғалардың сол тарихи оқиғалар жөнiндегi қилы - қилы көзқарастары туралы қалыптасқан жаңсақ пiкiрлерден әлi де арыла алмай келемiз. Бұл тұжырымдарды талқыға сала отырып, ұлттық сана, тәуелсiз рух, дербес мемлекеттiк саясат тұрғысынан баға бермейiнше, бiз ұлтымыздың да, ұлттық тұлғаларымыздың да тауқыметi тағдырын толық түсiнбеймiз.
Ал өткендi саралап алмай, iлгерi басудың өзi де тағы бiр қателiктiң басы болып есептеледi.
Идеологиялық жазалау саясатының қыспағында жүрiп ұлттық рухын сақтап қалған және ұлттық идеяны нысана етiп ұстаған Мұхтар Әуезов пен Ермұқан Бекмаханов iспеттi ұлы тұлғалардың көзқарастарын саралай отырып тарихи шындықты қалпына келтiремiз. Сөйтiп тарихи танымға негiзделген тәуелсiз талқы арқылы ұлтымыздың келешегiне жол ашамыз. Ұрпақтарды адастырмайтындай ұлағат қалдырамыз. Онсыз iлгерi жүру – өткелсiз дариядан секiрiп өтуге тырысқан парықсыздардың жансебiл әрекетiмен бiрдей деген сөз.
Е К I Н Ш I Б ӨЛ I М
ЕЛ ТАЛҚЫСЫ
1
Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт. Өйткенi тарихтағы ұлы сiлкiнiстер – ұлы тебiренiстен туады. Ал ұлы тебiренiстер – ұлылардың ой толғанысы мен таным талқысынан күш алады. Қоғамдағы күйзелiстер мен бұырқаныстардың тұсында тұлғалардың ақыл – ойы, рухани қуат - қайраты, қайраткерлiк қабiлетi мен характерi шешушi, жағымды мiндет атқарады. Ұлттың келешектегi даму бағыты мен танымдық рухын, құрмет тұтар қадiр - қасиетiн, бақыты мен сорын сол сiлкiнiс пен тебiренiстердiң шарпысқан шағындағы ұлылардың адамға, ұлтқа, қоғамға деген тарихи көзқарасы, азаматтық тұлғасы, рух тазалығы анықтап бередi. Ұлттық тұлғаға: «Арпалыс алақұйын заманалар, арбасып тұрып алды мен нетемiн?» - деп (Қасым Аманжолов) дәрменсiздiк таныту – намыс. Себебi: «Әркiмдi заман сүйремек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек!» (Абай). Ал рухы күштi, «Ұлы өзегi таза», «арабсқан алақұйын заманаларда» өзiн – өзi қорғауға қабiлеттi ұлт – келешекке қол созған ұлт. Сондай талантты, қайсар, дүниедегi өз орыны үшiн күресе бiлетiн, елдегiн есмiнде ұстаған ақыл – санасының, iшкi қайратының ең қасиеттi мүмкiндiгiн көрсететiн, ешқандай сыртқы және iшкi ықпалға көнбейтiн, ешкiмге тәуелсiз ой қорытып, шешiм қабылдайтын қайраткер тәрбиелеп шығаруы заңды әрi тарихи қажеттiлiк... «Iргелi жақсыға жарымаған ел» - бақытсыз (Абай). Ондай жұрттың нәсiл, ұлыс, халық ретiнде өмiр сүруiнiң өзi қауiптi әрi ұлттық қорлық. Өйткенi «қол қайраты мықты» (Абай), қандай «күштi үкiмет» (Шәкәрiм) болса да ол:
«Халықты тәрбиелей де алмайды, аздыру да қолынан келмейдi: үкiмет халықты сүйiндiредi не күйiндiредi. Ал халықты тәрбиелеу – ел иесi мен оқымысты зиялылар тобының (тұлғалардың) мiндетi» (В. О. Ключевский.).
