Байланысты: Òàóáàåâà ø. Ò., Èìàíáàåâà ñ. Ò., Áåðèêõàíîâà à. Å
.«Білім беру» ұғымының мағынасы. «Білім беру» ұғымының ауқымы кеңейген сайын, оның мазмұны да жан-жақты зерттеле бастады. Білім берудің әлеуметтік мәнін ашуда «білім беру философиясы» деген ұғым ғылыми деңгейде талқылануда.
Философия ғылымының заңдары көптеген құбылыстарды зерттеуде, оларды танып білуде, түсіндіруде кеңінен қолданылады. Осыған байланысты білім беру саласындағы көптеген мәселелерді философиялық тұрғыдан түсіндіру көзқарастары ерекше жүйе ретінде қалыптасқан. Шығыстың атақты философы, ғұлама ғалымы Әбу Насыр Әл-Фараби жалпы педагогика ғылымының өзін тәжірибелік философия немесе қолданбалы философия ретінде қарастырған.
Білім беру философиясын жан-жақты зерттеген ғалымдар В.В.Краевский, Б.Л.Вульфсон, В.В.Кумарин, Б.С. Гершунский т.б. болған.
Бұл ғалымдардың зерттеуінше білім беру философиясы үш тұрғыдан қарастырылады:
білім беру философиясы – қолданбалы философия ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыдан білім беру саласының даму заңдылықтарын негіздеу үшін жалпы философиялық қағидаларды қолдану жеткілікті деп есептелінеді.
білім беру философиясының мазмұны педагогика ғылымының теориялық-әдіснамалық мәселелерімен сәйкестендіріледі.
білім беру философиясы дербес ғылыми білімдер саласы, оның негізін тек білім беруге қатысты жалпы философиялық ілімдер ғана емес, білім берудің барлық қызметтерін қамтитын жеке шынайы даму заңдылықтары құрайды.
Білім беру философиясының біртұтас нысаны (объектісі)-барлық құндылықтық, жүйелілік, іс-әрекеттік, нәтижелік сипаттағы білім беру үдерісі. Білім беру философиясының зерттеу пәні-білім беруге қатысты пәнаралық теориялар, заңдар, заңдылықтар, категориялар, ұғымдар, терминдер, принциптер, постулаттар, ережелер, әдістер, болжамдар, идеялар, фактілер. Б.С. Гершунскийдің пайымдауынша, «білім беру философиясының мәні – білім беруге бетбұрыс алған философия», немесе «білім беру іс-әрекетінің барлық қырларының өзіндік ғылыми парадигмасы».
Сонымен,білім беру философиясының мәні-адам өмірінің түрлі кезеңдеріндегі оқыту, тәрбиелеу және дамытудағы құндылық-бағдарлық, мазмұндық-үдерістік, нәтижелік компоненттері жайлы ғылым аралық білімдер жүйесі.
Білім беру ұғымының күрделілігі оны жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Білім беру философиясының белгілі теоретигі Б.С. Гершунский білім беру ұғымын 4 қырынан қарастыруға болатынын атап көрсетеді:білім беру құндылық ретінде;білім беру жүйе ретінде; білім беру үдеріс және іс-әрекетретінде; білім беру нәтиже ретінде(Сурет 1).
Сурет 1. – Білім беру ұғымының 4 негізгі аспектілері Білім беруді неліктен құндылықретінде қарастыру қажет? Құндылық – кез келген индивид, топ, ұжым, этнос, т.б. үшін өмірлік маңызы жоғары материалдық немесе рухани нысандар. Құндылықтар әр ұлт үшін немесе жалпы адамзат үшін маңыздылығына байланысты ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар деп ажыратылып қарастырылады. Әр ұлт үшін не құнды? Әрине, ол ұлттық тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлт тарихы, т.б. Ұлттық құндылықтарды меңгеру негізінде адам санасында жалпыадамзаттық құндылықтарға деген қатынастары қалыптасады. Олардың қатарына ұлттық және нәсілдік айырмашылықтарына қарамастан барлық адамдарға ортақ маңызды болып есептелетін құнды нысандар жатады. Мысалы: адамның өмірі, денсаулығы, бас бостандығы, адамгершілігі, қадір-қасиеттері, білімі, т.б. Адам санасында аталған құндылықтарға деген көз-қарас білім беру жүйесі арқылы қалыптасатыны анық. Білім беру ұйымдарында алған білімдері мен тәрбиесі арқылы әр адам әлеуметтік қа-тынастарға бейімделіп, қоғамда өз орнын табуға мүмкіндік алады. Сондықтан білім беру немесе әр жеке тұлға үшін білім алу үлкен құндылық болып есептеледі.
Білім берудің құндылықтық сипаты үш тұрғыдан қарастырылады: білім беру мемлекетік құндылық; білім беру қоғамдық құнды-лық; білім беру жеке тұлғалық құндылық. Неліктен білім беру мемлекеттік құндылық болып саналады? Себебі кез келген мемлекеттің экономикасы, ғылыми-техникалық прогресі, ұлттық саясаты, экономикалық, мәдени, интеллектуалдық, адамгершілік әлеуеті білім беру саласының нақты жағдайына және оның ілгері даму мүмкіндігіне байланысты бағаланады. Осы тұрғыдан әрбір өркениетті дамып келе жатқан мемлекет үшін білім беруді қарқынды дамыту-оның басты стратегиялық міндеттерінің бірі.
Неліктен білім беру қоғамдық құндылық болып саналады? Мемлекет пен қоғам тең мағыналы ұғымдар емес, олардың өзара қатынасы өте күрделі болып келеді. Білім беруді дамытуда олардың мақсат, мүдделері сәйкес келе бермейді. Дамыған қоғам мемлекет тарапынан қабылданған қаулылардың орындалуын талап етеді, білім беру заңын талқылап өзгертулер енгізе алады. Қоғам мүшелері өзекті білім беру мәселелерін шешу үшін қоғамдық ұйымдар құрады және қозғалыстар ұйымдастырады.
Неліктен білім беру жеке тұлғалыққұндылық болып саналады? Б.С.Гершунскийдің пікірі бойынша білім беруді дамыту саясаты әр жеке адамның дербес ерекшеліктерін, оның қажеттіліктерін, қызығушылықтарын және қабілеттіліктерін ескере отырып тұлғалық бағытта жүргізілуі керек.
Құндылықтық негізде жүргізілетін білім беру барысында ғана әр тұлғаның жан-жақты дамуына, теориялық білімдерді меңгеруімен қатар өз бойында қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыруға қолайлы жағдайлар жасалуы мүмкін.