Тарихи таңдау Кеше «Егемен Қазақстан»



Дата15.09.2017
өлшемі49.5 Kb.
Тарихи таңдау

Кеше «Егемен Қазақстан» га­зетінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық идея іспетті еліміздің алдағы рухани өркендеуінің бағытын айқындаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты аса маңызды бағдарламалық мақаласы жарық көрді.



Бұл іргелі мақаланы біз Мемлекет басшысының игі бастамаларымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» және «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасы сияқты, Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдадық. Рухани жаңғыруымыздың жаңа басым бағыттарын айқындап берген бұл бағдарламалық мақаланы, автордың өзі атап көрсеткендей, «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп бағалауға лайық.  Әлмисақтан ұлттың ұлт екенін анықтайтын ең басты белгілерінің бірі әрі оның бірегей ұлттық қасиетін сақтайтын негізгі тірегі, мәңгілік құндылығы тілі мен әліпбиі екені әмбеге аян. Ел руханияты мен мәдениетіне айрықша жанашырлықпен қарайтын Қазақстан Президенті мақалада Мәңгілік Ел болу үшін ұлтымыздың осы екі тірегі де мәңгілік болуы шарт екенін тайға таңба басқандай айқындай отырып, латын әліпбиіне көшудің мән-маңызын дәлелді түйіндермен дәйектеп берген. Түп-тұқиян мен бақи-баянның арасында адамзат баласының түпкі мұраты мен асыл аңсары қашанда мәңгілік болған. Қадымнан тамыр тартып, мыңжылдықтарды жалғап тұрған осы қастерлі сабақтастықтың алтын арқауы таңба яки жазу еді. Қасиетті Құранда қалам кәламмен қатар айтылады. Жазу арқылы аян хатқа түсті, дәстүр дамып, мәдениеттер қалыптасты. Сөздің сыртқы сипаты болған символдар тобырға түсініксіз таңбалар ретінде киеге баланды, діндер жазу арқылы салт сенімнен шығып, өркениетке айналды. Білге Конфуций «Әлемді сөз бен заң емес, символдар билейді» дегенде осыны меңзесе керек. Қаріптің таңбадан тамыр тартқанын ескерсек, әліпбиді әлемді билейтін негізгі символдардың қатарына жатқызуға әбден болады. Осы тұрғыдан алғанда әрбір әліпби пайым мен танымнан, талғам мен түсініктен туындайды. Сондықтан, ол қастерлі құндылықтарды сақтайтын ұлттың жадысына, қастерлі кодына айналады. Әліпби тек мәдениеттің өлшемі, өркениеттің белгісі ғана емес, ол – ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау – өркениет жолын да таңдау деген мағына береді. Сондықтан, таңбасын өзгерту, әліпбиді алмастыру туралы қабылдаған шешімі арқылы Елбасы қазақ елінің тәуелсіздігін бекемдейтін, тұтастығын нығайтатын, Мәңгілік Ел мұратын тұғырлы ететін тарихи таңдауын жасады деп ойлаймыз.  Жаңа қаріп қашанда жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, ойды отарсыздандырады, сананы сілкіндіреді, жадыны жаңғыртады, мәдени тұтастықты орнықтырады, ұлттың қуатын арттырып, оның ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді. Бұл тұрғыдан алғанда әліпби өзгерту ісі өз қалауымен астана ауыстыру сияқты тарихи маңызы зор мәселе деп білеміз.  Еуразия кеңістігін ен жайлаған байырғы бабаларымыз Мәңгілік Ел мұратын жады тастарға өшпестей етіп таңбалап жазған. Сондықтан, ашық аспан астында аласапырандарды артқа тастап, бүгінге жеткен жәдігер жазулар тағылымды тарихымыздың шежіресі іспетті. Мың жылдан астам уақыт араб әліпбиін қолданған халқымыз орасан зор мәдениет қалыптастырды. Араб әліпбиі әрі қасиетті кітаптың қарпі болғандықтан, оны үйрену де ғибадат саналды. Сондықтан, әліпбиді өзгерту арқылы рухани қорғансыз қалған халықтың арасында шоқындыру саясатын жүргізуді көздеген патша үкіметі қазақ жеріне 1861 жылдан бастап кирилл графикасын енгізе бастады. Төңкеріс арқылы билік басына келген большевиктер де жаңа кеңес адамын қалыптастыру үшін әуелі латын, артынша кирилл графикасын енгізді. «Латындандырылған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң ешқандай қарсылықсыз күшіне енді. Жаңа әліпби жасалғанда қазақ тілінің қағидаттары ескерілген жоқ, тіпті оған мүлдем қолданылмайтын таңбалар енгізілді. Бас-аяғы он бес жылдың ішінде үш әліпби өзгертудің салдары халқымызға отызыншы жылдардағы қанды репрессиядан кем соққан жоқ. Жаппай жазалау науқанында халықтың қаймағы іспетті мыңдаған тұлға атылып, айдалып кетсе, күштеп таңбаны таңу арқылы еңсесі түскен елдің жадысын өшіруге, ұлттың мәдени-рухани кодына өзгеріс енгізуге қадам жасалды. Айта кетерлік жайт, кирилл графикасына күштеп көшірілген елдер негізінен мұсылман халықтар еді, ал өзгелері өздерінің ұлттық төл әліпбилерінде қала берді. Бүгінде өз таңбасында қалған ұлттардың тілдік заңдылықтарын сақтап қалғаны белгілі. Демек, тілді бұзу, оның заңдылықтарын өзгерту негізінен әліпби арқылы жүргізілген.  