Қадым замандардан бергi табиғатпен тел өмiр сүрген барлық қасиетiн – бiтiм-болмысын, ойлау қабiлетiн, жан сергектiгiн, салт-дәстүр, әдетiн, жандүниесiн, еркiн рухын, елдiк сезiмiн, адал рухын бойына сiңiрiп, ХХ ғасырға сол қалпында алып келген қазақ ұлты да өзiнiң ел ағалары мен тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, елдiк намысы мен тағдырын соған сенiп тапсырды. Абай сүйiнiп айтқан «төбе билер» - елдiктiң тұтқасы болды. Билiк иесiнiң өзiн тектi мен тексiз деп бөлген қазақ, ұлттың рухани тәрбиесi мен тұлғаның тәләмiн ұрпаққа үлгi тұтты. Тек, аты – би, мырза, төре, «Қаракөктiң тұқымы» деп аталғанымен, заты В. О. Ключевский емеурiн танытқан зиялы тұлғалардың өзi едi. ұлттық билiктен айырылып, Ресейдiң «темiр ноқтасын» киген тұста да қазақтың қамын жейтiн алаш ардагерлерi елiнiң мұң-мұқтажын жоқтай бiлдi. Азаматтық Мойынсынбауды, рухани тәуелсiздiктi, ұлттың, азаматтығын мұрат тұтты. Кенесары хан, Сыдық сұлтан, Сырым, Исатай, Махамбет көшпелi дәуiрдегi, Шоқан, Мұхамедсалық, Абай, Мұрат Мөңкеұлы, Дулат, Шортанбай, Шәкерiмдер отарлаудың ойраны тұсындағы, Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Мұхамеджан, Халел, Жаhанша, Жақып, Отыншылар – ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттың рухани көсемдерi едi. Соңғы толқын ақыл - қайратымен қазақ елiн тәуелсiз мемлекет дәрежесiне жеткiзiп, екi жыл дербес өмiр сүрген «Алашорда» үкiметiн құрды. Сөйтiп, ұлттық рухты оятып, қазақ елiнiң қауымының дербес ел атануға толықтай құқығы бар екендiгiн дәлелдеп кеттi. Сол бiр шағымды шақтың шарапатын көрiп, шапағатын сезiнген, «Алқа» ұйымын құрып, өздерiн:
«Бiз дүние астан-кестен болған заманның ұрпақтарымыз. Жұмыр жердiң бетiндегi шiрiк қауды өртеп, өрттең шығару үшiн қылыш, найзаны қолдан түсiрмей, майданда жүрген әскермiз. Әйелiмiз де, ерiмiз де, саясатшылмыз, шаруашылмыз, әдебиетшiлмiз, тегiс әскермiз. Әскер болуға мiндеттiмiз»,-деп «Алаштың» аса қуатты екiншi толқыны да ұлттың рухани көсемi дәрежесiне жеттi.
Қазақ елiнiң рухын тәуелсiз ұлт дәрежесiне жеткiзу жолына бүкiл арман – мұратын, қайратын талантын тағдыр талайына салған бұл тұлғалар сол «астан – кестен заманда» өмiр сүруiмен де Бостандық рухының қасиеттi бейнелерiне айналды. Мағжан, Жүсiпбек, Елдос, Халел Ғаббасов, Телжан, Әлiмхан, Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс есiмдерi ұлттың тәрбиешi зиялылары ретiнде танылып, исi алашқа мойындалды. Ұлттық азаттық майданының арынды да асау, азулы да арқалы, ойлы да оқымысты толқынының iшiндегi «Үмiттiсiнiң бiрi», елiн емiрене сүйiп, жиырма бiр жасында:
«Әр адамның туып-өскен елi, жасынан жаттап өскен ғадетi, нанымы, тұрмыс қалпы – сол адамның, ақыл, мiнезiне iз қалдырмай тұрмайды. Бұл қалдырған iз – көңiлге кiрiп, ерiктi билеп, әр адамға өзiнiң елiн сүйгiзiп, елдiгiн iздетедi. Елдiкке келген қауiпке – оқыған, оқымаған бiрдей күйiнiп, қарсысына (жауына – Т. Ж.) бiрдей шығады. Елдегi аман қалуы үшiн екiнiң бiрi бейнетке, өлiмге, иә басқа түрлi жазаға шыдап кететiнiн тарих жүзiнен көрiп отырмыз. Ерте заманнан берi болып келе жатқан бес – он, жиырма – отыз жылдық соғыстардың бәрiнде болатын екi – ақ түрлi мақсат бар. Бiр мақсат – бiр жұртты (екiншi ұлтты – Т. Ж.) жем (отар – Т. Ж.) қылу; екiншiсi – елдiктен айырылмау, өзгеге жем (тәуелдi – Т. Ж.) болмау... Жеңiп алған жұртына жеңген ел (империя – Т. Ж.) не iстейдi?... Алдымен торыған елдiң дiнiн қақпайға алады, бұдан соң ғұрып – әдетiн арластырады, артынан аламыштап жүрiп тiлiн жоғалтып, елдiң белгiсiн күңгiртендiрiп, ақырында бiр ұлтты жұтып кете барады. Әрине, бұл айтылғандай болып жұтылып кететiн қандай ел: мәдениетi төмен болған ғана ел. Бұлай болғанда мәдениет жүзiнде төмен болған елдiң дүние жүзiнен жоғалатын зор себебiнiң бiрi – осы. Бұдан басқа, жолына жалпақ ел болып жанды қиып отырған сонша қымбатты елдiктiң жоғалуына тағы бiр үлкен қауiп бар. Ол – елдiң өсiмi азайып, өлiмi көбейiп, ақырында өлiп таусылу... Мiне, осы аянышты халдың барлық белгiсi қазiргi уақытта қазақ iшiнде де бiлiнiп келедi», - деп жазған Мұхтар Омарханұлы Әуезов едi.
Ұлтының мәртебесiн әлемдiк деңгейге көтерiп, марқадам таптырған ұлы қаламгердiң 1918 жылы жазылып, өзi ұйымдастырған «Абай» журналында жарияланған «Өлiп таусылу қаупi» атты тырнақалды бұл мақаласы оның бүкiл ғұмырының мақсат – мұраты едi. Елiнiң «елдiгiн аман сақтап қалуы үшiн – бейнетке, өлiмге, басқа да қазаға» өзiн – өзi дайындаған Мұхтар өзiнiң келер күндердегi жолының ауыр болатынын сол кезде – ақ болжап – бiлген. Оған Мұхтардың өмiр сапарында әр бес жыл сайын отаршыл пиғылдағы жазалау саясатының шеңгелiне түсiп, үнемi «әшкереленумен» ғұмыр кешкенi толық дәлел. Арандатуды, арбауды, қасақана мекiрелiктi, тергеудi, түрменi, басынуды, қорлықты, аярлықты, бопсаны да көре жүрiп ұлтын «Өлiп таусылу қаупiнен», рухын «жем болудан» сақтандырды. Бүкiл қоғам – Мұхтар Әуезовке, Әуезов сияқты рухы еркiн, дербес ойлау жүйесi мен харакет - қабiлетке ие, ешқандай аяр идеологияға бас имейтiн, тәуелсiз шешiм қабылдай алатын жан дүниесi, мәдениетi жоғары тұлғаларға қарсы күрестi. Себебi, империяның мемлекеттiк басқару билiгiнде жалғыз ғана (!) жоғары бiлiмдi адамы (Молотов) бар шiркеу тақуасы Сталин үшiн тұлға, зиялы (интеллигент) деген сөздiң өзi жеккөрiнiштi едi. Төбе шашы тiк тұрып, мұрты едiрейiп, алдына келген оқымыстыларды бишара күйге түсiрiп, қорлаудан масаттана ләззәт алатын мизаяны (паранойктi) көргенде Әлихан Бөкейханов: «Сауатсыз, өзi бiлмейтiн, бiлгеннiң тiлiн алмайтынның» нағыз өзi екен. Қазақты былай қой, Ресейдiң соры ендi қайнайтын болды», - дептi Әлiмхан Ермековке. Оның бұл айтқан пiкiрi расқа шықты. Адамдық сезiмi дертке шалдыққан «Ұлттар көсемiнiң шарапатын» Мұхтар отыз жыл бойы көрдi де, көндi де. Сталин, тiптi, кеңес Үкiметiнiң мүшелерiнiң барлығы патшаның жазалау және отарлау саясатын, түрменiң iшкi – сыртқы арандату мен аярлық әрекеттерiн өте жақсы бiлетiн тiсқаққан ысқаяқтар едi. Монархиялық диктатура пролетариат диктатурасымен алмасты. Идеологиялық саясат пен оның Үгiт-насихаттық тәсiлi өзгергенмен де, мемлекеттiк құрылым мен мойынсындыру әдiстерi сол күйiнде қалды. Сот, прокуратура, тергеу мекемелерiнiң жазалау құралына айналды. Пролетариат диктатурасының идеологиясына негiзделген заң тек қана кеңес үкiметiнiң мүддесiн қорғап, адамды, оның iшiнде тұлғаларды жаншып, қысым көрсетiп, жазалауға бағытталды. Бұл ретте В. О. Ключевскийдiң:
«Александр I таққа отырған 1801 жылдан бастап мұқым ХIХ ғасырдың ұзына бойында орыс үкiметi тек қана арандату әрекетiмен шұғылданды: олар қоғам мүшелерiне сырттай ғана әсер қалдыратын мөлшерде ғана бостандық бердi де, iле – шала оны жылы жаба салып, аңғал жұртты жазаға тартты. Александр I тұсында дәл осылай болды: Сперанский өзiнiң конституциялық жобасы арқылы декабристердiң алаңға шығуына құқық бердi де, сөйтiп, ерiксiз арандатушы боп шыға келдi, содан кейiн шеңгелге iлiккен өзiнгiң саяси шәкiрттерiнiң тергеу тобының құрамында жүрiп, сұрақ алу кезiнде көзiнiң жасын сығумен болды. Император Николай I тұсында үкiметтiк арандату өзiнiң тәсiлiн өзгерттi», - деген пiкiрiн кеңес Үкiметiне де қаратып айтуға толық дәлелдер бар.
Өйткенi, Александр I мен Никалай I патша жазалау саясатын адамдардың рухын жаныштап, еңсесiн езуге бағыттай отырып, айла тәсiлдерiн өзгертiп қолданса, Ленин мен Сталин бұл екi «амалдың» басын қосып, қысым құралының құрсауын бұрынғыдан беттер күшейттi... Мысалы: 1. Жаңа экономикалық саясатты қауырт жүзеге асырды да, iле еңсесiн көтерiп үлгергендердi тап жауы, кулак ретiнде тәркiлеп, тоз – тозын шығарды. 2. 1922 – 1924 жылдардың аралығында ұлт мәселесi мен колликтивтендiру туралы «партиялық диспут» ұйымдастырды да, iле бұл науқанда белсендiлiк көрсетiп, батыл пiкiр айтқандарды ұлтшыл, байшыл, буржуазия мүддесiн қорғағандардың қатарына қосып, тап жауын тазалау науәанын жүргiздi. 3. «Алаш» партиясы мен «Алашорда» Үкiметiнiң мүшелерiне бүкiлодақтық Орталық Атқару комитетiнiң 1919 жылғы 4 көкектегi және 1920 жылдағы 15 көкектегi Лениннiң өзi қол қойған қарармен кешiрiм жасалса да, екi жыл өткен соң оларды жаппай қудалау басталды. Ақыры көздерiн жойып тынды. 4. 1937 жылы «халық жауын әшкерелеу» басталды. «Жазалау әрекетi» шегiне жеткенде, 1938 жылы «асыра сiлтеушiлiк» туралы қаулы қабылданып, ендi «әшкерелеушiлердiң» өзi әшкереленiп, адал азаматты әдейi арандатқандар есебiнде түрмеге қамалды. Сөйтiп, тiрi куәләр жойылды. 5. Патша ауысса – сарай дәбiрлерi де қоса ауысатын. Алдыңғылар мiндеттi түрде басқару жүйесiнен шеттетiлетiн. Бұл «тәсiл де» әккiлiкпен қолданылды. Кадр мәселесiн жазалау арқылы шешiп, қылмыстың куәләрiн дер кезiнде тазалап отырды. 6. Басшы ауысқан сайын жазалаудың тактикасы мен стратегиясы да өзгердi.
Қазақ ұлты мен тұлғаларының шегер қасиетi мен көрер көрешегiне орай, халық «Қужақ» атап кеткен азаматтық аты – Шая Йцкович, бүркеншiк есiмi – Шая Йцкович, бүркеншiк есiмi – Филип Исаевич Голощекин Қазақстанға келе салысымен өзiнiң «сыпыра сыпыру», «жағалата жаппай жазалау», «қарғыстың қамытын кигiзiп», әшкерелеу әрекетiне көштi. Ол өзiнiҢ «таққа тағайындалу» құрметiне орай 1925 жылы 1 желтоқсан күнi өткен Бүкiлқазақстандық бесiншi конференцияда: «Шындығын айтсам, ауылда кеңес өкiметi жоқ, байлардың үстемдiгi, рулардың үстемдiгi ғана бар», - деп мәлiмдеме жасады. Бiр жылы өткен соң тiптi еркiнсiп, бiлiмi мен пайымы өзiнен жоғары Смағұл Сәдуақасовты нысана етiп алды да:
«Сәдуақасов жолдас екеумiздiң арамыздағы пiкiр қайшылығы тұп – тура Октябрь (кеңес –өкiметi – Т. Ж.) мәселесiне қатысты. Мен: ауылға кiшi Октябрь жүргiзу қажет деп есептесем, сiз Октябрь атаулының барлығына қарсы шығасыз. Бiздiң қазiргi жүргiзiп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе?... Ауылдағы экономикалық жағдайды өзгерту керек. Бiз, дәл қазiр қалыптасқан, жетiлiп келе жатқан, даму Үстiндегi таптық қарым - қатынасты өшiрмеу туралы көзқарасты, кедейлердiң байларға қарсы таптық күресiн қолдаймыз, егер мұны азаматтық соғыс деп түсiнсеңiз, онда бiз соғыс жағындамыз», - деп қазақ ұлтына «азаматтық соғыс» жариялады
Бұл «Қужақтың» қалжыңы емес, шыны болатын.
Николай II патшаның өзiн бет қаратпай, бала-шағасымен қосып атып тастаған Шая Ицкович қазақтарды да бет қаратпауға бекiндi де, «кiшi Октябрь науқанына тос-қауыл қойып, ұлтын ашаршылықтан сақтап, «азаматтық соғыстың орнына азаматтық келiсiмдi» ұсынған С. Сәудақасов, Н. Нұрмақанов, С. Қожанов Ж. Мыңбаевтарды қызметтен шеттетiп, сол арқылы қазақ интелегнциясына қарсы жазалау науқанын ресми түрде бастады. «Ел билеген кемелдердiң» көзiн жою арқылы Ұлттық сананы жою – ақ патшадан қалған мұра едi. Әлихан Бөкейханов « Алашорда» Үкiметi Ресейден дербес мемлекет болатынын мәлiмдегенде атышулы адмирал Колчак бiрде:
«Маған салса, қазақтарды бағындыру қиынға соқпас едi: халыққа сөзi өтетiн, халық сенетiн 500 интеллигенттiң көзiн жойса, жетiп жатыр - қазақтар тағзым еттi деп есепте», - деген екен.
