Холериктің эмоцияға берілуі шапшаң. Сезім күйлері оқыс ауытқып, құмарта көтеріліп кететін шыдамсыз, күйгелек кісі. Әп-сәтте қызып кетіп, күйіп-піседі. Ашуланса, бұрқ етіп, қызу екпіні сарқылып барып басылады, бастан кешкен сезімі санасында терең із қалдырады, қимыл-қозғалысы шапшаң. Икемсіз оқыс қылықтарына қарамастан, қызулы, жігерлі, пысық және іс-әрекет атқаруға бейімді келеді. Жұмысқа құмарта беріліп, екпінмен істеуші, анық, әсерлі, мәнерлі сөйлейді. Холерик белсенді, батыл келеді, іске шапшаң кіріседі, бастаған іс-әрекетін аяқтап шығады, көп адам қатысқан ойындарға құмар. Өзі де ұйымдастырып, аяғына дейін белсене қатысады, шыдамсыз, күйгелек, лезде өкпелейді, әп-сәтте ашуланады және ашуын ұзақ сақтайды. Холерик темпераменті тез туатын күшті сезімдерімен, эмоциялық қозғыштарымен, шамданғыштығымен, жігерімен, үлкен қозғалғыштығымен, ұтымды қимылдарымен, бай мимикасымен сипатталады.