Егеменді Қазақстанның алғашқы қадамдарынан бастап біздің мемлекетіміздің тарихи-мәдени өткеніне ден қою басталды. Жалпыұлттық маңызы бар сакралды нысандар тізімін 100 нысан енді. Ерекше құрметтелетін табиғи нысандар тобына Әулие-Ақмешіт тауы (Ұлытау), Хан Тәңірі шыңы, Мұзтау (Белуха, Алтай), Шарын шатқалы, Шымкент маңындағы Қазығұрт тауы, Абай ауданындағы Қоңыр Әулие үңгірлері, Отпан тау (Маңғыстау), Бектау ата (Балқаштан солтүстікке қарай), Қаратаудағы Жылаған ата кіреді. Осы таулар мен үңгірлерге байланысты көптеген халық аңызы бар. Дінге сенушілердің пікірінше, емшілік пен басқа да қасиеттерді иеленген бұл нысандар – тәуіп ететін нысандар. Бұл нысандар туралы аңыздар сакралды географияның негізін құрып, әлемнің мифологиялық бейнесін көрсетеді. Мысалы, үңгірлердің өсіп-өнумен мифологиялық байланысын оған перзентсіз ата-ананың, бала көтере алмай жүрген әйелдердің мінәжат етуінен көруге болады
Екінші топқа ежелгі дүниенің археологиялық ескерткіштері, қоныстар, жерлеу орындары кірді. Олардың ішінде: Ботай қонысы, Беғазы археологиялық кешені, Тамғалы жартас суреттері, Есік, Боралдай, Шілікті, Берел қорғандары, түркілік кезеңдегі Мерке және Жайсан ескерткіштері және т.б. барлығы он екі нысан бар. Бұл топқа ежелгі және ортағасырлық Шірік-Рабат, Тараз, Жент, Сығанақ, Отырар, Созақ, Сауран, Сарайшық, Сайрам қалашықтары да кіреді.
Сакралды нысандардың үшінші тобын тәуіп ету орындары және табыну нысандары, яғни діни және киелі орындар: кесенелер, мазарлар, жерлеу орындары, мешіттер, шіркеулер құрайды. Олардың ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі, Арыстан баб, Үкаш ата, Қарахан, Айша бибі кесенелері, толып жатқан жерлеу орындары мен Маңғыстаудағы жерасты мешіттері бар.
Сакралды нысандардың бұл тобы көп жағдайда әулиелер феноменімен байланысты. Олардың ішінде ежелгі мифологиялық кейіпкерлер, Құран кейіпкерлері және өмірде болған нақты тарихи тұлғалар да бар. Әрбір қасиетті орынның айналасында мифологиялық, сондай-ақ тарихи сипаттағы наным-сенім мен аңыз-әңгімелер қалыптасты. Бұл топқа христиандық қасиетті орын – Алматыдағы Вознесенск кафедралдық соборы да кіреді.
Сакралды нысандардың төртінші тобын тарихи және мәдени ірі тұлғалар: Қобыланды батыр, Абылай хан, Әбілқайыр хан, Есім хан, М. Өтемісұлы, Ф.М. Достоевский, Т. Шевченко, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов және т.б. байланысты нысандар құрайды.
Тізімдегі соңғы нысандарды тарихи немесе саяси оқиғалармен байланысты жерлер құрайды, мысалы, қазақтардың жоңғарлармен болған шайқастарда жеңіске жеткен жерлері (Орбұлақ, Бұланты, Аңырақай), саяси қуғын-сүргін құрбандарының АЛЖИР мемориалдық кешені, Семей полигонының құрбандарына арналған «Өлімнен де күштілер» монументі, Нұр-Сұлтандағы «Астана-Бәйтерек», «Қазақ елі» және «Мәңгілік ел» салтанат аркасы және т.б. Бұл топтағы қасиетті нысандар қиян-кескі шайқастар, Қазақ даласы тарихындағы қиын-қыстау дәуірлер мен қазақ халқының бірлігі туралы әңгімелейді.
Кеңестік уақытта қасиетті мазарлар жойылды, сакралды орындарға, зиярат жасауға тыйым салынды.
Ұлттық бірлікті қалыптастыру үшін ұлттық рухани қасиетті орындар – халықтың сыйынатын және құрметтейтін сакралды нысандары үлкен маңызға ие. Бұл сакралды нысандардың ішінде табиғи нысандар, археологиялық және тарихи ескерткіштер, діни табыну нысандары мен мәдени-тарихи ескерткіштер бар. Олардың бәрі бірігіп, халықтың тарихи жадының жинағы саналады. Ұлттық діни қасиетті орындарды қастерлеу де дәстүрлер қатарына жатады және ұрпақтан-ұрпаққа беріледі.