Расында да қазақ ұлтының ең осал жерi осы болатын. Заманның тiлiн бiлетiн, қоғамдық күрес пен саяси талас – тартысқа әбден ысылған қайраткерлер тым аз едi. Алайда, Сiбiр мемлекетiнiң әскери әмiршiсi адмирал Колчактың өзi мұндай қаскүнемдiкке бармады. Ал, Голощекин үшiн олардан неғұрлым тез құтылса, соғұрлым бiр өзiнiң жеке билеп-төстеуiне жол ашылатын. Қазақтың оқығандарын құртпай көзi ашылмайтынын бiлiп, оларды – жаппай қудалауға кiрiстi. Ол қазақ зиялыларының арасына от тастай отырып, өте әккiлiкпен бiрiн-бiрiне әшкерелетiп, шешушi сәтте:
«Жалпы мен, топшылдық дегенде, ұлтшылдықты емеурiн етiп отырмын. Мен сәудақасовшыларды еске салғанда, қожановшыларды да, рысқұловшылардың барлығын да айтып отырмын. Олардың барлығын да айтып отырмын. Олардың барлығы да бiр қалыптан шыққан. Топшылдарға жағдай жасау пиғылы әлi тоқтаған жоқ, олардың кәрi көсемдерi әлi де тiрi, оларды әлi де жер көтерiп тұр», - деп шабаланып шыға келдi. Сонымен қатар, «Кез – келген топтың көсемi» өлкелiк комитетке қарсы сөйлеп көрсiншi, олар бiр жетiнiң iшiнде жермен жексен етiлетiн болды», - деп қыр көрсеттi.
Бұл жай қыр көрсету емес, өзi алдын – ала жоспарлап, Сталинмен келiсiп, оның «Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты – негiзiнен алғанда бiрден – бiр дұрыс деп ойлаймын» - деген мақұлдауын жазбаша түрде алған соң ұлттық зиялыларды жаппай жазалауға бағытталған нақты әрекетiнiң басы едi. 1927 – 1929 жылдардың арасында өзiндiк пiкiрi бар қазақ қызметкерлерiнiң барлығына «ұлтшыл» - деген айып тағылып, сыпыра жұмыстан қуылды. Олардың әрбiр қадамы бақылауға алынып, соңдарына ерген «салпанқұлақтардың есебi Iшкi iстер халық комиссариятының ерекше бөлiмiнiң тартпасына жинақтала бердi. Мұның өзi, жандармерияның тыңшылық айла – амалы мен арандатушылық қитұрқысын әккiлiкпенмеңгерген Голощекиннiң қазымыр басшслығының нәтижесiнде өте тыңғылықты түрде жүзеге асты. Мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн қатар жұмылдыра алатын өжет қайраткерлердiң орынын жалтақ та жарамсақ, өзiндiк пікірi жоқ, бiрақ та бiрiншi басшының көңiлiн табудың жолын бiлетiн Ораз Исаев, Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов, Iзмұхан Құрамысов, Ғаббас Тоғжанов iспеттi дүбара жандаралмастырды. Голощекиннiң сол жылдардағы жаппай жазалау саясаты тiкелей осы адамдардың, дайындаған әшкерелеушi құжаттары мен баяндамалары, мәлiметтерi мен кеңестерi арқылы жүзеге асты. Қазақ тiлiн бiлмейтiн, астанадағы өкiмет үйiнен аттап шықпаған, қазақ мәдениетi мен тарихынан, ғылымынан мақұрым шаян Шаяның тiлiне «идеологиялық у» жинап берген осы дәбiрлер едi.
«Ұлы iс – ұлы құрбандықты қажет етедi» – деген қазақстандық теорияны ойлап тауып:
«Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз»,- деп (Қараңыз: С. Бурабаев. «1917-1940 жылдардағы Қазақстандағы қоғамдық ойдың дамуы», А. «Ғылым»,1991 ж. 37 – бет) жанын қасым ғып ант берген де осылар.
Берген антты «больщевиктiк ақ жүрекпен» орындау үшiн «Ұлы құрбандық шалуға» жанталаса жанықты. Бұл «құрбандыққа» Голощекин айтқан «әлiде жер басып жүрген ұлтшылардың кәрi көсемдерi» Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Халел және Жаhанша Досмұхамбетовтердiң есiмi аталды. Олардың кеңес Өкiметi мен қазақ ұлтының hас дұшпаны екендiгiн әшкерелеп, жексұрын етiп көрсетудi Ораз Исаев өз мiндетiне алды. Ол сол тұстағы аймақтық комитеттiң Бочагов, Мартыненко, Шафиро, Брайнин iспеттi идеологтары мен тарихшыларына шұғыл түрде тапсырма бердi. Деректерi бұрмалаған, кей тұстары қасақана қате аударылған, тек қана әшкерелеушi құжаттар ғана жиналған «Алашорда» атты үш кiтап бiрiнен соң бiрi жарық көрдi. Кiтапты «өңдеп», алғы сөзiн жазған – Ораз Исаевтiң өзi едi. Мұны Бочаговтiң естелiгi толық растайды.
«Ұлы құрбандықты» дайындау рәсiмi мұнымен шектелiп қалған жоқ. Тiмiскi тыңшылар да iске қосылды. Қалайда жазаға тартудың айла – шарғысы қарастырылып, түрлi арандатуларды ұйымдастырды. Бұл ретте қисынды - қисынсыз әрекеттердiң бәрi де мақұлданды. Идеологиялық тұрғыдан «Ұлы құрбандықтың» барлық алғы шарттары жасалып бiттi. Ендi соны қылмыспен ұштастыру харакетi ғана қалды. «Кiшi Октябрь» идеясының жер, тәркi, мәдениет, әдебиет, оқу ағарту, саласындағы бағдары «Алаш» қайраткерлерiнiң көзi тiрi тұрғанда жүзеге оңайшылықпен аспайтынын бiлген әрi 500 байды тәркiлеу тұсындағы ел iшiндегi наразылықтың назатын басқа жаққа аудару Үшiн Голощекин ОГПУ – дi iске кiрiскен ерекше саяси басқарманың Қазақстандағы төтенше өкiлi Шумилов 1928 жылы желтоқсанның 17 күнi сонау Бетпақдалада жүрген қазақ театрының тұңғыш директоры, өжет мiнездi, бiраәта «Алашордаға» ешқандай қатысы жоқ Дiнмұхамед Әдiловтi ұстап: 1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн астыртын ұйым құрған. 2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған. 3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған деген айып тақты.
Сөйтiп, «Алашорда iсi» атты әйгiлi тергеу iсi осылай басталып, 1928 жылы 29 желтоқсанда Мiржақып Дулатов, 1929 жылы 13 мамыр күнi Жүсiпбек Аймауытов, 28 мамыр күнi Ахмет Байтұрсынов, 20 шiлде күнi Мағжан Жұмабаев тұтқындалды. Ұзынырғасы 44 адам жауапқа тартылды. Тек қанша шырғаласа да Әлихан Бөкейхановты шеңгелiне түсiре алмады. Тергеушiлердiң өзiн тергеп, тұтқындауға ерiк бермедi. Сөйтiп, «Ұлы құрбандық» шалынды. Мұны Голощекин «Партия құрылымының 10 жылдағы» атты баяндамасында: «Алашорда» қайраткерлерiнiң қақпанға түскенiн ерекше маәтанышпен мәлiмдеп:
Достарыңызбен бөлісу: |