Түбір сөздердің жазылуына байланысты ескі Емле мен жаңа Емле арасындағы айырмашылықтар.
Сөйлем ішіндегі сөз мағыналы бөлшектерге бөлінеді. Мысалы, етікшінің деген сөзде етік-ші-нің деген үш мағыналы бөлшек барын сол тілде сөйлеуші кез келген адам ажырата алады. Сөздің құрамындағы мағыналы бөлшектерді тіл білімінде морфема деп атайды. Морфема жеке ұғымды атау немесе мағына жамау қызметіне қарай түбір морфема және қосымша морфема болып бөлінеді. Мысалдағы етік – жеке ұғымды атағандықтан түбір морфема болып табылады, -ші және -нің – жеке өздері тұрып қандай да бір ұғымды білдіре алмайды, сондықтан олар қосымша морфемалар болып табылады. Қосымша морфемалар түбірге өз мағыналары арқылы жаңа ұғым атауын тудыру үшін немесе сол сөздің сөйлемдегі басқа сөзбен грамматикалық байланысқа түсуі үшін, сондай-ақ сөйлем мүшесі қызметіне қою үшін жалғанады. Етікшінің деген сөздің құрамындағы -ші қосымшасы етік деген аяқ киім атауын білдіретін сөзден сол аяқ киімді тігумен (жасаумен) айналысатын етікшідеген кәсіп иесінің атауын жасаған, бір ұғымнан сол ұғыммен байланысты екінші ұғым атауыын тудырған, -нің қосымшасы етікші сөзін анықтауыш қызметіне қойып, тәуелдеулі сөзбен байланыстыру үшін қосылған. Ал етік сөзін одан әрі мағыналы бөлшектерге бөлшектей алмаймыз, бұл сөзді мағынасыз бөлшектерге: буындарға, дыбыстарға жіктеуге болады, бірақ олар – мағынасыз бөлшектер. Ендеше одан әрі мағыналы бөлшектерге бөлінбейтін сөздің ең түпкі бөлігін – түбір деп атаймыз.