Кеңестік кезеңде терминологияда қазақ тіліне өзге тілдерден енген сөздерді ұлттық қалыпқа сәйкестендіру, ал орыс тілінен енген сөздерді сол қалпында қабылдау туралы арнайы шешім болған. Сондықтан, 70 жылда қалыптасқан терминдер арқылы кеңестік кеңістік қалыптасты. Соның нәтижесінде қазақ халқы өзінің сөйлеу мәнерінен жаңылды. Батыстан енген терминдерді кириллица арқылы қабылдап, түпнұсқадан алшақтай түсті. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді.  Мақалада айтылғандай, латын қарпіне көшу мәселесі алғаш көтеріліп отырған жоқ. Мемлекет басшысы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында және 2012 жылы жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2025 жылға дейін латын қарпіне көшу туралы қадап айтқан еді. Ал бүгінгі мақаласында Елбасы осы ауқымды жобаға уақыт ұттырмай, қазірден бастап кірісуіміз керек екенін жазды.   Расында, қазіргі қолданыстағы әліпби жазуды, сол арқылы қоғамдық сананы үшке жарып тұрғаны жасырын емес. Соның салдарынан төлқұжаттағы аты-жөніміз, тіпті ұлтымыз бен ұлысымыздың аттары да үш түрлі жазылып жүр. Мысалы, Қазақстан, Казахстан және соның транскрипциясы негізінде Kazakhstan деп жазамыз. Латын қарпіне көшкен жағдайда мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бірақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз.  Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтылып қана қоймаймыз, шет тілдерінен енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Латын қарпін қазақ емлесі арқылы қабылдау арқылы бұл мәселе бір ізге түседі. Орфографиялық, орфоэпиялық тұтастықтың тілдік тұтастыққа бастайтынын ескерсек, бұл түрлі этностардың қазақша оқу арқылы тіл сындыруына, сөйтіп мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына үлкен септігін тигізеді. Cондықтан, Елбасы мақаласында атап өткендей, латын қарпі бұқаралық сананы өзгертіп, қоғамның ішкі тұтастығын қамтамасыз ететін, еліміздегі барша этностарды біріктіріп, Біртұтас Ұлтты қалыптастыратын басты құралдың бірі болмақ. Қазақстан тілдік тұрғыда тұтас болса, өзге елдердегі қандастарымыздың атажұртқа, қара шаңыраққа тартыла түсері сөзсіз. Оның үстіне, кезінде кириллицаның әрбір түркі халқы үшін бөлек-бөлек жасалғанын ескерсек, жаңа әліпби арқылы Қазақстандағы тамырлас халықтардың да қазақ тіліне жақындығы арта түсері анық. Бұл қазақ тілінің халықаралық деңгейде қолданылуына, бәлкім болашақта түркі тілдерінің тірегі болуына да жол ашуы мүмкін.  Қазірдің өзінде латын қарпі мектептерде оқытылып, электронды ақпарат құралдарында кеңінен қолданылуда. Интернет, әлеуметтік желілерде бұған көшіп кеткендер аз емес. Бірақ олар латын әліпбиінің әртүрлі нұсқаларын пайдалануда. Сондықтан, Елбасы айтқандай, 2017 жылдың соңына дейін білікті ғалымдар тарапынан әзірленетін қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасының мақұлдануы бұл мәселені бір ізге түсіретін еді. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, латын қарпіне көшудің терең логикасы бар. Бұл, мақалада айтылғандай, қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникация мен ғылымның дамуына байланысты екені әмбеге аян. Жаңа әліпби арқылы қазақ елі әлемдік өркениетке қадам басады. Сонымен қатар, латын әліпбиінің түбі бір туыс елдермен өзара байланысты арттырудың да бір жолы екені анық. Сондықтан, Қазақстанның әліпбиі болашақта оның қара шаңырақ ретінде түркі әлеміндегі жетекшілік орнын одан әрі нығайта түседі деген ойдамыз.


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет